БІЗ ЖАҢА ҮКІМЕТ КҮТКЕН ЕДІК…

Саясат
372 Views

Басы халықтың ішіне жиналған запыранның сел болып төгіліп, тоңмойын Үкіметтің бетін бері қаратамыз деген бейбіт шеруден басталып, соңы «түсініксіз террористер» араласқан қанды қырғынға айналған жағдайдың орын алғанына он күннен асып барады.

Бүкіл елдің төбе шашын тік тұрғызған тосын төңкерістен кейін мұқым қазақ Президенттен қандай да бір өзгеріс күтті. Ол – Үкімет мүшелері ауысады, ел басына жұрт жағдайын ойлайтын, жүрегі қазағым деп соғатын, қайыршы болып кетуге жақын қалған елдің езілген еңсесін көтеретін, тілі де, ділі де, жаны мен жүрегі де қазақ деп соққан азаматтар болады деп үміттендік. Біз жаңа, жаңа болғанда да СУ ЖАҢА Үкімет күттік. Ендігі қазақ Үкіметі кешегі кландарға титтей де қатысы жоқ, ел қазынасына қолды қармай салып, қалтаға баспаған, ары да, жаны да таза жандардан құралады деп сендік. Бойында күш-жігері мол, 30 жыл бойы әбден тоналып, жұтап, жалтақтап, титықтап таусылған халықтың кеткен есесін кері қайтаратын, жастарды жұмыссыз қалдырмайтын, әр отбасы баспаналы болатын, жастары толық тегін білім алатын, бір ауыз сөзбен айтқанда, аз уақытта осы тірліктерді абыроймен атқарып, қой үстіне бозторғай ұялаған дәуір туғызатын жаңа адамдар келеді деп күттік. Нәтижесін көрдік те, «Бұл қазақ тағы алданды» деп сан соғып, бармақ тістеп қалдық. Баяғы «марқалардың» мыңқ етпей орын ауыстырып отыра қалып, былқ етпей ант бергеніне күйіп кетеді екенсің!

Осы бізге жаңа Үкімет бұйыра ма, бұйырмай ма?!

Сосын… қаңтардың қаһарлы сол күндері бір апта бойы интернет болмай, телеарналарға телміруге мәжбүр болдық. Кей арналар тәулік бойы жаппай қақтығыстан қираған, бүлінген дүниені қайта-қайта көрсетіп жатты. Дұрыс дейік. Сонда тоналған дүкен, қираған көліктер туралы сағат сайын көрсетіліп отырды. Жөн.Қолына қару халыққа кезенгендер, ел бүлініп жатқанда шімірікпестен дүкен тонағандар жазалануы тиіс. Бүкіл телеарналар сюжетін қосқанда мыңдаған рет көрсетілген қираған дүниелерді экраннан қайталай бергені орынды болар, құптай салайық. Одан кейін интернет қосылғалы бері осы оқиғалар туралы он мыңдаған жазбаларды оқыдық.

Сонда кей жазбаларда 6-қаңтар күні Алматыда Назарбаев көшесі бойында оқ тиіп, өліп жатқандардың көптігі жазылды. 7-қаңтар күні Шевченко көшесінің бойынан автомобильмен өткендер де тротуарда азаматтардың өліп жатқандарын жазған. Басқа өңірлерде де оқ тиіп, қайтыс болған, жараланғандар бар екен. Антитеррористік операция кезінде ызғыған оқ дөп тиген болар? Түсінуге тырысайық.

Десек те теларналар мұндай көріністі көрсетпеді. Жанымызды ауыртпағысы келген болар, түсінемін. Бірақ, неге екені белгісіз, бейбіт халықтан оққа ұшқандар жөнінде көп жерде айтылмайды. Әлі күнге ағасын, баласын, күйеуін іздеп, таппай жатқан адамдар бар. Кеше ғана Алматыда ауырып қалған 1,5 жасар қызына тез арада дәрі әкелу үшін дәріханаға шығып, оққа ұшқан жігіт жайлы естідік. Оны жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізіп, тез арада ота жасап, бір бүйрегін алып тастапты. Қаңғыған оқ бүйрекке тисе керек, кім білсін. Сол жігіт айдың-күннің аманында аурухана төсегінде жоқ болып кеткен. Қайда кетті, кім ұрлады, қайда әкетті, ешкім білмейді! Осы сияқты туысын, бауырын іздеген адамдарға жауап беретін 1414-тен ел күдерін үзіп отыр. Қираған ғимарат, бүлінген бизнес, келген шығынды сол замат есептеп үлгерген мына Үкімет адам шығынына келгенде кібіртіктеді де қалды. Тілі шықпаған баладай үн-түнсіз! Сол баяғы бойына біткен, қанына сіңген, әбден үйреншікті болған әдеті. Ал біз жаңа Үкімет күткен едік…

Н. ЕРҒАРА.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *