БҰЛ – АЛЫСТЫ ОЙЛАУДЫҢ НӘТИЖЕСІ

Білім
915 Views

Жаңадан отау тіккен облыс орталығындағы қалалық мәдениет үйінде мұғалімдердің тамыз конференциясы өткізілді. Алғаш болып баяндама жасаған қалалық адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы Ақмарал БАТЫРБЕКОВА:

– Түркістан қаласында 35 мектеп бар. Онда 39 052 оқушы білім алады. Биыл 4,9,10-сыныптар жаңартылған білімге көшеді. Бұл 2016 жылдан бастау алған жоба. Енді 2020 жылы 11-сынып көшетін болса, толық 100 пайыз мектептер жаңартылған білім мазмұны бойынша оқытылады. Сонымен қоса жаңалықтардың ішінде ерекше атап өтетін жайт – жаңа пәндердің енуі. Атап айтқанда, алғашқы әскери дайындық, технология негіздері, графика, яғни кескіндеу бойынша – үш пән. Мұғалімдердің дайындығына келетін болсақ, барлық ұстаздар қауымын арнайы курстан өткізу жұмыстары жүргізілуде. Аталған пәндерден міндетті түрде курстан өтіп, сертификат алған мұғалімдер сабақ өтетін болады. Бірінші сыныпқа қабылдау былтырдан бастап автоматтандыру жүйесі бойынша жүзеге асырылуда. Барлық ата-ана өз өтініштерін үйде отырып жібере алады. Қазір 5000-нан астам оқушы қабылданып отыр. Бізде барлық мектептердегі сыныптардың сыйымдылығы талапқа сай. Алайда орыс тіліндегі мектептерде сыныптың сыйымдылығы 35 балаға жетіп отыр. Алдағы уақытта үш ауысымға ауысу қауіпі бар мектептер де бар. Қазіргі таңда Мағжан Жұмабаев атындағы мектеп-гимназиясы, №23, Хамза атындағы үш мектеп тіркеліп отыр. Сырттан келушілер көп болғандықтан бала саны да артуда.

Түркістан қаласының әкімі Рашид АЮПОВ:

– Мұғалімдердің мәртебесін көтеру – өте орынды шешім. Ұстаздар қауымының деңгейін жоғарыға көтеру керек. Оқушыларды 4-сыныпқа дейін бақылайды, одан кейін нақты мамандықты бекітіп береді. Сенің қолыңнан келеді деп есептейді. Егер балада қызығушылық болса, ары қарай сол мамандықты дамытады. 10,11-сыныптарға барған кезде бала өзінің болашақта қандай мамандық таңдайды, қай жерде оқиды, бакалавриат, магистратура, докторантурада оқиды ма, баршасын нақты білетін болады. Бүгінгі таңдағы 11-сынып оқушыларынан сұрасаңыз, қандай мамандық таңдайсың десе, не таңдарын білмей, күмәнданады.

Батыс жаққа іссапармен барып қалған сәтімде еврей халқы тұратын шағынауданға тап келдім. Шал-кемпір және бір ғана қыздары бар екен. Сонда қызын мектепте оқуға дайындауда. «Қандай мамандық таңдап отырсыздар?» – деп сұрағанымда: «Генетикалық бағдарлама», – деді. Мен таң қалып: «Ол мамандыққа жұмыс жоқ қой, ертең оқуды бітірген соң қайда жұмысқа тұрады?» – деп сұрадым. Ол кісілер маған: «Сен қателеспе, біздің қызымыз төрт жыл бакалавриатта, екі жыл магистратурада, үш жыл докторантурада оқиды. Соның бәрін тәмамдаған кезінде дәл осы мамандық сұраныста болады», – деді.

Бұл – алысты ойлаудың нәтижесі. Баланың дамуына ғылыми түрде дәлелденген отбасы тәрбиесі, мектептегі берілген білім, айналасындағы қоршаған адамдар, өзінің қалыптастырған көзқарасы сынды төрт нәрсе әсер етеді. Барлық кінәні мұғалімдерден көргеннен ештеңе шықпайды. Екіншіден, баланы тәрбиелеген кезде ашық, еркін ойлауды үйрету қажет.

Біз Түркістан қаласында білімге деген көңіліміз бен көзқарасымыз өзгеше. Біріншіден, бұрынғы қалалық білім бөлімі адами капиталды дамыту бөлімі деп өзінің атауын өзгертті. Екіншіден, мұғалімдерімізді қой-ешкі санау сынды істерге жұмсауды доғару қажет. Үшіншіден, аттестацияны бастаймыз. Онда қаржы жинау, таныстарын тарту деген болмайды. Бүкіл адамзат адами капиталды дамыту жүйесіне өтіп кеткен. Мұндағы мақсат – кез келген адамның озық жағы мен үйренетін жағы бар. Сол үйренетін жағын анықтап, соған байланысты оқыту керек. Мәселен, балаға сен математик боласың дегеніңмен, ол математик болмауы мүмкін. Өйткені, оның өзіндік ішкі дүниесі, қалауы мен көзқарасы бар. Арнайы адами капиталды дамытатын адамдар келетін болады, солармен біріккен түрде аттестацияны жүргіземіз. Қайталап айтайын, мұндағы мақсат – Сіздерді жұмыстан босату емес, деңгейлеріңізді анықтау.

Елімізді дамыту – кәсіпкерлікті шыңдап, ғимараттар салумен ғана шектелмейді. Еліміздің дамуы үшін өте білімді, саналы азаматтар тәрбиелеуіміз қажет. Түркістан қаласында газ, мұнай, уран деген жоқ. Керемет таза ауа райы қалыптасқан. Сөз орайы келгенде Үкіметке және облыс әкіміне алғысымды айтқым келеді. Себебі, олардан келіп жатқан көмек, қаржы 99 пайызды құрап отыр. Ал қаланың табысы 1 ғана пайыз. Сондықтан, біз ең алдымен ұрпақтарымызды ғылым, білімге баулып, жан-жақты жетілдіруіміз, керемет мықты мамандар даярлауымыз қажет. Баршамыз арамызда ашық диалог қалыптастырғанымыз абзал. Шәкірттерімізге болашақ мамандығын таңдауда қалай көмектесуіміз қажет, Ұлттық бірыңғай тестілеуден өтпей қалған жағдайда қалай жол сілтеуіміз қажет. Баршасын білуіміз, баланы өз мамандығының хас шебері етіп тәрбиелеп шығаруымыз керек.

Алдымыздағы 10-15 жыл көлемінде 50-ге жуық мамандық жойылып, жаңа мамандықтар өмірге келетін болады. Сондықтан, ағылшын тілін меңгергеніміз дұрыс. Ол төл тілімізді ұмыту немесе өзге тілді білу мақсатында емес, өзімізді дамытып, жетілдіру, болашаққа жаңа қадамдар жасау үшін қажет. Біздің шәкірттеріміздің ойында біздің тіліміз әлсіз деген көзқарасқа жол бермеуіміз керек. Сіздерді бүгінгі мерекелеріңізбен тағы да құттықтай отырып, жыл бойына, яғни мектеп құрылысы бойынша, балалардың білімі бойынша Сіздермен бірігіп көптеген жұмыстар атқаратын боламыз. Сөзімді қорытындылай келе баршаңызға табыс тілеймін! Қызметтеріңіз жетіліп, алға қарай қадам баса берсін!

Басқосу барысында сөз сөйлеген өзге де азаматтар білім саласының алдында тұрған асқаралы міндеттер жайлы өз ойларын орта салды. Конференция еселі еңбегі еленген бір топ ұстаздарды марапаттау рәсімімен аяқталды.

Әділ ҚЫРАН.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *