АЗАТ ЕЛДІҢ АР-НАМЫСЫ – АТА ЗАҢ

Қоғам
2 688 Views

Асқар тау қанша биік болса да ай астында,

Адамзат қанша биік болса да заң астында.

(Халық даналығы)

«Конституция – елдегі қоғамдық күштердің шын мәніндегі арақатынасы», – деп Фердинанд Лассаль осыдан 150 жыл бұрын айтқан екен. Осы бір қанатты сөздің ақиқатына дербес өмірге жолдама алған әр мемлекеттің көзі жеткені анық. Ендеше, еркін халықтың санасында мәңгі орнаған бостандық идеясының жүзеге аса бастауының негізі болып отырған Конституцияның Қазақ елі үшін орны бөлек. Кез келген зайырлы елдің даму бағыттарын белгілейтін басты құжаты – Ата Заңы. Еліміздің Ата Заңы халқымыздың дербес ел болуды армандаған, мүддесін заң тілінде айшықтаған, жер шарына, адамзат ғаламына «Қазақстан» деген мемлекет бар екенін паш еткен ерекше құжат. Биыл тәуелсіз еліміздің тұрақтылығы мен негізгі нығаю құндылығына айналған Ата Заңымыздың 24 жылдығы атап өтілуде.

Ата Заңымызды, мемлекеттік рәміздерімізді құрметтеу қажет. Бұл болашақ ұрпаққа да міндет және аманат.1995 жылы қабылданған Конституциямыз 24 жылда бірнеше өзгерістерге ұшырады. «Ата Заң» тастай бекіген болуы, ал өзге заңдар содан бастау алуы керек еді. Ал біз Ата Заңды көп жерде «көкпарша» тартысқа салған секілдіміз. Дұрысы мен бұрысы бар өзгерістер көптеп енгізілді. Түрлі өзгерістер енгізіп аламыз да, артынан оны сынға алып жатамыз. Қандай бір өзгеріс болмасын референдум арқылы өткізіп, халықтың көкейіне қонатын өзгерістер болса ғана енгізілгені абзал. Бізде тәртіп, Конституция және басқа да заңдар бар. Ол дегеніңіз конституциялық күші бар деген сөз. Ал енді біз Ата Заңымызды мызғымайтын, өзгермейтін тұрақты ету үшін кейінгі қабылданатын заңдардың шекесіне конституциялық заң деген ен тақпауымыз қажет. Соларды да жылда өзгерте береміз. Осындай олқылықтарға жол берілмегені дұрыс. Ата Заң – Негізгі Заң. Өмір болған соң өзгеріс болмай тұрмасы анық. Конституцияны да соған байланысты өзгерте беру тіпті жөнге келмейді. Американың Ата Заңы 1787 жылы қабылданған, әлі өзгеріс енгізілмеген деп мақтап жатамыз ғой. Өйткені, олар Конституцияның негізін қалаған да, өзге заңдар соның аясында жұмыс істейді. Міне, біздің қателігіміз осы тұста.

Сол заңдардың қайшылықтары толып жатыр. «Соттардың мәртебесі туралы» заң 1995 жылы қабылданған еді, содан бері қаншама өзгеріске ұшырады. Әрине, өмір болғаннан кейін өзгеріс талап етіледі, бірақ ойға келген күні өзгерте беруге болмайды. Мұны елдің бәрі біледі. Ата Заңымыздың күретамыры, негізі құптарлық-ақ. Конституциялық және конституциялық күші бар заң бар. Сондағы Конституциялық күші бар заңға өзгерістер енгіземіз де, соның негізінде Конституцияға өзгеріс енгіземіз. Бұл жерде Конституциямыздың мызғымас тұрақтылығы туралы қағидамыздың іске аспай жатқандығы байқалады. Конституцияға өзгерісті халықтық ортақ талқыға салу арқылы енгізу қажет деген ойдамын. Бізде формальды түрде айтылады да, көптеген заңдар қабылданады, алайда оның іске асуы уақыт өте қажетсіз болып қалады. Осыларды негізге алып Ата Заңға қайта-қайта өзгеріс енгізудің мүлдем қажеті жоқ.

Президент те заңға бағынады ғой, ал заң жоқ жерде адамзат бір-біріне аяушылық сезімін танытпайды. Ал енді заңды аламыз да оны шыр айналдырып жібереміз. Конституция біздің мемлекеттігіміздің негізін қалаған. Еліміздің демократиялық жолға түсуінің бірден-бір себебі. Елдің тыныштығы, берекесі, ынтымағы сол бағытта келе жатыр. Оны біз қолдаймыз. Бірақ сол алтын заңды аяққа басып, ойымызға келгенді істеуге қақымыз жоқ. Оған әр нәрсені апарып жабыстыра беруге болмайды.

Мынандай да мәселелер бар Бір кезде аудан әкімдерін сайлау арқылы тағайындау туралы заң қабылдадық. Эксперимент жасап та көрдік. Бәрі жайына қалды. Облыс әкімін тағайындау үшін облыстық мәслихаттың келісімі керек дегенді заңға енгіздік. Ол тәртіпті сақтап жатырмыз. Жоғары жақтан қандай нұсқау түссе, облыстық мәслихаттың депутаттары оны танымаса да қолдап, дауыс бере салады. Ол кім, неге оны ауыстырып жатырмыз деп бір адам қарсы шықпайды. Міне, бізде заңдарды қабылдағанымен, оның қуатының жоқтығын осыдан-ақ көруге болады. Әкімдерді сайлау эксперименті де жүрмеді, онда соған басқаша қорытынды жасау, бұл институттың тиімсіздігін айту керек еді. Сол себепті мұндай олқылықтарға жол бермеу мақсатында кез келген заңды қабылдауда барынша мұқият болғанымыз ләзім.

Заң ел мен жердің қамы, халықтың тағдыры, ұрпақтың болашағы үшін керек. Халық боп қадір тұтып, қастерлеген Ата Заңымыз – Азат елдің Ар-намысы! Оған баршамызқашанда құрметпен қарауға тиіспіз!

Бекет ТҰРҒАРАЕВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заңгер.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *