Малика АБДАЛИЕВА: СЕГІЗ АЙҒА СОЗЫЛҒАН СЕРГЕЛДЕҢ

Сұхбат
1 931 Views

Республикалық «Меdiaon.kz» ақпараттық-сараптамалық құқықтық агенттігінің директоры-бас редакторы, «Қазақстанның құрметті азаматы» қоғамдық «Марапат» орденінің иегері, қоғамымызда әлеуметтік мәселелерге өзіндік пікірін ашық та айқын жеткізе білетін, әлеуметтік желіде де қоғам белсендісі ретінде жақсы танылған Малика Махамбеткәрімқызы Абдалиевамен қазіргі қоғамымызда орын алып отырған өткір де өзекті мәселелер жөнінде әңгімелескен едік. Сол сұхбатты Сіздердің назарларыңызға ұсынамыз.

– Малика Махамбеткәрімқызы, қоғамдық жұмыстағы, өмірдегі белсенділігіңізді ел жақсы біледі. Шымкент қаласының, Түркістан облысының тұрғындары болсын, Сіз туралы жақсы пікірде екені талассыз. Өзіңіз елдің мәселесін үнемі алға тартып жүресіз. Осыларды таратып айтып берсеңіз.

– Әркімнің шығар биігі, шығар тауы бар. Мен де алға ұмтылумен келемін. Елбасымыздың саясатын жүзеге асыруда, жемқорлармен, әділетсіздікпен күресуде белсенділік танытып жүрген жанмын деп айта аламын. «Осыны бір көріп берсеңіз, осыған бір көмектесіп жіберсеңіз, осыны Сіз жазсаңыз» деп, елден келіп түсетін өтініш көп. Жазудың да түр-түрі бар. Қысқа-нұсқа етіп жазамын. Өздеріңіз де білесіздер, бір газеттің бас редакторымын, сайтым бар, оған да орналастырамын. Мүмкіндігінше өзімнің жеке парақшама, фейсбук әлеуметтік желісіне жазамын.

Түркістан облысының Сарыағаш ауданында болып жатқан келеңсіздікпен, жалпы заңсыздықпен, білім саласындағы заңсыздықтармен екі жыл талмай күрестім. Қолымнан келгенше табандылық көрсетіп келе жатқаным бар. Кезінде өзім бірге жұмыс істеген КТК телеарнасындағы әріптестеріме жүгіндім. Содан «Дау-дамайсыз» бағдарламасынан журналистер келді. Облыс әкімінің алқа жиналысында Сарыағаш ауданының әкімі Қайрат Әбдуәлиев: «Біз ол директорды жұмыстан алып тастадық» – деді.

Өзегімді өртейтін бір-ақ нәрсе бар. Оным сегіз ай бойы сотты болып жүрдім деген өкініш емес. Сергелдеңге түстім. Ойымда, жалпы, жүрегімде қалып кеткен нәрсе дәл сол оқиғаны әлеуметтік желіде жазған ашық хатымнан кейін бір дұрыстау көзқараспен қарағанда, басқаша болар еді. Сондықтан да бұл мәселенің осындай түбінде тұншығып, сосын «С-Информ» газетінің бас редакторы Амангелді Батырбековтың жарыққа шығаруынан, оны «Нью-Таймс» сайты көшіріп басқандықтан үлкен мәселе туындап отыр. Сегіз ай сергелдеңге түстім. 2017 жылдың ақпан айында сот отырысы басталды. Мені сотқа берген Сарыағаш аудандық білім бөлімінің сол кездегі басшысы Бауыржан Майрихов, әдіскерлік бөлімінің меңгерушісі Тұрғанбай Ахметов және сол кездегі мектеп директоры Үбәйда Қожагелдиева болатын.

Менің ісімді Шымкент қаласындағы әл-Фараби аудандық сотында Сәбит Төреханов деген судья қарады. Ол кісі: «Үбәйда Қожагелдиева туралы бүкіл мәліметтерді жинап әкеліп беріңіз, ол директорлық қызметінде қанша адаммен соттасыпты?» – деді. Ол 10 жылдың ішінде 15 адаммен соттасыпты. Соның біреуімен бітімгерлікке – медиацияға келген, біреуінде басқа… Тек біреуінде ғана жеңіп, қалған 14-інде жеңіліс тапқан екен. Соны судьяға ұсынғанымда: «Директор түгілі, мұғалім болмайтын ұйғарым шығарып беремін,» – деген еді, бірақ, өкінішке орай, олай болмай шықты.

Қасымда Болат Сыдықов деген мемлекеттік адвокатым, қорғаушым болды. Сосын заңды өкілім Амангелді Батырбеков. Ол сегіз ай бойы Сарыағаштан Шымкентке қатынаумен болды. Басында сотқа бір-екі әріптестерім қатысты. Соңғы уақытқа дейін әлгі үшеуміз болдық. Сосын мені бір жылға соттады. 24 маусым күні бір жылдық бас бостандығыма шектеу қойылды. «Сағат 18.00-ден кейін мейрамханаға, тойға бармайсыз» деді.

Сосын «Әділ сөзге», бүкіл күш-жігерімді Жоғарғы сотқа дайындап жүргенмін. Енді ол жерде ақталамын деп ойлаған жоқ-тұғынмын. Бірақ Аллаға шүкір, істі қайта қараған Шымкент қалалық сотының судьясы Наурызбай Әуесханов биылғы 15 тамыз күні ақтап шықты. Қылмыс құрамының және ол кісілермен жеке бас араздығым жоқ екеніне сол сегіз айлық сотымда бүкіл дәлел табылды. Келген мұғалімдердің бәрінің жазған арыздары тіркелді. Өздері келіп куәгерлік етті. Өте қуаныштымын. Енді оның бәрін айтып жеткізу әсте мүмкін емес. Оны толық сезініп те көрген жоқпын, бірақ соның өзі жүрекке қаншама ауырлық түсіреді екен. Сотталып жүргеннің өзі, сот ғимаратына кіргеннен бастап адамның сана-сезімі өзгеретіні тым ауыр тиді. Енді материалдық құқығым деп айтпай-ақ қояйын, моральдық құқығым да тапталды. Сөйтіп қайта қарама-қарсы арыз жазып, материалдық-моральдық шығын өндіргім келген, бұл биылғы Құрбан айттың алдында болған оқиға-тұғын. Құрбан айттың екінші күні Сарыағаш ауданының әкімі Қайрат Әбдуәлиев телефонмен хабарласып, Амангелді Батырбеков екеуімізді шақыртып жатқанын айтты. “Малика, Құрбан айтта бір-бірімізді сотқа берген болмас, олар да бермейміз деп жатыр. Сіз де қазір моральдық-материалдық шығын өндірмей-ақ қойыңыз. Осымен дау-дамайды тоқтатыңыздар», деді. Мен алғашқыда телефонды қойып қойдым, сосын қайтадан хабарласты. Енді бір елді басқарып отырған үп-үлкен кісінің сөйтіп, өзінің иіліп кешірім сұрағандай болып, бүкіл мұсылман қауымының үлкен мерекесі – Құрбан айтты алға тартып отырғандықтан, кешірім бермеуге хақым болған жоқ.

– Әділет жеңіп шықты дейсіз ғой?!

– Әділет жеңіп шықты. Күштің барлығы сол әділетте екен. Енді «С-Информ» «Әділет» қоғамдық бірлестігі, жалпы, барлығымыз бірігіп жұмыс істесек, керемет болар еді. Сайыпқыран Әмір Темірдің «Күш – әділетте» деген сөзі рас екен.

– Малика Махамбеткәрімқызы, Сізді Халықаралық ұйым наградамен марапаттап отыр. Құтты болсын деп айтамыз. Осындай елдің азаматы, қоғамның белсенді мүшесі ретінде бұл туралы да айтып өтсеңіз.

– Рақмет! Жалпы адам өмірінің бір жолы қара болса, екінші жолы ақ болып келеді екен. Бір күні жыласаң, екінші күні қуанып жатасың. Менің өмірім де тура сондай кездерден тұрады деп айта аламын. Сол жаңағы істі болғаннан кейін ауруханаға түстім. Төрт күн көз шырымын алмағанмын. Сосын екі күн ұйықтап, үшінші күні есімді жисам, поштамда хат тұр. Мемлекеттік қоғамдық наградалар комитетінің төрағасы Назин деген кісінің хаты келіпті. «Сізді «Қазақстанның құрметті азаматы» деген атаққа, орденге ұсынып отырмыз», – деген. Кеше сотталып жаттым, бұл қалай болды екен деп таң калдым. Хатта көрсетілген телефондарға хабарластым. Сөйтсем, осындай-осындай, «Біз Сізге қай күнге билет алайық, марапаттау рәсімі Астананың 20 жылдығына байланысты 7 шілде күні болады» – деді. Сосын «Жарайды», – дедім. Жеке куәлігімнің көшірмесін салдым ол жаққа. Бір кезде телефоныма ұшағымның билеті түсті.

Сонымен 6 шілде күні Астанаға ұшып келдім. Өздері күтіп алды. Екі күн Сол жағалаудағы қонақ үйге жайғастырды. Жан-жақтан жиналған азаматтар. 7 шілденің кешінде марапаттау рәсімі өткізілді. Алғашқы он адамның ішінен награда алдым. Мұны журналистерге деген құрмет, халықтың бағасы деп есептедім. Сол кезде бар ризашылығымды білдіріп, бір жақсылап сөйледім. Ақталғалы бері де кішігірім дүниелер, посттар жазып жүрмін. Алдыма көмек сұрап келген халықтың, елдің азаматтарына ешқашан да жоқ деген емеспін. Сайтымнан да, жеке парақшамнан да орын беріледі.

– Жалпы, Сіз идеология саласында біраз жұмыс атқарған азаматсыз. Сол үшін білім саласына қатысты газет те ашқан болатынсыз. Енді, сол туралы айтып өтсеңіз. Елбасының Жарлығымен Шымкент қаласы мегаполис болып жатқан жағдай бар.

– Жалпы денсаулығыма байланысты он жылдай Қарағанды қаласында тұрдым. Сол жақта бизнеспен айналыстым. Үлкен қызым Оксфорд университетін, кіші қызым Шымкенттегі ОҚМУ-ды бітірген. Екеуі де қызметке орналасқан соң елге оралдым. Мұхтар Мұхаметжан ағамыздың “Ел бірлігі” деген қоғамдық қорының төрайымы болдым. Қазақта ру сұраспаймыз, дегенмен, «Қожалардың келіні болғандықтан, екі қожаның қызы болғандықтан, сен осы қорды басқар» – деді. Сол қорды үш айдай басқардым.

Сөйтіп жүрген кезде тағы бір кісіден бір газеттің бас редакторы болуға, бәрін өзім бастауға ұсыныс түсті. Оның бір жақсы жері көлік беріп жатты. Жаныма жайлы жағдай жасалды. “Оңтүстік зияткер” деген жауапкершілігі шектеулі серіктестік ашып, газеттерді “Мектеп”, ”Оңтүстік мектебі” деп атап көрдім. Барлығының сертификаты бар, куәлік алып қойған. Елбасымыздың бірінші сөзі зияткерлік мектептер болғандықтан “Зияткер” деп, ал (“ON”), сол кездегі облыс әкім Бейбіт Атамқұловтың кезінде (“ON”) деген бренд еді ғой. Бізде де солай аталған. Бұл республикалық газет болғандықтан, солтүстікке, бүкіл елге таралса деген ой болды. Елбасының саясаты, жаңартылған білім бойынша, инновациялық мақалалар, мұғалімдердің, дарынды оқушылардың жетістіктерін жазатын газет еді. Сосын жалпы проблеманы, қоғамдағы мұғалімдердің орнын, олардың мәртебесін көтеру деген мәселелер де жазылды.

Оның алғашқы нөмірі 2016 жылы 4 қазан – Мұғалімдер күні облыс әкімі Жансейіт Қансейітұлы Түймебаевтың алғысөзіменен жарық көрді. Сонымен газет дүниеге келді. Табиғатымда біреудің алдына бірдеңе сұрап бару деген жоқ. Ең бір сәтсіз нәрсе – сол газетімнің таралымын көбейте алмадым. Біржарым жыл тек қана өзімнің қаржыммен күн көрдік. Еш жақтан ешқандай тендер алған жоқпын. Аптасына бір рет шығып жатты. Басында таныстыру таралым болғандықтан, бес мың данамен шықты. Содан кейін екі жарым мың данадан түсірген жоқпын.

Ол газетті әлі де қайта ашу ойымда бар. Алдағы уақытта қайтадан жарық көріп, мұғалімдердің қолына жетеді деп ойлаймын.

– Сіздің тағы бір қыр-сырыңызды білеміз. Сіз фейсбукта оқырмандар ең көп жазылған азаматтың бірі боласыз. Онда өз орныңыз бар. Бүгінде осы фейсбуктың дамуы мен газеттің рөлі туралы не айта аласыз?

– Газет қашан да газет. Енді газеттің рөлі фейсбуктағыдан бөлек. Фейсбук – әлеуметтік желі. Оған салынған дүниені біздің Қазақстан, алыс-жақын шет елдер көріп отырады. Сосын сол фейсбуктың тағы бір ерекшелігі, сайттың жалпы өмірі, жазылған нәрсені кез келген уақытта жан-жақтан, кейде бір өтініштермен алып тастауға болады. Газет пен фейсбукты, газет пен интернетті салыстыруға болмайды. Газет өміршең, орны бөлек, яғни өзінің ерекше қасиеті бар.

Фейсбуктағы бірінші жеке парақшам бұғатталып қалды. Екі парақшам ашық қазір. Екі парақшамда 14 мыңдай көрерменім, оқырманым бар екен. Оның ішінде бір бес жүзі белсенді болатын шығар, басқасы қарап отырады. Бірақ жан-жақтан жеке парақшама қабылдаулар келіп тұрады, тіпті мемлекеттік қызметтегі достарым да бар. «Осыны былай жазып жіберсеңіз, осы жеріңізді кішкене жөндеп жіберсеңіз» дегендей. Кәдімгідей өзіме арнап жазатындары бар. Енді сол жеке парақшам менің өміріме де ықпал етеді екен. Дәл осы қоғамдық марапатқа ие болуым, осы фейсбуктың өмірі болады деген бір бас есебім болған жоқ. Бұл өзімен-өзі келген дүние. Тойдағы суретімді салып немесе жаңағы айтып жатқан суретімді салып жүрген адам-тұғынмын. Жеке өмірім де жария тұр. Жасырып, бірдеңені бүгіп қалу деген жоқ. Көрермендерімді, оқырмандарымды, достарымды сөйтіп жинаған шығармын деп ойлаймын.

– Елге айтар тілегіңіз болса білсек дейміз.

– Қазақ «Болар баланың белін бу» деп айтады ғой. Біз шымкенттіктер жоқтан бар нәрсе жасайтын елміз. Ғабекең, Ғабидолла Рахметоллаұлы Әбдірахымов екінші рет әкімдік қызметіне қайта келіп отыр. Мен оны бірінші келгенде шынымды айтсам, бағаламаппын. Біраз жұмыс істеген екен. Әйтеуір менің “Айтарым бар” деген бағдарламам болды. Онда да сынап жататын-тұғынмын. Әр бағдарламамның бір минутын сол кісіге арнайтынмын. Әр сыныма хатпен жауап беретін. Соның бәрін дұрыс қабылдаған адами қасиетін айрықша айтқым келеді.

Сонымен бір күнде қызметінен кетіп қалады деп ойлаған жоқпыз. Кетіп бара жатқан кезде соның алдында жаңағы жолаушылардың көлігіндегі жаңалықтар болды. Онда да пиар сәтсіз шықты деп айттым. Бірақ бір шенеуніктің автобуста жүргенін көрмеппін. Бұлардың бәрі туралы мақалада жазылды кезінде. Бірақ кетіп бара жатқанда бәрін қайта қарап, оқып, сараптап, тілек жаздым: «Ғабеке, облысқа қайтып келіңіз». Қайтадан Шымкентке келеді деп ойлаған жоқпын. Облысқа әкім болып келіңіз, сол кезде Сізбен бірге жұмыс істеймін деп уәде беріп, ақ тілегімді арнадым.  «Қыздың тілегін Қыдыр өтейді» дейді қазақтар. Елге оралып, енді Ғабекеңе жұмыс істеп жатырмын деп айта аламын. Ол кісі бәрін дұрыс қабылдайды. Қаланы әзірге мақтаумен отырмыз. Кішкене көтерілуіміз үшін бізге қазір тек қана жан-жақты, бір-бірімізді мақтап, жаман жақтарымызды оншалықты көрсетпей, кішкене ес жинауымыз керек болып тұрған сияқты. Республикадан бюджет бекіту оңай емес. Ендеше, алда бірлесе атқаратын тірлік көп деп есептейміз.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан Қуанышбек БОТАБЕК.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *