ЕРГЕШБАЙ /Әңгіме/

Әдебиет
871 Views


(Жалғасы).

Халық жым-жырт. Ұшқан шыбынның ызыңы естілер тыныштық. Бір мұғалім келіншек су әкелуге жүгіріп кетті. Бүкіл ел кінәлі жандай жерге қарап қалды. Не істерін білмей далаға шығып кеткендері де, «Ол кім?», «Бауыры несі?» – деген дүдәмал сұрақтардың жауабын білмекке құмартып отырғандары да жетерлік.

Кішкене су ішіп, әлденіп, өз-өзіне келіп алғасын қария жанын жегідей жеген, жылдар бойы сүрленіп, санасын құрттай кемірген сыр сандығымен алғаш рет бөлісуге бел байлады.

Қарт сөйлеп тұр. Тарих қойнауында күйген томардай беріштеніп қалған тоқсан жыл бұрынғы оқиғалар жұртшылықтың көз алдында бүгінгі өмірдей сырғып өтіп жатты.

Нағыз қиын-қыстау шақ. Қолдан ұйымдастырылған ашаршылық украиндықтар мен қазақстандықтарды өзбек ағайындардың астанасына, «нан қалаға» қарай ауа көшуге мәжбүр еткен.

Солармен іргелес бұл төңіректің жұрты жер-ананың төсіне тастай жабысып, ат соқамен жер жыртып, тайлы-тұяғымен аянбай тер төгуінің арқасында бұтақ басындағы жалғыз жапырақтай ілдәлап аман қалған, әйтеуір.

Осындай сүреңсіз күндерді сыпырып, жадында мәңгі жатталып қалғаны – әкесінің өзінен кішілеу көзі көк, мұрыны істіктеу, тыриған сары баланы үйге ертіп келуі еді. Әкесі жақын маңдағы теміржол бойынан тауып алыпты. Батыстан Ташкентке ағылған көп халықтан адасып қалса керек. Жылай-жылай әбден шаршаған. Кір-қожалақ, түрі аянышты. Шешесі одан әрі шыдай алмады, тұра ұмтылып, бауырына басқан.

Көп өтпей әкесі ауыл молдасын әкеліп, мұның Ережепбай деген атына ұқсастырып, құлағына үш рет айқайлатып, сенің атың Ергешбай деп азан шақыртып, ат қойып жіберді.

Сол Ергешбай жыл өтпей қазақшаны судай ағызатын болды. Артынан ерген інісі не қарындасы болмағаннан соң бір көрпенің астында бұлар тату-тәтті, құлын, тайдай тебісіп қатар өсті. Ауыл ортасындағы бастауыш мектепке барып, бірге оқыды да.

Ауылдың күншығыс шетінде батысты бетке алып қос арық ағып жатады. Одан ары қарай шөбі шүйгін қыр басталады. Үлкен-үлкен екі сайы неге екені белгісіз – Асансай, Үсенсай деп аталыпты. Әрбір түтіннен шыққан азын-аулақ мал сонда жайылады. Малды өрістен күнделікті күтіп алып, үйге айдап қайту – ауыл балаларының міндетіне саналады. Олар түс ауғаннан сондағы тасқұлақ басына жиылып, мәре-сәре ойнап, суға шомылып, пада келгенше үй бетін көрмейді.

Жаздың шіліңгір шілдесінде жартылай жалаңбұт бұларға арық суынан артық рақат жоқ-тұғын. Су сорып, еріндері көгеріп, тістері дірдектеп безек қаққанша, судан шықпайды, мәз-мәйрам. Сосын жон арқасын ащы күннің қызуы күйдіргенше етбеттерінен сұлап жатып алады. Болмаса осы өлкеге ғана тән, тек осы мезгілде ғана пайда болатын алтын қоңызды ұстап алудың қызығына бөленеді.

Алтын қоңыз десе, дегендей-ақ. Сары алтындай жалтылдаған сиқырлы күшке ие жәндік. Оны ұстауға бәрі құмар. Алтын қоңыз ызыңдап төбеде, біресе айналада қалықтап ұшып жүргенде еркінен тыс қуа жөнелетін. Ұстап алғасын артқы аяғын төменгі буынынан үзіп, қалған жеріне сіріңкеден жіңішкелеу жусанның шырпысын қадайтын. Сосын оны қойдың құмалағына шаншиды. Құмалақты ортасынан тесіп, тағы бір қалыңдау шырпыға өткізіп, жоғары көтергенде алтын қоңыз қанатын кере қағып, қойдың құмалағын шыркөбелек айналдырып ұшатын. Бұларға сол қызық. Қоңызбен бірге ызыңдап, жүгіріп ойнайды.

Ергешбай тапсырған іске тындырымды, тап-тұйнақтай боп өсті. Үсті-басына шаң жуытпайды.Тазалыққа құмар. Қашан көрсең қағынып, сілкініп жүргені. Киімге де ұқыпты. Қайта-қайта қол жуа беретін қасиеті тағы бар. Айта берсе, ол да өз алдына бір төбе.

Осы өзгешелігіне қарап ауылдастары «Әй, осы баланың шыққан тегі тегін болмас» деп, өздерінше топшылап жүрді.

– Қарағым-ау, ініңе қарасаңшы, кішкене содан үйренсең қайтеді?! – деп анасы мұның алба-жұлба кейпіне кейде кейитін.

Анасы Ергешбайды өте жақсы көрді. Ә дегеннен жетімдік көрсетпеуге әрекет жасады. Аялы алақанын, жан жылуын аямады. Туған баласынан кем көрмей, көңіл бөлді.

Ережепбай кейде қызғанып, қабағы бұртиып, өкпелеп жүрді. Онысын сезген әкесі бірде оңашалап:

– Ергеш те біздің бір баламыз. Жетімдік көрмесін деп анаң шырылдап, соның шырағын жағып жүр. Сондықтан Ергешбайға туған ініңдей құрметпен қара! – деп ақылын айтқан.

Әке сөзі мерейін өсірді. Соған масаттанып, қоқиланып қалды. Ергешбайды қызғыштай қорып, көзден таса етпеді. Мұнсыз ешқайда баспайды. Әрдәйім қасында. Есейе келе ауыл балаларына Ергешбайдың кейбір өзгеше тұстары біртіндеп біліне бастады. Әсіресе бұл жаздыгүні суға шомылып, қайтарда іш киімдерін желпіп кептіріп жатқан кезде байқалатын. Әуелгіде оны ешкім аңғармапты. Ергешбай олардан бөлініп, аулақтау кетіп қалатын. Бірде бір жүгермек оны көріп қойып, жұрттың бәріне жария етіп, мазақтап, қыран-топан күлкіге айналдырғаны бар.

Сөйтсе, Ергешбайдың өзгешелігі – сүндетке отырғызылмағаны екен. Ергешбай есейіп, ер жетіп қалған. Түрі лап етіп оттай жанып, қып-қызыл боп тұра жүгіріп, үйге қарай кетіп қалған. Іле соңынан бұл да жеткен. Шәй ішіп отырған әкесі мен шешесінің қасында жылап тұр екен.

– Қой, айналайын, Ергештай, қой енді, жылама. Ертең молданы шақыртамын. Қалай болады деп қиналып жүр ек… – деп әкесі күмілжіп қалды.

– Жоқ, мен қазақпын! – деді Ергешбай әкесінің ойын бірден түсінді ме, жұлып алғандай жылдам сөйлеп.

Момын адамның ашуланғаны тіпті қиын екен. Түтігіп кетіпті.

– Апа, көкеме айтыңызшы, бүйтіп елдің келемеждегеніне көніп жүре бергім келмейді. Сіздердің бір балаларыңызбын ғой. Тезірек жатқызыңыздаршы.

Апасы отағасына қараған. Отағасы бас изеді.

Ертеңіне бір тоқты сойылып, молда да келді. Апасы түнімен отырып, Ергешбай сүндеттелген соң киетін әппақ көйлекті де тігіп, дайындап қойды.

Көрші-қолаң шақырылып, азын-аулақ ырымы да жасалды. Ергешбай сөйтіп қарапайым көп қазақтың қатарына қосылып кетті. Қандай қиын уақыт болса да көршілер ата-баба салт-дәстүрін ұмытпай, мұсылман болуымен құттықтай келіп, жылы-жұмсақ, тәтті-пәттісімен бөлісіп жатты.

Ережепбай дүние есігін ашқалы үйдің еркесі де, серкесі де өзі. Содан ба бірбеткей, шақар боп есейді. Төбелеске құмарлығы жоқ. Әйтсе де орынсыз соқтыққанды оңдырмайтын. Бір-екі батыр Ергешбайды көккөз деп келемеждеп, тиісіп көріп еді, келер жолды сол айтқандарын ұмытып тұра қашқан.

Бірде үйден шықса, көрші әрі өзімен тетелес туысы, дене тұрқы сәл үлкендеу Жолдас Ергешбайға тиісіп тұр екен. Ергешбай үндемейді. Келсе, Жолдас ызаланып, оны басынып-ақ тұр. Кім кінәлі оған қараған бұл жоқ. Жолдасты құлақ шекеден бір-ақ ұрған. Кінәліні кейін тауып алармын деп ойлады. Жолдас та қарап қалсын ба, салысып кетті. Жеңіліп бара жатқандай көрінді, балалық қой, Ережепбай жерден жұдырықтай тасты ала салып, Жолдасқа қарай ысқыртып қалған. Құдай қаққанда бұғып үлгерді. Оқтай атылған тас жанай өтіп, арттағы үйінің терезесін салдыр-гүлдір қиратып түсті. Ол үйден де,бұлардың үйінен де ойбайлап екі апа сыртқа атып-атып шыққан. Құтырған иттей көздері қызарып, жаға жыртысып жатқан бұларды әрең ажыратып алғаны бар сөйтіп.

Сол үйдің терезесі содан күреңітіп күз келгенше қойдың терісімен қапталып тұрды. Ол кезде шыны әйнек табу деген қайда…

Осындай көк аттыға есе жібермейтін өжеттігінің арқасында Ергешбай мұны қалқан тұтып өсті.

Ергешбай қақ-соқпен шаруасы жоқ, момын. Сыпайылығы, мәдениеттілігі тұла-бойынан білініп тұрады. Әке-шешесі әуелі соның бабын жасауға әрекет жасап бақты. Бетінен қақпады, қатты сөз айтпады десе де болғандай. Тамақтың тәттісін беріп, киімнің тәуірін кигізді. Мата сөмкені әуелі соған арнап тікті. Сиясауыт пен үрішкені бірінші соған салып беріп жүрді. Көк есектің үстіне де әуелі сол отыратын.

Сонымен бұлар он төрт жасқа шыққан 1939 жыл келген. Ергешбайды әкесі көптен іздеп, әрең тауыпты. Бір күні ойда-жоқта төбе көрсетті.

Ергешбай қазақ жеріне, қазақ ауылына ес жиып, етек жапқан жасында тап болғаннан соң ба, әкесін ұмыта қоймапты. Қазір оның сыртқы келбетінен басқа ұлттың өкілі деп айту қиын. Көзі болмаса. Тілінде мүкіс жоқ. Қазақтан асып, ағып тұр. Туғаннан осында жер басып, кіндік қаны осында тамып, ит көйлекті осында тоздырғандай, кәдімгі қазақтың қараборбай баласы.

Әдеттегіше түскі асты беймарал ішіп отырғанда, үш кісі сау етіп кіріп келген. Ұзындау шикіл сарысы көрген бойы бас салғанда Ергешбай да оның құшағына еміріне кіріп, өзінің ана тілінде бірнәрселерді айтып жылай берген.

Үлкендер:

– Ойпырым-ай, «Қасқырды қанша бақсаң да орманға қарай ұлиды» деген рас екен, – деп тамсанды.

Біреулер ұнатты.

– Қайтсін енді, жеті жыл жүрсе де, әлдилеп өсірген ошағын ұмытпағаны да, – десті.

Ұнатпағандары:

– Баланы тапқан емес, баққан – ана, – деп бұларға бүйрегі бұрды.

– Қаңғып көшеде қалғанда қанаттарының астына алып, адам еткен осылар емес пе? Үйбүй-ау, бұлар бұл жетімекке өз баласынан артық қарады ғой. Оған мына тұрған елдің бәрі куә, бәрі біледі, бәрінің есінде, – деп кейбірінің іштері қыжылдады.

Қызықтың бәрі әкесі өзімен ала келген бір сөмке киімдерді кигізіп әуреленгенде басталды. Жобалап, осылай өсіп қалды-ау деп шамалаған болу керек – бірі шақ келсе, енді бірі сыймай жатты.

Ергешбай үнсіз. Сол кезде бағалы саналатын таза шыт пен шибарқыттан тігілген киімдерді әкесі тыжырына шешіп жатқанда да мыңқ еткен жоқ. Көзінің астымен бұларға бір қарап қойып тұра берген.

Солармен үшінші адам боп ілесе келген колхоз бастық қасындағы әскери адамның алдында құйрығы құрттаған шыбыштай о жағынан бір шығып, бұ жағынан бір шығып, шыбжыңдап жүрді.

Ергешбай бір уақытта барлық жаңа киімдерін сыпырып шешіп тастады. Сөйтіп, бұрынғы киімдерін киіп, әкесіне бірнәрсе деп еді, ол иә, иә деп мақұлдап кетті. Сосын оның әрбір қимылын бақылап, осы не істер екен дегендей үнсіз шошайып тұрған үй ішіндегілерге «Дәрет сатып келемін» деп қазақша айтып, сыртқа шығып кетті.

Іс бітірер уақыт өтіп, Ергешбай әдеттегіден кешіккесін, әкесі барып көріп келші деп мұны жұмсаған.

Ережепбай үйдің артына шығып алғашында жайырақ, келе-келе қаттырақ дауыстап іздеген. Ергешбай ұшты-күйлі жоқ. Ал содан бәрі ары-бері шапқылап, шарқ ұрсын. Көргендер қырға қарай жүгіріп бара жатқанын айтқан. Сөйтсе ол әкесімен бірге қайтпаймын деп, баяғы Асансай, Үсенсайға барып жасырынған ғой. Оған қарасын ба, колхоз бастық пен әскери кісі едірең-едірең етіп діңкілдеп, елдің апшысын қуырып, зәресін алғасын, ақыры ауылдың тайлы-таяғы қалмай ат, есекпен жабыла іздеп, тауып әкеліп, әкесінің алдына салып берген.

Бұған туған інісіндей, әке-шешесіне туған перзентіндей бауыр басқан Ергешбайдан сөйтіп айдың күні аманында айырылып қалған. Үйі қаңырап, бос қалғандай құлазыды. Әсіресе анасына қиын тиді. Оның Ергешбай, Еркетайым деп күбірлеп жүргенін талай құлағы шалған.

Арада екі жылдан соң қанқұсқыр соғыс басталды. Қару ұстауға жарар ер азамат майданға аттанды. Нәумет заман қайта туды.

Алғашқы айларда-ақ әкесі соғысқа алынды. Кейіннен қолға қару ұстап, жауға қарсы шабатын жасқа жеткесін бұл да аттанды. Жеңіспен келулерін Құдайдан тілеп, қарашаңыраққа ие жалғыз анасы қала берген маңдайдан сүйіп.

Ұрыста кім күшті сол жеңеді. Аяушылық, баяушылық деген ұғымдар атымен болмайды екен онда.

Өмір мен өлім қас қағым сәт сайын алмасып жатқан заматта әскердің темірдей тәртібі небір ынжықтарды, небір жалқауларды тартылған серіппедей ширатып жіберген. Тасқа қайралған алмас қылыштай жарқылдап, «Отан үшін! Жігіттер, алға!» деген ұрандармен рухтанып, талайы болашақ үшін жандарын пида етті.

(Жалғасы бар).

Тұңғышбай ТӨРЕГЕЛДИЕВ,

жазушы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *