АССАЛАУМАҒАЛЕЙКУМ, НЕМЕРЕМ МЕН ШӨБЕРЕМ

Әдебиет
279 Views

Сын-сықақтың атасы кім? Әрине, Қожанәсір. Хо-ош, жарықтық Қоже­кеңнен кім тарайды, үрім-бұтағы бар ма? Бар, әрине. Жеті атасын санайық па? Санасақ былай: арғы атасы – Қожанәсір, Қожанәсірден – Сатира, Сатирадан – Әзіл, Әзілден – Әжуа, Әжуадан – Оспақ, Оспақтан – Уыт, Уыттан – Асқар Тоқмағамбетов…

Қоржынын арқалаған Қожанәсір Сыр бойында творчествоның қара қазанын қайнатып жатқан өзінің “үрім-бұтағы” Асекеңе кеп:

– Жекжатыма жеті сәлем! – деді де сұхбаттаса бастады.

Қожанәсір: – Айналайын, Асқар-жан! Сатираның салмағын арттыра түсіп, әзілкештер “әулетін” көбейтеміз бе деген үмітпен “Қазақ әдебиеті” газетіне қоржынымды арқалап келіп едім. Соған қосар сенің не үлесің бар?

Асекең:

– Сөз сүйектен өтеді,

Қисынын тауып айта алсаң.

Айтқаның босқа кетеді,

Жауырды жауып жалтарсаң.

Көздерің көргіш,

Сөздерің өткір,

Айтқаның мірдің оғындай болсын.

Қуаттарың 220 вольттық

Электрдің тоғындай болсын.

Қожанәсір: – Рахмет! Сөзден сөз туып, сіздің “батаңыз” көкейіме бір ой тастады. Азулы фельетондардың азайып бара жатуының басты себебі неде, қазіргі фельетонға тән нендей проблема бар деп ойлайсыз, Асеке?

Асекең: – Осы күнге шейін фельетон десе екі құлағым елең ете түседі. Өйткені творчествомның бір бұтағы осы жауынгер жанрға тікелей бай­ланысты. Аз ба, көп пе – мыңға жуық фельетон жазыппын. Бес томдық таңдамалы шығармалар жинағымның бірінші томын тұтастай фельетонға арнауым да, оған деген ыстық ілтипатым, көрсеткен құрметім.

Баспасөз бетінде от ауызды, орақ тілді фельетондардың аракідік кездесуі сықақшыларымыздың бүгінгі өмірмен қоян-қолтық араласпауынан, әрине. Өмірмен біте қайнасып, бірегей араласпайынша жазған дүниелерің өмір­шең болмайтыны әмбеге аян жайт. Күбідегі айранның майын айыру үшін де піспекке тыным бермей, көк суы қалғанша көп пісуге тура келеді ғой. Бейнелеп айтқанда, фельетонистеріміз тер төгуге ерініп, майын да, маңызын да айранға жіберіп, бетінен қалқиды. Айтып-айтпай не керек, “Оһо, оған тісіміз батпайды” деген сылтаумен үлкен мәселені қозғай алмайды немесе жүрексінетіні де рас. Есесіне, зеңбірекпен торғай атқандай ұсақ-түйек кемшіліктердің қаққанда – қанын, соққанда – сөлін алып, сонша шүйілетінін қайтерсің. Онсыз да күні бітіп, әне-міне құлауға әзер тұрған объектіні нысанаға ап, жығылғанға жұдырық жұмсай салу, әдетке айналып бара ма деп күдіктенем. Халықтық бақылау комитетінде немесе сотта зиянкестің мәселесін бұтарлап тексеріп, тиісті шара қолданады. Сосын ше? Әлдеқа­шан болары болып, бояуы сіңген жәйтті енді келіп сынға ілген мақаланың қадірі бола қояр ма, сірә? Оған көз жүгірткен оқырман: “Е-е, баяғы нәрсені басқаға көз қылу үшін жазған екен-ау” деген оймен, оншалықты мән бере қоюы екіталай. Ешкімге белгісіз, беймәлім фактіге сын садағы тосын қа­далса, ел-жұртты елең еткізер еді, фельетонның беделі бұрынғыдан да арта түсер еді. Сондықтан да болар, жергілікті жердегі кейбір басшылар сынға кәдімгідей мән бермей, жабулы қазанды жабулы күйінде қалдыра салуға тырысады. Ер-тоқымы мойнына түскенге “Ескерту берумен” тынады да, “Шара қолдандық” деп жауап қайыратынын қалай жасырамыз.

Қожанәсір: – Халықаралық тақырыпқа жазылған фельетондар, памф­леттер сиырқұйымшақтанып, жіңішкеріп бара ма, қалай өзі?

Асекең: – Мұндай күретамыры тереңде, күрделі тақырыпқа бару үшін, әуелі автордың өзі саяси білімнің сауыт-сайманымен қаруланған, жетік болуы ләзім. Рейганның, Бегиннің кім екенін, олардың саясатынан, айла-шарғысынан мақұрым болсаң қайдан жазасың. Әр дүние дүмбілез оқушының көзін ашатындай, көркем шығарма деңгейіне көтерілуі – өз алдына жеке әңгіме. Ұлы Отан соғысы жылдарында көп жарияланған памфлеттердің ролі өте күшті болды дейміз. Неге? Өйткені, оның бәрі замана үніне ілесе білді, қару-жарақтан да қаһарлы құралдың біріне айналды. Жауды уытпен, күлкімен соқтық. “Бізде күлкіні ұнатады, күлкі – қаһарлы қару, оны қолдан түсіруге болмайды” деп Чернышевский айтқандай, қазіргі кезде памфлеттей қаруды қолдан түсіру – сатириктеріміз үшін ойланатын жағдай.

Қожанәсір: – Қаламдастарыңызға арнаған достық әзіл, эпиграммала­рыңыздың ішінде жарық көрмей қалғандары болды ма?

Асекең: – Кезінде эпиграмманы көп жаздым. Бірақ қаламдастарым мен замандастарым реніш білдіріп, теріс айнала бастағасын сатираның бұл түрін тастауға тура келді. Эпиграмманы түсіну, оған мән беру, ақиқатын айту керек, біздің қазақ әдебиетіне әлі ұрығын себе қойған жоқ-ау. Орыс, Европа әдебиетінде эпиграммаға үлкен мәдениетпен қарайды. Тіпті, ағылшынның “Панч” деген журналының бетінде пародияға, эпиграммаға ілікпеген ақын-жазушыларды қаламгер деп есептемейді екен. Ал бізде ше? Соңына шырақ алып түсетін “шырақтар” да баршылық…

Енді қойын дәптерімнің архивінде шаң басып жатқан екі-үш эпиграмма­ларымды оқып берейін.

Марқұм ақын Тайыр Жароков “Жапанды орман жаңғыртты” деген шы­ғармасынан кейін, сәл саябырсып қалды. Мынау сол сәттерде жазылған эпиграмма еді:

Тайыр ақын “Жапанды”

Дастанымен жаңғыртты.

Онан бері талай шөл,

Талай жонға жан бітті.

Бір жазушысымаққа арнаған мына бір эпиграмма да қойын дәптерімнің қойнауында қалды.

Қандай сұлу кітаптың мұқабасы,

Шынын айтсақ, көр-жердің жұқанасы.

Қожанәсір: – Түсіңізде сықақ өлең жазып көрдіңіз бе?

Асекең: – “Не ексең, соны орарсың” дегендей, ояу кезіңде ойлап жүрген істерің түсіңе енуі заңды құбылыс екенін медицинада дәлелденген.

Шығарманың желісі, күндіз ойлап таппайтын шымыр ұйқастар, керемет сөз тіркестері секілді қызық құбылыстардың түске енуі әрбір қаламгердің  басында ұшырасар-ау деп ойлаймын. Жақында бір түс көрдім. Баяғы балаң жігіт шағымда Сыр бойында Ахмет деген қайықшы шал болатын. Түсімде сол шалға мынадай өлең арнап жатыр екем:

Ахмет – жаны жайсаң, сері кісі,

Шалқақ төс, әрі палуан, әрі күйші.

Бағыланын байлаудағы сойып болып,

Қанғанша сөйлеуші еді құлақ құрышы.

Шіркін-ай, неге өледі сондай заңғар,

Шоң желке, шойын құлақ, шомбал “шонжар”.

Шорт кескен сөзі біреу, өзі сахи

Дүниеге қайта келмес ондай жандар…

Түсімдегі “творчествоны” ояна салысымен қолма-қол жалғастырып, дамытып, көлемі мың жолдай “Туған жер” атты толғау жазып біткенімде өзіме-өзім сенбедім…

Қожанәсір: – Ал, Асқар-жан! Қойын дәптеріңізде қоржыныма салатын қою сықақтарыңыз бар ма?

Асекең: – Шүкір, баршылық. Иегі қышып, дәметіп жүрген оқырманда­рыма бір-екі “тілі қышыған” өлеңдерімді өзіңіз арқылы сәлемдемеге беріп жібергенім сөкет болмас, Қожеке. Мінеки…

БІР АҚЫНҒА

Бір мықты айтса “мықты” деп,

Біле бер кітап шықты деп.

Бір мықты сыншы шүйілсе

Біле бер мықтап жықты деп.

Бір жығылып, бір тұрып,

Жүргенде бітер жыртылып.

Бір қызығы ақынның

Кітабы қалды бір шығып.

Әттең, тонның келтесі-ай! Уақыттың тығыздығына байланысты Асқар ағамен қолтығымыз сөгіліп, көсіліп сырласудың сәті түсіңкіремеді. Ер­тесіне бір жаққа жол жүреді екен. “Мейлі, барымен-базар, бұйырғаны осы шығар” деп тәубә жасадық та, ағамызды ардақтап шипажайына кіргізіп салдық.

Сондағы байқағаным, өте қарапайым, салмақты, салихалы. Бар нәр­сеге байыбымен қарайды. Кереметтілігі сол– кеуде кермейді. Тәкаппар емес, мақтаншақтардың маңайынан жүргісі келмейтінін аңғардық. Сірә, Лев Толстойдың “Зат неғұрлым салмақсыз болса, соғұрлым орынды көп алады… Мақтаншақ та сондай” деген қағидасын темірқазық етіп ұстаса керек. Соның бір дәлелі, ақиық ақын Әбділда Тәжібаевтың естелігіне үңі­лейікші. “Біз 1935 жылы Асқар Тоқмағамбетовтің өлең жаза бастағанына он жыл толуын тойладық. “Жас адамға осынша салтанаттың керегі не? Одан үлкендерді тойлаған жоқпыз ғой” деушілер де табылған. Бірақ, біз, жастар оған құлақ аспадық. “Асықпайық та” деген Асқардың өз сөзімен де санаспадық…

Біз сонда жас талантты Асқардың комсомолдар ақыны боп бастағанын айтып мақтандық.

…Мүмкін, Асқардан өзге жас жігіт құрмет салмағын көтере алмай сынып та кетер ме еді, қайтер еді. Ал, Асқар ондай әлсіз емес екен. Ол “Болдым де­сем болмағаным, толдым десем толмағаным” деп қорытты. Мақтау сөздерді ол шөл қандыру үшін талғамай жұта берген жоқ, қошеметке де семірмеді.

“Мен! Мен!” деп қақпа төсіңді,

Менмендік жатыр қасыңда.

“Мен!” бастап кетсе көшіңді,

Ешкім де қалмас қасыңда”

деген төрт жол өлеңмен жауап берді”.

Расында да, Асқар ағамыз сөзге желпінбеген.

“Мақтау– жел сөз, жанға қас,

Қошеметшіл шығарған”, – деп жазған Абай атамыздың сыни көзімен қараған.

… Ағамен қоштастық. “Амандасу – қоштасудың басы” екенін, Асқар ағаны алғаш рет және ақырғы рет көріп тұрғанымды қайдан білейін. Келесі жылы 21 тамыз күні бақилық боп, о дүниеге озды.

Арада жиырма жыл өтті. Дәм-тұз бұйырып, Қызылордаға тағы да табан тіредім. Асқар ағаның әруағы разы болсын, дұға оқиын деген мұсылман­дық ниетпен облыстық телерадио комитетінің төрағасы, сықақшы інім Орынбасар Әлжіковпен бірге бейітіне барсам, … О, масқара-ай! Тұғыры ғана тұр. Таза мыстан құйған екі тоннадай ескерткішті базбіреулер кранмен көтеріп ұрлап кетіпті. Бұған не дерсің? Ішім қан жылады. Қапаландым. Бірақ, кімге налығанымды өзім де түсінбеймін.

Сақалын сипаған саудагерлердің ісі ме бұл? Әлде, күншілдік?.. Есіме Бауыржан Момышұлының нәсихаты түсті. “Күншілдік – өзгенің мықты­лығы мен өзіңнің әлсіздігіңді түсінуден туған құбылыс” демеп пе еді? Не де болса, әлсіздердің әрекеті-ау…

Кейінірек Асекеңнің басына ағайын-туыс, немере-шөбересі жиылып көк тастан ескерткіш орнатты. Ал, шәкірті ретінде мен “Қандай ескерткіш орнатсам екен?” деп ойланып жүргенімде орайы келді. Биыл күзде Қо­жанәсірдің үрім-бұтағы атанған Асқар атамыз жүзге келеді. “Ана тілі” баспасының директоры, жазушы-журналист Жақау Дәуренбековтің ыстық ықыласымен Асекеңнің тек сатиралық шығармаларын құрастырып, оқыр­мандарға тарту етсек оның өзі үлкен ескерткіш емес пе?

Асқар атамыздың ең соңғы кітабы 1982 жылы шыққан. Содан бері ширек ғасырдай уақыт өтсе де бірде-бір жинағы баспадан жарық көрмеген. Жүз жылдық мерей тойына орай іргелі қаламгердің бір томдығын құрастырып жатқанымыз құлағына шалынған болу керек, жақында Асекеңнің кенже қызы Аякөзден хат алдым.

Құрметті Көпен Әмір-Бек мырза!

… Биыл біздің әкеміз, қазақтың белгілі қаламгері А.Тоқмағамбетов 100 жасқа толады. Ең алғашқы өлеңі 1925 жылы “Еңбекші Қазақ” газетінде басылған, сол жылдан бастап әдебиетіміздің әр түрлі жанрына өз үлесін қосты. 1929 жылы басылған “Күлкі-сықақ” атты тұңғыш сатиралық өлеңдер жинағынан бастап өмірінің соңғы жылдарына дейін қазақтың төл мысалын дамытып, бірнеше сатиралық өлеңдері мен фельетондар жинағын оқырман қолына жеткізді.

Туған әдебиетіміздің классиктері Б.Майлин “Найза тілді Асқар” десе, М.Әуезов “Қырғи тілді ақын” деп бағалауы да әкеміздің сатира жанрындағы аса дарынды қуатының сипатын білдірсе керек. “Желіккен жеңгейлерге”, “Бөкей мен Дүкей”, “Бір мылжыңның баяндамасы” т.б. сатиралық өлеңдері әлі күнге арыла алмай келе жатқан кеселдерімізді дәл басып айтқандықтан да, ақынның сатиралық жырлары әлі найзалы, өткір болып тұр.

Әкеміздің 100 жылдық мерейтойы қарсаңында қаламгерді халықпен қай­та қауыштырып, “Дейді екендер дейді екен” жинағын құрастыру – игілікті іс. Ақынға, әдебиетке, өнерге деген құрмет деп түсінемін және мұрагер ретінде алғыс сезімімді білдіремін, құптағаннан өзге, қуанышымды сөзбен айтып жеткізе алмаудамын.

Сізге шығармашылық табыс тілеуші:

Аякөз Асқарқызы ТОҚМАҒАМБЕТОВА

Қызылордадағы педагогикалық колледжде ұстаз боп істейтін Аякөздің хатынан үзінді келтірдік. Жалпы, Асқар атамыздың кіндігінен үш ұл, үш қыз өрбіген. Өзінен бір жас кіші жары Құралай апай немере-шөберелерінің қызығын көріп, 96 жасында бұ дүниеден таяуда өтті. Тұңғыш ұлы Төребек Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқан. Одан кейінгі ғылым жолын қуған екі ұлы Еркін мен Ғанибек те беріректе қайтыс болды. Екі қызы Роза мен Ботакөз дәрігер, қазір екеуі де зейнетте. Жалпы, он екі немересі, жиырма шақты шөбересі бар.

– Дүниеде не тәтті?

– Ананың сүті.

– Дүниеде не жұмсақ?

– Ананың қолы.

– Ал енді не қатты?

– Атаның жүрегі.

Ел аузында осындай әңгіме бар. Қайдам? Асқар атаның жүрегі де жұм­сақ болу керек, қолжазба күйінде қалған ең соңғы өлеңін немересі мен шөберелеріне арнапты.

– Ассалаумағалейкум,

Немерем мен шөберем.

Сендерменен көркейіп,

Сендерменен көгерем.

Сендерменен өркендеп,

Сендерменен көбейем.

Сендер тірі тұрғанда

Мен қартайып неге өлем?

1983 жыл 20 тамыз.

Қап, әттегене-ай, – деп өкінем қазір. – Сол кезде Асекеңмен неге суретке түспедім екен? Құнт жоқ, ойда болмаған ғой. Бұл өкініш – жәй өкініш. “Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған” Асқар Тоқмағамбетов атындағы көше Алматыда неге жоқ? Міне, өкініш!

Қиясбай деген досы Абайдан:

– Екі жүз ешкінің мүйізі қанша болды? – деп сұрағанда:

– Төрт жүз! – деп жауап беріпті ақын.

– Ой, пәлі, сен де есеп білемін деп мақтанасың-ау, – депті Қиясбай, – сонша көп ешкінің ішінде тоқал ешкі, мүйізі сынған ешкі болмай ма екен?

Сол сияқты Асекеңнің сын-сықақтарын ешкінің мүйізіне теңесек, кітап құрастыру барысында тек “мүйізді” шығармаларын іріктеуге тырыстық.

Көп жасаған қария,

Ақылы – теңіз дария,

Көкірегінде көзі бар,

Көпке өнеге сөзі бар,

Сөзі – соқпақ, өзі – нар! – деп жүз жасаған Жидебай шешен толғағандай, қазақ әдебиетінің қара нарына айналып, сатира соқпағымен күлкі керуенін бастаған Асқар Тоқмағамбетовтің 160 жылдық мерей тойына шашу болсын деп осы естелікті оқырмандарға ұсынып отырмыз.

Көпен ӘМІРБЕК,

«Сөйле десең, сөйлейін» кітабынан.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *