ҚАЛЫҢ ҚАЗАҚТЫҢ ҚАБЫРҒАЛЫ ҚАЛАМГЕРІ

Мерей Әдебиет
1 720 Views

Кекілбайұлы Әбіш – (1939 жылы 6 желтоқсан — 2015 жылы 11 желтоқсан) Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы (бұрынғы Гурьев облысы), Оңды ауылының Мырзайыр деген жеріндетуған. Арғы атасы Жаңайұлы Қожаназар қазақтар көшін Маңғыстауға бастап келгентоптан. Белгілі білікті, беделді, дәулетті адам. Ата шаңырағын ұстап қалғанұрпағы Жаманқұл немересі Кекілбайды үйлендірген соң, 1924 жылы Оңдыда қайтысболған.

1928-1931 жылдары асыра сілтеу, тәркілеу кезінде Кекілбай ата мекеннен баз кешіп Түркменстанның Красноводск портында жүкші, Бекдаш химия кәсіпорнында біраз жыл жұмысшы болып істеп, елге 1937 жылы Баку мен Макачкала арқылы оралған соң Оңдыдағы колхозда колхозшы, Таушық кенішінде шахтер болды. 1942 жылы соғысқа алынып, майданда 3 рет жараланып, Сталинград маңында қайтыс болады.

Әбіш Кекілбайұлының анасы Айсәуле Жұмабайқызы дәулетті, ел ішінде аты шыққан бидің отбасында дүниеге келіп, тәрбиеленген. 1936 жылы әуелі Оңдыда колхозшы, Таушықта 1942-1945 жылдар аралығында стахановшы шахтер, 1945-1962 жылдары «Екпінді» колхозында жұмыс істеді. Әбіш Кекілбайұлы 1947 жылы Таушықтағы мектептің 1 сыныбына барып, 1948-1954 жылдары Оңды орталау, ал 1956-1957 жылдары Үштағандағы орта мектепте оқиды.

Әдебиетке құмарлығы мектеп қабырғасында басталады. 1957 жылы 5 мамыр «Лениншіл Жастың» белсенді ауылдық тілшісі ретінде Қазақстан Комсомолы Орталық Комитетінің мақтау қағазымен марапатталады.

1957 жылы Қазақ Мемлекеттік Университетінің филология факультетіне түседі. Университетте әдебиет бірлестігін басқарып, жас талаптар шоғырын жарыққа шығарады. Соңғы курста оқып жүріп, «Қазақ әдебиеті» газетінде қызмет атқарады. Мұнда ол сыншылық қабілетімен көзге түседі. «Қазақ әдебиетінен» кейін 1962-1965 жылдар аралығында «Лениншіл Жас» газетінде бөлім меңгерушісі болып істеді.

1965-1968 жылдары ҚазССР Мәдениет министрлігінде,

1968-1970 жылдары Кеңес армиясының қатарында,

1970-1975 жылдары «Қазақфильм» студиясында бас редактор,

1975-1984 жылдары Қазақстан КП ОК мәдениет бөлімінде нұсқаушы, сектор меңгерушісі,

1984-1986 жылдары ҚазССР Мәдениет министрінің орынбасары,

1986-1988 жылдары Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының 2-ші хатшысы,

1989-1990 жылдары ҚазССР тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау қоғамы Орталық кеңесінің төралқа төрағасы,

1990 жылы Қазақстан КП ОК бөлім меңгерушісі.

1991 жылы Қазақстан Республикасы Жоғары Кеңесінің Мәдениет, тіл және ұлтаралық қатынастарды дамыту жөніндегі комитеттің төрағасы,

1992-1993 жылдары «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы,

1993-1995 жылдары Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі.

1994-1995 Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің төрағасы,

1996-2002 жылдары Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы болып істеді.

2002 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының депутаты. Әбіш Кекілбайұлы Қазақстан Жоғарғы Кеңесіне екі рет, Мәжілісіне бір рет баламалы негізде депутат болып сайланады.Әбіш Кекілбайұлының алғашқы өлеңдер жинағы «Алтын шуақ» 1962 жылы, «Бір шөкім бұлт» 1965 жылы жарық көрді.

Ауыл өмірінен жазылған повесть, әңгімелер жинағы «Дала балладалары» — Әбіш Кекілбайұлының кең тынысты эпик, суреткерлік болашағын танытады. 1974 жылы «Дәуірмен бетпе-бет» сын мақалалар жинағы, «Бір уыс топырақ»,

1979 жылы «Тырау тырау тырналар», Маңғыстау түбегінің өткені, бүгіні, болашағы туралы «Ұйқыдағы арудың оянуы» тарихи танымдық баян, 1982 жылы «Шыңырау» повестер жинағы, 1992-1993 жылдары Таңдамалы екі томдық, 1995 жылы «Заманмен сұхбат» 1998 жылы «Азаттықтың ақ таңы», публицистикалық мақалалары, толғамдары, 1999 жылы 12 томдық шығармалар жинағы жарыққа шықты.

Әбіш Кекілбайұлының «Үркер» (1981), «Елең-алаң» (1984) романдары қазақ әдебиетінің үлкен табысы ретінде бағаланып, Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығын алды.

2001 жылы шыққан «Талайғы Тараз», 2002 жылы шыққан «Шандоз» тарихи тақырыпты ғылыми дәйекпен, дерекпен түсінікті ұғымды етіп жеткізудің жаңа бағыт-бағдарын белгілеп берді.

2009 жылы «Сыр десте» деп аталатын автордың көп жылдық ой-толғаулары, эссе, естелік, сөйлеген сөздерінің 5 томдық жинағы жарыққа шықты.

Әбіш Кекілбайұлының көптеген шығармалары ТМД халықтары мен шетел тілдеріне аударылған. Ол ҚазССР Мемлекеттік сыйлығының (1986), Қазақстан Республикасы Президентінің бейбітшілік және рухани келісім сыйлығының (1995), «Отан» орденімен (1999), Түркі елдері қауымдастығының шешімімен «Түркі дүниесіне сіңірген еңбегі үшін сыйлығын» алады. 2003 жылы «Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев» орденімен марапатталды.

САНҚЫРЛЫ СУРЕТКЕР

Халық жазушысы Әбіш Кекілбаев туралы пікірлер

Әбекең — әлемдік өркениеттің ортақ қазынасына олжа салған суреткер. Көркем ойдың, көркем әдебиеттің көсемсөзге жол берген тұсында ол ел-жұртына үлгі беретін үрдіске қол артып, уақыт мінберіне көтерілді. Ағынан жарылды, адалынан сөйледі. Әлі де қоғам мен қауымды толғандырған келелі мәсе­лелерде кең толғар пайым қажет болғанда, қаламына қай­раткер сөз ұштап, шынайы пікірі мен шырайлы бәтуа­сын жайып салады. Жұртының мүддесі үшін жазары таусылмаған жазушы болу да бір бақыт қой. Шіркін-ай, осындай қазақ көбірек болса екен деп тілеймін!

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

Әбіш — қыры мол ірі дарын. Ол сыншы, жазушы, публицист, тарихшы, саясаткер, мемлекет және қоғам қайраткері, сонымен қатар орыс, қазақ тілінде көсіле сөйлейтін өзгеше шешен адам. Бұлардың әрқайсысы жеке-жеке бір-бір азаматтың абыройын асырар қасиеттер ғой. Ал, бір Әбіштің бойында тоқайласуы арқылы оны жиырмасыншы ғасырдың екінші жартысындағы қазақ топырағындағы ірі тұлғаға айналдырды.

Марал ЫСҚАҚБАЕВ.

Намыс пен Нартәуекелді жалау етіп, жап-жас шағының өзінде-ақ адамзаттық ақыл-ой алыптарының арғы-бергі білім қорын түбіне жете түгел игеруі, оның үстіне, Құдай берген дарын-қабілеті арқасында ұстазы Әуезовтің ілтипат-ықыласын аударған Кекілбаев – суреткердің әп дегеннен-ақ өз шығармаларына ел тағдырын, жер тағдырын, халық бейнесін алтын арқау, асыл өзек-желі еткеніне, тіпті де, таңдануға болмас. Өз түйсінуімше, осы тұрғыда ол ұлттық әдебиеттегі сирек құбылыс қана емес, әлемдік деңгейдегі Толстой, Шекспир сынды титандармен үндес те рухтас деп ойлаймын.

Есенбай ДҮЙСЕНБАЙҰЛЫ.

Әбіш Кекілбаев… XX ғасырдағы қазақ қауымының, түркі әлемінің заңғар жазушысы, кешегі Мұхтар, Сәбит, Ғабит сияқты алдыңғы толқын ағаларымыздың мұрагерлерінің бірі, бұл күнгі қазақ әдебиетінің туын ұстаушылардың бірі, бірі болса бірегейі.

Манаш ҚОЗЫБАЕВ.

Кекілбаев дарыны мейлінше ғибратты дарын. Оның кеңістігінің өзінен ұғымтал көкірек пен жіті көз адуын өнердің мінезін көреді.

Асқар СҮЛЕЙМЕНОВ.

Тарихқа арналған шығармаларды жазудың тек композициялық құрылысы, сюжеттік мазмұны, тарихи реалийлердің көрінісі жағынан ғана емес, тілдік-стильдік сипаты жағынан да әр алуан болып келетіндігін және бұндай жоғары сатыға қазақ көркем әдебиетінің де жеткендігін Ә.Кекілбаевтың шығармашылығы анық көрсетеді.

Рабиға СЫЗДЫҚОВА.

ХХ ғасырдың екінші жартысынан басталған ұлттық әдебиеттегі жаңа дәуірді еске алсақ, «Әбіш шыңы» осылардың дәп ортасында, биікке самғап, қол жетпейтін өрде тұрғанын бүгін әрқайсысымыз-ақ мойындаймыз.

Серік ҚИРАБАЕВ.

Жазушының тiлiнде де, дiлiнде де мiн жоқ. Қашанда сергек, қашанда сезiмтал, бәйгенiң алдынан ғана келетiн тұлпарларға ұқсатам мен Әбiштi. Ал, аспанға қарасам оның жұлдызын оңай танимын. Оның жұлдызы сол Әуезов, сол Шолохов, сол Айтматов, сол Нұрпейiсов жұлдыздарымен қатар тұр. Ол да жарық жұлдыз, мәңгi жанатын жұлдыз.

Тұманбай МОЛДАҒАЛИЕВ.

Ә.Кекiлбаевтың көркемдiк палитрасының қуаты мен қасиетi де осында — ол ежелгi аңыз-әңгiмелердi бүгiнгi күннiң елегiнен өткiзiп, тарихи-философиялық тұрғыдан екшеп отырады, сол аңыз-әңгiмелерден күллi адам баласына ортақ адамшылық тамырларды тауып отырады. Өткен күндер шындығына бүгiнгi күннiң жарық сәулесiн түсiредi. Кекiлбаевтың суреткер ретiндегi ерекшелiгiнiң бiр парасын осы төңiректен iздеуiмiз керек.

Герольд БЕЛЬГЕР.

Қазіргі қазақ әдебиетінде ұлы суреткер Әбіш Кекілбаев біреу-ақ! Мұны оның қаламдас ағалары мен замандастары ерекше атап айтады. Шындығында да солай! Бүгінгі тәуелсіз қазақ әдебиетінде ұлы суреткер Әбіш Кекілбайұлы біреу-ақ! Мұны оның қаламдас інілері ерекше меншіктеп, ерекше теліп айтады. Ақиқатында осылай! Ежелден біртұтас қазақ әдебиетінің арғы-бергі немесе келешектегі тарихын алсақ та, ұлы суреткер Әбіш Кекілбайұлы бәрібір біреу-ақ! Мұны өздерінен бұрынғылардың бәрінен асып туған болашақтағы қаламдастары айтатын болады. Тарих тағылымы әрқашан осылайша ғой. Сонымен, ұлы суреткер Әбіш Кекілбайұлы біреу-ақ!

Сайлаубек ЖҰМАБЕК.

Маңғыстауда ежелден 362 әулие бар еді, 363-ші әулие Әбіш Кекілбаев шығар.

Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ.

Қазақ жазушысы Әбіш Кекілбаевтың «Мұнара немесе аңыздың ақыры» романындағы және өзге де прозалық шығармаларындағы алуан бейнелер болмысты өнер арқылы тікелей өзгертуге құлшынады. Жазушы Ә.Кекілбаев материалды дала өмірінен алады да, өз тәжірибесіне сүйене отырып, баллада түрінде өткір драмалық прозаға айналдырады

Зигрид КЛАЙНМИХЕЛЬ.

Маған Әбіш Кекілбаев бүгінгі күнімен емес, ертеңімен өмір сүретін секілденеді. «Халық ертең мен туралы не айтады» деп уайымдамайды, не айтатынына сенімді, сол үшін өмір сүреді. Жинаған байлығы — білімі, ол қайырлы істерге қызмет етері сөзсіз. Соған сенімді.

Мырзагелді КЕМЕЛ.

Ол — бір сырлы, сегіз қырлы талант. Ол талантты ақын, талантты сыншы, талантты прозаик. Бір кісіге осының біреуі де жетер еді. Оған табиғат үшеуін де берген. «Екі кеменің құйрығы» демекші, бұл жігіт үш кеменің құйрығын ұстап келеді.

Жұмекен НӘЖІМЕДЕНОВ.

АҚИҚАТТЫҢ МЕКЕНІ — ЖҮРЕК

ӘБІШ КЕКІЛБАЕВТЫҢ ҚАНАТТЫ СӨЗДЕРІ

* Жалпақ əлемді аузыңа қарату үшін − рухани ерлік керек, жалпақ əлемге қысылмай, қымтырылмай қарау үшін − рухани байлық керек.

* Адам нәсілін жер бетінде баяндатып тұрған бірден-бір күш — мейірім мен рақым ғана.

* Ақын үшін ең зымыран тұңғиық та — жүрек, ең шырқау биік те — жүрек.

* Ақын еңбегінің жалғыз өлшемі – оның адам жүрегіне қанша жақындай алғаны.

* Өнерде шəкірттік сезімін ұмытқан адам – ұстаз да бола алмайды.

* Кез келген нəрседен үркіп, бетін шымшитын дарақы күлкі ілгері басуға емес, кері кетуге қызмет етеді.

* Күлкі – шабуын білмесең, өз тірсегіңді өзің қиып түсіретін наркескен қылыш сияқты қатерлі қару.

* Үлкен ақын – ел-ананың сан жылдап сарғая күтіп жүріп табатын сағынышты перзенті.

* Адамдар əділ болса – өмір əрқашан əділ.

* Қандай заманда да өз бақыты жолында күресе білмейтін адамның өз өмірін мазмұнды, мағыналы ете алуы еш мүмкін емес.

* Мақтау мен масаттану — даусыз мойындаудың күнгей беті де, күндеу мен қызғаныш — көлеңке беті.

* Мен əдебиетте іскер адамды да, қарапайым адамды да емес, рухани күшті адамды көрсетуді жақтаймын.

* Арлы адам — ең күшті адам. Өйткені, ол өткінші бақыттың, өткінші қайғының ырқына мойын ұсынбайды. Сондықтан оның тағдыры қиын болуы, ауыр болуы мүмкін — өкінішті болуы мүмкін емес.

* Мен өз басым əдебиеттің негізгі міндеті — əшкерелеу де, дəріптеу де, ақыл айту да, алдарқату да емес, адамдарды, адамдық тіршілікті əуелі өзің жете түсініп, сосын оқушыңды жете түсіндіріп, оның өзін-өзі рухани шыңдай білуіне түрткі болу деп ұғамын.

* Менің, неге екені белгісіз, қоғам алдында адалдығы суреткерлік батылдығымен үйлесім таба алатын, оқушы алдында көзге түсуден гөрі көңілден шығуға тырысатын, қаламдастары алдында озып кеттім дейтін де, қалып кеттім дейтін де қаңқусыз, қақ-соқсыз, өзінің жұрт алдындағы қадірін білетін, бірақ соны айтуға қолы да тимейтін, аузы да босамайтын, арғымақпын деп адыраңдамайтын да, тұғырмын деп өз тұяғын өзі қажап тұғжыңдамайтын да орнықты қаламгерлерге ішім бұрады да тұрады.

* Есептессек — уақытты есептейік!

* Адам мен адамзаттың армандары ешқашан аласармайды.

* Ұрпақтың ұрпаққа қалдырар ең асыл мұрасы — өзі бастан кешкендерден түйген азды-көпті руxани тәжірибесі. Одан қол үзген қауым – келешегінен қол үзген қауым.

* Таланттың үлкендігі — күрделі болмысты күркетауық сойғандай жайратып, ұшалап, мүшелеп алақаныңа салып беретіндігінде емес, сол болмыстың күрделі екендігін одан сайын ұқтыра, одан сайын тамсандыра түсетіндігінде болса керек. Дүниеге деген жайдақ көзқарасыңды – парасаттандыра, жадау көңіліңді – жасандыра түсетіндігінде болса керек.

* Дүниедегі ең қатерлі кесапат — үйреншікті дағдының дегенінен аса алмау.

* Көлгірлік — шындықтың аяғындағы тұсау.

* Көңілдегі қорқасындай балқып, теңіздей толқып тұрған көп сауалдың басын дұрыс арнаға бастайтын — пәтуа.

* Әдебиеттің міндеті — сергелдең жүректі басу, бейқам жүректі ояту.

* Сенбегеннен қиянат көргеннен − сеніп тұрып қиянат көрген жаман.

* Адам аң да болып өмір сүре алады.

* Намыс — көздің де, көңілдің де томағасын алады.

* Жұрттың бәрі жабыла мақтап жатқанда мақтау − кез келгеннің қолынан келеді. Мықты болсаң − мақтамай көр! Жұрттың бәрі жабыла даттап жатқанда даттау да − кез келгеннің қолынан келеді. Мықты болсаң — даттамай көр!

* Шынайы суреткерлер бір тұстарда тым-тырыс қалса, оған таң қалмаған жөн. Tүсінген жөн…

* Заманға таң қалма − адамға таң қал.

* Бәріміз де − жұмыр басты пендеміз. Қай-қайсымыздың да көкірегімізге бір аяқ ас сияр. Оны жақсы білеміз. Кейде тіпті содан басқа ештеңе білмейміз бе деп қорқамын.

* Кешегілердің еңбегін елемесек, бүгінгіміздің көңіліне қарамасақ − ертеңгілерді қайдан қарық қыламыз?!

* Маңдай ашылу үшін тәуекелшіл талап керек.

* Тәуекелсіз қауым – тәуелсіз бола алмайды, алауыз қауым — азат бола алмайды.

* Өзіне сенбейтін кісі төңірегіндегілердің бойынан ешқандай жақсы сипат, жақсы қасиет көрмейді.

* Бейқамдық пен аңғалдық − аузы күйе қоймаған адамшылық.

* Өзіне сенетіндер бейқам келеді.

* Көңіл сабасына түспей − өмір сабасына түспейді.

* Тым ерекше тылсым жұмбақ тұлға: мына дүниеге таң қалуға емес, таңқалдыруға келгендей.

* Өмір құбылыстарына психологтың көзімен қарайтын адам ең алдымен сол құбылыстың барша озығы мен тозығын, кемелдігі мен келеңсіздігін көре білетін кейіпкерді табуы, тануы қажет.

* Жазушының, ақынның қоғамдық болмыстың тұңғиығына да, асқарына да бірдей ұмтылған өзгеше еңбегінің жалғыз-ақ өлшемі бар. Ол – оның адам жүрегіне қаншалықты жақындай алғаны.

* Өткенге әртүрлі қарауға болады. Өткенге өскенді дәлелдеп қарау бар да, өшкенді дәлелдеп қарау бар. «Тарихқа өткенде мынандай керемет едік» деп қарайтын көз ұлтшылдықтың сырқаты. Ал, енді өткеннің бәрін қу тақырға жорып, қуратып қоятын бір көзқарас тағы бар. Ол адамзаттың ежелгі тарихын айналасы бес-алты ұлттың еншісіне беріп, өзгені шөміштен қысатын шовинистердің жанына майдай жағады. Тарихқа деген шын көзқарасқа бұлардың екеуі де атымен жат.

* Тарих қанмен жазылып қанмен түзетіледі.

* Өмір бойы алысып-жұлысып жүріп пысықайлықпен табылатын өтірік даңқ араға жыл түспей жатып, көшкен жұрттағы күл төккен төмпектей жермен-жексен шөгіп, жұтап шыға келеді.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *