ЖІБЕК (ДЕРЕКТІ ПОВЕСТЬ)

Әдебиет
396 Views

(Жалғасы. Басы өткен сандарда).

Дастарханда суытылған ет, майсөк, мейіз қосылып майға бөктерген жент, сықпа құрт, екпіндеп қойылған сары самауыр, қою шай – бар салтанатымен жайнап тұрғанмен, ас көңілсіздеу ішілді.

Кеседегі шайын отағасына ұзатып жатып, Жібек:

– Елсіз қалған қу деме, ұқсап кетті молаға. Қашанғы қу моланы күзетіп отырмақпыз?! Жер қара, күн жылыда елге қосылсақ жарар еді. Қыздардан хабар жоқ. Келіп, алып кете ме деген қу үміт те сөнуге айналды. Бізді қойшы, мына аяғы шығып қалған балаға қиын болды. Жападан-жалғыз ары жүгіреді-бері жүгіреді, ұрынарға қара таппайды. Баланың балалық шағы да қатарластарымен шапқылап ойнамай өтіп барады.

Үнсіз тыңдаған Көмек басын көтергенде көзінде жасы іркіліп тұрды.

– Сендерді де қор қылдым-ау, аяқтарыңа тұсау болып. Кеудесінде жаны болса, келіп көшіріп алып кетер деген үмітім болушы еді. Ел көшкелі екі айдан асып барады, алдымыз болса қыс, ендігі менің өлігіме келмек пе олар, онда да келсе, – деп, ішінде тынған қайғысын лықсытып шығарды. – «Шыққан қыз – шиден тысқары» деуші еді, қыз – жатжұрттықты айтқан бабам.

Жібек жараның аузын тырнап алғандай болғанына өкінді. Кемшілігін жуып-шая бастады.

– Оларға кінә тағуға да қақымыз жоқ. Тірі жанға тіршілік бітуші ме еді?! Бірі бітсе, бірі басталып… Амандығы болсын, бір хабар болып қалар.

– Жібек, – деді отағасы, бір жаңа ой айтпаққа бекінгендей, – менің ұлым да, қызым да, арқа сүйер азаматым да өзің болып қалдың ғой. Алладан жатсам-тұрсам сенің амандық-саулығыңды тілеймін. Сенің амандығың – біздің амандығымыз.

Сарқырама көп болса бұл арадан жүз елу шақырымдай жер. Бір күн жүресің бе, екі күн жүресің бе, өзің барып қайтсаң қайтеді?! Ауылдан атарба табылатын шығар, көшудің қамын өзің жасамасаң болмас. Мен болсам – мынау, толғағы пісіп отырған анадаймын. Қисая кетсем, өзіңе ауыр тие ме деп ойлаймын. Көмусіз қаламын деп қорықпаймын, жүзімді жасыратыныңа сенімдімін, одан кейін не болады деп сендерді ойлаймын. Лақтай баламен не істей аларсыңдар, алда сендерді не күтіп тұр деп алаңдаймын.

– Ол да жөн шығар, отағасы. «Жүргенге жөргем ілінеді» деген. Уақыт онсыз да босқа жіберіп алдық. Күтуден жаман жоқ. Әдетте күткен адамың емес, күтпеген адамың келеді; күткен жақсылықтан күтпеген жамандық тез жетеді емес пе!

Ертең таң ала кеуімнен жолға шығайын, Бала Бөгеннің сағасындағы баяғы ескі қыстауға бір жетсем, аржағына ылдилатып отырып, ел қонағаға жетіп барармын. Қуанышжанды ала кетсем қайтеді? – деп Көмекке сұраулы кейіппен қарады.

– Қайтесің, аяғыңа тұсау болар. Оның үстіне жеті жасар бала ұзақ жолды көтере алмауы да мүмкін.

– Айтпақшы, бала қайда жүр? Бұл уақытта келіп қалушы еді ғой!

Тысқа беттеген Жібек айналасы көзіне күн салып шолып өтті. Көзге ештеңе ілінбеді. Жүрегі құрғыр атқақтап барады. Қырға шықты. Анадайда жердің нүктесіндей болып, бір нәрсе қараяды. Солай қарай жүгірді. Жүгірді емес-ау, құстай ұшты. Шөптері сарғайып кеткен аңызақта баласы бүк түсіп жатыр.

– Қуаныш, Қуанышжаным, қуатым-ау, не болды? – деп жеткен бойда баланы көтеріп алды, былқ-сылқ. Әйтеуір тынысы бар.

Бауырына басқан баласымен үйге жылап кірген Жібектің даусынан отағасының зәресі зәр түбіне кетті. Әншейінде қозғалысы баяу әке орнынан атып тұрып балаға ұмтылды. Төсекті белден ғып салған Жібек ба-ланың қол-аяғын жылы сумен жуып, аузына су тамы-зып әлек болды. Көзін ашпайды. Түн мазасыз. Біресе сықылықтап күледі, біресе өксіп-өксіп жылайды…

– Апа! – деді бір кезде құлындағы даусы шығып: – Арқар мүйіз ақ қошқар мені сүзді ғой, сүзді. Мен құлап қалдым. – Түні бойы сандырақтап шыққан бала таң алдында ғана көз іліндірді.

– Құдай-ай, Құдай! Бізге артпаған тағы қандай зауалың бар еді, а-а-а… – деп, дауыс салып жылаған Жібекті Көмек әзер тоқтатты.

– Жібек, Жібекжан, қайратыңа мін, босама, баланың аман қалуының жолын іздейік. Мені шөп дәрілеріңмен емдеп ең ғой, Қуанышжанға да берсеңші, бір шипасы болар.

Сенекке кіріп, шөп дәрі салынған бос қапшықты алып шықты.

– Құдайым-ау, таусылып қалыпты ғой. Сенің жазылуыңа ғана деп алған едім. Артығырақ алу ойымда болмаптын.

– Онда барып теріп келмейсің бе? Бір амалын жасау керек қой енді!

Бос қапшығын қолтығына қысып, Жібек үйден шығып кетті.

Өсімдік біткен күн жеп, жел үрлеп, жерге төгілген. Сары далада сары масаққа айналған. «Құдайым-ау, енді не істеймін?» Жүре түссе алдынан іздегені шығатындай, әрі қиялдың жетегінде талай жер жүріп қойыпты. Ел іші болса, емшілік қасиеті бар, тым болмаса «үп-сүп» десе де көңілге медеу ғой. Осындайда апамның қолы жеңіл еді. Сұқ тиген, ит тиген баланы демде жазып ала қоятын. «Ойда – көз жоқ, қиялда – тіл жоқ». Екеуі де мылқау. Екеуін тізгіндеп ұстайтын адам Жібек пе?! Жібегіңде дәрмен жоқ. Үрей бар, қорқыныш бар. Жар дегендегі жалғызын жоғалтып алу – еш уақытта кешірілмейтін кінә. Жібек өзін кешірмейді.

Мүмкін мал аяғы тимеген, тасалау жерде жапырақтары сарғайып, дәні төгіліп тұрса да, мейлі! Әйтеуір табылса екен…

Жібек ауылдан алыстап кеткенін, әлденеше шақырым артта қалғанын сезіп, жүрісін баяулатты. Көзіне көне сүрлеу оттай басылды. Бұл жол – Сарқырамадан аудан орталығы Шаянға алып баратын жол. Көз ұшында арба мен оны қоршалай келе жатқан жаяу жүргіншілер бері қарай митаң жүріспен қозғалуда. Дәу де болса, аудан орталығына жол тартқандар. Жүрегі лүпілдей түсіп, жол тосты.

Жуас торыға тіркелген арбада – жүруге жарамайтын жасы тоқсанға таяп қалған қарт ана мен жас балалар отыр. Ат жетектеп жаяулап келе жатқан жігіт ағасы жасындағы кісі мен қараторы келген кекселеу әйел және жаға үйленген екі жас. Арбадағы емшек жасындағы сәби солардыкі болуы керек. Барлай қарағанға төрт ұрпақ өкілдері. Түрлерінде қажығандық пен шаршау табы бар. Өйтпегенде ше, кем дегенде жүз шақырымды артқа тастаған болар.

Айналдырған үш ай ішінде адамдарға деген сағынышы ұлғайып, бір-екі ауыз тіл қатысуға зар болған Жібек тағат тауып, бір орында қадалып қалған қадамын әлгілерге қарай бастады.

– Жол болсын, көштерің көлікті болғай! – Ізетпен сәлемнің ырымын жасады.

– Бұнысы кім тағы, көтек! – деп, жалпақ қара әйел ыршып түсті. – Айдалада неғып жүрген пендесің?

– Мен Жібекпін ғой, Батырша болыстың қарындасы. Арба жүруін тоқтатты. Ат жетектеген жігіт ағасы оқшырая қарап, мұнда неғып жүргенін сұрады. – Дәрі шөп іздеп жүр едім. Балам қатты науқас.

– Сен әлгі Көмек бидің келіншегі емессің бе?

– Иә, иә, – деді Жібек, өзін танығанына қуанып.

– Әй, әлгі Ауған жаққа үдере көшкен Нұрымбеттің немересі Жібек деген сұлу сенсің бе? – деп, жалпақ бет қатын өз әліне қарамай сынай қарады. – Әлгі біздің Көмекті қалдырып кетуге қимай, көштен қалып кетті деп еді, сол сен екенсің ғой. Өлмелі шалды қимай…

– Иә, иә, – деп, Жібек те сұрауды бастырмалатып жіберді. – Әлгі біздің қыздардан хабар болмай жатыр, аман ба өздері?

– И-и-и, байғұс-ай, – деді әйел, – Зағипасы сарыауру болып төсек тартып жатып қалды ғой. Бір білгішсінген тәуіп «бит жесең, жазыласың» деген екен, не көп – ауылда бит көп, әлгі тәуіп он шақтысын бір-ақ ішкізіпті сумен. Жиіркеніп қалған ба, ертеңіне аузы-басын жара басып, ол жара денесіне шапшып, бұрынғы күніне зар боп қалды, байғұс. Таза жүріп, таза тұратын текті жердің қызы еді ғой… Білетіндер «адам болмайды» деп жатыр.

– Зәбира ше? – Мыналар кетіп қалса жағдайын білмей қалам-ау дегендей, асығыс сұрады.

– Ол бейшараның да күні қараң. «Байдың қызысың» деп, сол ауылдағы әлгі жарамаған милиса қайта-қайта соқтыға берген соң, күйеуі әлгіге қол көтергенде жаза басып, өлтіріп қойды. Оны абақтыға алып кеткен. Шиеттей бала-шағамен оған да қиын болды, – деп, басын шайқап қойды жалпақ бет қатын.

– Әй, қызым, – деді жігіт ағасы. – Көштің жайынан хабарың бар ма? Әй, қайдан болсын, менің естуімше, шығынсыз аман-есен Тәшкенге жетіпті. Сол жерде бір туыс жамағайыны табылып, қанатының астына алып отыр дейді. Жағдайлары жаман емес көрінеді. бірақ, ен Тәшкеннің қай жерін білуші ем, әйтеуір орталықтан қашығырақ бір ауылда деп естідім.

– Ойпырмай, жақсы хабар ғой. Сіздерді Құдай айдап маған әдейі жолықтырғаны ма?! – Жібек көз жасын қолының сыртымен сүртіп: – Төркінім жайында жақсы хабар жеткізгендерің үшін, – қолындағы қос күміс білезікті жалпақ бет қатынға ұсынды.

Білезіктерді асығыс қолына салып жатқанын көріп, манадан әңгімеге құлағын түріп отырған арбадағы кейуана:

– Әй, Жаңыл, тым болмаса балаң жазылып кетсін деп батаңды берсей! – деді.

– Иә, иә, – деп, сасқалақтаған Жаңылды кейуана тағы да бөліп жіберді.

– Қызым-ау, Көмек мырза аман ба? Аман болса, сәлем айт! Біз де бір кездері дүркіреген Жайлыбайдың әулеті едік. Сол дәулеттен арттырғанымыз осы болды. Қайтыс болған Қорабайымның сыйлас-сырласы, құрдасы болған, Шаяндағы Аппан Ишан жарықтық біздің мүшкіл халімізді есітіп, Шаянға шақырыпты. Соған жетіп алайық деген бетіміз бұл. «Адамның күні адаммен» деген, оның да болғанына шүкір! Біз барғанша оны да ұстап кетпесе, Сәбет деген қызылкөз тек байларды ғана емес, сауатты молдаларды да қуғындап жатыр деп естідік. Бізді қайбір жетісіп бара жатыр дейсің?! Өзіміз үшін Аппақ Ишанның тілеуін тілеудеміз. Оның өз аты – Аппақ Мақсұм, әкесінің аты – Сейдахмет. Сейдахметтің жеті ұлының үлкені – осы Аппақ Ишан!

(Жалғасы бар).

Ханбибі ЕСЕНҚАРАҚЫЗЫ,

ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *