ИПОТЕКА «ИІРІМДЕРІ»мен «ҚҰЙЫНДАРЫ»

Қоғам
904 Views

Екі мыңыншы жылдың басында елімізде, әсіресе оның Оңтүстігінде, біздің облыс пен оның орталығы Шымкент қаласында банктер, тағы басқа да мекемелер оңай жолменен, «тегін» деуге тұрарлықтай несие ақша береді екен. Тек жеке куәлігіңнің түпнұсқасын беріп жіберсең болды, «пәленбай» мың немесе миллион теңге несиені демде алады екенсің. Барлық істі банкте сенімді танысы бар адамдар немесе араделдалдар тындырады екен деген дақпырт ел құлағын елеңдеткен.

Олардың шағын және орта бизнесті дамыту мен халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесіне мемлекеттік қолдау көрсетіп, ипотекалық несие ақша беруге байланысты туындаған құбылыс екенін енді білеміз.

БАР БӘЛЕ БАНКТЕ СИЯҚТЫ

Тана көзін сүзбесе,

 Бұқа жібін үзбейді.

Мақал.

2004-2009 жылдары басталған жылжымайтын мүлікті сату-сатып алу, оларды кепілге салып банктерден ипотекалық несие ақшаны заңсыз алу, оны өсімімен кері қайтармау белең алған болатын. Соған байланысты дауласушы, соттасушы бірнеше азаматтардың арыз-шағымдарымен және олар бойынша жинақталған құжаттармен, тергеу органдары мен соттарда қабылданған процессуалдық шешімдермен, прокурорлық қадағалау құжаттарымен танысуға тура келді. Жылжымайтын мүліктерді кепілге қойып, ипотекалық несие ақша беру-алудағы алаяқтықтың, өтінішпен келген клиенттерге банк қызметкерлерінің «көзін сүзіп» қарауынан бастау алатыны және оны белгілі бір қызығушылығы бар адамдар тобының өзара келісіп жүзеге асыратындары аңғарылды.

Қазақстан Республикасының заңнамаларында қарастырылғандай, кепіл ұстаушы мекеме, кепілге салынған мүлікті құжаттары бойынша және оның іс жүзінде бар екенін, көлемін, жай-күйін және сақталу жағдайын тексеруге құқылы деген. Бірақ, біздің Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан) облысы мен Шымкент қаласындағы кейбір банктердің кезінде ондай тексеру жүргізудің орнына, кейде өзінің «сенімді клиентінің» аса ірі мөлшердегі ипотекалық несиені заңсыз алуына «қызығушылық» танытқандай. Әрине, ондайдың тегіннен тегін болмайтыны түсінікті ғой.

Елдегі жалпы қылмыстар түрі, саны мен «сапасының» артуы, әсіресе алаяқтық пен сыбайлас жемқорлықтың өршуі Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Бас прокуратурасын қатты алаңдатуда. Ондайлармен күрестің қиындап, қоғам үшін қауіпті құбылыс қана емес, кейбіреулердің «мойындарына құрық», қолдарына кісен салдырмайтын күшке айналғанынан болса керек, прокуратура органдары олармен күреске халықты шақырған хабарландыру тақталарын ғимараттарының жанына орнатып қойған. Бірақ, бұл …

СИАМ ЕГІЗДЕРІНДЕЙ

Қылмыскер мен парақор,

Бірі беріп, бірі алған,

Бір тәндегі екі қол.

                                Автор.

Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне түсіндірмеде:

Алаяқтық – жәбірленушінің меншік құқығын, оның сеніміне кіріп, оған қиянат жасап, алдау жолымен бөтен мүлікті немесе мүлікке құқықты алу, оны шын мәнінде пайдалануына, өз қалауынша иелік етуіне немесе үшінші тұлғаға беру мүмкіндігі туындаса – аяқталған қылмыс ретінде қаралады.

Себебі, алаяқтық арам пиғылда және пайда табуды көздеп, өзінің заңсыз жолмен алдап немесе сенімге қиянат жасап, бөтен мүлікті немесе мүлікке құқықты алатынын, онымен өзгеге зиян шектіруі мүмкіндігін немесе қайткенде де зиян шегетінін алдын ала біледі және оны қалайды», – деген.

Онымен көбінесе әйелдердің айналысатынын ескерсек «жалмауыз кемпір», азшылығын еркектер дейтін болсақ – «жезтырнақ» деуге болады.

 Олар: «… Аса мұқтаж едім, біраз ақша бере тұршы, кейін қайтарамын… Жер телімін немесе пәтерді тездетіп алып беремін… Жалғызбасты жесірмін. Қарашаңырағымда кәмелетке толмаған перзенттерім, қарт анам мен Ұлы Отан соғысының ардагері, мүгедек әкем бар… Менің Астанаға барып Жоғарғы Соттың немесе Ақ Орданың алдында өзімді өзім өртеуден басқа ештеңе қалмады…», – деген сияқты айла-шарғылар мен бопсалауды қолдануға дейін барады.

Алатын несие ақшалардың өсімінің пайызы мен кері қайтару мерзімімен ерікті түрде келісе тұра, оны алғаннан кейін бекітілген кестеге сай төлей алмағандықтан немесе саналы түрде төлемегендіктен, банк мүлікті дұрыс бағалатпаған, төлем мөлшері жоғары дегенді шығарғандар да болған, әлі де бар сияқты.

Олардың өсім пайызын төмендетуді немесе өсімінен жинақталған қарызды алып тастау туралы Үкімет алдына талаптар қоятын топтарға біріккендерінің әрекеттерінен де хабардармыз.

Сондықтан, несие берген банк пен оны алған борышкерді «сиам егіздеріндей» деуге болады.

Әулеттік алаяқтар ма?

П.Исабай деген азамат меншігіндегі жалған техқұжаттар жасатқан екі кепеханаларының бірі – «Самал-3» шағынауданы, №6966 кепеханасын өзі «ТемірБанк» (кейіннен «АльянсБанк», қазіргі «ForteBank», әрі қарай «Банк») АҚ ШФ кепілге қойып, 30.10.2006 жылғы келісіммен 3 865 000 теңге ипотекалық несиені заңсыз алған. Оны өтемей, сол мүлікті А.Момыновтың атынан 2007 жылы 1 маусымда қайтадан кепілге қойып, екінші рет 3 890 000 теңге несиені заңсыз алғаны байқалады. Мұны да кері қайтармай, оларды жасырып, 2007 жылғы 31 шілдеде «Кепілпұл келісімімен» Б.Шәріпбаевқа 6 238 000 теңгеге сатқан. Нәтижесінде сол кездегі нарықтың құны 2 282 207 теңгелік кепеханасын 13 993 000 теңгеге өткізген.

Содан кейін П.Исабай меншігіндегі, жеңгесі Мәмбетқұлова Гүлжаннан шартты түрде 15 000 000 теңгеге сатып алған, Шымкент қаласы, Абай ауданы, «Қатын-көпір» ш/а, №41 кепеханасын А.Момыновтың атынан сол Банкке кепілге қойып, 2007 жылғы 31 мамырдағы келісіммен 3 890 000 теңге несиені заңсыз алған. Мұны да өсімімен 2014 жылға дейін төлемеген.

П.Исабай мен А.Момыновтың бізге айтқандарынан, тергеуде және сотта көрсеткендерінен, аталған даулы мүліктердің иесі, олар үшін Банктен алынған несие ақшаларды өзара бөліп, жаратушы Гүлжан Бекетқызы Мәмбетқұлова екені көрінеді.

Оны П.Исабайдың өзіне қатысты қылмыстық іс қозғалған Шымкент қаласының әл-Фараби полиция бөліміне 2014 жылғы 4 ақпанда берген тілхатындағы: «… А.Момынов кассадан алған несие ақша 3 890 000 теңгені банк ауласында Гүлжан Мәмбетқұлованың қолына менің көзімше ұстатты» – дегені мен Абай аудандық сотына табыстаған 2015 жылғы 19 ақпандағы арызында: «… 2007 жылғы 31 мамырдағы келісіммен борышкер А.Момынов несие алмаған. Ол несие үшін мүліктің меншік иесі мен – П.Исабай толық жауап беремін…», –дегені растайды.

Қадиша Бекетқызы Мәмбетқұлова, Опабек Ибадуллаұлы Исабай өз туысқандарымен және көршілерімен келісіп, Шымкент қаласы, «Самал-2» шағынауданы, №5011 және «Самал-1» шағынауданы, №1907 мекенжайындағы бос жер телімдеріне, сонымен қатар «Самал-2» шағынауданы, №8011 жер теліміндегі П.Исабай тұрған кепеханаға жалған техқұжаттар жасатқан. Оларды Банкке 2007 жылғы 13 ақпандағы, 2007 жылғы 6 маусымдағы және 2007 жылғы 20 маусымдағы келісімдермен кепілге қойып, жиынтығында 42 450 025 теңге ипотекалық несиені заңсыз алған. Оларды өсімімен 2013 жылға дейін төлемеген…

ҚР Азаматтық кодексінің 722-бабына және Президентінің заң күші бар «Жылжымайтын мүлік ипотекасы туралы» Жарлығына сілтеме жасап, Банк П.Исабай, А.Момынов пен тағы басқаларға алған несиелерін өсімімен құралған 20 млн. теңгеге жуық қарыздарын төлеуді міндеттеген мәлімдеулер жіберіп тұрған. Олай етпеген жағдайда қарызды өндіру үшін кепілде тұрған мүліктерді ағылшын әдісімен орнында тұрған жерінде соттан тыс сататын жылы, айы, күні және сағатына дейін көрсеткен. Соған қарағанда, Банк олардың кепілге өткізілген жалған техқұжаттарындағы габариттік өлшемдері мен физика-техникалық көрсеткіштеріне сәйкес еместіктерін 2007-2008 жылдары білген. Бірақ, орын алған алаяқтық туралы тергеу, прокуратура және сот органдарына сол кезде арызданбаған, яғни олармен сыбайлас ретінде жасырған болса керек.

Бұл жағдай бізге П.Исабаймен қаржылық-мүліктік тұрғысынан дауласып жүрген 2008-2011 жылдары оның өзінен, А.Момыновтан, тағы басқа дереккөздерден белгілі болып, әшкерленіп қалды.

Содан кейін ғана, орын алуы мүмкін жауапкершіліктен құтылу мақсатында Банк 2011 жылдан бастап ипотекалық несиелерді заңсыз алды және төлемеді деп П.Исабайды, А.Момыновты, бірнеше сыбайластарына жетекшілік еткен Қадиша Мәмбетқұлованы қылмыстық жауапкершілікке тартып, қарыздарын өндіріп әперу туралы құзіретті органдарға арыздар түсіре бастаған.

Б.Шәріпбаев өз кезегінде 2007 жылғы 31 шілдедегі «Кепілпұл келісімімен» қолма-қол берген және банкке төлеген ақшаларын П.Исабайдан өндіріп алып беру, тағы басқа мәселелер туралы Шымкент қаласының Абай аудандық сотына, ОҚО ІІД, Прокуратурасына және басқа құзіретті органдарға арызданған.

Соларға байланысты П.Исабайға қатысты:

— 2006 жылғы 30 қазандағы келісіммен алған несиелік қарызын Банкке төлемегені үшін қылмыстық іс қозғалып, әл-Фараби аудандық сотының 2012 жылғы 6 маусымдағы үкімімен ҚР ҚК 177 бабы, 3-бөлігінің «б» тармағымен айыпты деп танылып, шартты түрде үш жыл сынақ мерзіміне сотталған;

— Абай аудандық сотының 2012 жылғы 26 қыркүйектегі шешімімен, талапкер Б.Шәріпбаевқа жиынтығындағы берешегі 3 042 767 теңгені төлеу міндеттелген. Соның негізінде осы ауданның сот орындаушыларының 2013 жылғы 3 қаңтардағы қаулысымен атқарушылық іс өндірісі қозғалған;

— Банкте кепілде және тыйымда тұрған «Самал-3» шағынауданы, №6966 кепеханасын алаяқтықпен 2007 жылғы 31 шілдедегі «Кепілпұл келісімімен» Б.Шәріпбаевқа 6 238 000 теңгеге сатқаны үшін ОҚО ІІД ТБ-нің 2013 жылғы 8 қарашадағы қаулысымен ҚР ҚК 177-бабы, 3-бөлігінің «б» тармағымен №13510003100875 қылмыстық іс қозғалған;

— заңды күшіне енген сот шешімімен міндеттелген берешегі 3 042 767 теңгені Б.Шәріпбаевқа төлеуден жалтарғаны үшін Шымкент қаласы, Абай ПБ-нің 2015 жылғы 19 тамыздағы қаулысымен ҚК 430-бабының 1-бөлігімен №155111011000064 қылмыстық іс қозғалған.

2007 жылғы 31 мамырдағы келісімдермен заңсыз алған 3.890.000 теңгені төлемегені үшін А.Момыновқа қатысты ОҚО ІІД 04.02.2013 ж. және 2013 жылғы 18 сәуірдегі қаулыларымен, ҚР ҚК 325-бабының 2-бөлігімен №13510003100461 және 177-бабы, 3-бөлігінің «б» тармағымен №13510003100141 қылмыстық істер қозғалған. Бұл іс 2013 жылғы 18 маусымда ҚР ҚІЖК 50-бабы, 1-бөлігінің 1-тармағының негізінде тоқтатылған (!). Банк оған ешқайда шағымданбаған (?).

Қадиша Бекетқызы Мәмбетқұлова Шымкент қаласы, әл-Фараби ПБ-нің айып-тау қорытындысымен ҚР ҚК 177-бабы, 3-бөлігінің «б» тармағымен қозғалған №155112031000271 қылмыстық іс бойын-ша, осы аудандық сотымен 2013 жылғы 26 желтоқсандағы төрт жыл бас бостандығынан айырумен сотталып, күзетпен ұстау бұлтартпау шарасы қолданылған.

Бұл іс бойынша айыптау қорытындысының неге екі жылдан кейін – 2015 жылдың 19 ақпан күні шығарылғаны және сот үкімінің толық көлемде жүзеге қашан асырылғаны бізге белгісіз. Құқық қорғау органдарына болмаса, біз үшін ол аса маңызды емес.

Қадишаның ондай тәуекелге туысқандары мен көршілерінің алдындағы парызын орындаумен қоса, әпкесі Гүлжанның «таза сақталып», тыста қалған «тірліктерді» тындырып, туындауы мүмкін «кедергілерді сындырып», ортақ табыстарын тасытып, әулетін асқақтата беруі үшін барған сияқты.

Онға жуық адамнан тұратын бұл топтың, Банктің миллиондаған ипотекалық несие теңгелерін қалай оңай айналдырып алып, оның «иірімінің» түбіне «қара дөңкедей» батқандарынан гөрі, қайтадан «қызыл өкпедей қалқып» шыққандары тез болды.

Бұл әулеттің жұлдыздары оңдарынан туғаны ма, жоқ әлде жалпы нарықтық құны 6 млн-ға жуық мүліктерін оңай пұлдап алған, жиынтығындағы 60 333 025 теңгенің «буы» ма, ол жағы бізге белгісіз. Әйтеуір аяқтарын нық басып алшаңдап, «кеуделеріне нан пісіп» талтаңдауда. Олардың қатарындағы П.Исабай жоғарыда келтірілген атқарушылық іс құжаттары мен қылмыстық істерді жүргізген бақылаушы, тергеуші, қадағалаушы және сот органдарының қызметкерлерін «құйындай» үйіріп алып, «көкке көтерді» ме? Жоқ, әлде «тегін теңгелерін» ойын-сауыққа оңды-солды судай шашты ма? Ол жағы бізге белгісіз. Әйтеуір тергеу мен сотта «сынаптай сусып ұстатпауда».

ӘДІЛЕТ ПЕН ҚАСІРЕТТІҢ АРАСЫ

Абай ауданының сот орындаушылары сол кездегі алаяқ – борышкер П.Исабайдың меншігіндегі, тыйымдарда және Банкте кепілде тұрған үйлерін өз жауапкершілігімен, кезекті өндіруші Б.Шәріпбаевты хабардар етпей әрі қатыстырмай сатқызып жіберді. Олардан түскен ақша қаражаты есебінен Банкке қарыздарын толық көлемде жапқаннан артық 8 050 000 теңге таза табысы бола тұра, сот шешімімен анықталған берешегі 3 042 767 теңгені Банктен кейінгі жалғыз өндіруші Б.Шәріпбаевқа алып бермеді.

Шымкент қаласы Абай аудандық сот орындаушылары, аға сот орындаушылары мен ОҚО Әділет департаментінің басшылығы, жоғарыда келтіргендей заң бұзушылықтарға жол беріп, П.Исабай сатқан үйлерді Банк өз күшімен, соттан тыс, қарызын жабу мақсатында сауда-саттыққа шығарған және сатқан деген жалған жауаптарды 22.11.2013 жылғы 22 қарашадан бастап берді, әлі де соны қорғауда. Ал, ол мүліктерді шын мәнінде П.Исабайдың өз бастамасымен және жауапкершілігімен сатқанын Әділет департаменті, тергеу, сот және басқа құзыретті органдар біле тұра, білмеген сыңай танытуда.

Соған байланысты сот орындаушыларға, аға сот орындаушысына, басқарма басшысына тәртіптік шаралар қолданғанына қарамай; «… Заңмен көзделген барлық шаралардың жүзеге асырылғанымен, борышкердің өндіретін мүлкі, ақша қаражаты анықталмады…», – деп атқару құжаттарын орындаусыз 2015 жылғы 5 тамызда Б.Шәріпбаевқа кері қайтарды. Біз бұл қаулы негізсіз және бұзылуға жатады деп есептейміз.

БАНКТІҢ БЫЛЫҚПАЙЫ

Банк А.Момыновтың 2007 жылғы 31 мамырдағы келісімдермен алған несиелерін 2014 жылғы 28 шілдеде «Қатынкөпір» шағынауданы, № 41 кепеханасын «адрестік тәртіппен өтісті еткеннен» түскен қаржы есебінен 2014 жылғы 14 тамызда толығымен жапқанын; Банк алдында қарызының жоқ екені туралы ОҚО ІІД-нің басшысы А.Оспановтың және әл-Фараби ПБ-нің тергеушісі Н.Қансейітовтың атына хаттар жазғанын жасырып, оны Айнұр Қожановаға сатуға дайындаудамыз деген. Сөйтіп, сот орындаушы Х.Байжановтың 2013 жылғы 31 шілдедегі №5172 қаулысымен Б.Шәріпбаевтың пайдасына қойылған тыйымнан босатуды сұранып, Абай аудандық сотына жалғандыққа негізделген талап арыз түсірген.

Сондықтан, істі қараған судья Е.Отарбаевтың оны қанағаттандырған 2015 жылғы 26 ақпандағы шешімінің күші жойылып, Банктің алаяқтық сипатындағы заң бұзушылық жасағаны тексеріліп, анықталып, тиісті жауапкершілікке тартылуы тиіс деп есептейміз

Дәл сол сияқты банктің 04.02.2013-29.03.2015 жыл аралығында А.Момыновты қылмыстық жауапкершілікке тарту және 2007 жылғы 31 мамырда келісімдермен алған несие қарыздарын өндіру туралы арыздары, оларға байланысты қабылданған ОҚО ІІД-нің 2015 жылғы 30-31 наурыздағы істі тоқтату туралы қаулылар да қайтадан қаралуға жатады деп есептейміз.

ҰЛТТЫҚ БЮРО БҰҚПАНТАЙЛАУДА

ҚР Мемлекеттік қызмет істері министрлігі СЖҚІҚ ҰБ-ның ОҚО бойынша департаменті (Қаржы полициясы) П.Исабайға қатысты Банктің арызына байланысты 2011 жылғы 29 шілдедегі тіркелген №11510005200753 санды қылмыстық істі 2011 жылғы 2 қыркүйекте қысқартқан. Оны біздің 2011 жылғы 20 қазандағы және 2012 жылғы 24 қаңтардағы арыздарымыздан кейін 2012 жылғы 9 ақпанда «шұғыл түрде», басқа №1251120500008 санмен қозғаған. Әрине, мұндайдың тегіннен тегін болмайтыны белгілі. Банктің 2011 жылғы 21 және 29 шілдедегі арыздарына байланысты қабылданған Шымкент қаласы, әл-Фараби аудандық сотының 2012 жылғы 6 маусымдағы үкімі мен П.Исабайдың сотталғанын жоғарыда келтіргенбіз. Ол үкімнің біздің 2013 жылғы 12 қазандағы кіріс № жб-к-3263 арызымызға байланысты ОҚО ІІД П.Исабайға қатысты 2013 жылғы 8 қарашада қозғалған №13510003100875 қылмыстық іске ешқандай қатысы жоқ. Сондықтан, оның бұл істің тоқтатылуына және сыбайлас жемқорлық бойынша қылмыстық іс қозғаудан бас тартуға негіз бола алмау керек еді. Бірақ ұлттық бюро «басқаша» шешті.

ТЕРГЕУ ТАЙҒАҚТАУДА

Біздің табыстаған және жолдаған барлық арыз-шағымдарымызда көрсетіліп, алдыр-туды сұранған және аудандық прокуратуралар бірнеше нұсқаулар бергеніне, сонымен қатар Абай аудандық сотының қаулысы болғанына қарамай, Шымкент қаласының Абай және әл-Фараби ПБ:

– П.Исабай мен А.Момыновтың «Самал-3» шағынауданы №6966 және «Қатын-көпір» шағынауданы, №41 кепеханаларды 2006 жылы 30 қазан, 2007 жылы 31 мамыр және 2007 жылы 1 маусымдағы келісімдермен кепілге қойып, ипотекалық несиелер алғандарына;

– бұл мүліктерді 2014 жылғы 3 наурыздағы және 2014 жылғы 28 шілдедегі «адрестік тәртіппен» П.Исабай мен Банктің қайсысының және қанша теңгеге өтісті еткендеріне, олардың есебінен қарыздарын толық көлемде жапқандарына;

– П.Исабайдың 2014 жылғы 11 сәуірдегі №1881 және 2015 жылғы 12 маусымдағы №8443 «Сату-сатып алу» келісімдерінен түскен ақша қаражаттарын қандай мақсаттарға жұмсағанына қатысты досьелермен «Келісім шарттарының» түпнұсқаларын П.Исабайдан және Банктен сұратып алдырмады. «Қазпошта» АҚ ШФ-нан сұратып алдырылған №01-18/2581 2016 жылғы 28 қазандағы анықтамалар зерттелмеді. Сондықтан жоғарыда келтірілген мән-жайлар сілтеме жасалған құжаттарды сұратып алдырумен бірге тексеріліп, тиісті шешімдер қабылдануы тиіс деп есептейміз.

ҚАДАҒАЛАУ ҚАУҚАРСЫЗДАУ

Шымкент қаласының Абай және әл-Фараби аудандық прокуратуралары,

жоғарыда аталған қылмыстық істер бойынша берген нұсқауларының орындалуларын қадағаламады және қамтамасыз етпеді.

Біз сұратқан досьелерді Банктен сұратып алуға негіздер жоқ, оларды Абай ПБ-і сұратып алып қойған, – деген «кереғар» жауап беріп, сот шешімінің орындалуын, қылмыстың дер кезінде ашылуын кешеуілдетуде.

Атқарушылық құжаттары мен сот актілерінде орын алған заң бұзушылықтар жойылмады және қалпына келтірілмеді.

СОТ ҚАТЕЛЕСТІ МЕ? ӘЛДЕ…

Шымкент қаласы Абай аудандық сотының судьясы С.Т.Айнабеков, біздің заңды күшіне енген сот шешімін орындау тәртібі мен тәсілін өзгерту және борышкер П.Исабайдың барлық жылжымайтын-жылжитын мүліктеріне Б.Шәріпбаевқа берешегі 3 042767 теңге мөлшерінде тыйым салу туралы арызымызды толығымен 2013 жылғы 28 қазандағы ұйғарымымен қанағаттандырған болатын. Солай бола тұра, дәл сол 2013 жылғы 28 қазанда Б.Шәріпбаевтың арызын қанағаттандыруға ешқандай негіздер жоқ деген екінші ұйғарымды бізден жасырын жағдайда қабылдаған екен. Біз оны екі жылдан кейін білдік. Бұл сот тарихында болмаған әрі сыбайлас жемқорлық сипатындағы заң бұзушылық деп танылатын, сонымен қатар тиісті тәртіптік жауапкершілікке тартылатын іс емес пе?

Біз оған шағымданған 2015 жылғы 6 сәуірден кейін, судья С.Айнабеков тағы да ҚР АПК-нің талабын өрескел бұзып, бізге хабарламай, жасырын түрде 2013 жылғы 28 қазандағы «бірінші» ұйғарымына өзгерістер енгізу жөнінде 2015 жылы 8 сәуірде ұйғарым қабылдаған екен.

Оған шағымымызды сол кездегі аудандық соттың, кейінен ОҚО сотының алқа сотының төрағасы болған Т.Бекимбетов: «Судья С.Т.Айнабековтың іс-әрекетінде өрескел заң бұзушылық анықталмады», – деген жауап берген.

Онымен келіспеген шағымымызды сол кездегі ОҚО сотының төрағасы, кейіннен ҚР Жоғарғы Сотының аппараты қызметіне ауысқан, қазір Қарағанды облыстық сотының төрағалығына тағайындалған Н.Шәріпов: «…Судья С.Айнабеков қателескен. Ол 2015 жылы 8 сәуірде ұйғарым қабылдап, 2013 жылы 28 қазандағы «бірінші» ұйғарымындағы қате жазулар мен арифметикалық қателерді түзеткен, – дегенді көрсеткен.

Сонда соттар шынымен заң мен ақиқаттың ақ жолынан адасқан ба? Жоқ, әлде Банк және П.Исабаймен «шатасқан» ба? – деген сұрақ туындайды.

Біздің олармен келіспеген алғашқы арыздарымызды Жоғарғы Сот ОҚО сотының қарауына жолдап, өзі заң бұзушылыққа жол берген.

Соңғы шағымдарымызға заңды күшіне енген сот актілерін, мүдделі тараптың өтініш хатына байланысты немесе ҚР Бас прокуратурасының наразылығы бойынша Жоғарғы Сот төрағасының ұсынысы бойынша қаралуы мүмкін, – дегенді көрсеткен (2018 жылғы 19 қыркүйек №6001-18-3-1-5/1704).

Соттардың жоғарыдағыдай құқық бұзушылықтары жағдайында, заңды күшіне енген сот актілерінің қайтадан қаралуына өтінішхат жазу мерзімі – 6 айдың өтіп кеткеніне кім кінәлі? Оны қайсы сот және қалай қалпына келтіреді? Судья С.Т.Айнабеков сот қызметін атқара береді ма? Жоқ, тиісті тәртіптік шара қолданылады ма? – деген сұрақтар туындайды және жауабын күтеді.

Аманқұл КҮМІСБЕКҰЛЫ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *