СІРГЕЛІ ЖАБАЙ БАТЫРДЫҢ ТҰЛҒАЛЫҚ ҚАСИЕТТЕРІ

Тұлға
1 971 Views

Әр заманда еліне қорған болған тұлғалар тарихымызда жүздеп, мыңдап саналады. Біз оларды соңғы 30 жыл көлемінде ғана танып-біліп, халық жадында мәңгі есте қалдыру үшін қажетті шараларды атқарып отырмыз. Сондай тарихи тұлғалардың біріне біздің мақаламыздың кейіпкері болып отырған сіргелі тайпасының тумасы – Жабай батыр жатады. Тарихи тұлғаға айналған Жабайдың бойындағы асыл қасиеттері мен атқарған қызметіне қарап ел ішінде оны – Жабай батыр, Жабай баба, Жабай ата, Жабай әулие, Жабай датқа, Жабай тоқсаба деп атайды. Ал оның туып-өсіп, өмірін өткізген өңірде «Жабай белгісі», «Жабай әулие» деп аталатын және тағы басқа жер-су атаулары жетіп артылады.

Жабай батырдың өмір сүрген уақыты 1728-1810 жылдар аралығы. «Тұлғаны танып-білу үшін оның өмір сүрген заманына үңіле қарау керек» деген тарих ғылымындағы аса маңызды қағиданы ұстана отырып, біз де Жабай батыр өмір сүрген жылдардағы қазақ тарихына, қазақ қоғамына үңіліп көрелік. Сөйтіп, заманы арқылы адамды, тарихы арқылы тұлғаны танып-білуге әрекет жасайық. Алдыменен тұлғаның батырлық қасиетіне көңіл аударсақ.

Хандық дәуір деп аталатын XV ғасырдың ортасы мен XIX ғасырдың 20 жылдарының ортасы аралығы өз ішінде бір орталықтан басқарылатын тұтастық кезең және бытыраңқылық кезең болып шартты түрде екіге бөлінеді. Тәуке хан қайтыс болғанға дейінгі уақыт, яғни 1715 жылға дейінгі тарихи уақыт бірінші кезеңге жатса, Тәуке хан қайтыс болғаннан кейінгі тарихи уақыт екінші кезеңнің үлесіне тиеді. Көріп отырғанымыздай, Жабай батырдың өмір сүрген жылдары Қазақ хандығы дәуірінің бытыраңқылық кезеңіне сай келеді.

Жабай батырдың дүниеге келген уақыты, яғни 1728 жылдар шамасы Қазақ тарихында қазақ-жоңғар қатынастарының ең бір шиеленісті кезі болатын. 1723-1725 жылдардағы «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» уақытындағы ауыр қасіреттен ел есін әлі жиып болмаған еді. 1726 жылғы «Қалмақ қырылған» шайқасындағы жеңістен соң ел ішінде бірігу идеясы белең алып, соның нәтижесінде үш жүздің билеуші және әскери басшыларының Ордабасы тауында өткен үлкен бірігу жиынына алып келгені белгілі. Ал, одан кейін көп ұзамай 1729-1730 жылы атақты Аңырақай шайқасының қазақ-жоңғар қатынасында бетбұрыс әкелгені белгілі. Міне, дәл осындай жан алысып, жан берісіп жатқан тұста Жабай батыр дүние есігін ашқан екен. Ел арасында кең тараған тарихи аңыз-әңгімелердің материалдары бойынша Жабай батыр Сіргелі тайпасының Батыр руынан таралады. Батыр – өз заманында Есім ханның белгілі батырларының бірі болған Алыбай батырдың лақап аты. Ұрыстардағы ерліктері үшін бұл атақты Есім хан Алыбай батырға беріпті. Содан кейін жұрттың бәрі Алыбайды Батыр атап кетеді. Ал Алыбай батырдың інісі Толыбайды атқа жайдақ мініп шапқаны үшін Жайдақ деп атайды. Сол заманнан бері Сіргелі ішінде Батыр мен Жайдақ тармақтары қатар аталып келеді. Жабай батырдың әкесі Қазыбек әрі шешен, әрі балуан болған екен[2,6-38].

«Жігіттің жақсысы нағашысынан» дегендей, Жабай батырға батырлық қасиет ата жолымен келсе, әулиелік қасиет ана сүтімен келеді. Ойын баласы кезінде-ақ оның бойындағы ерекше қасиеттер байқала бастайды. Бұл жөнінде жазушы Нағашыбек Қапалбекұлының «Ақ тулы Сіргелі Жабай батыр» атты 2019 жылы жарық көрген ғылыми-танымдық зерттеулер жинағында айтылады [2,16-17].

Жабайдың әлі жас кезінде, яғни 1730 жылдардың соңы мен 1740 жылдардың басында қазақ пен жоңғар арасындағы шайқастар әлі толастамай тұрған болатын. Осы жылдардағы жоңғарлардың Қазақ еліне жасаған жойқын жорықтарын кейде екінші «ақтабан шұбырынды» деп те атап жатады. Болашақ батыр бұл соғыстарға тікелей қатыспаса да ел басындағы ауыртпашылықты жүрегімен қабылдап, терең сезінеді.

1745 жылы Жоңғар хонтайшысы Қалдан Серен қайтыс болғаннан кейін олардың өз ішінде билік мәселесіне қатысты хонтайшы әулеті арасында алауыздық оты тұтанып өршиді де одан кейінгі жылдары ол от одан әрі асқына түседі. Соның нәтижесінде ұзақ жылдар бойы қазақ еліне жоңғарлар тарапынан төніп келген қауіп-қатерлер азаяды. Осы жылдары Орта жүз сұлтаны Абылайдың атағы жер жара бастаған еді. Тіпті, ол Жоңғариядағы саяси алауыздықтарға қатысушы топ өкілдері – Даваци мен Әмірсанаға бірде ашық, бірде жасырын қолдау көрсетіп отырды. Жоңғариядағы саяси дағдарысты шебер пайдалана білген Цин империясы 1755-1756 жылдары қалың әскермен басып кіріп, Жоңғар мемлекетін біржолата күйретеді. Әмірсана бастаған азаттық күресі жеңіліс тауып, қарапайым халық ауыр қырғынға ұшыратылады.

Жоңғарияны талқандаған Цин патшалығы оның бұрынғы иелігіндегі жердің бәріне өзінің құқығы бар екенін білдіріп, 1756 жылдың жаз айларында өз әскеріне Қазақ жеріне аяқ басуға бұйрық береді. Бұл кезде Абылай ханның басшылығымен қазақтар Ұлы жүз аумағын жоңғарлардан азат ете бастаған болатын. Ел арасындағы ауыз әдебиетінің деректеріне қарасақ, Жабай да осы азат ету шайқастарына қатысып, көзге түсе бастайды. Бір аңыз-әңгімелер бойынша қазақ жерлерін жоңғарлардан азат ету күресі Ташкент түбінен басталған делінеді. Бір — екі жыл ішінде Абылайдың жеңісті жорықтары нәтижесінде жоңғарлар қазақ жерінен қуылады. Осы жорықтар барысында Жабай батыр атанып, өз руының жасағына басшылық жасайды.

Осылайша Абылай хан бастаған қазақ әскері Шығыс Қазақстан аумағында жоңғарларды қырған Цин империясының әскерімен түйіседі.

Сөйтіп, Абылай хан және Кіші жүздің Ералы сұлтан бастаған он мыңнан асатын қазақ әскерлері Шығыс Қазақстан аумағында бірнеше рет мықты қаруланған қытай әскерлерімен ашық шайқасқа шығып, тегеурінді қарсылықтар көрсетеді. Қытай әскерлері сан жағынан бірнеше есе көп болса да елдің ішкі жағына тереңдеп ене алмайды. Ақыры, олар алда қыстың келе жатқанын ескере отырып, кейін қайтуға мәжбүр болады.

Осы жылдары Жабай батырдың жасы отыздарға келіп қалған болатын. Жазушы Н.Қапалбекұлы құрастырған жинақта Жабай батырдың осы қазақ-қытай ұрысына қатысып, ерлік жасағаны жөнінде айтылады. Автор Тәтіқара жыраудың (1705-1780 жылдары) толғауындағы осы шайқастан мынадай үзінділерді келтіреді:

« Жуан қарны іркілдеп

Қытай қашып келеді.

Әзірейілдей зіркілдеп

Жабай қуып береді.

О заманда бұ заман,

Мұндай қызық кім көрген?

Мінген аты астында

Сан бәйгеден жүлде алған.

Шабысы соққан желмен тең

Аты шулы Кертөбел,

Қалды кейін жете алмай

Жуан құрсақ, май басқан,

Сыпай кетті құтылып

Қашқан кезде, жігіттер,

Бұл шүршіттен кім асқан!» [3, 452 — бет].

Осы шайқаста Жабай батыр өз ерлігімен ғана емес, басшылық жасаған тайпаның да жасақтары жақсы жақтарымен ханның көзіне түседі. Одан әрі ауыз әдебиетінің материалдарында Жабай батырдың Ұлы жүз жасақтарына басшылық жасаған төрт сарбаздың бірі болғаны, Абылай ханның оған ақ туды тапсырғаны туралы айтылады. Сол кезден бері Жабай батыр – Ақ тулы Сіргелі Жабай батыр деп атала бастаған екен. Абылай хан тапсырған Ақ ту батырдың тікелей ұрпақтарында XX ғасырдың 30 жылдарына дейін сақталыпты. Абылай ханның Жабай батырға Ақ туды тапсыруының екінші бір нұсқасы бар. Ол нұсқа бойынша Абылай хан Жабай батырға туды Ташкентте тапсырыпты. Мүмкін үшінші, төртінші нұсқалар да бар шығар. Дегенмен де бір нәрсе шындық, ол – Ақ туды Жабай батырға Абылай ханның өз қолымен тапсырғаны. Жабай батырдың жауынгерлік жолы мен ат үстіндегі жорық жолы және қолбасшылық қасиеті қазақ-қытай шайқасынан кейін де жалғасын табады.

1760 жылдардан бастап Ұлы жүз жерінде қазақ-қырғыз қатынасы шиеленісіп кетеді. Нақты жазба дерек мәліметтері болмағандықтан, біз ол туралы тағы да ауыз әдебиетінің материалдарына жүгінеміз. Ұзақ уақыт бойы жоңғарлардың қоластына қарап, еркіндікке жаңа ғана қол жеткізген ұлы жүздік тайпаларға қырғыздар әлсін-әлсін тонаушылық жорықтар жасап, әбден мазаларын алады. Шамамен 1770 жылдары шамасында мәселені біржолата шешу үшін қырғыздарға жорық ұйымдастырады. Бұл жорық туралы қырғыз тарихында «Жайыл қырғыны» атты оқиға баяндалады. Жалпы оқиғаның қысқаша мынадай. Абылай ханның өздеріне қарай келе жатқанын алдын ала білген қырғыздар 20 мыңдай адамдарымен Меркі маңында тосқауылда күтіп, ұрыс салады. Күні бойы болған ұрыста екі жақ бірін бірі ала алмаған екен. Абылай ханның толығымен жеңіске жетуіне қырғыздардың ту сыртынан соққы берген үш мыңдық Бердіқожа батыр, Айту, Самрат, Қапсағай, Тәңір және Жабай батырлар бастаған күш тікелей ықпал етеді. Дәл осындай мазмұндағы материал шежіреде де баяндалады[4,46]. Осылайша, бір-екі ауыздық материалдардың өзі Жабай батырдың 1770 жылдардың ішінде әлі де аттан түспей, Абылай ханның қол астында өз руының қолын бастап, қазақ жерінің азаттығы үшін, елдің намысы үшін алысып жүргенін көреміз.

Жалпы, қазақ тарихындағы тарихи тұлға Жабай батырдың батырлық қасиеті туралы жоғарыда айтылған ойларымызды түйіндей келе ел басына қара бұлт төнген ауыр кезеңдерде Абылай ханның ақ туы астында атқа мініп, қолына найзасын ұстаған баба жеке ерлігімен де, қолбасылық қасиетімен де көзге түсіп, тағы басқа да батырлармен бірге тізе қосып жоңғарларға да, қытайларға да, қырғыздарға да қарсы шығады. Жеке батырлығы мен қолбасылық қасиетіне дән риза болған атақты ханның қолынан Ақ туды ұстау мәртебесіне ие болады.

Жабай батырдың тарихи тұлғалық болмысындағы келесі бір ерекшелігіне, оның ел басқарудағы мәмілегерлік өнері жатса керек. Соғыс пен ұрыстар болған жылдары Жабай батыр Сіргелі тайпасының жасағына қолбасшылық етсе, бейбіт өмір күндері ол Сіргелі тайпасына басшы бола біледі. Жабай батырдың өміріне қатысты зерттеу жұмыстарын жүргізген елімізге белгілі тарихшы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ахмет Тоқтабай тарихи тұлғаның болмысын Арғын Шақшақұлы Жәнібек батырдың, атақты Төле бидің өміріндегі белестермен ұқсастықтың бар екенін аңғарады. 1723-1725 жылдардағы «Ақтабан шұбырындыда» жоңғарлар Түркістан, Сайрам, Сауран, Таразды алып, Ташкентке таяғанда, Төле би жоңғар хонтайшысымен кездесіп, қаланы тонаудан аман алып қалады. Жоңғар билігін мойындай отырып, Төле би қала мен оның айналасын қырғыннан құтқарады. Болашақта Ұлы жүзді азат ету күресі осы Ташкент түбінен басталады.

Абылай хан қайтыс болғаннан кейін көп ұзамай, яғни 1784 жылы Ташкент билігі Төле бидің бұрынғы көмекшісі, шейх әулетінің өкілі Жүніс қожаның қолына өтеді. Жүніс қожа – «данышпандардың данышпаны» атанған, XIII ғасырда туып, 1355 жылы қайтыс болған Шейх Хоуенди ат-Тахур, халық арасында Шей-хантаур деген атқа ие болған тұлғаның тікелей ұрпағы. Ол билікке келісімен қазақ батырларымен ортақ тіл табысуға әрекет жасайды. Келе-келе қазақтардан тұрақты әскер құрып, көрші өңірлерді өзіне бағындыруға кіріседі. Оның билігі Түркістанға дейін жетеді. XIX ғасыр басында Жүніс қожадан Ташкент билігін Қоқан билеушісі Әлім хан тартып алады.

Жергілікті халық арасында орасан зор беделге ие Жабай батырды Қоқан ханы Сіргелі тайпасының басшысы етіп бекітіп, қолына мөрін, тоқсаба атағын береді. Сөйтіп, тарихи тұлға жасы келіп, қартайған шағында елінің басшысы болып, елі мен жерінің тұтастығын, жұртының тыныштығын сақтайды. Оның ел аузында Жабай тоқсаба деген атаумен сақталуының бір себебі осында жатыр.

Жабай батырды тарихи тұлғаға айналдырған батырлық қасиетімен қатар тағы бір ерекшелігі – оның көріпкелдігі мен әулиелік қасиеті. Жоғарыда айтып өткеніміздей, әулиелік қасиет Жабай батырға жас кезінен қонған екен. Бабаның әулиелік қасиеті оның тек көзі тірісінде ғана байқалып, көрініс беріп қана қоймай, ол қайтыс болғаннан бергі 200 жылдан астам уақыт бойы байқалып келеді. Ол туралы ел ішіндегі әңгімелер мен оқиғаларды жинақтаса бірнеше томға жетерлік материалдар шығар еді. Солардың бір тобы 2019 жылы Алматы қаласындағы «Жамбыл» баспасынан Н.Қапалбекұлы құрастырып шығарған «Ақ тулы Сіргелі Жабай батыр» (488 бет) атты ғылыми-танымдық зерттеулердің «Жабай атаның әулиелік кереметтері» деген екінші бөлімінде 150 бет көлемінде келтіріліпті [2,335-466]. Олар Бабаның ерекше қасиеттерінің бір бөлігі ғана. Ол туралы арнайы материалдарды жинақтап, кітаптар шығару болашақтың ісі.

Жабай батырдың тұлғалық қасиетіндегі келесі бір ерекшелігіне – тұлға есімінің ұранға айналуы жөнінде болмақ. Қазақ ру-тайпаларының тарихы және шежіресімен айналысу барысында біз қазақ халқын құраған барлық этникалық топтардың ұрандары мен таңбаларын зерттеу арқылы мынадай заңдылықтар, ерекшеліктердің бар екендігіне көзімізді жеткіздік.

Қазақ ру-тайпаларындағы ұрандардың көпшілігі жеке тарихи тұлғалардың есімдерімен тікелей байланысты болып келеді және ұрандар тарихи тұлғаның есімі негізінде алынады. Олардың өзін шартты түрде ортақ немесе жалпы және жеке ұрандар деп жіктеуге болады. Мысалы – «Бахтияр», «Ақжол», «Алдияр», «Бәйтерек», «Қабылан», «Қаптағай», тағы басқа ұрандар алғашқы ұрандар қатарына жатса,«Қарасай», «Бөрібай», «Райымбек», «Бекет», «Бақтыбай», «Ақпан», «Баймұрат», «Төремұрат», тағысын тағылар осылай жалғаса береді. Әр тайпаның ортақ ұраны болса, тайпа құрамындағы әр рудың немесе ата-аталықтардың да жеке ұрандары болады.

Ұрандардың өзі ұрыстарда қолданылатын ұрандар және бейбіт күндерде, яғни бәйгелер мен әртүрлі сайыстарда қолданылатын ұрандар боп бөлінеді. Ал сол ұрандарға негіз болған тарихи тұлғалардың болмысын зерттеу барысында оның бойында кем дегенде үш қасиеттің болатынына көзімізді жеткіздік. Ол қасиеттер мыналар: бірінші, тарихи тұлғаның батырлық және қолбасшылық қасиеттері; екінші қасиетке – тұлғаның рубасылық, көсемдік, шешендік, ел басқара білу қабілеті; үшіншісіне – тұлғаның көріпкелдік, әулиелік ерекше қасиетінің болуы жатады екен. Осындай қасиеттерге ие болған тұлғалар ғана өз руының, тайпасының ұранына айналады. Мысалы, бүкіл қазақ үшін есімі ұранға айналған XIV-XV ғасырларда өмір сүрген Алаш есімді тұлғаның бойында әрі батырлық, әрі ел билеушілік, әрі әулиелік қасиеттер болған екен. Біз қарастырып отырған Жабай атаның тұлғалық болмысын зерттей келе оның да бойынан кем дегенде батырлық, әулиелік және ел басқарушылық секілді қасиеттерін көрдік. Олай болса, Жабай есімінің де ұранға айналуы әбден лайықты жайт.

1890-1963 жылдары өмір сүрген Тоқтыбай ақынның өлеңдерінде мынадай жыр шумақтары айтылады:

«…Қазыбектің баласын

Жабай датқа дер еді.

Бел баласы Жабайдың

Дәулетияр датқа боп

Елдің де қамын жер еді…

…Бір туысқан ел едік

Жеті ата Бөрі, Қараша

Бәйге атында «Жабайлап»

Біраз жыл көрдік тамаша»[5, 217-218].

Көріп отырғанымыздай: «Жеті ата Бөрі, Қараша, Бәйге атында «Жабайлап», Біраз жыл көрдік тамаша», – деген шумақтар тұлға есімінің Сіргелі тайпасының Батыр руындағы Бөрі, Қараша аталықтарында бейбіт заманда ұранға айналғанын нақты көрсетіп тұр. Мұндай тұлға есімінің өз аталығында ұранға айналуы тарихи заңдылықтарға сай келеді.

Осылайша, Жабай батырдың тұлғалық қасиеттерін талдай келе мынадай жалпы тұжырымдарға келеміз. Жабай батыр – қазақ-жоңғар соғыстарының соңғы кезеңінде Абылай ханның басшылығымен қазақ жерін жоңғар басқыншыларынан азат етуге қатысқан, өз руының жасағына басшылық жасаған батыр әрі қолбасы болған тұлға. Одан кейін қазақ-қытай ұрысына қатысып, ерлік көрсеткен. Оның ерлігі Тәтіқара жыраудың толғауына негіз болады. Қазақ-қырғыз ұрыстарына да қатысып, сол шайқастарда Абылай ханның түбегейлі жеңіске жетуіне тікелей ықпал еткен Ұлы жүз батырларының бірі болған.

Жабай батыр – атақты Төле би секілді елінің амандығы, жұртының тыныштығы үшін Қоқан ханының билігін мойындап, датқа, тоқсаба лауазымдарын иеленген тұлға.

Жабай ата – ел ішінде көріпкелдігімен, әулиелігімен кең танылған тұлға болған. Тарихи тұлғаның өмірден озғанына 200 жылдан асса да оның киесі, әруағы бүгінге дейін талай жаны қысылған адамдарға қызмет етіп келеді. Атаның әруағы әлі талай ғасырлар бойы талай жандарға қызмет етері сөзсіз. Жабай батыр есімі тарихи заңдылықтарға сай өз тайпасындағы өз руының ішіндегі бірнеше аталыққа бейбіт күндерде қолданылатын ұраны болып отыр. Бұл дегеніміз – тұлға есімі ешқашан да ұмытылмайды, өз халқымен бірге мәңгі жасай береді дегенді білдірсе керек.

Берекет КӘРІБАЕВ,

ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі,

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық

университетінің профессоры.

тарих ғылымдарының докторы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *