МЕДИАКЕҢІСТІКТЕГІ МАЙТАЛМАНАПА

Мерей
960 Views

Ізденіс пен талап – шығармашылыққа жеткізетін шыңның биік нүктесі. Ал, шығармашылық журналистің рухтық серпіні мен қайнаған қоғамның еңбек жолындағы нақты көрінісі. Бұл жолда қалың оқырман қауымға қарымды қаламымен танылған Рахия Нысанқызы Әлібекованы тілге тиек етсек артық болмас.

…Үйге аяқ басып кіргеннен Рахия апайдың сондай ашық-жарқын, ақкөңіл кісі екенін аңғардым. Құдды бір алдымнан әжем қарсы алған секілді бетімнен сүйіп, өз немересіндей құшақтай алды. Алмадай болған екі бетім қызара түсіп, жас баладай қуандым. Сол кезден-ақ алдағы сұхбатымыз жақсы өрбитініне еш күмәнім болмады. Құрбым екеумізді қонақ бөлмеге кіргізіп, төрге отырғызды.

– Әй, Мұратбектің студенттерісіңдер ме? Қайда оқисыңдар? – деп әңгімесін бастады.

«1939 жылдың 20 сәуір күні болатын. Қазақ даласында Н. С. Хрущевтың билік етіп отырған кезі еді. Дәл сол күні Батыс Қазақстан облысындағы, Қаратөбе ауданының Батпақкөл ауылында кедей шаруаның отбасында дүниеге келдім», – дей бергенде көз алдыма коммунизм саясаты елестей түсті. Өкіметке бағыну, шешімдерін қолдау, билік үшін құлшына жұмыс жасау, тағы басқалары… Содан не керек, балалық шағы аса керемет өтті деп айта алмаймын. Әуелі анасы Нәзира сырқаттанып, төсек тартып қалады. Тұрмыстық жағдайы төмен болғандықтан анасы үшін көрші ауылдан жаяулатып қымыз тасыған. Онымен қоса жүрегі елім деп соққан Базар және Сәрсен есімді ағалары соғысқа аттанып, қайтып келмегені тағы да бар. Ал әкесі Нысан қарапайым ұсталықты шебер меңгерген. Алайда, тағдырдың жазғаны болды ма, 13 жасында, ата-анасынан айырылады. Өміріндегі ең қаралы күннің бірі. Бірақ, Рахия апай бұл жағдайға мойынсұнбай, керісінше, басын тік көтеріп, алға қарай жылжуды мақсат етті. Бұл жолы апасы мен жездесінің көмегі айрықша орын алды.

Міне, содан 1955 жылы Қаратөбе орта мектебін бітіріп, келер жылы, яғни 1956 жылы Алматы қаласындағы С. М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті филология факультетінің журналистика бөліміне оқуға түседі. Топта 25 ұл, төрт қыз оқыдық, қазір керісінше ғой» деп әңгімесіне қызықтыра түсіп, жымиды. Ең қызығы, өмірлік жары Октябрь Әлібековпен бір ортада оқып, жұптарын жарастыра түскен. Сол кезден бастап екеуі екі жарты бір бүтінге айналады. Оқу бітірген соң Октябрь Қайырұлы аға жігіттігін танытып, үйленуге ұсыныс жасайды. 1961 жылы 12 сәуірде ерлі-зайыпты атанады. Бір жағынан Юрий Гагарин ғарышқа ұшып жатса, екінші жағынан біз үйленіп жаттық деп бізді одан сайын қызықтыра түсті. Содан бері биыл 58 жыл өтіпті, бұл жыл ішінде біз 49 жыл жұбымыз жазылмай, бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кештік, – деп сәл күрсінгендей болды, Сағынбайды дейсіз бе? Махаббат жасқа ғана тән емес қой, мүмкін ішінен жылап алған да болар.

Қуанарлығы, артынан ұрпақ қалдырып, төрт баланың ата-анасы атанды. Қазіргі таңда ұрпақтан ұрпақ жалғасып, Рахия апай айрандай ұйып отырған отбасында тоғыз немере мен төрт шөберенің әжесі болып отыр. Біреуіне ана, енді біріне ене. Айтқандай, ене демекші, Рахия апай келін болып түскенде енесі 57 жаста болған екен. 40 жыл бір шаңырақтың астында берекелі де мерекелі өмір сүрген.

Еңбек жолында Рахия апай құштарлана жұмыс атқарған. Оқу бітіргеннен кейін Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің жолдамасымен жолдасы екеуі және Жұмамұрат Тұяқбаев, Мәди Хасенов сынды жігіттермен Целиноград қаласына келіп, «Тың өлкесі» газетіне тарыдай болып кіріп, 34 жыл сол газетте жұмыс жасап таудай болып шықтық, – деп аса мақтанышпен айта түсті. Алғашында «Тың өлкесі», кейін «Коммунизм нұры», ал қазір «Арқа ажары» деп атаулары өзгеріп отырғанын да айта түсті. Әдеби қызметкер, жауапты хатшының орынбасары, еңбекші хаттар және бұқаралық жұмыс бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарған. Ал, Октябрь ағамыз он алты жыл осы газетте бас редакторлық қызметін атқарған. Керемет иә! Бір отбасы, бір махаббат және бір мамандық. Бір-бірін толықтырып тұратын көп дүниелер. Осы орайда Рахия апай өмірде екі нәрседе қателеспеу керек екенін айта кетті. Ол – жар таңдау және мамандық таңдау. Мен бұл жолы екеуінен де қателескен жоқпын, адал жар мен жемісті мамандықтың ортасында өмір сүре алдым, – деп қуана айтты.

Әңгіменің бел ортасында бізге ұтымды ойымен бөлісіп кетті. «Қарақтарым, сендер, қыз баласыңдар, ертең бір отбасының түтінін түтетіп отыратын бірден-бір адам сенсіңдер. Қыз баланың мақсаты жұмыс емес, отбасын құру. Нағыз әйелдің бақыты ол – отбасы», – деп біздің алдымызда үлкен жауапкершілік күтіп тұрғанын айта кетті. Дәлірек айтқанда, Рахия апай да әйел-ана бейнесіне аса назар аударып, журналистикада өз бағытын осылайша таба білген. Оның көптеген очерктері мен мақалалары да осы тақырыпқа негізделіп жазылған. Кеше ғана өзінің артынан өшпес «Әйел әлемі» деген атпен тамаша кітабы жарық көрді. Кітапта мейірімді ана мен еңбекқор әйелдің образын жасауға әрекет жасағаны көрініп-ақ тұр. Шығармашылық жемісі бұл ғана емес. Мәселен, журналистикаға сіңірген адал еңбегі үшін «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін», «Еңбек ардагері» медальдарымен марапатталған.

Иә, Рахия апа – өмірден өз орнын тапқан бақытты жан. Қасиетті қаламның арқасында сүйікті мамандығының хас шебері атанып, ордалы отбасының әдемі әжесі атанды. Сонымен қатар еліміздегі зиялы қауым ортасында ерекше абыройға ие болды. Бүгінде ол кісі сексенге келсе де өзін сергек сезінеді. Жастарға шығармашылық, шеберлік, отбасы бақыты туралы ұдайы әңгімелеп отырады. Алдағы уақытта өнегелі әжеміздің тоқсанның төріне көтерілуін тіледік.

Аружан СӘРСЕНБЕК,

Л.Н.Гумилев атындағы

Еуразия ұлттық университетінің І курс студенті.

СЕҢГІРІНДЕ СЕКСЕННІҢ СҰҢҚАРДАЙСЫЗ

Қаламдасымыз Рахия Нысанқызы туралы толғаныс

Беу, тіршілік, жарық күн, көктегі айсың,

Зырыл қағып ұршықтай тоқтамайсың.

Жылдарыңды жылжытып алып кетті…

Іздемейсің, қалайша жоқтамайсың?!

Көрсеткен жоқ әйтеуір уақыт қысым,

Қалықтады кеудеңде шабыт – құсың.

Отыз үш жыл қаламмен еңбек еттің…

Соның үшін дағы Сен бақыттысың.

Қалам ұстау оңай деп кім айтады?

Қажығанды демеп ол, тыңайтады.

Шарасыздық кей-кезде қолды байлап,

Жаралайды пәк жанын, мұңайтады.

Кеткен кетті, оны іздеп не қылайық!

Кешегі күн бүгін жоқ, бәрі ғайып.

Балғын жылың алыстап қалып қойды-ау,

Сағынсақ тек сол кезді сағынайық.

Сезінерсің өзіңді бала – сынды,

Еске түссе отбасың жарасымды.

Сағынасың, еріксіз сағынасың,

Әкең Нысан, Нәзира анашыңды.

Солар еді тірегің, қорғандарың,

Қызығыңды көрмей тек қалғандарың.

Жалғастырып бірақ та келесің Сен,

Бүгінгіге ата-ана армандарын.

Бақыт бірақ кетпеді сені айналып,

Оң қабағын танытты шырайланып.

Аттап кірдің ҚазГУ-дің босағасын,

Болсам деумен журналист мың ойланып.

Қайран өмір, қаласаң сына кімді,

Көпсіндірме бүгінін, мына күнді.

Өкеңменен қостың да тағдырыңды,

Сөнбестей ғып жандырдың шырағыңды.

Әйелге тəн танытып сыйласыңды,

Қадірледің жарым деп қимасыңды.

Қарлығашың үш бірдей деп білеміз,

Ақмаралың, Ботакөз, Лəйлəшыңды.

Нəзіктіктен жансың ғой жаратылған,

АНА деген қашанда дара тұлға.

Жылы суға қолыңды малдыратын,

Көретін бол қызықты Қанатыңнан.

Кездерің жоқ еңбексіз күнің батқан,

Атты талай бозторғай — шырылдап таң.

Шәрипадай ененің тоқсан асқан,

Келіні де сен болдың тілін тапқан.

Мына өмір дегенде не береді?

Үміттінің үміті көгереді.

Қыздарыңнан сүйгенде жиендерді,

Болатыңнан сүйдің кеп немерені.

Уайымдама, жан əпке, оны бірақ,

Іні, сіңлің аз емес жаны шырақ.

Мына газет, мына орда күтіп отыр,

Тарқамаған ешқашан жылы шуақ.

Өмір кешпе əйтеуір тым тұйықтау,

Кеудеңізге күн сəуле нұр құйыпты-ау.

Шыңға шыққан қырандай қара енді,

Өрмелеумен шыққан ол бір биік тау.

Болмайды ғой, болмайды ортаюға,

Егделікті мойындап, қол қоюға.

Əлі талай жылдарға ғұмыр жетсін,

Жол бермеңіз бірақ та қартаюға!

Аманкелді ЖҰМАБЕК,

ақын, журналист.

Нұр-Сұлтан шаһары.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *