КЕК (РОМАН)

Әдебиет
496 Views

(Жалғасы. Басы өткен сандарда).

Үрейленген үш-төрт жақтасы төбеге жүгіре көтеріліп, жұлқылап есін шала жиғыза, көтеріп алып кетті. Омарбек ұлық жанында бұған паңдана, әрі бір мысқылды жүзбен қарап отырған Сабылтайға бет бұрды:

– Сабылтай! Өз асыңдағы бәйгенің бәрін өзім аламын, болмаса менің туыстарым алады деп көкіпсің ғой. Немене, бәйгенің бәрін сен алатындай соңғы көкпарда да, бас бәйгеде де өзің шаппақшысың ба?! Сірә, күреске де өзің түспекшісің-ау деймін?! Олай болса, сөзіңнің үдесінен шығатын, уәдеңнің беріктігін дәлелдейтін сенде бір мүмкіндік бар. Оның үстіне қазір саған әншейінде әркімге көрсетіп жүретін күшіңнің қандай екенін мына ұлықтарың мен жиылған халықтың алдында нақты көрсететін сәт туып тұр. Мықты болсаң, келесі жұпта шық менімен күреске!

Жаңа ғана бетінде паңдық кейіп пен мысқылды кекесін тұрған Сабылтай мына сөзді естігенде реңі қуарап, қуқылданып, екі көзі шатынап кетті. Тіпті айтар сөзден тосылып, әлде ашудан, әлде намыстан жарылардай боп, қалш-қалш етті. Арқа сүйер мына ұлықтары – қарақшы, өзі тектес би-болыс, бай-манаптар бұзық атаған, қайдағы бір ұшарын жел, қонарын сай біліп, үнемі ел кезіп жүретін Омарбек сияқты дәрежесі төмен, қатардағы пенде мұны күреске шақырғанына өлгенше намыстана қорланды.

Омарбектің сөзін естіген басқа игі жақсылар да бір сәт кілт тынып, бір үн шығармады. Қарақұрым жұрт та бірауық тым-тырыс қалды. Осынау тыныштықты әлден соң Омарбектің сөзін тілмаш арқылы ұққан орыс ұлықтары бұзды. Бірінші болып ха-ха-халап жандарм бастығы күлді. Оған қалғандары қосылды. Ұлықтарының күлкісі Сабылтайға да жан бітірді ме, алғашқыда зорлана жымиды, артынша аналарға қосылып, кеңкілдеп күлгенсіді.

– Сабылтай мырза, сізді мына жабайы киргиз өзіне тең санап тұр ма? Анық сондай болса, күреске шығып, сазайын берсеңізші, – деді күлкісін тиған жандарм бастығы.

– Қойыңыз, қайдағы бір шпанамен белдескенім ұят болар – деді Сабылтай. – Одан соң Омарбекке қарады: – Уай, бұзақы, бұл қай айтқаның?! Менімен күресетіндей сен кімсің?! Аспандағы айға не ақымақ, не есі кем адам ғана қол жеткізем дейді. Сен жармасатын менің жағам қайда, сенің арам қолың қайда?! Алысқың келсе, алыса бер, анау өзің сықылды делқұлылармен! Өй, елкезбе, кімге теңеп тұр мені?..

– Сенің тек көпірме сөздің шағын көсеуін көсейтін мақтаншақ әрі қорқақ екеніңді білем ғой. Бөспе әрі қарау болмасаң, берген ас шығынын «тойға жиналған пайдамен жабам» деп, онымен қоймай астағы бәйгенің бәрін өзім аламын дейтін бе едің?! – деді Омарбек әдейі оның намысына тиіп.

Сабылтайдың намысы шын қозды ма, әлде, жұртқа күлкі болмайын деді ме, орнынан атып тұрып, қызына сөйледі:

– Ей, бұзақы, менің кім екенімді білмей жүр екенсің әлі. Мен сені бір қолыммен-ақ мытып тастаймын. Бірақ сенімен қазір күреспеймін. Мықты екеніңді көрейін, тағы бір-екі жігітті жықшы. Содан кейін ғана менімен алысып көр! Өмірі жеңілмеген палуан екенімді жұрт түгел біледі.

Жұрт тағы шу етісті. Біреулері болысты жақтаса, енді біреулері айыптады:

– Уа, біздің болыс-екең де қайсар мінезді ғой. Тентекті тезге салатын мықтылығын көрсетер осы жолы да.

– Сабекең ел кезген жындыдан қорықса, болыс болар ма? Сабеке, жоғарыға шығыңыз да, беріңіз сазайын!

– Былайғыда дүние мен шеннің арқасында адам боп жүрген болысың әшейін мешкей ғой. Омарбек сынды мықтыға тең келуші ме еді ол…

– Әй, Омарбек, мейманасы тасып, көзін ақ шел басқан сол мешкейдің қарын шарбысын бір езіп тасташы. Айызымыз қансын!

Екіге жарылып айқайласқан жұрттың шуылы үдей түсті. Қазы қолын көтеріп, оларды қанша тыныштандырмаққа әрекет етсе де, екі жақ боп айтысқан көпшілік көпке дейін басыла қоймады. Не айтып жатқандарын кім білсін, Сабылтай тілмашты ортаға алып, орыс ұлықтарымен сыбырласып әуре. Әлден соң ол қасына қазыны шақырып, оған бірдеңелерді бұйырды. Қазы қайтадан төбе басына көтерілді де, бар даусымен айқай салды:

– Уа, жамағат, Верныйдан келген ұлықтар сендерге ренжіп жатыр. Сабырсыздықтарың мен ұшқалақтықтарыңды көрсетпесеңдерші, ұлықтарға! Қане, тынышталыңдар! Ұлықтардың ашуы қатайса, бәріңді жазаға тартуы мүмкін!..

Жұрт қазының сөзін елең қылмай, әлі де шулап жатыр. Бұрындары мұндай сайыстарда Омарбектен басқа ешбір палуан ас-нәзір, жиын беріп, күрес ұйымдастырушының өзін боз кілем үстіне шақырған емес. Ал ел ас иесі ғана емес, бүгінде ел иесі ретінде жүрген, далалық жердегі үкіметтің арнайы сайлауымен сайланған өкілі болып табылатын болысты боз кілем үстіндегі сайысқа шақыру – қазақ арасында тіпті болмаған үрдіс-тін. Жай қазаққа қатардағы палуанның білдей болысты кілемге шақыруы қызық көрінер, бірақ ылғи ығай-сығай ояз бастықтары қатысып отырған мұндай жиында ондай әрекеттің орын алуы тым әбес, тіпті миға сыйымсыз іс. Оған қоса, мәртебелі ұлықтар алдында оқыстан батыл шешім айтқан Омарбектің қылығы, мәртебелі меймандарға тым оғаш, тым ерсі, былайша айтқанда, өрескел көрінген.

Бірақ Омарбектің кеудесіндегі мейманасы тасыған болысқа деген намыс пен ыза ұлықтар алдындағы ұяттан биік тұрғаны анық еді. Сол үшін де, Омарбек шені мен дәрежесінің арқасында елді әбден басынған, халық арасындағы жақсы-жаманды саралаудан қалған, тек өзімдікі жөн, тек менің ғана айтқаным болады деп кеудемсінген болысты жұрт алдында жер қылуды кешпес кектей мақсат еткен. Ал Омарбек бала кезден көзге ұстаған ойы мен ісін – ай айналып жерге, күн айналып көлге түссе де, орындап шығуды әдет қылған.

Жұрттың да ұзаққа созылған шуылы осындай тосын әрекеттен туындаған. Бей-берекет дабырға көшкен көпшіліктің дуылынан мезі боп кетті ме, жандарм бастығы қарсысындағы екі солдатқа қатаң бұйырды:

– Мына, жабайылардың үндерін өшіру қолдарыңнан келетін шығар, ә?!

Топтан аса шапшаң суырыла төрт-бес қадам шыққан екі солдат мылтықтарын аспанға қарата басып-басып қалды. От қарудың жан шошытарлық қатты да ащы гүрсілінен қорыққан халықтың шуы бір демде басылды. Жүзі күреңіткен Сабылтай солдаттардың жанына жетіп барды.

– Бастарыңа амандық керек болса, осылай дымдарыңды шығармай тұрыңдар! Ұлық мырзалар енді шуларыңды көтермейді. Одан да ендігі болатын күресті ың-шыңсыз тамашалаңдар! Әйтпесе, осы күндеріңе де зар боласыңдар!

Одан соңғы сөз кезегі қазыға тиді. Ол күрестің әділ өтуін қадағалаушы болғанымен, ұлық пен болыстың айтқанын орындаушы қолбала іспеттес. Болыстан кейін ол көпшілікке біраз ақыл айтып көсілді. Әлден уақытта екі езуінен түкірігі шашырап сөзін әрең тоқтатып, күрестің әрмен қарай жалғасатынын хабарлады да, бірінші жұптағылардың жеңімпаздарын ортаға шақырды. Он алты жігіт сегіз жұпқа бөлінді. Қазы сегізінші жұптың қатарына қосылған Омарбектің қолынан ұстап шетке шығарды да, көпшілікке мойын бұра:

– Уа, халайық! Бүгінгі сайыста көз көріп, құлақ естімеген жағдаят болмақшы. Біздің дәргейі биік, дәрежесі жоғары ұлықтармен теңдес, қадірлі Сабылтай мырзамыз өз асында өзі күреске шықпақшы. Бірақ ол кісінің бір шарты бар. Енді жаңа өзін күреске шақырған Омарбек барлық палуанды жеңіп, бас бәйге тігілетін соңғы күреске шықса ғана болыс-екең онымен күреспекші. Сонда ғана Омарбектің бүгінгі ағат ісі кешірілмекші. Ал егер Омарбек орта жолда біреуден жеңіліп қалса, онда осы жиындағы асыра сілтеген әрекеті үшін жандарм бастығы оны қамауға алмақ. Ал, Омарбек, Құдайдан қарсыластарыңның бетін қайтаруға жәрдем тіле.

Ежелгі екпініңмен Сабекеңе дейін жетсең, бәрінен құтыласың. Артынша екінші жұптың сайысы басталды. Бір палуандар тез жеңіске жетсе, бірі ұзақтау бөгеліп, екінші айналым да онша ұзаққа созылмады. Омарбек өз қарсыласын бір сәтке де жеткізбей, жауырынын жерге тигізді. Делебесі қозған жұрт жаңағы мылтықтардың тарсылын ұмытып, одан бетер гуілдесіп кеткен.

Үшінші сайысқа сегіз жігіт шықты. Бұлардың күресі біраз уақытқа созылды. Омарбек тағы жеңімпаз атанды. Одан кейін іріктелген төртеу шықты кілемге. Омарбекке бұл жолы еңгезердей дәу орыс тап келді. Барлық түрі бөтен ұлықтар орыс палуанға жақтасып ысқырып, аспанға мылтық атып, айқай-шуға басты. Оларға жағымпазданған қазақтың бай-бағландары да айқайшыларға қосылып, орысқа дем берді. Алайда, дәу орыс Омарбекке біраз алдырмай жүргенімен, ұзамай-ақ ол да бұрқ етіп, жауырынымен кілемге қадалды.

Бұлардан кейін шыққан екі палуанның бірі қарсыласының қолын сындырып, тез жеңіске жетті. Күрес шарты мен тәртібі бойынша, енді Омарбек әлгі қол сындырғыш әдісшіл палуанмен ақтық айқасқа шығуы керек. Соны жеңсе ғана Сабылтаймен белдеспек.

Қолы сынған палуанды біреулер демеп төбешік басынан түсірді. Ал оны жеңген палуан кеудесі жүн-жүн, қара мұрт ұйғыр екен. Маңғазданып ұлықтардың қасына барды. Қатар отырған ұлықтар оның қолын алып, арқасынан қаға ризалық білдірді.

Ал Сабылтай екі-үш жандайшабымен оны шетке жетелеп шығарып, құлағына бірдеңелерді құйып жатты. Мұны көрген Омарбек әлгінің Сабылтайдың адамы екенін және болыс оған қалайда жеңіске жету керектігін ұғындырып жатқанын сезді. Тіпті, мұны әлгі әдісімен майып қып тастауға да кеңес берген шығар.

Болыс өзінің жақтасын қайрап жатқанда қазы төбешік басына көтеріліп, халыққа ендігі ең соңғы ақтық айқастың қалай болуы керектігін түсіндірді. Айтуынша, палуандар бір-бірін алып та, шалып та жығуға; қандай әдіс, қандай тәсілмен болса да, жеңуге құқылы. Біреуі майып болып қалған жағдайда оған ешкім жауапты болмайды екен. Төрешінің бұл айтқаны қол-аяқты кері қайырып сындыру әдісі бар ұйғыр үшін орай екені Омарбекті жақтаушылар үшін қауіптің үлкені болып көрінді. Ұлықтар Сабылтай болыстың өтінуімен қазыны шегелеп қойғаннан сау ма екен? Қарап тұрсаң, соңғы жұптардың арасында күрес емес, құдды бір соғыстағы бір-бірін өлтірмей тынбайтын батырлардың жекпе-жегіне ұқсас жан алып, жан беретін айқас болатын сияқты көрінеді. Қазы-төрешінің төндіруі солай.

(Жалғасы бар).

Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ,

жазушы, қоғам қайраткері,

«Әділет. Рухани жаңғыру» газеті

редакциясының алқа төрағасы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *