ДАЛАЛЫҚТЫҢ ДАУЫСЫ

Әдебиет
1 903 Views

Ақын Талапбек Азанбай 1965 жылы Қытай Халық Республикасы, Шыңжан Ұйғыр автономиялық районы, Алтай аймағы, Алағақ өңірінде дүниеге келген. 2004 жылы ата жұртына көшіп келіп, қазіргі кезде Алматы облысының Ескелді ауданында тұрады.

Белгілі ақын 1990 жылдан бастап әдебиетке араласып, «Алтын тау салтанаты», «Қыран меруерті» атты жыр жинақтарында, ШҰАР көлеміндегі түрлі басылым газет-журналдарында 200-ден аса өлең, толғау, баллада және поэмалары жарық көріп, оқырман қауымның ыстық ықыласына ие болған. Алтай аймақтық жазушылар одағының мүшесі.

Қазақстан Республикасында шығатын «Шалқар», «Жетісу» және «Жас қазақ үні» газеттерінде бірқатар өлеңдері жарық көрген. Моңғолия Республикасында шығатын «Заман» газетінде «Баһадүр Ботақара» дастаны жарияланған.

ТҰҒЫРЫЛ ХАННЫҢ АУЗЫНАН

(Лирикалық поэма)

Енді ғана атқан кез таң түріліп,

Көз шырымын алған ем сәл тынығып.

Естілді ерен бір дауыс құлағыма,

Құлама – құз, тау іші жаңғырығып.

Мінген атым пысқырып, елеңдеді,

От боп өтті қыздырып денем мені.

Ақ сақалды қария тұр алдымда,

Асатаяқ таянған, берен белді.

Мекен етіп биік шың, құз – дараны,

Қыран бүркіт қолына ұстағаны.

Соңына ерген арыстан, аю, қасқыр,

Содан бабам ғажайып күш табады.

Ақ боз пырақ кісінеп астындағы,

Тәңір қолдап кеудесін пәс қылмады.

Табанына басқанда үгітіліп,

Құм боп кетті шашырап тастың бәрі.

Аузынан от тұрса да шашып жалын,

Өзін өтер күйттеп пасық жанын.

«Қан майданда қан құсып мерт болғанмын,

Дұшпанымның қиям деп қасық қанын.

Кеңес тыңда, ұрпағым, құлақ түріп,

Кім су ішкен құдықтан бұлақ тұрып.

Тарихыңды біл қарғам» – деді маған

Жалпақ елден жатқандай сұрақ қылып.

Айбыны асқақ, өзіне сенім берік,

Мені көріп кетті ме еміреніп.

Әңгіменің бастады әлқиссасын

Тым арыдан ерекше тебіреніп.

«Көкжал едім ерке өскен кең даланың,

Жортуылда басқан төрт тең табанын.

Темучинді жетілткен Шыңғысхан ғып

Керей ханы Тұғырыл – мен боламын.

Біл, ұрпағым, арғы атаң – Ғұн бабаңды,

Шарлап, шалқып жатқанда үн ғаламды.

Қатпарында шежіре жасырылған,

Дала – тарих берерсің тың бағаңды.

Жүрегіне кең дала сыя білген,

Салттан асып көрмеген қия мүлдем.

Заманында жер үстін дүбірлеткен

Тұлпарының от шашқан тұяғымен.

Әлі ашылып жазылмай жатқан аңыз,

Батырларды баһадүр бақ санаңыз.

Дүниені өзіне жалт қаратқан,

Дана көсем не деген Сақ бабамыз.

Қамшы басып қиялдай ақтаңгерге,

Кейде бабаң келесің шапқан белге.

Тұлпарының ғаламат ізі жатыр

Күн еңкейіп қызарып батқан жерде.

Өткен күнім осындай ірі болған

Ащы тарих жазылған сірі қолдан.

Батыр елдің шыдамай тебініне,

Салған екен шүршіттер «Ұлы Қорған».

Айтылған сөз демеңдер жай мыналар,

Тұлпар озып, ортада тай сыналар.

Хандық құрған Мәскеуде Тұғырылдың

Ұрпақтары Сидат пен Тайбұғалар.

Төрт құбылаң түгел боп, тең өсіп ең,

Құлын туған айырылмай енесінен.

Мықты болған бүгінгі орыстың да

Кеше бабам қараған төбесінен.

Қалмағандай кей кезде басқа амалың,

Жанарыңды торығып, жасқа малдың.

Ентелеген жан-жақтан дұшпандардың,

Бұзып өттің ұрандап тас қамалын.

Аты қалар артында десі бар жан,

(Ойлы көзбен қарасаң, несі жалған?)

Өткен дана өмірден мәрт бабаның

Ұлылығын біздерге берсін Аллам.

Төл шежіре қашанда ырыс бағым,

Содан бүгін сусындап жыр ұштадым.

Көк түріктің көкжал көк ұрпағы еді,

Жарты әлемді билеген Шыңғысханың.

Бар ғаламды жаратқан әділетпен

Жаратушы Ұлы күш Тәңір неткен!

Құлдықтан да құтылып Бейбарысым

Парсы менен арабқа әмір еткен.

Өмір, шіркін, дейміз бе келте мүлдем,

Мұны неге білмедік ерте бірден?

Алты Алашым танылған қазақ болып,

Құндағы біз алғашқы тербетілген.

Жетілдіріп бөлеген нар бесігім,

Жүрегімде жатталып қалды есімің.

Мыңдаған жыл түссе де ғасыр аунап,

Әділ тарих айтады ар кесімін.

Бөлтірігін арлан ғып көк бөрінің,

Кетпеді деп білген ем текке өмірім.

Тағдыр жазса маңдайға бар ма шара,

Аяғында оған да жек көріндім.

Жер астында қалса да алтын кеудем,

Бар ғұмырым өткен ед(і) халқым деумен.

Қашан көрсең қызғаныш, күйкі тірлік,

Сүйек мұжып келеді, сарқын жеумен.

Басса да асып ақбас шың, қар, мұз табан,

Ту ғып тігіп арманын алға ұстаған.

Тегін білген текті ұрпақ тебіреніп,

Айтар ашық қашанда алғыс маған.

Соғыс ашқан батыр ем майдан тыңнан,

Арыстандай азулы айға атылған.

Азияның жүрегін дүрсілдеткен,

Қайда қалды демеңдер қайран қыран.

Жырлап өтем, батыр ер бағаңды асқан,

Жатқан жалпақ жазылмай далам – дастан.

Найзағайдан найза ұстап дүрілдеттің,

Қылыштарың жарқылдап ақ алмастан.

Қиындыққа қиналып басты имеген,

Отқа түсіп ел бар ма, жас күймеген?

Шаң шығарып құйындай тауды тесіп,

Тұлпарыңның тұяғы тасты илеген.

Қан майданда қан кешіп толарсақтан,

«Осы ұрпақ» деп ұрандап оза шапқан.

Ел бастаған көсем ең абыз баба,

Үміт күткен алдағы болашақтан.

Ауыр күнде арқалап ар мазағын,

Халқым сенің көрмеген бар ма азабың?

Тік көтеріп кезінде хан сайладың

Жәнібек пен Керейді нар қазағым.

Нар тәуекел төсек қып аттың жалын,

Тізерлеттің дұшпан мен жаттың бәрін.

Жеңістің де, жел қуған жеңілістің

Көзбен көріп кеше сен таттың дәмін.

Түскен кезде санаға сары уайым,

Қазақ үшін деп менің жаным дайын.

Басын қосып үш жүздің «Елім-айлап»

Жауға шапқан хан-батыр Абылайым.

Дауылындай мұжып жеп татыр таудың,

Қайтарып ең екпінін батыр, жаудың.

Шоқпар қылып қамшыңды қорғап өттің,

Алтай менен арасын Атыраудың.

Содан қалған аманат дала – мынау,

Қарасаңда қалай сен қарағым-ау.

Шер тарих кешегі шежіресін,

Бізге бабам жеткізген дара жырау.

Тарихты тәрк етіп сенген бұрын,

Артта қалды бұрмалап көмген күнің.

Сізді жатыр ұлықтап осы емес пе,

Тірілгені қайтадан өлгенімнің?

Енді ғана жеткенде асқа қолың,

Өткен күннің ескірген таста тонын.

«Ескі жолы» Есімнің шырақ болып,

Қасым ханның бойладық «Қасқа жолын».

Далам сенің қарасам келбетіңе,

Қиыр жатқан көз жетпес ел шетіне.

Керегесін кең жайған қазақ едік,

Тарыдай боп шашылған жер бетіне.

Оның бәрін қайтеміз айта беріп,

Кеудесі кең даладай байтақ едік.

Түзу ұшып бүгін бір түтініміз,

Дүниеге түледік қайта келіп.

Күллі әлемге танылып кім екенің,

Толды кеудең мадаққа, гүлге етегің.

Тарихыңды шаң басқан шежіреден,

Алып шығып, қайтадан жыр етемін.

Етек-жеңмен қосылып зер-жағамыз,

Асты бүгін асқақтап ел бағамыз.

Сарыарқаға тікті хан ақ ордасын,

Нұрсұлтандай Елбасы – белді ағамыз.

Жыр-күй болар Елордам, талайыңа ән,

Алла берген бақ кетпей маңайыңнан.

Мың артықсың Мысырдың шаһары мен

Салған аппақ АҚШ-тың сарайынан.

Қарағайдан қамшы ұстап, құлан мініп,

Келді өмірге жарқырап мұраң күліп.

Бес жасында ойнап ат құлағында,

Өзін-өзі баулыған қыран қылып.

Қазақ осы алтын тақ тұғырмаған.

Жетпес оған айтсам да ғұмыр бағам.

Көк байрағым желбіреп көк аспанда,

Таңдай қақты, мінекей, бүгін ғалам!

Талапбек АЗАНБАЙ

Алматы облысы,

Ескелді ауданы,

Матай Байсов ауылы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *