КИЕЛІ КЕЛЕСТІҢ КЕЛЕШЕГІ КЕМЕЛ

Уақыт Қоғам
2 197 Views

Таяуда Түркістан облысындағы Келес ауданының қайтадан қалпына келтірілуіне арналған «Келесім – атамекенім!» атты ізгілікті де игілікті іс-шара өткізілді. Ораз ата ауылындағы «Сая» мейрамханасында ұйымдастырылған салтанатқа алыс-жақыннан келген қадірменді қонақтардың қарасы көп болды.

«Киелі Келес даласының атын жаңғыртқан Келес ауданының қайта құрылғаны құтты болсын!» деген жалынды ұран жолдары көңілге қуаныш сезімін ұялатқандай әдемі әсер қалдырады. Жергілікті қылқалам шебері Сапарәлі Әбдіқадыровтың сан түрлі тақырыпта салынған суреттері де тойға келушілерді бейжай қалдырмайтындай. Бірқатар мектеп пен балабақша өкілдері де өздерінің қолөнер шеберлерінің төл туындыларын қалың жұртшылықтың назарына ұсынғаны да құптарлықтай.

Ұлылар өткен бұл дала,

Жаңғырды қайта нұрлана!

Келес дегенде желмаясына мініп алып, жер жәннаты – Жерұйықты іздеген, бойына қасиет қонған Асан Қайғы бабамыздың:

Екі Келес, бір Талас,

Бал татыған жерің-ай.

Ағайының аралас,

Тату екен елің-ай!

Желмаяға өңгеріп,

Алып кетер едім-ай,

Сыймаған соң алдыма,

Әттең, дүние, дедім-ай! – деген жыр жолдары еріксіз ойға оралады.

ХІІІ ғасырда ғұмыр кешкен айбарлы Абылай ханның өзі:

Таластың бойы – тар жайлау,

Таласа барып жайлайық.

Келестің бойы – кең жайлау,

Кеңесе барып жайлайық, – деп бостан-босқа айтпаса керек.

Аудандық мәдениет үйінің директоры болып істейтін от ауызды, орақ тілді суырып салма айтыскер ақын Жарқынбек Наушабеков:

…Сыр шертер әрбір қырқа, белес, белі,

Ағайын жаны жомарт Келестегі.

Атағы айбындаған бұл өлкеге

Бар еді қай өңірдің теңескені.

Бұл елде өскен қазақ ұлылары,

Ел-жұрты бәтуәлі, ымыралы.

Келестің қасиетін сол өңірде

Туылған адам ғана ұғынады, – деп жауһар жыр жолдарына қосады.

Келес – тарихы бай өңір. Осы орайда қоғам қайраткерлері – Тасбау Борашев, Зиябек және Лениншіл Рүстемовтерді, ақын-жазушылар – Тоқаш Бердияров, Немат Келімбетов, Зәкір Асабаев, Тұрап Айдаров, Орынкүл Тәжиеваны, Қазақстанның тұңғыш мүфтиі Рәтбек қажы Нысанбайұлын, Парламент депутаттары – Байділда Жылқышиев, Сауытбек Абдрахмановты, актерлер – Әшірәлі Кенжеев, Үсіпхан Сейтімбетовті, ғалымдар – Әмірбек Алданазаров, Беген Есімов, Қарабай, Мұрат және Ілесбек Қонысбаевтар, Әбдіманап, Сәуле, Қарлығаш Жолдасбековтерді, дәрігер Нұржан Рыскелдиевті, әнші Сержанәлі Әлібектің есімі алдымен тіл ұшына оралары анық.

«КЕЛЕСІМ – АТАМЕКЕНІМ!»

Іс-шараның «Аллаға шүкір!» деп аталатын алғашқы бөлімінде Келес топырағында дүниеге келген, еңбек еткен бір топ атпал азаматтардың әруағына Құран бағышталды.

Салтанатты жиынды Келес ауданының әкімі Ақментай Есбаев (суретте) қысқаша құттықтау сөз сөйлеп ашты. Ол өз сөзінде мынадай дерек-дәйектерді тілге тиек етті: 1922-1923 жылдары киелі Келес жерінде алғашқы Коммуна құрылған. 1928 жылы Қазақстанның Оңтүстік өлкесінде негізі қаланған 21 ауданның ішінде Келес те болған. 1939 жылы оның құрамынан Сарыағаш ауданы енші алып, бөлініп шыққан. 1963 жылы Келес ауданын алғаш рет Сарыағаш ауданына қосып жіберген. 1964 жылы өз алдына жеке аудан болғанымен, Шардара атауын иеленген.1969 жылы Келес атауы қайтарылған. Аудан орталығы Қожа Ахмет Ясауидің жолын ұстанған Ешан әулие атаның құрметіне Ешан базар; имам, молдаларды қудалау кезеңінде Абай базар; кейіннен базар, саудагер деген сөздерден құтылу мақсатында Абай деп аталған. Сол көреген, көріпкел Ет жемес Ешан әулие ата аудан деген ұғым жоқ кездің өзінде-ақ қазіргі Келес, Сарыағаш аумақтарындағы елді мекен жайында «Үш рет бірігіп, үш рет бөлінеді, кейіннен жеке-жеке ел болады», – деп айтқан екен. Бүгінде сол әулие атамыздың айтқаны айдай келіп отыр. 1988 жылы екінші рет Сарыағаш ауданына қосылып, 1989 жылы қайтадан бөлініп шыққан. 1997 жылы үшінші рет Сарыағаш ауданының құрамына қосылған. 2018 жылы 5 маусымдағы Елбасының №698 Жарлығымен Келес ауданы қайтадан қалпына келтірілді.

Соңғы 21 жылда аудан халқы 96 мыңнан 142 мың тұрғынға, яғни 50 мыңдай адамға өскен. Аудан орталығы – Абай ауылынан бөлек 11 ауылдық округке қарасты 83 елді мекен бар. Осы мерзім ішінде 104 әлеуметтік нысан, соның ішінде 24 медицина мекемесі, 19 мектеп, екі мәдениет үйі пайдалануға берілді. 22 елді мекен электр қуатымен, 20 елді мекен «көгілдір отынмен», 19 елді мекен ауыз сумен қамтамасыз етілді.

Аудан қайтадан құрылғалы бері мұнда бірқатар ізгілікті де игілікті іс-шаралар өткізілген. Абай ауылындағы Орталық стадионда ұйымдастырылған мерекелік салтанатқа қатысқан Түркістан облысының әкімі Жансейіт Қансейітұлы Түймебаев, облыстық мәслихаттың хатшысы Қайрат Рахымұлы Балабиев өздерінің жүрекжарды игі тілегін жеткізген. Киелі Келес жеріне облыстық «Дәстүрлі құндылықтар керуені» келген. «Алтын күз» мерекесінде ауыл шаруашылығы саласының үздіктері марапатталған. Келес халық театрының 40 жылдық мерейтойы атап өтілген. Ұстаз, ақын Қыздаркүл Омарованың шығармашылық кеші ұйымдастырылған. Аудан әкімі Ақментай Есбаев жастармен бейресми кездесу өткізген. Байырғы ұстаз, аудандық мәслихаттың депутаты Сапарәлі Селтановтың демеушілігімен «Келес келбеті» атты қоғамдық-саяси ақпараттық апталық газеті жарық көруде. Алдағы кезде атқарылар тірлік те аз емес. Қысқасы, киелі Келестің келешегі кемел екені шүбәсіз.

Басқосу барысында Келес ауданының тумасы, Халықаралық «Болашақ» бағдарламасының түлегі, Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Сейдірұлы Көлгіновтің Келес ауданының қайтадан қалпына келтірілуіне байланысты жолдаған құттықтау хатының мәтіні оқылды. Түбі бір туысқан – Түркия еліндегі Келес қаласының әкімі Мехмет Текенің бейнеқұттықтауы көпшілік тарапынан ыстық ықыласпен қабылданды.

Республикалық және Халықаралық айтыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы әрі жүлдегері атанған суырып салма айтыскер ақын Жарқынбек Наушабеков домбыра шанағынан арнау жырын ағылтты. Осы ауданның тумасы, журналист Оңғар Исаев әзірлеген аудан тарихына арналған киноочерк көрсетілді.

Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан) облысының және бес ауданның құрметті азаматы Нұрмаханбет қажы Әжіметов өз сөзінде аудандық партия комитетіне жетекшілік жасаған жылдарын тебірене еске алды. Қайта қалпына келтірілген аудан халқына толағай табыстар тіледі.

Кезінде аудандық соттың төрағасы болып қызмет істеген Өміртай Қалықұлов киелі Келес даласында Кир патшаның басын кесіп алған тәбәрік Тұмар ханым мен бойына әулиелік, емшілік қасиет дарыған Ет жемес Ешан атаның қасиетті іздері қалғанын сөз етті. Сол себепті аудан орталығындағы көшелерге олардың есімін беру керектігі жөнінде ұсыныс жасады. Аудан тарихы музейін ашу қажеттігін алға тарта отырып, өзі осында қызмет істеген жылдары түскен фотосуреттердің бірін аудан әкіміне табыстады.

Ғалым, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Беген Омарұлы Есімов көрнекті ғалым Владимир Иванович Бернадскийдің Келесті ең суы көп ауданға теңегенін айта келе Қазығұрт, Сарыағаш, Келес секілді үш ауданды басып өтетін Келес өзенінің бұлақ-бастауларын өз көзімен көргенін әсерлі әңгімелеп берді. Мұнда КСРО Жоғарғы Кеңесіне үш рет депутат болып сайланған Бәйбек Ермеков, сондай-ақ Рыскүл Махатова, Пілтән Мамыров секілді Социалистік Еңбек Ерлері, Ілесбек Жолдасовтай Кеңес Одағының Батыры шыққан ауданның атақ-даңқы алысқа жеткенін баяндап берді. Өзбекәлі Жәнібеков, Артық Дарханбаев сынды ұлағатты ұстаздарынан өнегелі тәлім-тәрбие алғанын тебірене тілге тиек етті. Сонымен қатар үлкен агроөнеркәсіптік орта болып табылатын Өзбекстаннан, Ташкенттен үйренеріміз көп екенін де айтып өтті.

Іс-шарада кезінде осы ауданды басқарған Тойым Жүнісов, Жайлау Сұлтанов, идеология жөнінде хатшы болып қызмет істеген Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан) облысының құрметті азаматы Сайлаукүл Барахова, полиция қызметінің ардагері Құдияр Ибраев, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Ахмет Мұхамеджанов, аудандық мәслихаттың депутаты Сапарәлі Селтанов, тағы басқалар құттықтау сөз сөйледі. Көршілес Қазығұрт, Сарыағаш, Шардара, Мақтаарал, Жетісай аудандарынан келген қадірменді қонақтар да өздерінің жүрекжарды ізгі тілектерін жарыса жеткізді.

Келес ауданының тумасы, дәрігер, медицина ғылымының кандидаты Икрам қажы Төлеев әрбір азамат кіндік қаны тамған туған жерге көмек қолын созып, қайырымдылық жасауды әрдайым жадында ұстағаны жөн екеніне тоқталды. Мәселен, бұрынғы белгілі балуан, грек-рим күресінен Олимпиада чемпионы, қазіргі кәнігі кәсіпкер Жақсылық Үшкемпіров ауылдастарына арнап 50 үй салып бергенін айрықша ілтипатпен айтып өтті. Өзінің де Келес аудандық ауруханасына барокамера сыйға тартқанын тілге тиек етті. Сөзінің соңында аудан әкіміне таксикология клиникасы туралы жазылған туындыларын табыстады.

Басқосудың мәдени бөлімінде Шәмші Қалдаяқов, Әшірхан Телғозиев, Асқар Мамырбаев, Бақытхан Сұлтанханов, тағы басқа сазгерлердің Келес жайлы жазылған әсем әуенді әндері орындалды. Жиналған жұртшылық «Ақ әжелер» ансамблінің, сонымен қатар Әділет Әзімқұлова, Сейдана Шындәлиева, Гүлайна Сұлтанова, Замира Дидарова секілді жезтаңдай әншілердің өнеріне ерекше тәнті болды.

Әбдісаттар ӘЛІП,

журналист, ақын, аудармашы, Қазақстан Журналистер және Халықаралық Жазушылар одақтарының мүшесі.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *