Геннадий Геннадьевич ГОЛОВКИН (1982 жыл 8 сәуірде Қарағанды қаласында дүниеге келген) — қазақстандық кәсіпқой боксшы, орта салмақта өнер көрсетеді. Орта салмақтағы әлемнің экс-чемпионы (IBO тұжырымы, 2010 – қ.у; WBA тұжырымы, 2011 – қ.у; уақытша WBC, 2014 – қ.у). The Ring журналына сәйкес P4P салмақ дәрежесіне қарамастан үздік боксшылардың ондығына кіреді. 2013 жылдың соңында WBA тұжырымы бойынша орта салмақ дәрежесіндегі қазақстандық суперчемпион Геннадий Головкин беделді американдық USA Today басылымының нұсқасы бойынша «Жыл боксшысы» атанған болатын.
Отбасы жайлы айтар болсақ, әкесі – орыс, мамандығы – шахтер, анасының ұлты – кәріс, химиялық зертханада көмекші қызметін атқарған. Головкиннің үш ағасының екеуі әскерде қызмет атқарып белгісіз жағдайларда қаза тапқан (Вадим – 1990 жылы, Сергей – 1994 жылы). Үшінші ағасы – Максим де бокспен айналысқан, қазіргі уақытта бокстан Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген бапкері болып саналады. Ағайынды жігіттер бірдей салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен, бірақ бір-бірімен ешқашан да бетпе-бет шайқасқан емес. Бір-бірімен шайқас түскенде екеуінің біреуін жарыстан алып тастайтын болған. 2004 жылғы Олимпиадаға іріктеу кезінде Максимге осылай істеуге тура келді. Қазіргі уақытта Геннадийдің ағасы онымен бір командада жұмыс істейді және чемпионға сайыстарға дайындық кезінде көмектеседі. Геннадий Головкин үйленген. Зайыбы Алина және ұлы Вадим чемпионның берік отбасын құрайды.
Орта салмақтағы кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин шаршы алаңда 42 кездесу өткізіп, соның 40-ында жеңіске жетсе, 35 жекпе-жекті мерзімінен бұрын аяқтаған. Бір рет тең түсіп, бір рет жеңіліс тапқан.
«Әкем орыс, шешем кәріс, өзім қазақпын» дейтін кәсіпқой боксшы Геннадий Головкииннің шаршы алаңға шапан киіп шығуы игі дәстүрге айналған. Оның бұрын киген шапаны жайлы әңгіме жанкүйерлер тарапынан қызу талқыға түскені жадымызда. Өйткені, оны өзге ұлттың, өзбектің шапаны деушілер табылған. Міне, осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында шымкенттік кәсіпкер Әбдімәжит Сыздықбеков былғары қолғап шеберіне қымбат матадан арнайы шапан тіктірген. Шапанның дизайнын Бағдат Айнақұлов жасаған. Шапанда қазақы ұлттық нақыштағы өрнектерден бөлек оған GGG сөзі жазылған. Бұл өз кезегінде брендке де айналып үлгерді.
Генаның Қазақстанның Мемлекеттік туына ұқсас тіс қорғағыш капасы да ерекше. Ол шаршы алаңға Jordan компаниясы жасап шығарған арнаулы аяқ киім – боксеркада шығып жүр. Бұл да ұлттық нақышпен безендірілген.
Шапан – Қазақстан мен Орталық Азия халықтарына тән ұлттық сырт киім. Оны қалың матадан арасына жүн, мақта салып, астарлап немесе қос астарлап сырып тігеді. Ол негізінен тік жағалы, ішінара қайырма жағалы да болады. Шапанның бірнеше түрі, мәселен, әйелдер шапаны, ерлер шапаны, қаптал шапан, қималы шапан, тағы басқалар бар. Байлар мен билер киетін шапан қаптал шапандар қамқадан тігіліп, жағасына құндыз салынатын. Қазіргі кезде түрлі-түсті масатыдан екі өңірі мен жеңі кестеленген немесе зер ұсталған жадағай (арасына жүн, мақта салмай) шапандар тігіліп сатылады. Қазақ халқының арасында сыйлы адамдарға, қадірменді қонақтарға, үлкен кісілерге сыйлық ретінде шапан жабу дәстүрі бар. Қазақтың белгілі қаламгері Мархабат Байғұт бәдіздегендей, бір ғана Оңтүстік өңірінде жиырма бес мың шапан қолдан-қолға өтіп, айналымда жүретін көрінеді.
Шымкенттік спорт жанкүйерлер де Геннадий Головкинді жақсы көреді. Оның шаршы алаңдағы сайыстарын асыға күтеді. Оған қашан және қай жерде болсын жеңіс тілейді. Сол себепті де болса керек, Республика даңғылы мен Айбергенов көшесінің қиылысқан жеріне оған арнайы баннер орнатқан. Онда: «Шапан, Әнұран, Ту. Мұның бәрі жүректен шыққан дүниелер. Мен барлығын шынайы жасаймын» деген жазу бар. Осыны көрген жас ұландардың бәрі Головкиндей биік-биік шыңдарды бағындыруға ұмтылатыны анық. Біз соған қуанамыз.
Әбдісаттар ӘЛІП.