«ОТ БОЛЫП, ӨЛЕҢ БОЛЫП ӨТКЕН АҚЫН»

Кездейсоқ жаңалықтар
1 324 Views

Түркістан облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы, облыстық «Отырар» ғылыми-әмбебап кітапханасы, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының ұйымдастыруымен қазақтың ақиық ақыны Тоқаш Бердияровтың бақилық болғанына 30 жыл толуына орай «От болып, өлең болып өткен ақын» атты әдеби-сазды еске алу кеші өткізілді. Облыстың бас кітапханасында өткен бұл іс-шараны осы құтхана директорының орынбасары Гүлмира Алпысбаева қысқаша кіріспе сөз сөйлеп ашты.Кешті жүргізу тізгіні ақын Мұрат Бекейге берілді.

Алғаш сөз алған қарт қаламгер Еркінбек Тұрысов майдангер ақынмен Алматыға барғанда аз-кем жолығысып тұрғаны жайында әңгіме өрбітті. Сондай кездесулердің бірінде Тоқаңның «Жазушы» баспасының басшысы Әбілмәжін Жұмабаевпен айтысқанының үстінен түсіпті. Баспа қызметкерлерінің кінәсінен кітаптарының кешігіп шығатынына ашынған ақын біршама ашу шақырған көрінеді. Әбекең Тоқаңды әупірімдеп басқан екен. Осылайша атағымен де, шатағымен де танылған шайырдың отты жырлары мен прозалық шығармаларын тебіренбей оқу әсте мүмкін еместігін тілге тиек етті.

Белгілі жазушы Мархабат Байғұт ақынның көзі тірісінде 50 және 60 жасқа толған, бақилық болғаннан кейін 70 жылдық мерейтойына қатысқаны жайында сөз етті. Әсіресе 1985 жылы Тоқаш Бердияров, Ғафу Қайырбеков, Ғафаңның зайыбы, төртеуі бір апта бойы Келес ауданында сан түрлі іс-шаралар өткізгенін әсерлі етіп жеткізіп берді. Астана, Алматы, Шымкент, Түркістан қалаларындағы көшелерге оның есімін беру керектігін айтты. Оңтүстік астанадағы ақын тұрған үйлерге ескерткіш мемориалдық тақта орнату мәселесін қала әкімдігі мен Қазақстан Жазушылар одағына айтпай-ақ, ағайын-туысқанның көмегімен жүзеге асыруға болатынына тоқталды. Ал, Тоқаш Бердияров туралы естеліктер кітабын шығару мәселесін айтулы ақын, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы, «Жазушы» баспасының директоры, Тоқаңның сенімді шәкірттерінің бірі Есенғали Раушанов арқылы шешуге болатынын мәлімдеді.

Еркінбек Тұрысов пен Мархабат Байғұт сынды ардагер қаламгерлер «Әдебиет әлемі» сериясымен жарық көрген «Талантымен талайды тамсандырған тылсым тағдыр туралы толғаныстар» атты бірінші кітабының (бас редакторы Әбдісаттар Әліп, «Әдебиет әлемі» сериясының бас редакторы Фатима Қанаева, құрастырушы редакторы Қарлығаш Үсенқұлова) тұсау шешу рәсімін өткізді. Әдебиет зерттеушісіне жазар дүние көбейсін десті.

Өз кезегінде Әбдісаттар Әліп «Әдебиет әлемі» сериясымен жарық көретін «Талантымен талайды тамсандырған тылсым тағдыр туралы толғаныстар» атты екінші кітабына негізінен Шымкент шаһарында, Түркістан облысында тұратын бір топ азаматтардың Тоқаң туралы жазған мақалалары, өлеңдері, естеліктері енетінін айтып өтті.Сөйтіп қалың жұртшылықты осы бір ізгілікті де игілікті іске белсене атсалысуға, қолдан келгенше көмек көрсетуге шақырды.

Жазушы Шойбек Орынбай Қазақ мемлекеттік университетінде оқып жүрген кезінде Қазақстан Жазушылар одағының жанындағы саябақта Мұқағали Мақатаев, Тоқаш Бердияров секілді ақындармен жиі жолығысып жүретінін айтты. Кейіннен Сарыағаш аудандық «Қызыл ту» (қазіргі «Сарыағаш») газетінде қызмет істеп жүргенде ақын Әмзе Қалмырзаұлымен бірге одан сұхбат алғанын айтты. Тоқаңның бір әңгімесін газеттерінде шығарған. Сонда оның екі-үш сөзден сөйлем құрастыру шеберлігіне айрықша тәнті болғанын тілге тиек етті.

Ақын Сәрсен Бек Сахабат шайырдың шығармашылығы жайында сөз қозғады. Поэзиясы ешкімге ұқсамайтын ақын кітаптарын көбірек оқып, кеңінен насихаттау керектігіне тоқталып өтті.

Сатирик жазушы Сабырбек Олжабаев мектеп қабырғасында жүргенде «Әліппе», «Ана тілі», «Қазақ әдебиеті» кітаптарынан Тоқаш Бердияровтың өлеңдерін оқығанын тілге тиек етті. Алайда соңғы кездері шайыр шығармаларының мектеп оқулықтарына енбей жүргеніне реніш білдірді.

Ақын Еділбай Көшербай әдебиеттанумен етене айналысып жүрген Әбдісаттар Әліпке көпшіліктің атынан алғыс айтты. Жиналғандарды оған қолдан келгенше моральдық және материалдық көмек көрсетуге шақырды. Сөзінің соңында арнау өлең оқыды.

Жұмат Шанин атындағы Түркістан облыстық театрының актері, Қазақстанға еңбегі сіңген әртіс Сапар Өтемісов Тоқаш Бердияров пен Мұқағали Мақатаевтың өзара дос болғанын тілге тиек етті. Ол өзінің сөзін Мұқаңның өлеңімен өрнектеді.

Ақынның ағайын-туыстарының атынан «Нұр Отан» партиясы Шымкент қаласындағы Қаратау аудандық филиалының төрағасы Әшірбек Тұрдалин, Сарыағаш және Келес аудандарындағы Тоқаш Бердияров атындағы әдебиет және өнер бірлестігінің төрағасы Жаппарбек Үмбет, Тоқаңның туған інісі Аралбай Бердияров, ағайын інісі Құттыбай Қалыбаев құттықтау сөз сөйлеп, кеш кейіпкері туралы өздерінің ойларын ортаға салды. Олар Еркінбек Тұрысов пен Мархабат Байғұт сынды ардагер қаламгерлердің иығына мақпал шапан жапты. «Нұр Отан» партиясы Шымкент қаласындағы Қаратау аудандық филиалы төрағасының және Келес ауданындағы Тоқаш Бердияров атындағы №127 жалпы орта мектебі дирекциясының атынан бір топ азаматтарға Алғыс хат табыс етілді.

Басқосу барысында шымкенттік әнші-сазгер Гүлжан Сұлтанқызы ақын Сабырбек Тұрлыбектің сөзіне жазылған «Дүниеге Тоқашты жаратты өлең…» әнін орындады. Ақындар – Қыздаркүл Омарова, Жүсіп Әшімов, Сабырбек Тұрлыбек Тоқаңа жыр арнады.Шымкенттік мектеп оқушысы Алтынай Маханбетова Тоқаш ақынның «Мейлі, мейлі» деп аталатын өлеңін оқыды.

Осы бір әдеби-сазды кешке келгендер кейіннен ақ дастарқан басына жиналып, ақын жайында әсерлі естеліктерімен бөлісті. Тоқаштың рухына құран бағыштады. Қорыта айтқанда, бұл басқосу оған қатысушыларға керемет көңіл-күй сыйлады деген тұжырым жасауымызға болады.

Зылиха ЖАНТАСОВА,

облыстық «Отырар»

ғылыми-әмбебап кітапханасының

ғылыми хатшысы,

филология ғылымының кандидаты

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *