«БАЛА ЗОРЛАУ» ДАУЫ КЛАНАРАЛЫҚ ТАРТЫСПЕН БАЙЛАНЫСТЫ МА?

Кездейсоқ жаңалықтар
966 Views

«Бала зорлау» дауы Сарыағаш ауданында білім саласының бетімен кеткенін, жік-жікке бөлінушілік пен мүдделі топтар арасындағы текетірестің ушыққанын көрсетті. Облыс жетекшісі Жансейіт Түймебаевтың өзі бұл жағдайға басын шайқап, аң-таң болып отыр.

330 мыңнан астам халқы бар аудан туралы баспасөзде сын көп жарияланады. Білім саласы қызметкерлері арасында соттасу, парамен ұсталу оқиғалары жетіп артылады. Жалпы, аудан ұстаздары арасындағы моральдық-психологиялық ахуал нашар. Соның бір мысалы, Сарыағашта білім беру қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымының саны төртеуге жеткен. Осы кәсіподақ басшылығында жүрген азаматтардың арасындағы мүдде тартысы ушығып тұр. Жансейіт Түймебаев өрескел қателіктерге жол бергені үшін білім саласына жауапты орынбасары Ұласбек Сәдібековке қатаң ескерту, аудандармен байланысты әлсіретіп алғаны үшін облыстық білім басқармасының басшысы Исатай Сағындықовқа сөгіс, Сарыағаш ауданының әкімі Қайрат Әбдуалиевке қатаң сөгіс жариялады. Сарыағаш аудандық жергілікті полиция қызметі басшысы Б. Оразгелдиев пен Сарыағаш ауданы Абай ауылдық жергілікті полиция бөлімшесінің басшысы Ә. Ибрагимов, ювеналды полиция бөлімшесінің №73, №74 жалпы орта мектептеріне жауапты полиция инспекторы Қ.Сәриев қызметтерінен босатылды.

Сарыағаш аудандық білім бөлімінің басшысы Б. Майрихов пен №73, №74 жалпы орта мектеп директорлары тергеу амалдары аяқталғанша жұмыстан шеттетілді.

Қазір белгілі болған мәліметтерге қарағанда, зорланды деген бала біраз уақыт сабақтан қол үзіп, мектепке бармаған. Сабаққа келмеген баланың жағдайынан Ө. Жәнібеков атындағы №73 мектептің директоры Убайда Қожагелдиева қаншалықты хабар алған, ол оқушысының зорлануы мүмкін екенін алдын ала білген бе, білсе, заңға сәйкес әрекет еткен бе? Бұл жағы қызметтік тексеру барысында анықталып, тиісті баға берілуі керек. Айтқандай, У. Қожагелдиеваның аты-жөні бұған дейін де қылмыстық істерде аталған. Басты куәгер ретінде. Біздің қолымызға пара алды деген күдікке іліккен Сарыағаш аудандық білім бөлімінің бұрынғы басшысы Мұратбай Махановқа қатысты шығарылған үкім түсті. Осы үкімге қарағанда, былтыр ақпан айында білім бөлімінің басшысы қызметін атқарып жүрген Мұратбай Маханов бөлімдегі әдіскер арқылы Жәнібеков атындағы мектептің директоры Ү. Қожагелдиевадан «қудаламай, директор қызметінде қалдыру үшін» пара алу кезінде қолға түскен. Сотта М. Маханов өзіне тағылған айыптарды мойындамаған. Сот үкімімен экс-басшы мүлкі тәркіленіп, үш жылға бас бостандығынан айырылғанымен, қарауында кәмелетке толмаған баласының болуына байланысты жазаның өтелуі кейінге қалдырылған. Осы үкімде Ү. Қожагелдиеваның бұған дейін де бір маманды парамен ұстатқаны айтылады.

Ал шәкірттері бала зорлады деген күдікке іліккен Баласағұн атындағы №74 мектептің директоры Бибігүл Селтанова бұрын аудандық білім бөлімін 20 жылдан астам уақыт басқарған Сапарәлі Селтановтың келіні. С. Селтанов қазір аудандық мәслихаттың депутаты, мәслихаттағы тұрақты комиссияның төрағасы. Оның бір ұлы Бауыржан Селтанов облыстық ішкі істер департаменті криминалдық полиция басқармасының бастығы. Былтыр жасы 91-ге келсе де, кәсіподақ тізгінін бермей келе жатқан Бейсенәлі Қырғызәлиев пен Сапарәлі Селтановтың арасында кәсіподаққа қатысты дау туындағаны, Селтановтың Қырғызәлиевтің ұйымына мүше мұғалімдерді өзіне тартып алып жатқаны жөніндегі арыз Парламентке жолданған екен. Арыздың мәтінін жергілікті газеттер жариялаған. Кейбіреулер Сарыағаштағы жағдайды осы текетіреспен байланыстырады. Тіпті облыстық мәслихаттың депутаттары да ақпарат құралдарына берген сұхбаттарында «бала зорлау» оқиғасының түп-төркінін кланаралық текетіреске апарып тірепті. Бүл қаншалықты қисынды? Бейсенәлі Қырғызәлиев те қара жаяу емес. Ұзақ жылдар аудандық мәслихаттың депутаты болған. Оның ұлы Нұралы Қырғызәлиев уақтысында Сарығаш аудандық ішкі істер басқармасының басшысы, облыстық ішкі істер департаменті басшысының бірінші орынбасары лауазымдарын атқарған.

Білім бөлімінің басшысы болған Сапарәлі Селтанов аудандық сайлау комиссиясының төрағасы қызметін де қоса атқарған. Оның жұмыс істеген уақыты Зағипа Балиеваның Орталық сайлау комиссиясының төрайымы болып істеген уақытпен сәйкес келеді екен. Журналист Амангелді Батырбековтің әлеуметтік желідегі жазбасына сенсек, екі лауазым иесі бір-бірімен қоян-қолтық араласқан көрінеді. Яғни «Зағипа Балиева бұл іске бекер кіріскен жоқ» дегенді келтіреді. Ал Сапарәлі Селтанов ақпарат құралдарына берген мәлімдемесінде Амангелді Батырбековпен уақтысында бес рет соттасқанын жазыпты. Әйтеуір, бір-бірімен шырмауықша байланысып жатқан дүние.

Ал енді бүл жайттың бәрін жеті жастағы баланың зорлануына қалай иіп әкелуге болады? Қисынды ма? Жоқ елде өзара жауласушы тараптар болған оқиғаны өз мақсаттарына пайдаланып қалуға тырысып жатыр ма? Әйтеуір, бейкүнә баланың тағдырын жергілікті кландар ойыншыққа айналдырып кетпесе жарар еді.

Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ.

Оңтүстік Қазақстан облысы.

“Жас Алаш” газеті,

20 наурыз, 2018 жыл

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *