ПОЛЬШАНЫҢ ІРІ КӘСІПКЕРЛЕРІНІҢ БІРІ ШЫМКЕНТТЕ ФАРМАЦЕВТИКАЛЫҚ ЗАУЫТ САЛАДЫ

Денсаулық Экономика
24 Views

Өткен жылдың қазан айында «Химфарм» ЖШС («Polpharma Santo» сауда белгісі) басшылығымен кездесуде Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков дәрі-дәрмек бағасының өсуін тежеу және тұрғындарды сапалы әрі қолжетімді медициналық препараттармен қамтамасыз ету шараларын талқылады. Тараптар кәсіпорынның өндірістік қуатын арттыру және заманауи техникалық шешімдерді енгізу жөнінде келісімге келген болатын.

Осы келісім аясында Шымкентте жаңа фармацевтикалық зауыт салу бойынша ауқымды инвестициялық жоба басталады. Тиісті инвестициялық келісім Қазақстан Республикасының Үкіметі тарапынан мақұлданды.

Айта кетейік, жеке инвестициялардың жалпы көлемі шамамен 40 млрд теңгені құрайды. Жоба аясында жаңа өндірістік желілер салынып, шығарылатын дәрілік препараттар 38 атауға дейін кеңейтіледі. Олардың қатарында онкологиялық, жүрек-қан тамырлары және жұқпалы ауруларды емдеуге арналған дәрілер бар.

Өндірістің бірінші кезеңін іске қосу 2029 жылдың соңына жоспарланған. Инвестициялық жобаны жүзеге асыру барысында шамамен 300 жаңа жұмыс орны ашылады. Бұл мегаполистің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізеді.

Польша тарапы, сондай-ақ, Шымкентте жаңа дәрілік өнімдерді әзірлеуге арналған ғылыми-зерттеу сынақ орталығы мен заманауи зертханаларды қамтитын Сапа және инновациялар орталығын салуды жоспарлап отыр.

Зауыттың ашылуы отандық дәрі-дәрмек өндірісінің үлесін арттыруға, импортқа тәуелділікті азайтуға және Шымкенттің елдегі жетекші фармацевтикалық орталықтардың бірі ретіндегі рөлін нығайтуға мүмкіндік береді.