СОЛТҮСТІК ӨҢІРЛЕРМЕН ТАНЫСУ МАҚСАТЫНДА ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНАН 45 ТҰРҒЫН ЖОЛҒА ШЫҚТЫ

Саясат Қоғам
684 Views

Бүгінде «Nur Otan» партиясының Түркістан облыстық филиалы мен жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы және жергілікті әкімдіктер арқылы жұмыс күші тапшы өңірлерді жұмыс күшімен қамтамасыз етуді көздейтін «Еңбек» бағдарламасының ұйымдастыру, насихат жұмыстары жанданды. Кеше аталған бағдарламаның үшінші бағыты шеңберінде Түркістан облысы, Сайрам ауданынан Солтүстік өңірге қоныс аударуға ниет білдірген 45 отбасы (Сарыағаш, Сайрам, Бәйдібек аудандары) мүшелері Павлодар мен Солтүстік Қазақстан облыстарының тыныс-тіршілігімен танысу мақсатында жолға шықты. Олар екі облыстағы жағдайды жан-жақты сараптайды. Егер ұсыныс ұнаса, ол тұрғындар солтүстікке көшуі мүмкін.

Қоныс аударуға ниет білдіріп, жолға шыққан тұрғындарға «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсенбай Тәжібаев Солтүстік өңірлерге Оңтүстік халқының қоныс аударуының стратегиялық маңыздылығын, мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдауларды атап өтіп, жерлестерімізге сәт-сапар тіледі.

Өз кезегінде түркістандықтардың Солтүстік өңірлерге қоныс аударуға бірнеше жылдан бері қолдау білдіріп жүрген, солтүстік өңірлер тіршілігімен танысып қайту саяхатын (тегін) ұйымдастырушы «Ұлы көш» қоғамының төрағасы Жаңабай Ағабеков сапардың бағыты туралы мағлұмат берді. Қоныс аударған жерлестерімізге жасалатын қолдауларды (баспана, жұмыс орны, жер) көзбен көріп, түсіндіру жұмыстарын жүргізуге белсенділік танытуға шақырды.

Солтүстік облыстарға көші-қон бағдарламасы басталған 5 жылдың ішінде 20 мыңдай адам көшіп барған. Оның 6 мыңы – Түркістан облысының тұрғындары. Яғни 1700 отбасы қоныс аударған.

Сәуір айының басында Үкімет отырысында Солтүстік Қазақстан облысының 2025 жылға дейін даму бағдарламасы қабылданды. Енді бұл аймаққа жалпы көлемі 2 трлн. теңге инвестиция салынбақ.

Ауыл шаруашылығы бойынша 52 сүт фермасы, 2 тауық фабрикасы бой көтереді. «Қызылжар» транспорт хабы іске қосылады. Басқа аймақтармен байланысты арттырып, барыс-келісті барынша күшейту үшін әуе қатынасын айына 16-дан 68 рейске дейін арттыру жоспарлануда. Сонымен қатар облыстық жаңа аурухана, аудандарда 47 медициналық нысан, тұрғындар үшін 21 мың пәтер мен 16 мектеп салынады. Назарбаев университетінің негізінде жаңа университет іске қосылады. Осы жоспар бойынша 26 мың жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Бұл бастамалар «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасына енгізілген.

Солтүстік өңірлерге қоныс аударушыларға мемлекет тарапынан жасалатын қолдаулар туралы ақпаратты аудандық жұмыспен қамту орталықтарынан алуға болады.

ӘУЕЖАЙДЫҢ ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ ДЕҢГЕЙІ КӨТЕРІЛЕДІ

Қала әкімі Рашид Аюпов Түркістан Халықаралық әуежайының жұмыс барысымен танысты. Түркітілдес елдердің рухани астанасы атанған шаһарға қызығушылық артып, қонақтар легі өсетіні күтілуде. 2020 жылы індетке байланысты Түркістан қаласына 869 242 мың адам келген болса, 2021 жылы 1,5 млн. адам келеді деген болжам бар.

Сол межеге жету мақсатында жаңа әуе бағыттары ашылып, жаңа келіссөздер жүргізілуде. Карантин кезеңінде бір мезетте көп адамға сапалы және қауіпсіз қызмет көрсету үшін алдын ала дайындық жұмыстары қажет етілетінін айтып өткен Рашид Абатұлы арақашықтық сақталуын және бетперде тағылуын қадағалайтын қызметкерлер, санитайзерлер мен арнайы сызықшалардың болу маңызын ұмытпауды ескертті.

Бұған қоса, ұшақпен шаһарға келген қонақтардың алғаш көрері әуежай болатындықтан сыртқы келбетімен қоса, ішкі тазалығына да мән берудің қажеттілігін айтты. Ал, келген қонақты қуана күтіп алып, қажетіне сай сапалы әрі жылдам қызмет көрсету — ерекше әсер қалдыратынын алға тартып, қызметкерлерге арнайы оқу және біліктілігін арттыру дәрістерін алуын ұсынды. Айта кетейік, ҚР Үкіметінің шешімімен әуежай аумағы Түркістан қаласының құрамына енген болатын.

ТЕМІРЖОЛ ВОКЗАЛЫ АУМАҒЫНЫҢ ТАРИХИ КЕЛБЕТІ САҚТАЛАДЫ

Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Жандос Тасов Теміржол вокзалы аумағындағы күрделі жөндеу жұмыстарының барысын көрді. Аталған тарихи нысан аумағында қазіргі таңда аяқжолдар төселіп жатыр. Одан өзге, жарықшам, орындықтар, қоқыс жәшіктері, жасыл желектер егіліп, жан-жағындағы дүңгіршектер мен нысандардың сырт келбеті шығыс үлгісінде қапталады.

Одан өзге, Жандос Қалмырзаұлы пойыз қызметіне жүгінетін мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы жағдай жасау мақсатында өтпе көпір мен пандус жасауды тапсырды. Сонымен қатар, қалаға келетін қонақтар бірінші аяқ басар Теміржол вокзалы аумағында құрылыс жүргенімен, тарихи келбетін сақтап қалу ерекше назарда болатынын айтты.

Жалпы, вокзал аумағы ғана емес, нысан ішінде де бірқатар жұмыстар атқарылмақ. Ескі дүниелерге реконструкциялау жұмыстары жүріп, жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып жатыр. Айта кетейік, Түркістан теміржол вокзалы бір ғасырдан астам уақыт бұрын салынған. Қабырғалары арнайы күйдірілген кірпіштермен қаланған және Республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енген.

ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНДА СЕНБІЛІКТЕ 150 ТҮП АҒАШ КӨШЕТІ ОТЫРҒЫЗЫЛДЫ

Өткен сенбі күні Түркістан қаласындағы Қазыбек би көшесінің бойында облыстық қоғамдық даму басқармасына қарасты секторда сенбілік өтті. Қоғамдық даму басқармасы мен облыстық ақсақалдар алқасының ұйымдастыруымен өткен сенбілікке басқарма басшысы Дамир Жүнісов пен ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов, «Жас Отан» жастар қанатының облыстық филиалының төрағасы Жансерік Жұман бастаған бір топ белсенділер мен қала тұрғындары қатысты. Сенбілік барысында 150 түп шырша ағашы отырғызылып, көше бойы қоқыстан тазартылды.

Басқарма басшысы Дамир Жүнісов: «Ақсақалдар алқасымен бірлесе отырып қала аумағына егілген ағаштарды күтіп-баптау жұмыстарына бақылау жасауды қолға алған болатынбыз. Сол жұмыстың бастамасы ретінде басқармаға қарасты секторға ағаш көшеттерін отырғызып, оларды суғару мәселесі бойынша тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасын тауып, Түркістанның жасыл қалаға айналуына үлес қосамыз» – деді.

Айта кетерлігі, Қазыбек би көшесіндегі әр тұрғын өз ауласына егілген ағаштарға уақытылы су құйып, күтіп-баптауға өз үлестерін қосатын болды. Бұл жұмыстарға облыстық ақсақалдар алқасы үнемі мониторинг жасап, бақылап отырады.

Қала тұрғыны, облыстық ақсақалдар алқасының мүшесі Аман Абдуллаев: «Облыс орталығына айналғалы Түркістан адам танымастай ажарланып келеді. Қаламыздағы атқарылып жатқан жұмыстардың ең ауқымдысы ретінде абаттандыру жұмыстарын айтар едім. Саябақтар салынып қаланың климатын жақсарту жұмыстары жақсы жүруде. Әсіресе, қаланы секторларға бөліп, оның әрбіріне мемлекеттік мекемелерді жауапты ету – облыс әкімдігінің ең ұтымды бастамасы деп білемін. Сектор жауаптылары өз аймағына тал егіп, көгалдандырып, тұрғындарға қолайлы өмір сүруге жағдай жасауда. Біз де өз тарапымыздан осы жұмыстарға қолдау білдіріп, әр егілген ағашқа қамқорлықпен қарап, оны күтіп-баптауға барымызды саламыз» – деп барша қала тұрғындарын осы бастамаға қолдау білдіруге шақырды.

МАҚТААРАЛДА 50 ОТБАСЫ БАСПАНАЛЫ БОЛДЫ

1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында Мақтаарал ауданында аз қамтылған көпбалалы 50 отбасы баспаналы болды. Аудан әкімі Бақыт Асанов «Нұрлы Жер» бағдарламасы аясында сатып алынған жаңа үйлердің кілттерін тұрғындарға ресми түрде табыстады.

«Бұған дейін Мырзакент кентіндегі жаңадан бой көтерген мөлтек ауданнан кезекте тұрған 16 отбасыға үй берілген еді. Міне, бүгін аз қамтылған көпбалалы отбасылардың қуанышына ортақтасып отырмыз. Біз алдағы уақытта Мырзакент кентінен көпқабатты тұрғын үйлерді салуға кірісеміз. Осылайша, үй кезегінде тұрған мақтааралдықтардың мәселесін жыл сайын шешіп отыратын боламыз. Ендеше, жаңа баспаналарыңызда тек қана қуаныш, тойлар болсын!» – деді Бақыт Насырханұлы.

Аталған жаңа үйлер А.Қалыбеков ауылдық округі Төрткүл ауылында, Ж.Нұрлыбаев ауылдық округі Ырысты ауылында, Еңбекші ауылдық округі Шұғыла ауылында және Бірлік ауылдық округіне қарасты Қ.Пернебаев ауылдарында орналасқан.

Жаңа үйлердің әрбірінде кіреберіс дәліз, 3 жатын бөлмесі, 1 асхана және жуынатын бөлме (санузель) бар. Үйлер толықтай жылу жүйесімен, салқын және жылы сумен қамтылған.

Айта кетейік, алдағы уақытта Мырзакент кентін ұлғайтуға арналған жаңа мөлтек ауданнан 5 қабатты 14 тұрғын үй, яғни 740 пәтер салыну жоспарлануда.

БІР АЛҚАПТАН ЕКІ-ҮШ ӨНІМ АЛУҒА НИЕТТІЛЕР 3 ЕСЕГЕ АРТТЫ

Биыл Ордабасы ауданында 1 алқаптан 2-3 өнім алуға ниетті шаруашылық саны 257-ге жетті. Олар қазіргі таңда 524 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын егіп, баптауда. Бұл былтырғы көрсеткіштен 3 есеге артық.

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасына сәйкес, Ордабасы ауданында ауыл шаруашылық саласын дамыту жүйелі жүзеге асырылуда. Аудан әкімі Нұрбол Тұрашбеков жердің тиімділігін арттыруды, ағын су мәселесінің шешілуін жіті бақылауына алып, түйткілді мәселелердің тарқатылуын ұдайы назарында ұстап келеді.

Бүгін Ордабасылық шаруалар озық технология игілігін көре бастаған дихандардың тыныс-тіршілігімен танысты. Алдымен Қарақұм ауылындағы 15 гектарға тамшылатып суғару әдісін енгізген жеке кәсіпкер Әмзебек Аманжоловпен кездесіп, тәжірибе алмасты. Сондай-ақ, үйіргелік жердің ауласындағы 0,05 га жерге жайғасқан жылыжай жағдайын көрді. Самат Сұлтанов кәсібін «Еңбек» бағдарламасы арқылы алған 555 мың грант қаржысына бастап, екі жылда төрт өнім алып, пайдаға кенелгенін атап өтті.

Бөген ауыл округіндегі «Анар» шаруа қожалығы жер өңдеуде былтыр айтулы жетістіктерге жеткен. 5,7 га жерге жүгері мен мақта егіп, жүгеріні гектарынан 110 цн, мақтадан гектарынан 30 центнерден өнім алған. Шаруалардың назарына оңтайлы озық техникалар да ұсынылып, қолданылатын тыңайтқыштар туралы ақпараттар берілді.

Сапар соңы аудан әкімінің орынбасары Қыдырбай Сейітқұлдың, ауыл әкімдерінің қатысуымен өткен семинарға ұласты. Семинар барысында аудандық ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Әбілдә Әлібеков баяндама жасап, семинарға қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.

Бетті дайындаған З.ДҮЙСЕМБЕКОВ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *