ТАБЫСЫМЫЗДЫ ЕСЕЛЕЙТІН ЖЫЛ БОЛСЫН!

Қоғам
729 Views

Құрметті шымкенттіктер, қадірлі отандастар!

Баршаңызды келе жатқан Жаңа 2022 жылмен шын жүректен құттықтаймын!

Санаулы күннен соң біз бір жылды тарих қойнауына тапсырып, жаңа күнтізбенің парағын ашып, Барыс жылын қарсы аламыз. Халқымыз «ескі жыл есірке, жаңа жыл жарылқа» деп, келер жылдан үлкен үміт күтіп, жақсылықтар тілейді.

Бұл Жаңа жылға үмітпен қарап, жағымды жаңалықтар күтетініміздің белгісі болса керек. 2021 жыл Тәуелсіздік жылнамасында ерекше із қалдырған оқиғалар мен жаңалықтарға толы болды.

Биыл еліміздің ең басты ұлық мерекесі – қасиетті де қастерлі Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойын атап өттік. Қандай қиындық болса да, берекелі бірлігіміз бен тату тірлігіміздің арқасында оларды бірге еңсеріп, ауыртпалықты жеңе білдік.

Осылайша Жаңа жылға игі істерімізбен, ізгі үмітімізбен қадам басқалы отырмыз. 2021 жылы студенттеріміздің қатары 7000-нан асты, Қазақстан бойынша педагогикалық ЖОО арасында 3-орынға қадам бастық. Материалдық-техникалық базамыз нығайды. Бұл жылы университетіміздің өз статусын алып жаңғырғанына 10 жыл. Келер жылы атап өткелі жатқан 85 жылдық мерейтойымыздың алғашқы тұсаукесері ретінде аламан айтыс өткіздік. Қазығұрт фольклорлық ансамбліміздің 25 жылдық мерейтойын дүркіретіп атап өттік. Өткен жылға еш өкпе-ренішіміз жоқ.

2022 жыл әрбір отбасына мол ырыс-несібе, құт-береке әкелсін! Берік бірлігімізді, жарасымды татулығымызды, бейбіт өмірімізді нықтай түсетін, табысымызды еселейтін жыл болсын!

Гүлжан Дәулетбекқызы СҮГІРБАЕВА,

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік

педагогикалық университетінің

ректоры, тарих ғылымдарының

кандидаты, доцент

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *