СУДАЙ ШАШҚАН 31 МЛН. ТЕҢГЕНІ ҚЫЗЫЛОРДАДАН ӘКЕП ПЕ ЕДІҢ, ҚАЙРАТ НҰРТАЙ?

Билік Көзқарас
924 Views

Шымкент қаласы әкімдігінің қала тұрғындарына шын жанашырлығы жоқтығына, оған қала тұрғындарының «еті өліп» кеткеніне көзін жеткізгеннен қала әкімі орынбасары Қайрат Нұртайдың қаланың бюджеттік қаржысын жұмсауда бетінің «былқ» етпей беталдылыққа жол бере бастағаны ма?

Өткен 2017 жылы осы Қайрат Нұртай қаланың 31 млн. теңгеден астам бюджет қаржысын өзінің «данышпандық» көңіліне тура келген жымысқы «ойынына» жұмсап жібереді.

Қараңыз, Қайрат Нұртайдың пәрменімен 17 миллион теңгеден астам қаржы «Егемен Қазақстан» газетіне, ал 14 миллион теңгеге жуық қаржы «Казахстанская правда» газетіне мемлекеттік сатып алу конкурсының жеңімпазы ретінде «сый-сияпатқа» ұсынылғандай болыпты. Не деген сұмдық!? Республикамыздың қаласы түгілі, кейбір облыстарының өзі бұл ресми бас екі газетке «тендерден» сыбаға деп бір тиын да бермейді. Бұл екі газет еш уақытта біреулерден «тендерден ақша беріңіздер» деп сұрамайды да. Екі газетке де мемлекеттің қамқорлығы шексіз деуге болса, жұртшылықты тартып, жазылымды да ұйымдастырып беріп жатыр.

Олардың облыс пен қалалардан «жылтыңдап» тасаттық сұрағандай күйге түспейтінін де білеміз. Бар былық өзімізден. «Жаны ашымастың қасында, басы ауырмасты жасайтын» Қайрат Нұртай сияқтылар халықтың маңдай терімен жиналған ел қазынасына жаны аши қойсын ба?

Жалпақшешейлікке барып, «күштілерге» жағымпаздық жасағанда дәл осы «Шымкенттің» алдына жан салмайтындығына ешкімнің де шүбәсі болмаса керек. Қала тұрғындарының табан ақы, маңдай терінің моншақтауымен жиналатын қала бюджетін кейбір сандалып жүрген «жарты бастар» жарға лақтырғандай ғып жұмсап жатса, ондай жерден не қайыр не үміт?

Қаланың идеология саласының жұмысы қалай пәрменді бола қойсын, осы саладағы тоқтамайтын сорақылықтың майлы қазанының сорпасын сапырып Қайрат Нұртай сияқтылар жүргенде?!

Сонымен, Бадам өзеніне 17 млн. теңгені суға ағызып жібергендей еткен Қайрат Нұртай «Егемен Қазақстан» газетіне Шымкент туралы, өзі туралы 17 беттік мақала жариялата алды ма? Біз оны көрмедік. Сонда Қ.Нұртай 1 млн. теңге бюджет қаржысына 1 бет материал жариялатпағаны ма?

Шымкенттіктердің ризық-несібесін Қ. Нұртай сияқтылар тарыдай шашып тастай беретін болғаны ма? Қаланың сауатты тұрғындары «Қазправданың» 13 млн. теңгеге Шымкент жайлы 13 беттік мақала жарияламайтынын «беске» біледі. Ал сонда Қайрат Нұртайлар не үшін тыраштанып жүр? Әлде бұл осы газеттер қала әкімі туралы сын жазбасын деген ауызбастырығы ма? Басқа не болғаны?

Газетте бет-бет мақала жоқ. Сонда Қайрат Нұртай шымкенттіктердің алдында не деп ақталмақшы? Мемлекеттік тапсырысты орындайтын газеттер тапсырыстың бір шаршы сантиметрін 100-200 теңгеден орындайтын болса, бұл екі газеттің әр шаршы сантиметріне бір мың теңгеден төлегенбіз деп құтылмақшы ма?

Әй, Қайрат Нұртай-ай! Білгеніңді былықтырып біттің-ау! Бір басшың, бір депутат сенен еш нәрсе сұрайын деп отырған жоқ. Боларыңда болып қал. «Иттің иесі болса, қасқырдың Тәңірісі бар» деген күн де туып қалар.

Әділ МҰРАТБЕКОВ.

«Қазақстан жолы» газеті, №20 (695), 2018 жыл.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *