ТЕЗЕК ТӨРЕ СУЫРЫПСАЛМА АҚЫН, КҮЙШІ-КОМПОЗИТОР БОЛҒАН

Тұлға
807 Views

«Дүниеде әділдік пен адалдықты ту еткен адамнан артық ешкім жоқ».

Шоқан Уәлиханов

Биыл аға сұлтан, Абылай ханның шөбересі, Қытайдың 3-дәрежелі тәйжі лауазымының иегері, патша өкіметінен 1849 жылы алтын жіппен безендірілген шекпен, 1850 жылы “ынталылығы үшін” деген жазуы бар алтын медаль, 1858 жылы поручик шенін, күміс семсер, қару асынатын алтын белбеу, 1859 жылы капитан шенін 1861 жылы подполковник, 1863 жылы полковник шенін, 1865 жылы 2-дәрежелі “Святой Станислав” орденін алған, Ресей өкіметінің тапсырмасымен 1866 жылы Парижде өткен дүниежүзілік көрмеге қазақтар тұтынатын көптеген бұйымдар жіберген Тезек төренің (Тезек Нұралин) туғанына 200 жыл және оның ұлы, 1916 жылғы көтерілістің көшбасшысы болған, «Қызыл репрессия» құрбаны Құдиярхан Тезековтің туғанына 170 жыл.

Осы орайда Алматы облысы, Кербұлақ ауданының тумасы, Әділ Төренің ұрпағы, мемлекеттік қызметші, Тезек төретанушы Бағдат Бақтыбайұлы Ақылбековпен сұхбаттасқан едік.

– Бағдат Бақытбайұлы, Тезек Төренің ғұмыры жайлы жұрт көп біле бермейді. Тезек Төренің тарихтағы орны, мәні мен маңызына тоқталсаңыз?

– Иә, көпшіліктің Тезек төре туралы көп біле бермейтіні рас. Бірақ, өз заманында аттары аңызға айналған басқа да хандарымыз мен сұлтандарымыз жөнінде де арнайы мамандар мен тарихшылардан басқа қарапайым халықтың басым бөлігі хабардар емес. Мұның бірнеше себебі бар, ал ең басты себебі тым тереңде жатыр. Ресей империясы тарапынан ХVІІ ғасырдың орта тұсынан бастап белең ала бастаған Орталық Азияны отарлау саясаты ең алдымен қазақ халқының ұйытқысы бола білген, Шыңғысхан заманынан бері ел басқарып келген төре тұқымының көзін жоюға, есімдерін өшіруге бағытталған еді.

Бұл үрдіс туралы «Алаш» ұлт-азаттық қозғалысының көреген көсемі, Алашорда автономиялық үкіметінің тұңғыш төрағасы, ағартушы-ғалым Әлихан Бөкейханов сол уақыттағы Қазақ хандығы, Алаш елі Ресейге өз еркімен қосылды деген империалистік-советтік идеология ойлап тапқан саяси соқыр көзқарасты көптеген тарихи құжаттарды зерттей отырып, бұлтартпас дәлелдер арқылы жоққа шығарып, соңында былай деп қорытындылаған еді: «Объявление же Россией всей территории Казахстана собственностью русской казны – это аннексия»…

Осы қатерге толы жолда қазақ халқына қалтқысыз қызмет жасаған, қиын-қыстау уақытта әрқашан ұлтты ұйыстыра білген Шыңғыс кіндігінен тараған төрелер екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Әз Жәнібек, Керей, Бұрындық, Қасымхан, Хақназар, Тәуекел, Абылай, Әз Тәуке, Кенесары сияқты хандар қазақ халқының ұлттық мүддесін бәрінен жоғары қойған асыл тұлғалар.

Міне, сондықтан, бар қазақ өз төрелерін басына көтерген, тек төрден орын берген. Себебі, олардың атасы Шыңғысханның бар қазаққа да ортақ екенін анық білген. Әділдігі мен қайтпас қайсарлығы үшін барлық қазақ жүздері, рулары билігін төрелерге бірауыздан бекітіп берген. Бұл өте дұрыс шешім еді. Тіпті, қазақтың даналары Төле би, Қазыбек билер, ержүрек батырлары Қабанбай, Бөгенбайлар немесе ықпалды тұлғаларының бірі де хандыққа таласпаған. Олай болмағанда, тақ үшін талас қазақтың жүз-жүзге, ру-руға бөлініп, өзара қырқысына әкеліп соғатын еді. Халық ішінде аңыз боп айтылатын Құнанбайдың Мекке шахарының әкіміне айтқан мына сөзі бар: «…біз Мәскеу-Сәскеудікі де, Бұқар-Сұқардыкі де емес, Қырғыз да емес, Қайсақ та емес, кең сахараның Қазағымыз. Жанымыз Құдайдың билігінде, басымыз төренің билігінде, дініміз қожаның билігінде … ». Бұл дегеніміз тарихи шындықты дөп айту емес пе?!

Атақты хандардан бастап, ел басқарған қаншама төре, сұлтандар ұлт-азаттық соғыс майданында шейіт болды.

Мысалы, қан майданда қаза болған Салқам Жәңгір, Хақназар хан, Тоғыз ұлымен бірге шейіт болған Тоғым хан, Кенесары, Наурызбай, Сыздық сұлтан, Шоқан Уәлиханов, Әлихан Бөкейханов, тағы басқа есімдері ұмытылмауға тиісті төре тұқымының оғландары отарлаушылық саясаттың, Қызыл репрессияның да құрбаны болғаны белгілі.

Қазіргі қазақ қоғамының болмысыда осы уақытқа дейін патшалық Ресей іргетасын қалаған, Кеңес үкіметінің ықпалымен қалыптасқан, ұлттық мүддені, сана-сезімді, салт-дәстүрді жоюға бағытталған, таптық көзқарас негізіндегі коммунистік идеология сарқыншағының жойылмағаны ащы болса да шындық.

Осының салдарынан, жекелеген бұқаралық ақпарат құралдарында, басылымдарда халқымыздың өткен тарихында өшпес із қалдырған ұлтымыздың ардақты азаматтарының атын қаралап негізсіз «мін-сын» айту, түк болмаса жағымсыз кейіпкер ретінде көрсету белең алуда.

Бұл үрдіс ұрпақ тәрбиелеудің негізгі құралы, ұлттың бірлігін нығайтатын қоғамдық сана қалыптастыруға орасан зиян келтіреді.

Біздің халқымыздың басқа халықтарда кездесе бермейтін ғажайып бір құндылығы – әруақтарды сыйлау. Даңқты бабаларымыз ешқашанда о дүниелік болған адамдардың атына ғайбат сөз айтып, кемшіліктерін теріп, олардың аруағын қорламаған. Бұндай қылықты надандық пен көргенсіздікке бағалаған.

«Біріңді қазақ, бірің дос,

Көрмесең істің бәрі бос», – деп ғұлама Абай бекер айтпаған шығар.

«Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе,

Ел тегі қайдан тапсын кемеңгерді», – деген І. Жансүгіровтың жанайқайын қалай ұмытуға болады.

Осындай тәрбиені толыққанды бойына сіңіре алмаған жастарымыз қалай ұлтжанды, елінің патриоты, мемлекет мүддесін қорғайтын азамат бола алады?

Тіпті «өркениет көшінен» қалмайық деп ұрпақ тәрбиесінде шетелдерге еліктеу мен космополиттік ұғымдардың шегінен шыға алмай, еуроцентристік көзқарастан арылмай, керсінше соған итермелеп, соны сақтап қалуға күш салып жүргендер де жоқ емес.

Нәтижесінде, қазақтың таңғажайып тілін, ділін, дінін толық игермеген, ана тілінен жиренген, ұлттық салт-дәстүрден мақрұм қалған, діни көзқарастары қалыптаспаған жаңа буын өкілдері көбейіп, қоғамымызға ендеп сіңіп жатыр.

Әрине, жастарымыздың бәрі сондай деп айтудан аулақпыз, «Мың өліп, мың тірілген» қазақтың табиғи гені өте мықты. Соның арқасында білімді, ұлтжанды болып өсіп келе жатқан нағыз патриот жастарымыз да аз емес.

Негізі, осы айтып отырған мәселе бір күнде туындаған жоқ және тамыры тереңде жатқанын да мойындауымыз керек.

Еліміз егемендік алып, еңсесін тіктеп, іргесін бекітіп, әлеуметтік – экономикалық даму жолына бет алған жылдары Елбасымыз Н. Ә. Назарбаев ұлтымыздың рухани құндылығын ұлықтауды ешқашан ұмытқан емес.

Әсіресе, 2017 жылғы 12 сәуірде жариялаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы ешкімді бей-жай қалдырмады. Онда ХХІ ғасырдағы ұлттық сананы жаңғыртудың жолдары айқындалып, бағыттары белгіленді. «Жаңа жағдайда жаңғыруға деген ішкі ұмтылыс – біздің дамуымыздың ең басты қағидасы. Өмір сүру үшін өзгере білу керек. Оған көнбегендер тарихтың шаңына көміліп қала береді», – деп атап айтты.

Ал 2018 жылғы 21 қарашада Елбасымыздың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы жарық көрді. Онда тарлан тарих қойнауында қазақ халқының өз орны, ерекше жаратылысы туралы келелі ой толғап, тарихи сананы да жаңғырту қажеттігі мен жолдары сараланды.

Сондықтан, мемлекет басшылары айқындаған іс–шаралар жоспары бекітіліп, бағдарламаға айналған мәселені жан-тәнімен ұғынып, күнделікті өмірде жүйелі түрде іске асыру, жүрегі қазағым деп соғатын әрбір азаматтың қасиетті борышы емес пе?

Олай болса, рухани, тарихи санамызды жаңғыртатын кез келгенін сезуге тиіспіз. Ештен кеш жақсы.

Бір таласпайтын шындық, қандай да бір «тұлға» болмасын заманы өткен соң тарих оған халқының тірісінде айта алмаған бағасын беріп, оның атын мәңгі не жадында сақтайды, не қарғыс айтып халықтың жадынан мәңгі қара бояумен өшіреді. Бұл ақиқат, оған ешкімнің әмірі жүрмейді.

Міне осындай тұлғаның бірі – Жетісу өлкесін 30 жылдан астам басқарған Тезек төре Нұралыұлы Абылайханов екені даусыз.

Қытай мемлекеті тарапынан «Тайджи» (Кіші Хан), ал Ресей империясының сол уақытта қол астындағы елдердің көшбасшыларына берілуі мүмкін ең жоғарғы әскери дәреже – «Полковник» шенін және «Святой Станислав» орденін алған алғыр да қайсар, дарынды қолбасшы, талантты ақын болғанына қарамастан, Ресей Патшасы және Кеңес үкіметі дәуірінен бері оның ерлігін кемсіту, халық алдындағы еңбегін елемеу, ақындық өнерін бағаламау сияқты жымысқы әрекеттермен жағымсыз кейіпкер, қанаушы, тіпті ұрлықшы деген пікір қалыптастыруға ұмтылды.

Міне бұл отаршылдық саясаттың салқыны, әлі де болса толық жойылмаған қалдығының әсері және халық арасында Тезек төре немесе басқа да хан, сұлтандарымыз неге танымал емес деген сұрақтың басты жауабы.

Бұл жағдайға тек қазақтар ғана емес, тұтас Евразия континентінде орналасқан көптеген мемлекеттер ұшырады. Қазіргі уақытта олардың тарапынан «деколонизация», «декоммунизация» деп аталатын, халық санасын жаңғыртуға бағытталған шаралар қолға алынуда.

Тағы да қосымша себебі туралы да айта кетуді жөн санадым.

Бүгінгі күні көзі қарақты, көкірегі ояу абыз ақсақалдарымыз өмірден озды. Ал олардың алдын көрген, әңгімелеріне сусындап өскен ұрпақ өкілдерінің өзі қазіргі уақытта 60 жасты алқымдап қалғандар. Бұл ұрпақ етек-жеңін жиып, жастарға тәлім-тәрбиелік мәні бар аңыз-әңгімелерді айтатын уақыт тоқыраған 90 жылдарға сәйкес келді де, «әңгіме-намаз тоқтықта» демекші, көптеген ел ағаларының өздері жұмыссыздықтан есеңгіреп, тіпті базарға шығып саудамен айналысқан әйелдерінің қолына қарап қалды. Бұндай жағдайда, баяғы абыз ақсақалдарымыз сияқты кешке қарай бір үйге жиналып, жастарды жандарына отырғызып қойып, халқымыздың даңқты тарихынан, хан, батыр, би, ақын, әнші, күйші, салт-дәстүрі, тіпті балгер-бақсылар, жүйрік ат, аңшылық өнер, тазы мен бүркітке дейін әңгімелеу немесе «Батырлар жыры», «Рүстем дастан», «Айтыс», «Қан мен тер», Ұлы отан соғысының кітаптары сияқты шығармаларды дауыстап оқу сияқты ғажайып салт-дәстүріміз біртіндеп жойыла бастады. Мен айтып отырған салт-дәстүріміз ұрпақ сабақтастығын қамтамасыз етуге, өскелең ұрпаққа ұлттық тәлім-тәрбие берудің ең алғашқы сатысы болатын және қаншама қуғын-сүргін көрген аға буын өкілдерінің ұлттық кодты сақтау үшін атадан-балаға беріліп келе жатқан ең ғажайып құндылығы еді. Сондықтан, мейлінше тез арада бұл дәстүрді мемлекеттік тұрғыда қолға алып, жандандыру бағдарламасын қабылдау қажет.

Міне, қысқаша айтқанда осыдан бар-жоғы 150-170 жыл бұрын аты аңызға айналған, Жетісу өңірін 30 жылдан астам билеген, қазақ-қырғыз баласы «хан» атаған, халық ішіндегі жоғары беделін Қытай, Ресей империялары, Қоқан хандығы мен қырғыздар мойындаған Ұлы жүздің аға сұлтаны, азулы ақын, көрнекті күйші, композитор, қолөнер шебері Тезек төре Нұралыұлы Абылайхановтың есімі жалпы халықтың жадында сақталғанмен, қазіргі қазақ қоғамында елеусіз қалып отыр.

Ал енді оның тарихтағы орны, мәні мен маңызына келетін болсақ, бұл жайлы көзі қарақты, көкірегі ояу әрбір азаматқа жоғарыда айтып өткен атақ-даңқы айғақтап береді.

Тезек Төренің 19-ғасырдағы саяси өмірі, Россия мен Қытай сияқты алып империялардың, оған қоса Қоқан Хандығының Жетісуға көзалартып отырған кезеңде өтті! Міне, сол ел басына күн туған аласапыран заманда Тезек Төре Жетісу жеріне, оны мекендеген қазаққа ие бола білді, олардың мүдделерін барынша қорғады.

Бір ғана мысал, 1863 жылы қытайдың 10 мыңнан астам әскері шекараны бұзып, аз ғана орыс әскерін талқандап, қазіргі Жаркент қаласынан да асып, Құсмұрын алқабына аяқ тірейді.

Бұл уақытта Ресейдің шекара заставаларында шоғырланған азын-аулақ казактарынан басқа жақын жерде әскері болмайды. Осыны пайдаланған қытай империясы Жетісу жеріне ендеп кіріп алуды жоспарлаған. Бірақ Жетісудың иесі, хан Тезекті есепке алмай, оңбай қателескен.

Хабар жетісімен Тезек төре қазіргі оқырманға түсінікті болуы үшін, орысша айтсақ Жетісуда «военное положение» енгізіп, «всеобщее мобилизация» жариялайды.

Қысқа мерзім ішінде найман, жалайыр, шапырашты, ысты, дулат, албан, суан, керей, қаңлы, түрікпен, қарақалпақ тағы да басқа ру өкілдерінен құралған 3 ірі отряд жасақтайды да қытай әскеріне қарсы жорыққа жеке өзі бастап шығады. Сонымен, 1863 жылы 18 маусымда қазіргі Жаркент өңіріндегі Құсмұрын алқабында орыс әскеріне шабуыл жасап басып кірген қытайларға батыл тойтарыс беріп, қырғынға ұшыратып, жерімізден қуып шығады. Тезек төре бұл ерлігі үшін Ресей империясы тарапынан «Батылдығы үшін» деген жазуы бар алтын қылышпен марапатталады.

Бұл жорыққа Тезектің ұлы Батырхан сұлтан, Хакимбекұлы Апаш сұлтан, Смаил Медеуов, Досамбай Шөкев, Нұрабет Ергетов, Жансерке Жайнақов, Шөңкебай Шарманов сияқты би, батырлар бастарын өлімге тігіп, қатысқан және жеңіске жеткендері үшін түрлі сый-сияпатқа ие болған.

Міне, осы бір ғана тарихи оқиға Тезек төренің елі үшін, жері үшін өзінің де, ет-жақын туыстарының да, қол астындағы сарбаздардың да жеңілуді білмеген, рухы биік Ұлы көшпенділердің ұрпағы екенін дәлелдеген, дарынды әскери қолбасшы, аса ірі мемлекет қайраткері болғанын көрсетіп тұр.

Бірақ, Патшалық Ресейдің жымысқы отарлауы мен одан кейін 70 жыл үстемдік құрған Кеңес үкіметінің «қызылдар» саясатының ықпалымен қазақ халқының даңқты тарихы, салт-дәстүрі, тілі мен діні біртіндеп жойылуға ұшырағаны белгілі. Бірінші кезекте қазақ халқының Ұлы хан, сұлтандары, батыр, билерінің есімдері, ерлік істері, ұлағатты өмірі түрлі жолдармен қараланды, өшірілді.

Бұл үрдіс Тезек төре есімін де айналып өткен жоқ. «Қызыл идеологияның» айтуымен, елді жеген зорлықшыл, үстем тап өкілі ретінде ғана насихатталды. Тіпті ақындар да жылқы ұрлағыш, ұры деген сияқты, түсіне білген адамға күлкілі, теңеулер айтыпты дегізген.

Ал ол кісінің саясаттағы, ел басқарудағы, әсіресе, қазақтардың Жетісуға қайта қоныстануы барысындағы көптеп атқарған үлкен істерінен мүлдем хабарсыз. Бірақ, осы төңіректегі жұрт ол кісі туралы бірде-бір жаман сөз айтып көрген жоқ! Керісінше «қасиетті ханымыз… әулие кісі… аталарымызға осы жерді бөліп берген сол кісі…т.с.с.» тұрғыда ғана айтатын!

Шығу тегіне келсек, қазақтың ұлы ханы Абылайдан Әділ сұлтан, одан Тезек Төренің әкесі Нұралы туады. Саясаттағы өміріне қоса Тезек Төре өзі де өте үлкен суырыпсалма ақын, күйші-композитор болған, сондықтан Қазақ әдебиетінде өшпес із қалдырды. Сонымен қатар, өнер иелеріне барынша қолдау көрсеткен, асқан жомарт мецанат болғаны туралы абыз ақсақалдарымыздан мың мәрте естіп өстік.

Бұл жерде Тезек төренің баласы, 1851 жылы туған Құдиярхан Тезеков туралы да бір ауыз сөз айта кеткен жөн. 1916 жылғы ақ Патша жарлығына қарсы Жетісу жерінде орын алған көтерілістерге жалпы басшылық жасау халық тарапынан Құдиярханға жүктелгенін де көпшілік біле бермейді. Сол уақытта Майтөбе деген жерде Ұлы жүздің бес болыс елінің игі жақсылары жиылып, Құдиярханды хан сайлағаны да тарихтан белгілі. Бірақ, уақыт өте келе билікке келген большевиктер тобыры оның халқы үшін жан аямаған ерлік істерін ұмытпай, аңдып жүріп, ақыры 1930 жылы 79 жасында ату жазасына кескен.

– Биыл Тезек Төренің туғанына 200 жыл. Осы орайда қандай шаруалар атқарылып жатыр?

– Осы өзіңіз айтқан датаға орай, алдын-ала 2018 жылы облыс әкімі А.Ғ. Баталовтың атына ынталы топ хат жазып, ол кісінің тарапынан үлкен қолдауға ие болдық, сондықтан ағайын-туыс, жалпы ел ішінде Амандық Ғаббасұлына көптеген жылы лебіздер айтылуда.

Іс-шаралар барысына келсек, еліміз тәуелсіздік алғаннан бастап, Тезек Төрені тану, құрметтеу іс-шаралары Үкімет және облыс басшылары тарапынан да ұмыт қалған жоқ. Атап айтқанда, 2010 жылы мемлекеттік «Мәдени Мұра» бағдарламасы аясында, Алтынемел тауы етегінде Тезек Төре және Бөлтірік шешеннің елді бірлікке шақырған оқиғасын еске алу мақсатында ескерткіш қойылды, Тезек Төре жатқан жер Республикалық маңызы бар жергілікті «Киелі орын» аталды, аудан орталығы Сарыөзекте өткен жылы бір көшенің аты берілді. Тезек Төре жатқан жерге дейінгі жолға асфальт төселіп, Шоқан басындағы кешенге бірталай аббаттандыру жұмыстары жүргізілді. Біздің сұрауымызбен ЖГУ аймақаралық конференция өткізді. Ұрпақтарының қатысып атсалысуымен облыстық мәдениет басқармасы облыс ақындарының мүшайрасын өткізіп, үш бәйге тікті, оған қосымша ұрпақтары жиналып, 8 ынталандыру және 3 «Көрермен көзайымы» жүлделерін тіктік.

Жанашырлары өз қаражаттарына Тезек Төренің жатқан жеріне ескерткіш орнатты және жатқан жері белгісіз болғанымен Алматыдан атылған орныннан бір уыс топырақ алынып келіп, Құдиярхан Абылайхановқа да әкесінің қасына белгітас орнатылды. Бұндай құрметті іс-шараларды Жетісу жұртшылығы қуанышпен қабылдап, аруақтарға тағзым етті.

Қазіргі уақытта ақын, жазушы, белгілі өлкетанушы, «Тезек төре» кітабының авторы, менің бауырым Азамат Ақылбеков екеуіміздің бастамамызбен Тезек төре мен Құдиярхан Тезековті терең зерттеу мақсатында ғылыми-танымдық экспедиция жұмысын ұйымдастыру жұмысы қолға алынды. Біздің бұл бастамамыз белгілі қоғам қайраткері, жазушы, профессор, ЮНЕСКО-ның Мәдениеттерді жақындастыру орталығының бас ғылыми қызметкері, академик Нағашыбек Қапалбекұлының тікелей қолдауына ие болды. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті мен ЮНЕСКО-ның Мәдениеттерді жақындастыру орталығы бірігіп ұйымдастырып жатқан үстіміздегі жылдың қазан айында өтетін конференцияға дайындық ретінде 2 шілде күні Нағашыбек Қапалбекұлы жасақтаған экспедиция мүшелері, яғни тарихшы-зерттеушілер, ғалымдар алдын ала бекітілген жоспарға сай, Алматы облысы Кербұлақ ауданының Алтынемел өңіріне, Тезек төре мен Шоқан жерленген тарихи орындарға ғылыми-танымдық экспедицияға барып, тарихи-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, ел-ақсақалдары мен ұрпақтарымен кездесіп қайтты.

Экспедиция мүшелері Алтынемел тауының баурайында, «Қарлығаш» деген ауыл маңында орналасқан Тезек төре қорымына ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізді. Нәтижесінде, Тезек төренің көзі тірісінде, отбасылық қорымды биіктігі 2 метрге жуық, қыш кірпіштен тұрғызылған дуалмен қоршатқаны және ішінде өзіне арнап сәулетті күмбез орнатқаны жайлы А.Ақылбековтың «Тезек төре» кітабында жазылған деректер расталды.

Сонымен қатар, қорымның аумағы 300 шаршы метр, ал күмбездің іргетасының диаметрі 8-10 метр шамасында болғаны да анықталды.

Одан кейін экспедиция жұмысы Шоқан Уәлиханов жерленген «Көшен тоған» атты жерде орналасқан, ел аузында «төребейіт» деп аталатын қорымда жалғасты. Бұл қорымда Тезек төренің әкесі Нұралы сұлтанның бауыры Ералы Абылайханов, жанында Шоқан Уәлиханов және басқа да сұлтандар жерленгені туралы деректер зерттеліп, расталды. Басты дәлел ретінде ұрпақтары тарапынан 1910 жылдары орыс саяхатшысы Пантусов түсірген осы қорымның фотосуреті ұсынылды.

Экспедиция жұмысы Шанханай ауылында орналасқан Шоқан мемориалды музейінде жалғасын тапты. Музейдегі экспонаттарды зерделеу барысында Шоқанның өмірбаяны мен ғылыми мұрасы жайлы баяндамалар тыңдалды. Бұл ауылда экспедиция мүшелері жергілікті тұрғындармен кездесіп, пікір алмасты және олардың сұрақтарына жауаптар беріліп, ұсыныстары тыңдалды.

Соңынан экспедиция мүшелері, Кербұлақ ауданының әкімі, Алматы облысы ардагерлер кеңесінің мүшелері, «Тезек төре» қорының мүшелері, бірқатар мемлекеттік қызметшілер, мүдделі мекемелер өкілдері, ауыл ақсақалдары мен ынталы азаматтары және БАҚ өкілдері «дөңгелек стол» форматында ұйымдастырылған жиында бас қосып, пікір алмасып, ғылыми-танымдық жұмыстың алғашқы қорытындысын ұсынды.

– Тезек Төрені зерттеп жүрген тағы қандай зерттеушілер бар?

– Кезінде Тезек Төре туралы белгілі ғалымдар Ш. Уәлиханов, Семенов-Тянь-Шанский, Гейнс… т.б., көптеген естеліктер қалдырған.

Елімізде біраз ғалымдар, әдебиетшілер Тезек Төренің артында қалдырған мол мұрасын жинақтап, жұртқа таныстырып та жатыр. Солардың қатарында журналист – Ерғали Ахмет, жазушы-ғалымдар – Бексұлтан Нұржекеұлы мен Сәрсенбі Дәуітұлы, Нағашыбек Қапалбекұлы мақалалар арнады. Тарихшы-ғалымдар: Пернеш Хожамжарова, Клара Хафизова, Айткүл Махаева, Рашид Оразов, Шамек Тлеубаевтардың ғылыми-зерттеу жұмыстары бар. Зерттеушілер саны артып келе жатқаны, біздерді аса қуантады.

Биыл біртуар тұлға, әулетіміздің Ұлы тұлғасы Тезек төреге 200 жыл толып жатқанда, ұрпағы ретінде мен де қарап жата алмадым. «Сүйінбайша ода» деп аталатын Тезекке төреге арнау, «Көріңдер Абылайдың Тезек ханын», «Тезек және Түбек», «Тезек төре ұлы төре ме, әлде ұры төре ме?», «Тезек төре – керек төре» сияқты мақалалар жаздым.

Оқып, біліп, танысқан Керім Молдашев, Марат Әбсеметов, Мұхамедия Ахмет-төре сияқты ғалымдар, Әли Ысқабай, Гүлбақыт Қасен, Ахмет Кендірбекұлы, Қажет Андас, т.б бірқатар аяулы ақын-жазушылар мен қатардағы оқырмандар жылы лебіздерін білдірді.

– Тезек Төре мен Шоқан Уәлихановтың өмірі тығыз байланысты. Екеуінің де бейіті Кербұлақ өңірінде қатар жатыр. Осы екі тұлғаның өзара байланысы жөнінде айтып берсеңіз.

– Өте дұрыс айтасыз, Тезек Төре мен ұлы ғалым Шоқанның өмірі тығыз байланысты, олардың таныстығы 1856 жылы басталып, Шоқан өмірінің соңына дейін үзілмеген. Тезек Төре Шоқанды жанындай жақсы көрген, ардақты тұлға ретінде бағалап, қадір тұтқан! 1864 жылы Шоқан Орыс Империясының Орта Азияны жаулау барысындағы жергілікті халыққа көрсеткен зұлымдықтарына шыдамай, әскери жорықтан бас тартып, Тезек ауылына келгені белгілі оқиға. Тезек Төре ұлы ғалымды өте жақсы қарсы алып, өзінің қарындасы Айсараға қосқан. Бұл жерде Шоқан мен Тезек Қытай империясының Шығыс Түркістанды қайта жаулау саясатын бақылап, тиісті шаралар қабылдап отырған. Оған куә ретінде Қытайлықтардың қарым-қатынастық хаттарында «Хан Тезекке және генерал Колпаковскийге…» деп жазғандарынан байқауға болады.

Тезек ауылында өз денсаулығының нашарлығына қарамастан, Шоқан көптеген ғылыми-зертеулер жүргізіп, тарихи суреттер салған. Соның бірі 1864 жылы салынған «Аға сұлтан» портретіндегі адам Тезек Төре екенін де біздер дәлелдеп отырмыз.

Шоқан қайтыс болғанда Тезек қатты қайғырып, күйінген! Арнайы адамдар жіберіп Шыңғыс төреге естірткені де белгілі.

Осыған байланысты, қосымша ғылыми зерттеуді қажет ететін тағы бір мағлұмат – Шоқанның жерленуі туралы. Ел аузында қалған әңгімеде Шоқан қайтыс болғаннан кейін, оны қайда, қалай жерлеу туралы мәселе талқыланады. Сол жиынды Тезек төре қорытындылай келе былай деген екен: «Түбінде, тірі жан иесінің өлімнің ащы дәмін тататыны хақ. Ертелі–кеш бәріміз де өлеміз. Қазір міне 20 жылдан астам ел басқарып, хан атанған мен де, басқа да сұлтандар мен төрелер, байлар мен билер, баршамыз да көмілерміз. Бірақ біздің артымыздан іздеушілер бола ма, болмай ма білмеймін. Ал мына жатқан Шоқан, бұл жалғыз қазақтың ғана ерекше жаратылған, аса дарынды, ғұлама баласы емес, бүкіл адамзаттың Ұлы тұлғасы. Мұның артынан іздеушілері көп болады. Алдымызда қыюы кеткен, қиын заман келе жатыр. Одан аман қалған кейінгі ұрпақ уақыт өте келе Шоқанның моласын жоғалтып алмай, тауып алуы қажет. Ол үшін нақты белгі болсын, ертең Шоқанды «Көшен тоғандағы» төребейітке қойғаннан кейін, ақымын мен құйдырған қыш кірпіштермен қалап шығарамыз. Сол Шоқан моласының белгісі болсын, барлық жұртқа солай жариялаңдар, есте сақтасын». Бұл елдің аузындағы әңгіме рас болса, Тезектің ақылдылығы мен көрегендігін көрсетеді емес пе? Соның арқасында, 1956-58 жылдары Сәбит Мұқанов бастаған комиссия арнайы зерттеу жұмысын жүргізіп, жергілікті ақсақалдардың айтуы бойынша Шоқанның моласын тауып, басына қазіргі кезде де тұрған ескерткіш орнатқан. Бұл істің басы қасында менің туған атам Алтай Ақылбекұлы (1910–1988) да болып, атсалысқан.

– Тезек Төренің ұлы Құдиярхан 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтерілісі басшыларының бірі болғанын естиміз. Осы туралы тарқатып айтсаңыз.

– Тезек Төренің атақты, белгілі ұлдарының бірі – Құдиярханның туғанына да 2021 жылы 170 жыл толады. А. Ақылбеков 2014 жылы ҚР ҰҚК (КНБ) мұрағатына сұрау жолдап, Тезек Төренің ұлы, бар аянышты тағдыры елге арналған Құдиярхан сұлтан туралы мәліметтермен (орысша – қылмыстық іс) танысып, арнайы зерттеу-мақаласын жазды. Бұл зерттеу жұмысынан көрініп тұрғандай, 1916 жылғы дүрбелеңде Құдиярханды Жетісудың бес болыс елі хан сайлап, көтерілістің басшысы болғаны анықталды. Алайда, өткен кездері, алдыңғы Отарлық, одан кейінгі Қызыл империя заманындағы идеологияға байланысты бұл үлкен тұлғаға қатысты оқиғалар саясаттандырылып, «Таптық күрес» тұрғысына бұрмалаған еді, әйткенмен де, «отарлаушылар қанша ұмыттырам» дегендерімен, Жетісу жұрты түгел естіген, қадыр тұтатын адам болған. Сөйткен Құдиярхан (Тезеков) Абылайханов, Кеңес Өкіметінің репрессиясына ұшырап, 1930 жылы, 79 жасында атылып кетті. Алайда, ер есімі ел жалында сақталған.

– Тезек Төре жайлы кітап шықты ма? Ғылыми-зерттеу барысында атқарылып жатқан шараларды айтып берсеңіз.

– Ғылыми-зерттеу жұмыстарын белгілі ғалымдарымыз жүргізіп жатқаны туралы жоғарыда атап өттік.

Ал, арнайы кітаптарға келсек, бұрынырақ Сәрсенбі Дәуітұлы құрастырған шағын ғана, аз тиражды «Тезек Төре – ерек төре» атты кітапша жарық көрген еді.

Тезек Төренің өмірбаяны, атқарған тарихи-саяси оқиғалары түгелдей дерлік қамтылған, менің бауырым Азамат Ақылбековтың «Тезек Төре» атты кітабы 2013 жылы жарық көрді. Тезек Төренің әдебиеттегі ролін ашқан «Тезек Төреге қатысты жыр айтыстар антологиясы» 2014 жылы, облыс әкімі А. Баталовтың қолдауымен жарық көрді. Бұл кітаптар Алматыдағы ғылым, біраз оқу орындарына сыйлыққа беріліп, облысымыздағы кітапханаларға түгелдей таратылды. А. Ақылбековтың құрастыруымен «Тезек Төре – 200» жинағы жақында жарық көріп қалады және алдағы конференцияда тұсаукесері өтеді деген үміттеміз, онда еліміздің көптеген ғалымдарының еңбектері және облыстық мүшайра жеңімпаздарының өлең-жырлары енгізілген.

– Әңгімеңізге рахмет. Еңбектеріңізге табыс тілеймін.

Салтанат ӘШІМОВА,

ЮНЕСКО қамқорлығындағы

Мәдениеттерді жақындастыру

орталығының ғылыми хатшысы,

Мәдениет саласының үздігі

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *