Шырайлы шаһарда жүзеге асырылып отырған мәдениет саясаты күншуақты өңірде жасайтын ұлттық мәдени-полиэтникалық қоғамдардың қалыптасқан мәдениетін, салт-дәстүрін, достықты, татуластықты жандандыруға бағытталған. Шымқалада қазақ, қырғыз, өзбек, қарақалпақ, әзербайжан, татар, башқұрт, славян, неміс, еврей, кәріс, тағы басқа, барлығы 20 ұлттық мәдени орталық жұмыс істеуде. Олардың белсене қатысуы және қолдауымен ұлттық саясат және тұрғындардың бос уақытын ұтымды ұйымдастыру мәселелері оң шешімін тауып келеді.
Шымкентте «Ардагерлер аллеясы» қайта жандандырылған. Қалада сегіз саябақ, сквер, аллея, арбат жұмыс істейді. Саябақтардың үшеуінің негізі XIX ғасырдың ортасы мен XX ғасырдың басында қаланған. Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармония жемісті жұмыс істеуде. «Түркістан» мәдениет сарайы, Қазақстан халқы Ассамблеясының ғимараты, Жастар ресурстық сарайының залдары ешқашан да бос болмайды. «Мега-Шымкенттегі» кинотеатрда қазіргі заманның фильмдерін тамашалауға болады. Қангүй (Қаңлы) мемлекеті дәуірінің бірегей жәдігерлері облыстық өлкетану мұражайында қойылған. Егемен еліміздегі бірегей Әдет-ғұрып, салт-дәстүр орталығы ашылған. Қалада «Отырар» ғылыми-әмбебап, жасөспірімдер кітапханасы жұмыс істейді. Шымкент қаласына орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесіне қарасты Абай атындағы кітапхананың 23 кітапхана бөлімшесі, Аркадий Гайдар атындағы қалалық балалар кітапханасының он кітапхана бөлімшесі бар.
Шымкентте Жұмат Шанин атындағы қазақ академиялық драма театры, орыс және өзбек драма театрлары, опера және балет театры, сатира және әзіл-сықақ театры, қуыршақ және жасөспірімдер театры орналасқан. Оларда Қазақстанның халық әртістері – Айша Абдуллина, Жұмабике Серікбаева, Ақсақал Қалмырзаев, Қазақстанның еңбек сіңірген әртістері – Ошат Рахимов жұмыс істеген. Мәжит Ілиясқаров, Сапарбай Өтемісов секілді Қазақстанның еңбек сіңірген әртістері әлі күнге дейін бар білгенін өнерлі жастарға үйретуден жалыққан емес. Ақын-жазушылар – Омарбай Малқаров, Көпбай Омаров, Әбжаппар Жылқышиев, Нәмет Сүлейменов, Олег Постников, Юрий Кунгурцев, Әбілда Аймақтың шығармашылық шарықтау кездері Шымкентте өткен деп айтуымызға толық негіз бар. Бүгінде сол жолды Нармахан Бегалыұлы, Мархабат Байғұт, Ханбибі Есенқарақызы, Әселхан Қалыбекова, Кендебай Ахат, Қабылбек Төретайұлы, Әмзе Қалмырзаұлы, Шойбек Орынбай, Бақытжан Алдияр сеніммен жалғастырып келеді. Қазақ театр өнерінің негізін қалаушылар халық әртістері – Хадиша Бөкеева, Ғайни Хайруллина, Құрманбек Жандарбеков, композитор Шәмші Қалдаяқов, ақын-жазушылар – Федор Чирва, Жұмабек Еділбаев, Исраил Сапарбай, Мұхтар Шаханов – біздің жерлестеріміз екенін қашанда мақтаныш етеміз.
Абай атындағы мәдениет және демалыс саябағы, Тәуелсіздік, Орталық, «Жеңіс» саябақтары, «Қиял әлемі» техносаябағы, «Кең-баба» этнографиялық саябағы, аквабақ, «Nimex Land» пен «Бамзик» ойын-сауық орталықтары балалар мен үлкендердің сүйікті демалыс орындарына айналған. Әрине, қаланың солтүстік бөлігін дендрарий бағы, зообақ, атшабар, «Тұлпар» көлінің де алатын орыны айрықша.
Қала аумағындағы көне қалашық пен қамалдарда археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп, қала тарихы жөнінде кешен жасау қолға алынып отыр. Қалада көрнекті ғалым, мәдениет, спорт майталмандары мен халық батырларына бірнеше ескерткіш (Абай Құнанбайұлы, Бауыржан Момышұлы, Ахмет Байтұрсынов, Тұрар Рысқұлов, Сабыр Рақымов, тағы басқалар) орнатылған. Облыс және қала өз жерлестерін қашанда мақтан тұтады. Мұнда тілтанушы, мүше-корреспондент Мәулен Балақаев, геология ғылымының докторы Патшайым Тәжібаева, түркітанушы, академик Смет Кеңесбаев, филология ғылымының докторлары – Әбіш Байтанаев, Қалдыбай Бектаев, академик Төлеген Тәжібаев дүниеге келген. Жүсіпбек Аймауытов қызмет істеген.
Ә.ҚАҢТАРБЕК.