ДӘУІР ТЫНЫСЫН ДӨП БАСҚАН

мәдениет Өнер
378 Views

Жақында елордадағы «Сарыарқа» кинотеатрында белгілі кинорежиссер Болат Қалымбетовтің «Мұқағали» көркем фильмінің тұсауы кесіліп, астаналық зиялы қауым өкілдері осы тарихи оқиғаның куәсі болды.

Алғашқылар қатарында сөз алған Болат Қалымбетов, фильм сценарийінің авторы, белгілі журналист Жүсіпбек Қорғасбек кинотуындыда өмір шындығы негізге алынғанымен көркемдік тәсілдерге мол орын берілгенін атап көрсетті. Оған өзіміздің де көзіміз жетті.

Бейнебаянда қылышынан қан тамған кеңестік идеологияның кесепаттары, таланттың балағынан басып, бақайынан шалу арқылы оның шығармашылығын тұншықтырудың келеңсіз көріністері тізбектеліп өтіп жатады. Сәбеттік заманның сұрқай көріністерін халық тұрмысының сүреңсіз сипаттарын экран арқылы бақырайта көрсете отырып, кино тілімен келістіре кестелеген. Тұрмыс ауыртпалығынан шақшадай басы шарадай болған арқалы ақынның трагедиялық өмірі оның ғана емес сол дәуірдегі талай таланттардың тағдырының жинақталған бейнесі болып шыққанына шәк келтірмейсіз.

Фильмде қазақтың біртуар тұлғалары Бауыржан Момышұлы, Нұрғиса Тілендиев, Фариза Оңғарсынова бейнелері шынайы бедерленген. Ал түр-келбеті келіскен, Мұқаңа ұқсас актер Асланбек Жанбалаев ақиық ақын бейнесін сәтті сомдаған.

Кинода көркемдік детальдары сәтті ойнатылған: ақынның қызы қайтқандағы қызыл алмалардың шашылып кетуі, өмірден өтіп, жерлеуге шығарып бара жатқандағы нөсер жаңбыр, табыт көтергендердің арасында органның адамының жүруі, Генсек Л.Брежневтің суретінің өртелуі, ақынның ұлтжанды ұлының зұлым жүйенің зардабына ұшырап, мүгедек болып қалуы… МЕТАФОРА, ТҰСПАЛДАР, МЕҢЗЕУЛЕР…

Фильмнің концепциясы тереңде, лейтмотиві тоқырау заманынан ғана емес, бүгінгі биліктің де демократияны тұсаулаған саясатынан хабар беріп жатқандай…

Көп айтуға, жазуға болады. Бірақ өз көзіңмен көріп, ішкі түйсігіңмен фильмнің психологиялық параметрлеріне байыппен бойлағанға не жетсін…

Бұл – жәй алғашқы әсерлер ғой. Болашақта бұл үлкен форматты көркем фильмге кино мамандары өз пікірлерін білдіре жатар. Дәуір тынысын дәл берген туындыны тамашалағанның өкініші болмасы анық.

Мұратбек ТОҚТАҒАЗИН

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *