ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҚУАҢШЫЛЫҚ: ТЫҒЫРЫҚТАН ШЫҒАР ЖОЛ БАР МА?

Мәселе
1 330 Views

Биыл Қазақстанда жаңбыр аз болды, сол себепті жайылым көктемей қалды. Бұл жағдай, әсіресе, Батыс өңірі мен Қызылорда облысында айқын көрініс табуда. Төрт түліктің шығынын әзірге ауылшаруашылығы министрлігінің өзі есебін анықтай алмай жатыр. Шаруалар не істерін білмей абыржуда. Үкімет бұл мәселеде үнсіздік танытып отыр. Министрлік тарапынан бұндай әрекетсіздіктің себебі неде деп ойлайсыз? Тығырықтан шығар жол бар ма? Ауылшаруашылығы мамандары мен жеке қожалықтағы шаруалардың пікірін білсек.

Нариман ҚЫПШАҚБАЕВ, Мемлекет және қоғам қайраткері, Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясы ғылыми-ақпараттық орталығы қазақстандық филиалының директоры, Қазақ КСР-ның 1981-1990 жылдардағы Су шаруашылығы министрі, 1990-1995 жылдардағы Су шаруашылығы комитетінің төрағасы:

МӘСЕЛЕ – БЕРІЛУІ ТИІСТІ СУДЫ ТАЛАП ЕТЕ АЛМАЙ ОТЫРҒАНЫМЫЗДА!

— Мәселен, 1974-1977 жылдары төрт жыл қатарынан Қазақстанда қуаңшылық белең алған кезеңдер болды. Мен ол кезде Мелиорация және су шаруашылығы министрінің орынбасары едім. Сол төрт жылда шыны керек Тәшкенде тұрдым. Алматыға киім ауыстыруға келетін едім. Бір жылда 360 күн болса, сол күндердің бәрінде Сырдарияның суын Қазақстанға қарай бұрып, тиісті бөлінуге тиіс ағыс мөлшерінің есебін шығарып тұрдым. Солай біз еліміздегі су жетіспеушілік пен шарасыздықтың, табиғи апаттың алдын алдық. Мұны героизмге балап айтып отырған жоқпын, сол кезде үкімет маған тапсырма берді, «сол жаққа барасың, елге су жібересің, есебін жүргізесің» деді. Мен оны орындадым.

Қазір соны орындап отырған адам бар ма?

Бұл күндері Сырдарияның басында отырған Өзбекстанның өзіне су жетпей жатыр. Себебі, суға деген сұраныс күн сайын, жыл сайын артқан үстіне артып барады. Күндердің күні осындай су тапшылығы болатынын осыдан отыз жыл бұрын ескертілді, болжанды. Енді әу баста осы Сырдарияның суын тең бөліп алу туралы 5 мемлекет арасында (Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Қырғызстан, Қазақстан) мемлекетаралық келісім бар ғой. Өзбекстан суды қыстыгүні аса қажет емес кезде жібереді де, жаздыгүні лимит бітті деген желеумен нағыз қажеттілік туындаған сәтте қысып тастайды. Мемлекеттер арасында дипломатиялық келісімге сай осыны сыртқы істер министрі, ауыл шаруашылығы министрі талап етіп, мәселені көлденеңінен қою керек ғой! Құдды Қазақстанға су керек еместей отыр.

Қазір бізде екі мәселе бар: бірінші – Өзбекстан суды бізге толық жібермей отыр. Екінші мәселе – берілуі тиісті суды талап ете алмай отырғанымызда! Министрліктің басында мал шаруасы мен су шаруасынан хабары жоқ жастар отыр. Оның үстіне баяғы да өз алдына міндет пен жауапкершілік жүктеп, талай істі атқаратын су шаруашылығын, орман шаруашылығын, геологияны бәрін біріктіріп, бір министрлік етіп жіберген. Үкімет су мәселесін қалай басқаруды білмей отыр. Бұрын су шаруашылығы мемлекетаралық, мемлекеттік деңгейде, аумақтық болып басқарылатын. Бұл заңда, Су кодексінде анық жазылған. Бірақ, іс жүзінде орындалып жатқаны жоқ.

Қазақстан территориясының 85 пайызы ауылшаруашылығына пайдалануға қолайлы жерлер, қалған 15 пайызы тау-тас, өзен-көл, тақыр жерлер екен. Жер бетінде екі жүзден аса мемлекет болса, дәл осындай аграрлы жері бар бай мемлекетті таппайсың. Көші ілгері мемлекет болам десең, жерің мен суыңа ие бол дегім келеді.

Мейрамбек ЕРМАХАНОВ, Республикалық «Түйе тұқымдары» палатасының директоры, «Оңтүстік-Батыс мал және өсімдік шаруашылығы» ғылыми-зерттеу институтының түйе шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі, Созақ ауданының мәслихат депутаты:

БІТЕЛІП ҚАЛҒАН ҚҰДЫҚ КӨЗДЕРІН АРШЫП АЛУ КЕРЕК

— Елімізде 180 миллион гектар жердің 60-70 пайызы қуаңшылыққа бейім. Әсіресе, Ақтау, Атырау, Ақтөбе, Қызылорда облыстарын атауға болады. Дәл қазіргі кезеңде мал шығыны Маңғыстау, Қызылорда облыстарының аумағында болып жатқанын білесіздер, Түркістан облысы малшылары төтенше жағдайлардан аман-есен жан бағып отыр.

Бұрын құрғақшылықтың алдын алу үшін бір жыл бұрын республикалық жоспар бойынша жоңышқа, жүгері егетін. Әрбір жайылымдық жерлерде артизандар мен құдықтар қазылып, осы су нүктелерінен мал басы су ішетін. Қазір бұл құдықтардың көзі бітеліп қалған. Осыны аршып алу керек. Қай жерде қандай құдық көзі болғаны туралы мәлімет жергілікті ауыл шаруашылығы бөлімдерінде бар. Бұрынғы ізбен қазып, жайылымдағы малды суғаруға болады. Үкімет құдық қазғаны үшін 80 пайызға дейін субсидия қарастырған.

Тағы бір мәселе, бұрынғыдай малшылар жазда жайлауға, күн суытса қыстауға көшіп жүрмейді, төрт түлігін жыл он екі ай бір орында ұстап бағады. Сондықтан жер деградацияға ұшырайды. Үш-төрт жылда тозып, ол маңға шөп шықпайды. Яғни, малдың өрісі қысқарып кеткен.

Мал қыстаудан жайлауға, жайлаудан қыстауға көшіп жүргенде жер тыңаятын. Келесі жылдарда шөп мол шығушы еді. Қазір жер жекеменшікке айналғандықтан малшылар баяғыдай кең көсіліп жайлауға, не қыстауға бара алмайды. Себебі, ол жерлердің қожайыны бар. Кеңірек жайылатын артық жері болса да, бірақ қысы-жазы тапжылмай отыра беретін фермерлер де бар. Көшіп жүруге жанармай қымбат дейді. Егер фермерлер жылына екі рет көшіп-қонуды қолға алса, жер құнарын сақтар еді. Қораға қамап, алдына орып шөп әкеліп бергеннен гөрі өзі жайылып, тістеп жеген бір түп жусанға жетпейді…

Сондықтан жергілікті ауылшаруашылығы басқармалары жерді тыңайту үшін алдымен осы шаруалардың жайлау мен қыстауға көшіп-қонуын талап етіп отырса, содан соң олардың көшіп-қонуына жанар-жағар майға деп арнайы жеңілдетілген субсидиялар берілгені жөн деп ойлаймын.

Ислам АХМЕТҰЛЫ, ғалым-зоотехник, ауылшаруашылығы ғылымдарының кандидаты:

ФЕРМЕРДІҢ МАЛЫ ДА МЕМЛЕКЕТТІҢ МАЛЫ ЕКЕНІН ҮКІМЕТ ТҮСІНУІ ҚАЖЕТ

— Шындығына келер болсақ, қазір елімізде барлық мал толықтай жекенің қолында, мемлекет меншігінде бір бас та мал жоқ. Сондықтан мемлекет өз алдына, фермерлер өз алдына өмір сүруде. Бұлардың арасын байланыстыратын механизм жоқ. Тіпті, Қазақстанның ауыл шаруашылығында кез-келген салада болуға тиісті дағдарыс кезеңінен шығу тетігі де қарастырылмаған.

Қуаңшылықтың әсерінен шаруалардың малы қырылып жатыр. Мемлекет бұған үнсіз қарап отыра бермей, бір шара қолдануы қажет емес пе? Сонда, қандай шаралар қолданылуы тиіс деп ойлайсыз? Біріншіден, фермердің малы да мемлекет малы екенін Үкімет түсінуі қажет. Себебі, сол малдан өндірілген өнімді халқымыз пайдаланып және тұтынып отыр. Екіншіден, табиғи қуаңшылықтың алдын алу шаралары күні бұрын ойластырылып, заң жүзінде бекітіліп қойылуы керек еді. Осының барлығы, негізінде Үкіметтің, оның ішінде Ауыл шаруашылығы министрлігінің міндеті болып саналуы тиіс болатын.

Әр ауылдан шыққан жекелеген энтузиастардың күшімен бұл апаттың бетін қайтару мүмкін емес. Олай болса әлде де Үкіметтің шұғыл отырысы шақырылып, жедел түрде комиссия құрылып, оларға әр облыс көлеміндегі нақты шал шығындарын анықтауды, Ауыл шаруашылығы министрлігіне малды қалпына келтірудің іс-шараларын түзуді, осы мақсатта арнайы бағдарлама жасап, Үкіметке тапсыруды міндеттеу керек.

Сонымен қатар Үкімет қуаңшылық салдарынан шығын болған малға өтем жасаудың тетіктерін іздестіруі қажет. Мүмкіндігінше малы шығын болған фермерлерге шаруашылығын шайқалтпай сақтап қалуы мақсатында ұзақ мерзімге пайызсыз кредит беру жолдарын қарастырған жөн.

Кімнің кім екендігі сын сағатта анықталады. Сондықтан Үкіметтің, Ауыл шаруашылығы министрлігінің өздерін көрсетер сәті келді деп есептейміз.

Серік ДИХАНОВ, Қызылорда облысы, Арал ауданы «Құланды» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің зоотехнигі:

ЖЕМ-ШӨПКЕ ЖЕҢІЛДЕТІЛГЕН СУБСИДИЯ ҚАРАСТЫРЫЛСА

— Шаруашылығымызда қазіргі таңда 1 200 бас түйе, 1 200 бас жылқы бар. Жайылым Арал өңірінің батыс жағындамыз, арғы тұсымыз Ақтөбемен, бергі жағымыз Қарақалпақстанмен шектесіп жатыр.

Кейінгі екі жыл қатарынан қар болмады, соның салдарынан қуаңшылық орнап шөп шықпай қалды. Дәл қазір шөпті Ырғыз, Шалқар ауданынан сатып алып, тасып жатырмыз. Ірі шаруашылық болғаннан кейін жылына 200-300 тоннадай жем-шөп тұтынамыз. Былтыр 2 миллион теңге шөпке арнап субсидия берген. Биыл әлі берген жоқ. Жыл соңына дейін тиісті құжаттарды өткізіп болған соң ғана қаржы аударатыны белгілі.

Үкімет ірі шаруалықтарға емес, ұсақ жеке шаруалардың шөбін даярлап беруге ғана көмек бере аламыз деп отыр. Ірі қожалықтардың ауыртпалығы өз мойнымызда. Сондықтан айтар ұсынысым: мемлекет егіншіліктегі жанар-жағар майға субсидия бергені сияқты, мал шаруашылығындағы жем-шөпке де субсидия қарастырса екен дейміз. Егер жем-шөпке қаражат қаралса, ет бағасын тұрақты ұстап отыруға, қадағалауға мүмкіндік туар еді.

Жылдан жылға қуаңшылық белең алып келеді. Он жылдан бері біздің өңірге шөп дұрыс шықпай келеді. Су көзі жоқ. Көкарал бөгетінде Кіші Арал он бес метрдей қайтып кеткен. Өзіміз 120 метр тереңдікте жеке қаражатпен құдық қазып жатырмыз. Мемлекет ең болмаса артизан қазып беруді қолға алса…Арал ауданы бойынша 15 скважина қазу жоспарланған мемлекет тарапынан, алайды бұл аздық етеді.

Құралай ИСЛАМҚЫЗЫ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *