БІР ҚҰМАЛАҚ БІР ҚАРЫН МАЙДЫ ШІРІТЕР…

Білім Мәселе
732 Views

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ ШӨКЕЕВТІҢ назарына!

БІР ҚҰМАЛАҚ БІР ҚАРЫН МАЙДЫ ШІРІТЕР…

Соңғы уақытта Түркістан облысының «Адами әлеуеттік дамыту басқармасы» (білім саласына) қатысты дау-дамайлар әлеуметтік желі мен БАҚ арқылы республика аумағына тарап жатыр.

Негізі қаланғанына екі жыл болған жаңа облыстың білім саласында қызмет жасап жүрген педагог-ұстаздардың жан айқайы неге толастамай кетті? Күннен-күнге өршіп бара жатқан бұл шуға не түрткі?

Күнделікті ақпараттардан және редакциямызға келіп түскен арыз-шағымдарды негізге ала отырып, болып жатқан жәйттің мақсатын білу үшін облыс орталығына арнайы ат басын бұрдық.

«Бақсақ бақа екен» демекші біліп-түйгеніміз мынадай болды:

2017-2020 жылдары Түркістан облыстық Адами әлеуеттік дамыту басқармасы басшысының орынбасары Рахия Асанова білім басқармасында колледждерге мемлекеттік тапсырыс беру комиссиясының мүшесі болып жұмыс жасаған.

Осы жылдары Рахия Арынқызы колледждерге арнайы бөлінген мемлекеттік гранттарды бөлу кезінде басқарма тарапынан сеніп тапсырылған жауапты қызметкер ретінде өрескел заңсыздықтарға жол беріп отырған.

Түркістан облысының адами әлеуеттік дамыту басқармасымен 13.11.2015 жылдан бастап бүгінгі таңға дейін мемлекеттік тапсырыс бойынша жоғары оқу орындарына қарасты колледждер конкурсқа қатысып бюджеттен қаржы жұмсалып отырған. Алайда, жоғары оқу орындары техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің білім беру бағдарламалары бойынша оқу процесін жоғары оқу орындарының ақылы қызметтер көрсетуден алатын кірістері есебінен қамтамасыз етуі керек еді. Бұл ретте, Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі «Білім туралы» №319 Заңының 35 бабының 2 тармағының талаптары сақталмаған.

Жоғарыда көрсетілген заң бұзушылық бойынша жоғары оқу орындарына қарасты колледждерді конкурсқа келешекте қатыстырмауды және өткен жылдары бюджеттен бөлінген қаржыны Түркістан облысының бюджетіне кері қайтару мәселесі басты назарға алынып отыр.

Осы орайда облыс бюджетіне білім саласына мемлекеттік тапсырысты бөлу комиссиясының құрамына облыс әкімдігі, облыстық мәслихат депутаттары, облыстық қоғамдық кеңес, мемлекеттік орган басшылары, Қазақстан Республикасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Түркістан облысы бойынша департамент қызметкерлері мен арнайы мониторингтік топ мүшелері, Кәсіпкерлер палатасы, «Нұр Отан» партиясы өкілі, қоғамдық ұйым, бизнес құрылымдары өкілдері болып 29 адам бекітілген делік. Комиссия мүшелері Шымкент қаласында орналасқан 10 колледжге (оның ішінде 2-уі мемлекеттік, сол 10 колледждің бірқатары университет қарамағындағы колледждер) мемлекеттік тапсырысты бөлу кезінде немқұрайлылық танытып, өз істеріне салғырт қарағандары түсініксіз.

Бұл колледждер тұрғылықты және тіркелген жері Шымкент қаласы болғандықтан лицензияны Шымкент қаласының бақылау департаментінен қайта алынып, Шымкент қаласының мемлекеттік тапсырысы бойынша конкурсқа қатысып сол жақтың бюджетінен қаржыландыруы тиіс қой. Осы орайда:

— Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі «Білім туралы» №319 Заңының 57 бабының 4 тармағының талаптары сақталмаған;

— Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 04 желтоқсандағы №95-ІV Бюджет кодексінің 8 бабының 1тармағының талаптары сақталмаған;

— Қазақстан Республикасы Президентінің 19 маусым 2018 жылғы №702 Жарғысының 6 тармағы сақталмаған.

Жоғарыда көрсетілген заң бұзушылық бойынша 2018-2020 жылдар аралығында Шымкент қаласында орналасқан колледждерге бөлінген қаржыны кері қайтарудың заңдылығы туралы мәлімет беру туралы сұраныс хатымызды Түркістан облысы экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Абдуллаев Арман Айдарұлына жолдадық (жауабын газетіміздің келесі санында жариялайтын боламыз).

Қордаланған мәселе бойынша «Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің Түркістан облысының Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті» мемлекеттік мекемесі басшысы Б.Мұхамеджанов мырзаның колледж ұжымының арызына сәйкес тексеру қорытындысы төмендегіше болып отыр:

Түркістан облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті (бұдан әрі – Департамент) Адами әлеуетті дамыту басқармасының «Көпсалалы индустриалды-техникалық колледжі» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорыннан Д.Шотаева және басқалар жазған ұжымдық арызындағы (департаментке кіріс 13.072020 жылғы №ҰҚ-ІІІ-102) «Шымкент қаласында орналасқан барлық колледждерді тексеріп 2018 жылдан оқып жатқан студенттердің Түркістан облысының тумалары екенін анықтау» мәселесі бойынша Шымкент қаласында орналасқан Түркістан облысына қарасты колледждерде мониторинг жұмыстарын жасап, нәтижесінде Департамент Түркістан облысының мемлекеттік тапсырыс бойынша бюджеттік қаржысы мақсатсыз пайдаланған деген ұйғарымға келіп отыр. Осыған орай Түркістан облысының әкімі Ө.Е.Шөкеев мырзаға және Түркістан облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаментіне өз құзыреттері шегінде тиісті шара қолдануды сұранып отыр.

Көріп отырғандарыңыздай колледждерге мемлекеттік тапсырыс арқылы бөлінген бюджет қаржысы «Адами әлеуеттік дамыту басқармасының» басшысының орынбасары Рахия Асанованың тікелей жауапкершілігінде болғандықтан заң алдында жауап беретін сәті келген сияқты.

Түркістан облысының колледждеріне мемлекеттік тапсырыс бойынша біржақты қабылданған қаулы өз күшін жойып, комиссия қайта қарауға бет бұрмаса бұл наразылықтар толастамайтын секілді.

Осы жөнінде арызымызға арқау болып отырған Рахия Асанованың өзіне жолығып, істің мән-жайын білейік десек, басшы орынбасары екі аптадан бері еңбекке жарамсыз болып, емделіп жатқан көрінеді.

Ал, енді облыс әкімшілігінде бұл салаға жауапты облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов мырза облыстағы колледждерді барынша азайтып, онда жұмыс жасап жатқан педагог ұстаздарды жұмыстан қысқартуға соншалықты әуес болғандығына не дер екен?! Әлде бұл «Ет сасыса тұз себер, тұз сасыса не себердің?» кері ме екен?

«Жығылған үстіне жұдырық» демекші тағы бір көкейтесті мәселе, Түркістан көмекші мектеп-интернатының ұжымының атынан келіп түскен жанайқайы да бізді бей-жай қалдырмады. 70 жылдық тарихы бар мүгедек балаларды оқытып, тәрбиелейтін білім ошағы дәл қазіргі сәтте ғимаратсыз далада қалып отыр. Онсыз да тағдырдан таяқ жеп, тәлкек көріп отырған жарымжан балалар білім алатын оқу орнын жаңадан ашылған «Туризм» университетінің меншігіне беріп отыр. Жарайды, берсін. Еліміздің туризм саласын дамытқаны дұрыс-ақ. Алайда, жаңа оқу жылы қарсаңында 150-ден астам мүмкіндігі шектеулі балалардың тағдыры не болмақ? Бұл мектеп-интернаттың басшысы С.Тенизбаев ұжымды қорғаудың орнына, өз қарақан басын ойлап, бас сауғалап жүр. Ұжым арасында алауыздық туындап, екіге бөлінген. Мұнда да «штатты қысқарту» белең алып, бірқатар білікті тәрбиешілер жұмыссыз қалғалы отыр.

Әбден ашынған ұжым біздің тапталған құқығымызды айтпағанда жарымжан, мүгедек балалардың құқығын кім қорғайды, осы жөнінде облыс әкімі Өмірзақ Естайұлы шешіп бермесе Тәуелсіз Қазақстанның президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа дейін барудан тайынбаймыз деп отыр.

Бұл мәселені облыс аумағынан шығармай шешуге Сәкен Қалқаманов мырзаға не кедергі болып отыр екен? Онсыз да көңілі жарым, тағдырдан теперіш көрген балалардың обалы кімге болмақ?

Әділ ҚЫРАН,

журналист

Арнайы мектеп — интернатта ең негізгі пән еңбекке баулу пәні. Пән бойынша қыз балаларға арналған тоқыма ісі шеберханасы, тігін шеберханасы, қол өнер шеберханасы. Ұл балаларға арналған темір өңдеу шеберханасы, аяқ киім жөндеу шеберханасы, ағаш өңдеу шеберханасы және ауыл шаруашылығы пәндері оқытылады осы орайда…Елбасымыз да өзінің соңғы Жолдауында осы мүмкіндігі шектеулі жандарға қатысты орынды мәселелер көтеріп, оларды жұмыспен қамтуға ерекше көңіл бөлу керектігін қадап тапсырған болатын. Ең бастысы мүгедек балаларды сәби кезінен бастап анықтап, олардың ортаға бейімделуіне жағдай жасауымыз керек. Жалпы баланы қоғамға бейімдеу мен оқытуда ерте диагностикалау мен түзету маңызды. Мүмкіндігі шектеулі, мүгедек балалар тәрбиесіне ерекше мән берілуі керек. Бұл тәрбиенің негізгі мақсаты еңбекке үйрету, өмірде өз орнын табуға баулу, өмірге икемді жеке тұлға қалыптастыру. Ең алдымен тәрбие ісіне терең сезім қажет. Тәрбиеге нағыз сенім бар жерде ғана, нағыз талапшылдық еңбек тәртібі болады. Еңбек, еңбек – бәрін жеңбек. Осы бір мақалдың ішіне барлығы сыйып тұрғандай. Мүмкіндігі шектеулі, мүгедек балалар дегенде көз алдымызға еңбекке жарамсыз, ата-ана қамқорлығында отырған балалар елестейді. Еңбек баланың өмірлік қажеттілігі. Мүмкіндігі шектеулі, мүгедек балалардың өзіндік еңбек дағдылары бірден қалыптасып кетпейді. Мұндай балалар ата-ана мен арнайы мамандардың көмектерін қажет етеді. Оларға өздерін танытып, айналасындағылармен араласуға мүмкіндік беру керек. Өздері өте жасық келеді. Бойында дарыны бар балалар қаншама. Мұндай балаларды еңбекке баулыса, ертең есейгенде өмірде өз орнын, өз мамандығын табуға көп көмек болар еді. Күнделікті үй тұрмысындағы еңбектің өзі баланың еңбек дамуының көзі. Баланың өзіндік қызмет дағдыларының қалыптасуын қадағалау қажет. Оның дұрыс тамақтануы, тамақтанып болғаннан кейін ыдыстарын, киімдерін жинау ұқыптылықтары еңбектену көзінің бұлағы емес пе. Үйде жасалатын жұмыс туралы түсінігін дамыта отырып, заттық ойын және іс-әрекеттерін ұйымдастыру күнделікті еңбек дағдыларының қалыптасуы болып табылады.Осы тұрғыда ата-ананың орны ерекше. Ертең есейгенде олар кім болып шығады деген сұрақ әрбір ата-ананы ойландыруы тиіс.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *