ҚАЗАҚСТАН СУИЦИД БОЙЫНША ӘЛЕМДЕ ЖЕТЕКШІ ОРЫНДА

Мәселе Қоғам
330 Views

Ойынхананың қақпанына түскен адамның соңғы сапары – өлім

Қазақстанда азарт ойындардың ақша айналымы 300 миллиард теңгеден асыпты. Долларға шаққанда шамамен 800 миллион доллар.

Ауылдағы бір мектептің құрылысына 500 миллион кетеді. Ал енді есептей беріңіз. 300 миллиард теңгеге жыл сайын 600 мектеп соғуға болады.

Жыл сайын осынша ақшаны біреулер бөліске салып отыр.

Шұбатылған шынжырын ширатса, бір ұшы біздің Үкімет жақтан шығуы ғажап емес.

Үкімет демекші, былтыр қазан айында Алматы облысының Прокуратурасы сұмдық ақпаратты жариялады. Оны zakon.kz сайтынан оқыдым. Сонда былай дейді. Қапшағайдағы казиноларда шенеуніктер ойынның туын тігіпті. Тексеру кезінде 507 миллион теңге ұтылған. Азарттың ащы дәмін тататын, соры мен қайғысын жұтатын — әйел. Кәдімгі, үкіметке алақан жайып жүрген аналар мен балалар.

Еркектің езілген кеудесі өмірге емес, үнемі өлімге қарай итермелеп тұрады.

Ойынхананың қақпанына түскен адамның соңғы сапары — өлім. Бүгін түнде тағы да неше адам кетті екен?

Бар білетінім, Қазақстан суицид бойынша әлемде жетекші орында.

Құмардың құлы болған күйеуін немесе баласын қайтсем де құтқарамын деп бүкіл өмірін, тіпті жастық шағын зая жібереді. Әйелдерді айтып тұрмын.

Өкініштісі, одан ешқандай нәтиже шықпайды. Өйткені, азарттың емі жоқ.

Бурабай мен Қапшағайға миллиондап ұтылатындар ойнайды.

Ал, қалалардың ішіндегі лото клубтар мен букмекерлік кеңселерде 100 мыңдап ұтылатындар жүр. Олардың 90% жұмыссыз жүрген адамдар немесе осы ойынның кесірінен көзі байланып жұмыссыз қалғандар.

Онлайн құмар ойындарды кез-келген адам көшеде немесе жұмыста ойнап отыра береді. Жалпы елімізде бейресми есеп бойынша 3-4 миллион адам құмар ойынның арбауында жүр. Біздің Үкімет соларды жұмыспен қамтимын дейді. Естеріңде болсын. Олардың жұмысқа зауқы жоқ. Ауру. Кәдімгі игромания деген ауру. Оның емі де қымбат екен. Бір адамды емдеуге кем дегенде 2 миллион теңге қажет.

Өкінішке қарай, біздің елде халықты ашық тонайтын қылмыстың бәрі заңдастырылған. Мысалы, банктер, букмекерлер, лото клубтар, казинолар.

Қолданыстағы заңда құмар ойын деп емес, көңіл көтеру, яғни «развлечения» деп көрсетілген.

Мұндай заң расында еуропа елдерінде бар. Бірақ оларда бір адам бір күнде 50доллардан артық азартқа ақша салмауы керек. Ал біздің елде бір күнде 50 мыңдоллар салсаң да ешкім қолыңды қақпайды. Нөл болғанша, тіпті қатын-балаңдықырып тастағанша ақшаңды қабылдай береді.

Ербол МӘНДІБЕК

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *