ҚАЗАҚСТАНДА СУ БАСУ ҚАУПІ ЖОҒАРЫ 255 АУЫЛ БАР

Мәселе Қоғам
399 Views

Танымал ойшыл В.И.Вернадский өзінің биосфера және ноосфера жөніндегі ілімінде жер бетіндегі тіршілікті ерекше қалыптасқан геологиялық қабат ретінде қарайды. Тіршілік биологиялық зат пен энергияның айналысын тудырып, жер бетін толығымен өзгертеді. Адамзат тіршілік әлемінің жоғарғы бөлігі ретінде өзге энергия формаларына ұқсамайтын күш-қуатты тудырады – ол ақыл-ой, зерде. Адам баласының зердесімен еңбегінің арқасында жаңа геологиялық күшке айналып, биосфера жаңа ақуалға ноосфера (ақыл – ой арқылы ретке келтірілген беті) деңгейіне көтеріледі. Адамзат зердесі ғарыштық құбылыс…

Міне сондықтан да тіршілікте кездесетін техногендік қауіптердің алдын алып, оңтайлы шешім қабылдау үшін ғалымдардың арнайы зерттеу сараптамалары мен ұсыныстарына құлақ асқан жөн.

Су тасқыны саны мен ауқымының өсуінің негізгі себептерінің бірі – ормандардың жойылуы, батпақтардың құрғауы, топырақ жамылғысының тығыздалуы. Мұның бәрі жер бетіндегі ағынның бұзылуына, оның тез ағып кетуіне және төтенше жауын-шашын немесе қардың еруі кезінде өзен арналарында жиналуына әкеледі.

Селдің қалыптасу және әсер ету аймағы Қазақстан Республикасы аумағының шамамен 15%-ын қамтиды. Қазақстан аумағындағы неғұрлым сел қаупі бар аудандар Іле Алатауының солтүстік баурайы және Жетісу Алатауы болып табылады. Қазақстан Алтайы, Тарбағатай, Сауыр, Кетмен, Жетісу Алатауы және Батыс Тянь-Шань жоталары шегінде 5140 сел ошақтары мен 300-ден астам сел алқаптары анықталды.

ҚР ТЖМ деректері бойынша шаруашылық жүргізу объектілерінің қауіпті әсер ету аймағында 2700 мұздық, 596 мореналық және мұздық көлдер, 5650 сел ошақтары, 800-ге жуық көшкін пайда болу ошақтары, 174-тен астам көшкін қауіпті аймақтар, Алматы қаласының, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл және Түркістан облыстарының сел, көшкін және көшкін қауіпті учаскелерінде орналасқан.

Сел құбылыстарының ауқымы, жиілігі, сел салдарынан болған апатты салдары бойынша Қазақстан Орталық Азия мен ТМД-ның басқа елдер арасында алдыңғы қатарда.

Соңғы 10 жылда Қазақстан аумағында болған кейбір дүлей апаттардың хронологиясы:

2009 жыл, сәуір. ШҚО. Су тасқыны: 675-ке жуық шаруашылық құрылыстары бұзылып, 22 тұрғын үй су астында қалды, 40 адам эвакуацияланды.

2010 жыл, 12 наурыз. Алматы облысы, Ақсу ауданы. Су тасқыны: 45 адам, 15 бала қаза тапты. 3 мыңға жуық адам тұратын бүкіл ауыл жуылды. Тұрғын үйлер, шаруашылық құрылыстар қирап, мал қырылды.

2010 жыл, сәуір, ШҚО. Су тасқыны: 1000-ға жуық тұрғын үй, шаруашылық құрылыстары мен қыстаулар қирады, 1140 тұрғын үй су астында қалды, 7 мыңнан астам адам эвакуацияланды. 30 мыңға жуық ұсақ мал, 1,5 мыңнан астам жылқы және 4 мың ірі қара қайтыс болды

2011 жыл, наурыз. ШҚО және БҚО. Су тасқыны: Жүздеген үйді су басып қалды, тұрғындары қауіпсіз жерге көшірілді.

2012 жыл, наурыз. ОҚО. Су тасқыны: 1,5 мыңға жуық үй мен ауланы су басты. 2,2 мыңнан астам адам эвакуацияланды

2015 жыл, наурыз-сәуір. Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Ақмола, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары. Су тасқыны: 2,5 мың үйді су басып, 16 мыңнан астам адам эвакуацияланды. Шығыс Қазақстандағы үш көпір қирады.

2015 жыл, шілде. Алматы. Селдің түсуі: 27 әуе тірек электр желілері шайылды, 11 қосалқы станция су астында қалды, 224,8 мың текше метрден астам балшық-тас массасы шығарылды.

2015 жыл, мамыр. Түркістан облысы. Су тасқыны: Кенттерді су басып, мыңнан астам үй, үш мектеп, бес балабақша, төрт медициналық мекеме зардап шекті, 31 мыңнан астам адам эвакуацияланды.

2023 жыл, ақпан. Түркістан облысы. Су тасқыны: Мәліметтер нақтылануда.

Осы су тасқынына қатысты Үкімет отырысында ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен биылғы жылға қандай дайындық шаралары жүргізіліп жатқандығы қарастырылған болатын.

Өткен жылы су басудың негізгі себептері өзен арналарының толып кетуі мен балдырлануы, дренаждық-арық жүйелерінің болмауы, су қорғау белдеулерінде үйлер салу екенін аталып көрсетті. Сонымен қатар қардың уақытылы шығарылуы, су айдау құралдарының болуы және өзендердегі мұздың әлсіреуі үлкен маңызға ие.

Бүгінгі таңда су басу қаупі аймағында 255 елді мекен, су жайылуға бейім 482 автомобиль және 600-ден астам теміржол учаскелері, су қорғау белдеулерінде 309 елді мекен бар. Бұл мәліметтерді төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин хабарлады.

Биылғы ауа райын ескере отырып, сонымен қатар қардағы су қорының мөлшерін, топырақтың күзгі ылғалдылығын, оның қату тереңдігін талдай отырып, бірқатар облыстарды су тасқыны қаупі бар өңірлерге жатқызды. Олар: Ақмола, Абай, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Түркістан және Жетісу облыстары.

Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова да өз кезегінде республика аумағында барлығы 1806 тірек гидротехникалық құрылыс бар екенін айта отырып, оның ішінде, 471 нысан жөндеуді талап ететінін, ал 41 ГТҚ қайта жаңартылып жатқанын атап өтті.

Ал индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев дайындық жұмыстары аясында су тасқынына қарсы шаралар жоспары бекітіліп, орталық және өңірлік деңгейлерде комиссиялар құрылғанын айтты.

Төтенше жағдай министрі ақпан айындағы ауа температурасының жоғарылығы мен жауын-шашын мөлшерін ескере отырып, оңтүстік өңірдің әкімдеріне су тасқынына қарсы жұмыстарды күшейту керектігін, дренаждық жүйенің селге шамасы келмейтіндігін, сол себептен кәріздерді, өзен арналарын тазартып, уақытша бөгеттер тұрғызу керектігін, құралдардың дайындығын үйлестіріп және сапалы іске асыруды қамтамасыз етуді, жедел штаб құру, сондай-ақ шекаралас мемлекеттермен судың шығыны және трансшекаралық өзендердегі қауіптің алдын алу туралы тұрақты түрде өзара мәлімет алмасуды ұйымдастыруды қатаң түрде ескертті. Билік ғалымдардың ізденіс нәтижелері мен нақты ұсыныстарын ескерер болса, көптеген апаттардың алдын алуға болатынын айтқымыз келеді.

А.БЕКЖАНОВА,

Әл-Фараби атындағы

Қазақ Ұлттық университеті география

және табиғатты пайдалану факультеті

картография және геоинформатика

кафедрасының оқытушысы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *