ЖАЗУШЫ ШЕБЕРЛІГІНІҢ БІР ҚЫРЫ

Әдебиет
238 Views

Белгілі жазушы Нағашыбек Қапалбекұлының көптеген прозалық шығармаларын оқып, құнарлы тілінің көркемдігіне ерекше риза болып жүрмін. Оның «Кек» атты романы, «Таудан түскен тұман», «Жер жүрегі», «Көз» атты повестері көркем жазылған шығармалар.

Бұл жазушы әсіресе әңгіме жанрын өте жақсы меңгерген, айтар ойы тұнық. Ұланғасыр қат-қабат оқиғаларды қысқа да нұсқа жазып шығады. Әр әңгімесі адамның сан қырын жан-жақты ашып, жандүниеңізді тебірентеді.

Бұл мақаламда Н.Қапалбекұлының «Ақ шымылдық» атты кітабындағы өзіме ерекше ұнаған «Дос жүрегі» атты әңгімесіне жан-жақты тоқталмақпын.

Қаламгер өз шығармасында ерекше тұлғалық бейнені суреттеуге тырысады. Қандай ойдың, парасаттың биіктігі болса, шығарма тілі соншалықты дара жазылады. Әдебиетте адамның көркем бейнесін жасағанда, жазушы оның кескін-тұлғасын, іс-әрекетін, мінезін, сол ортаның, дәуірдің өзгешіліктерін танытатын типтік сипаттарымен қатар өзінің басына ғана тән ерекшеліктерді де байқалатындай етіп суреттейді.

Н. Қапалбекұлының «Дос жүрегі» әңгімесінде: «Ермектің түр-тұрпатын көріп күліп жібердім, ол қысылып, кепкісін шеше қойды. Қазандай басындағы анау-мынауға көнбес жылқының қылындай қайратты қара шашын ұстарамен тап-тақыр сыпыртып тастапты. Айырдай қолымен сол үрленген қарындай жалтыраған басын әлсін-әлсін сипалай береді». Демек, автордың бірінші жақта баяндау ерекшелігі оқырманды өзіне бірден баурап алуы, айтар образдың қасына апарып қоюы ерекше даралықты көрсетеді. Бұдан оқырман мен автордың кейіпкердің ортақ іске теңдей келуі ешқандай шексіз байланысқа түсіретін көркем бейнені тұтас қабылдауға мүмкіндік береді.

Көркем әдебиет тілі – талантты жазушының көркем бейнені жасау құралына айналғанын көреміз.

«Тіл ішіндегі тіл» деген анықтамаға көптеген ғалымдар стилистикада әдеби тілдің ерекше түр мәртебесінде қаралады деп санайды. Ол өзге стильді сіңіріп алмайды, өзінің шекарасынан шықпайды. Кейіпкердің іс-әрекетіндегі, мінезіндегі көптеген жекелік-сипат белгілер өзінің даралық, нақтылық қалпын сақтай отырып, типтік мағынаға да ие бола алады.

Н. Қапалбекұлының әңгімесінде автор былай береді: «Ол кеткеннен кейін де көпке дейін бір көңілді әуен сәулесі көкірегіме қанат жайып, сүйсіне жадырайтыным бар. Сол дәудірлеген Ермектің бүгінгі келісінен кейін, қайта елі көшкен күзгі жайлауда жалғыз қалғандай құлазыдым кеп».

Ермек Қайыркеннің Таңатқа ренішін сезеді, бірақ автор палата есігінен шығып бара жатып, естілер естілмес бәсең дауыспен Таңаттың Қаратауға қайтып кеткендігін сыбырмен айтып кетеді. Автор іле шала Ермектің үстінен бензиншісі шығып кеткендігін бірден осы жерде қозғайды. Бұл автордың Таңатқа деген ренішін «бензин» сөзімен алмастырып, өртеп жіберуге даяр екендігін шығарма басталмай жатып, өкпесін көрсетеді. Әрине, бұдан қоғамға қызмет ететін функционалды-стилистиканың бір түрі көркем әдебиет тілі екендігін аңғарамыз. Автордың бұл әсерлеп беруі ағартушы ғалым А.Байтұрсынұлының зерттеулеріндегі меңзеу екендігін былай көрсетеді: «Тілдің міндеті – ақылдың аңдауын аңдағанынша, қиялдың меңзеуін меңзегенінше, көңілдің түюін түйгенінше айтуға жарау. Мұның бәріне жұмсай білетін адамы табылса, тіл шама қадырынша жарайды. Бірақ тілді жұмсай білетін адам табылуы қиын… Сондықтан сөзден жасап, сөз шығару деген әркімнің қолынан келе бермейді және шығарғандардың да сөздері бәрі бірдей жақсы бола бермейді». Бұдан Н.Қапалбекұлының ақылдың аңдауын, қиялдың меңзеуін, көңілдің түюін, тілді түйгенінше жұмсай білетін талантты жазушы екендігін аңғаруға болады.

Көркем әдебиет стилінің мақсаты – тілдік құралдарды пайдалану арқылы бейне образ жасау.

Автор шығармасында өз өміріне ғана емес, өзгенің өміріне де бақылау жүргізгендігін байқаймыз. Сол замандағы, қоғамдағы адамдардың бейнесін бақылау, саралау, нәтижесін беру осы шығарманың негізіне арқау болады. Ендеше, шығармада бірден көзге түскен, алайда жағымсыз тұсынан байқалған Таңатты ерекше бөліп, баса айту керек.

Мұндағы Таңаттың жеке басында болып жатқан жағдайлары туралы фрагментті қарастырып көрелік: «Өзімізден бір класс қана төмен оқыған, кезінде шалбар киіп жаяу жарысқа түсіп жүретін Сәбира деген қызға ғашықтығын жазады, оқуының қиындығын, “Сопромат” дегеннің миына кірмейтініне қиналады, стипендия ала алмай, жағдайының ауырлығын айтады. Баяғы тоғызыншы кластағы алған пальтосы қысқарып кетсе де әлі киіп жүргенін, оқу бітірген соң күреп ақша табатынын жыр қылады: “Сен білесің бе, геологтар бір айда мың сомға дейін табады екен, егер қазба байлық тауып қалсаң, ақшаның астында қалдым дей бер” дейді қиялдап». Демек, кейіпкер эгоист болғаны. Эгоизм (өзімшілдік) – басқалардың мүддесімен санаспайтын, тек өз мүддесін ғана көздеуді көрсететін адамның жеке бастық теріс қасиеті. Таңат бірде бір рет досының жағдайы жайлы сұрамағанын анық байқаймыз.

Мысалға: « Қолында қолшатыры белі үзіліп кете сақтап, бізге сыңқ-сыңқ еркелей Сәбираның күлгені қандай! Кеудесі аяққаптай Таңаттың “О, бауырларым” деп қапсыра бізді құшағына алғаны қандай десеңші?»… Автордың сипаттауында оның өмірі күнделікті ауыл күйбелең тіршілігімен өтуде, бірақ күншуақты сенбіде, аялдамада сары автобусты күту қуаныштың символы іспеттес. Себебі: Таңаттың қаладан оралар күні оларға кішігірім мереке. Автор Таңаттың кеудесін дәл осы аяққаптай кең екендігін, құшағына бірден екі адамды алардай үлкен екендігін көрсетеді. Қасындағы Сәбираның «белі үзіліп» дегенінен оның нәзік, арықша келгенін ұғынамыз. Автордың лексикадағы тілдік бірліктердің, соның ішінде синонимдер мен көпмағыналықты дұрыс бағытта бере алуы, бізге көз алдымызға кейіпкер түр-сипатын елестету мүмкіндігін сыйлайды.

«Бұрын мұндайда “Апырай солай ма?” деп таңданып, ежіктеп қайта сұрап жататын Таңат, бипазданып, жерді өкшесімен қазып қозғалатын мінез тапқан». Автор Қайыркен мен Ермектің жанталасып ауылдың бітпейтін хикаяларына Таңаттың бұрынғыдай тамсана тыңдайтын қылығы, үйленгеннен кейінгі салқындау, жабық мінезімен алмасқанын меңзейді.

Шығармадағы осы үзіндіге назар аударсақ: «Одан әлгі Серіктің ала бас сиыры егіз ұрғашы бұзау туғанын, аттестат ала сап Рәсілдің қызы күйеуге қашып кеткені сияқты, жамырап, бітпейтін ауыл хикаяларын соғамыз». Осындағы ауыл әңгімелерін жанды, табиғи түрде көрсету үшін сол кездің адамдарының бейнесін беруде, сол арқылы Серіктің малшы екенін, Рәсілдің қызы жеңілтек екенін аңғарамыз.

Автордың атынан баяндау, автор өзі енгізген «сөйлеуші тұлға» әңгімелеуші тарапынан жүргізіледі. Кейіпкердің белгілі бір идеялық-көркемдік міндеттерімен бірге, белгілі дәрежеде автордың өзі де көрінеді. Шығармада да автор көп жағдайда әңгімеленуші тарапынан бір көрінсе, кейіпкер тарапынан тағы бір көрінеді. Мысалы: анасынан айырылғандығын, артынан бес бала қалғандарын көркемдегіш құралдарды қолдана отырып жазғанда, автордың эмоцияларын сезініп, жағдайының мүшкілдігін байқаймыз. Жағдай бірден бірнеше кейіпкердің бейнесін ашады. Мысалы: шешенің үй ошағы секілді жылу, мейірімі бірден көрінсе, әкенің жасы келген, оның үстіне сырқаты бар кісі екенін ұғынамыз. Оқиғаның отбасы мүшелеріне аяқастынан түскендігінен ешқайсына оңай болмады, әсіресе әкесінің жағдайын әсерлеп, оқырманды осы көріністі көз алдына елестете аларлықтай жеткізген. Мысалы: «Әншейінде алдындағы асын әзер алып ішіп жүрген әкем тіпті божырап, бой-бойы шығып, сәл нәрсе болды көзін жасқа шылайды».

Жағдайларының одан әрі күрделенуі зоотехник Құсбектің әңгімеде келгенімен өрбиді. « Салым-салымы шыққан әкем мөлиіп кете барған. Адамды бір сүріндірмесін де, шешем өліп, қайғымыз басымыздан асып жатқанда әкеме сиырға мініске берген, колхоздың құйрық-жалдан жұрдай арық сары аты жоғалды…»

Мына үзіндіге мән берсек: «Әсіресе әлі тілі шықпаған екіден жаңа асқан Фарида, шешемнің сүт кенже ерке қызы – бір жыласа көзінен бүртік-бүртік жас сорғалап қане тыйылсашы, тек апаммен жатып, апаммен бірге тұратын, енді сол иісті аңсап жүр-ау сәби көңілі». Мұнда «ортақ төл сөз» көмегімен кейіпкер баяндалуда, яғни «ортақ төл сөз» бізде үшінші жақта беріледі. Біз кейіпкердің ауызынан емшек сүті кетпеген, анасына деген сағынышын білдіріп жатқан сәби екенін ғана аңғармай, авторға да бұл сезім ортақ, таныс екенін түсіне аламыз.

Қайыркен мен Таңаттың арасындағы диалогы кезінде Болғанбаевтың бейнесі ашылады. Сол арқылы Болғанбаевтың ұсақ, мейірімсіз, қатыгез, екі жүзді, байлық құмар деп мінез жағынан айтсақ, бет келбеті жағынан «шегір көзді шикіл сары толық кісі» деп сипаттайды. Дәл осы диалогтан Жорик есімді ұлының да жағымсыз қасиеттері байқалады. «Жоригі жүрісі сұйық бала, өзі сатып жіберуі мүмкін». дегеннен, оны ерке, сотқар, даңғой бала дейміз.

Құрылыс учаскесінің прорабы Иван Иванович Бейрутты «сіріңке қара» десе қараторы, арықша келгенін елестете алсақ, «темекіден тісі сап-сары болған» дегенде шылымды көп тартатын кісі екенін түсінеміз. Түсінігі мол, мейірімді жан деп мына үзіндіге қарап айта аламыз: «-Жағдайың ауыр екені рас. Арыз жаз давай. Қысқа отын керек шығар, оны да жаздырып ала ғой, – деп қазақша судай ағып, ақтарылып түсті». Міне, төл сөз стилистикалық, тілдік және графикалық белгілері жағынан ерекшеленіп тұрады.

Автор оқырманға көркем бейне арқылы әсер етуге тырысады. Тілдің көркемдік бейнелегіштік құралдарын өзінше құбылтып, өз мақсаттарына сай пайдаланады.

Айтылғандардың барлығын жалпыласақ: шығармадағы кейіпкерлердің мінезін, іс-әрекетін, кескін– тұлғасын танытуын саралап, кейіпкер бейнесін аша алу, онымен қоса автордың көркем әдеби тілде қалай жазғанын көрсетуіне қол жеткізе алдық дегім келеді. Біз кейіпкер бейнесін ашуда бірден екі затты қарастырдық, біріншісі кейіпкердің бет-келбеті, екіншісі мінезі және оған әсер еткен сыртқы жағдай. Сонымен бірге шығармадағы кейіпкерлер бейнесін ашуда автордың көркем әдеби тілді қолдана алуы маңызды бөлшек десек болады. Шығарманың негізгі құралы – тіл екенін ұғынып, тұлға бейнесін ашуда жазушының шеберлігіне, халықтық тіл байлығын білгеніне байланысты болғанынан, оны қолдана алу, шебер суреттей білуіне тікелей бағыныштылығын көрдік.

Ғабиден Мұстафин айтып кеткендей: «Тіл қаруы – сөз, сөз қаруы – ой. Ақылды ой, алғыр сөз – адамның ең жоғары қасиеті». Демек Нағашыбек Қапалбекұлының терең, ұшқыр ойын әсерлеп жеткізе алуы, оның дарынды екендігін анық танытады.

Балдана АБЕК,

Тұран университетінің І курс студенті

Алматы қаласы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *