Алматыдағы Абай атындағы академиялық Опера және балет театрында Қазақстан Жазушылар одағының кезекті XV құрылтайы өтті. Басқосуды ақын, драматург, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Мірқасымұлы Оразалин ашты. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың құрылтайға арнаған құттықтау сөзін Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы оқып берді. Қалыптасқан дәстүр бойынша жиынға қатысушылар қос құрылтай аралығында өмірден өткен 131 қаламгерді бір минут үнсіздікпен еске алды.
Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Н. Оразалин одақтың жұмысы, әдебиет және қоғам тақырыбында баяндама жасады. Ол өткен пленумда дау болған Шығармашылық үйге тоқталып, оның жалға беруден түскен қаржының шығармашылық істерге жұмсалғанын, көп жылдан бері шешімін таппай жүрген қаламақы мәселесін шешуге атсалысқанын, қаламгерлердің кітап шығару ісі біршама ілгерілегенін айтты. Әдебиетке жасаған қолдаулары үшін Елбасыға, бірқатар облыс әкімдеріне өзінің ризашылық сезімін жеткізді.
Тексеру комиссиясының төрағасы Ырым Кенебай өз сөзінде Шығармашылық үйдің қаламгерлер үшін бір күндік бағасы үш мезгіл тамағымен қоса-қабат есептегенде 5500 теңге екенін тілге тиек етті. Одаққа қарасты ғимараттарды, басы артық бөлмелерді жалға беруден 2010 жылы 62 миллион теңге, 2011 жылы 73 миллион теңге, 2015 жылы 28 миллион теңге, 2017 жылы 25 миллион теңге, ал қоғамдық тамақтану орнын жалға беруден 2015 жылы 37 миллион теңге, 2017 жылы 23 миллион теңге кіріс кірген. Шығармашылық одақтың төрағасы Н. Оразалиннің айлық жалақысы 200 мың теңге екен. Қазіргі таңда Одақтың есепшотында бар болғаны 340 мың теңге ғана қалыпты.
Әдеби секция жетекшілері — Нұрдәулет Ақыш, Әділғазы Қайырбеков, Сұлтанәлі Балғабаев, Ахметжан Аширов (Ашири) хабарлама жасап, бүгінгі проза, поэзия, драматургия жанрында жазылған жаңа шығармалар мен авторларды атап өтті. Мұрат Әуезов, Сәбит Досанов, Қабдеш Жұмаділов, Мұхтар Шаханов, Бибігүл Иманғазина, Смағұл Елубай секілді қаламгерлер сөз сөйлеп, Одақ жұмысына өздерінің бағасын берді. Соңғысы Н. Оразалинге шапан жабумен қоса-қабат: «Шенеуніктің барлығы мемлекеттік тілде жұмыс істесін» деген Елбасы сөзін қолдауға шақырып; «Жаңадан жасалған «Алматы қаласының киелі мекені» бағдарламасына Қазақстан Жазушылар одағының ғимараты енгізілсін»; «Қазақстан Жазушылар одағының ғимараты мәңгі-бақи жазушылардың меншігіне берілсін» деген ұсынысын жеткізіп те үлгерді.
Шығармашылық одақтың жаңа құрамы мен төрағаны сайлауға 165 қаламгер қатысты. Одақтың жаңа төрағасы болып ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ұлықбек Оразбайұлы Есдәулет (суретте) сайланды. Ақберен Елгезек, Бақыт Беделхан, Бауыржан Жақып, Мереке Құлкенов төрағаның орынбасарлары, Есенғали Раушанов хатшысы болып бекітілді.
Ә. ДОСЫБЕК.