«ҚАЗАҚ КӘСІПТЕН ҚАЛЫП ҚОЙДЫ, ӨЗБЕКТЕР АЛҒА КЕТТІ»

Сұхбат Экономика
532 Views

Оразалы СӘБДЕН, экономика ғылымдарының докторы, қоғам қайраткері: «ҚАЗАҚ КӘСІПТЕН ҚАЛЫП ҚОЙДЫ, ӨЗБЕКТЕР АЛҒА КЕТТІ»

БІЗДЕ ИННОВАЦИЯНЫҢ АТЫ БАР ДА ЗАТЫ ЖОҚ

– Қаңтардың қантөгісінен кейін Президент үкіметке жаңа даму бағдарламалар ұсынуды тапсырды. Сіз тәжірибелі экономист ретінде айтыңызшы, дәл қазір мемлекеттің атқарушы органы қандай өзгерістерге бет бұру керек деп ойлайсыз?

– Билік бұған дейін шикізатты шетелге сатумен ғана айналысты. Мұнай, уран, мыс, барлық қазба байлықтарымыз сыртқа кетті. Өкінішке қарай, экономиканы әртараптандыра алмай, біз шикізатты экономика түрінде қала береміз. Қашанғыға дейін осылай жалғаса бермек? Егер өзіміз өскіміз келсе, титтей де болса өзіміз тауар өндірейік. Өзбекстанның мемлекет басшысы Шавкат Мирзеев қалай билікке келді, солай әлемдік компаниялармен кәсіби серіктес болуды бастады. Мәселен, атақты Adidas, Nike, Apple және әлемдік деңгейдегі текстильді компаниялармен бірге жұмыс орнын ашып, өндірісті жандандырды. Олардың ұтқаны – үздік брендтегі өндіруші орындармен тізе түйістіріп, нарықты жаулауы. Қазір Өзбекстанда көліктен бастап, тұрмыстық техниканың неше атасы тоңазытқыш, телевизор, тіпті электр толқынды пешке дейін жасап шығарады. Міне, көршілес алаңдағы бәсекелестіктің аламан бәйгесі Өзбекстанның қолына өтіп кетіп жатыр. Қазақстанда ондайдың біреуі де жоқ.

Біз шикізатымызды өндіріске айналдыруды былай қойып, бірден инновациялық жолға айқара жол аштық. Дұрыс, әлем жаңа қарқынды технологиялармен даму үстінде. Маман ретінде айтарым, нанотехнология, биотехнология, ақпараттық технология, космостық технология, осыларға басымдық беруіміз керек. Әсіресе, машина жасау мәселесі. Бірақ, бізде инновацияның аты бар да заты жоқ. 2003 жылдан бері елемізде мемлекеттік индустриялық-инновациялық бағдарламалар іске асып келеді. 2015 жылы тағы бір бағдарлама, 2016 жылы, 2019 жылы тағы бір бағдарлама, одан кейін тағы… Ешқайсысы орындалып жатқан жоқ. Мұны жауып қояды да, тағы бір бағдарлама қабылданады. Бұл мемлекеттің миллиардтаған қаржысы ғой, айналайын! Ауаға ұшып жатыр! Бірде-бірі өз межесіне сай орындалған жоқ, бірақ ақша суша ағып жатыр… Не деген ысырап! Сондықтан осындай көзбояушылықтың арты қазір дағдарысқа әкеп тіреп, әлеуетіміз өте қиын жағдайда тұр.

Менің есімде бір жылдары Үкімет Президентке «Бізде индустриялы инновациялық жобалардың көрсеткіштерін орындау қиын болып жатыр. Талаптарын төмендетсек» деп уәж айтқан… Жақында Қасым-Жомарт Тоқаевқа қалай экономиканы әртараптандырамыз деген сұраққа өзімнің жобарым мен ұсыныстарымды айтып, хат жазып жібердім.

– Нақты қандай ұсыныс айттыңыз?

– Экономиканы әртараптандыру үшін 4 тетік бар. Оның біріншісі – өндіріс. Өндіріс туралы әлгінде айтып кеттім. Екіншісі – ауыл шаруашылығын дамыту, ауылға көңіл бөлу! Үшінші – шағын кәсіпті көтеру! Төртінші – ғылыми технологиялық жаңалықтар ашу, ғалымдарға қолдау көрсету, идеяларын іске асыру! Міне, осы төрт жол қазақ елі экономикасын гүлдендіретіні сөзсіз. Енді 20-30 жылда жер асты мұнайымыз бен газымыз да түгеседі. Сол үшін ауыл шаруашылығы державасын құруды жоспарлайық. Сол себепті, ауылдарда ұжымдық кооперация шұғыл қолға алынса. Баяғыда «Самұрық Қазына» мемлекет ішіндегі мемлекет деп айтқанмын. Оны диферсификация жасап әр тарапқа бөліп тастап, мәселен, бидай, мал азығы өнімдеріне қаржы бөлетін жеке компания жасау керек. Еліміздің логистикалық бағытын қаржыландыратын бөлек компания, халықаралық жолдар салуға жеке компания құруды меңзегенмін. Неге десеңіз, ауыл шаруашылығына бөлінген қаржының 80 пайызы ауылға жетпей, ірі компаниялардың қалталарына кетіп жатыр. Мәселен, элеваторы бар бай-шонжар дейік, ақша кімнің құрығы ұзын, соның қолына түседі. Ауылдағы фермерлерге түк жоқ, ештеңе тамбайды. Осы орайда ұжымдық кооперация заңын іске асыру керек. Қазір ауылдың байырғы тұрғындарына 6-7, 10 гектар жер берілген. Енді ол жерге не істеу керек, ауыл тұрғындары, яғни қожайындары әлгі жерді ауылдың бір фермеріне пайдалан деп уақытша жалға беріп қойған. Сол фермер 15-20 жыл бойы жерді игеріп келе жатыр, жер иесіне бір машина бидай әкеліп тастайды. Сонымен бітті. Қалғанын сұрап жатқан жан жоқ. «Артық бірдеңе сұрай қалса, онда жеріңді өзің ал, өзің игер» дейді. Оны қалай игересің, ауылдағы бір отбасын алайық, біреуі мұғалім, біреуі медик, жұмыстан шығып кірісетін болсаң, оған трактор керек, жырту керек, жағдай жасау керек? Соған өміріңді арнау керексің… Жалғыз жүріп жол тапсаң жақсы… ауыл ішінде ебін тапқан бірді-екілі фермерлер ғана байып алған. Барлық табыс солардың қолында. Халық болып дамыту керек ауылдың шаруашылығын… Неғып әкімдер жұмыс істемейді? Ауылдың тамырына жан бітіру үшін алдымен аудан, ауыл әкімдері жұмыс істеу керек ғой! Бірақ бұл іс әкімдерге де керек жоқ сияқты. Екі ортада сорлайтыны халық. Бір өзің ештеңе өндіре алмайсың, сондықтан мұның бәрі кооперация арқылы жүзеге асатын процесс. Сондықтан 300-500 адам бола ма, қайтадан кооперацияға өту керек, жұмылып ұжым болып игеру керек. Ортасынан білімді, мықты жастарды сайласын. Он бес адамнан тұратын кеңесі болу керек, кооперация мүшелерінің алдында есеп беру керек, барлық еңбекті бірге іске асырып, бірге кредит алып, бірге орындап, нәтижесін де бірге көру керек. Сонда ғана ұжымдық алға жылжу, ауыл шаруашылығын дамыту болар еді. Бірақ, мұның бәрін әншейін құр болып қалып кете беретіні өкінішті.

ҚЫТАЙДА ҒЫЛЫМИ ЖАҢАЛЫҚ АШТЫҢ БА, ДЕРЕУ АҚША БӨЛЕДІ

– Экономиканы жетілдірудің үшінші жолы – шағын бизнесті дамыту дедіңіз. Алайда елімізде бұл сала әлі де шалажансар күйде…

– Шағын бизнес туралы кітап жазған адаммын. Мұны дамыту өте қажет. Мысалы, елде шағын кәсіптің жалпы экономикадағы үлесі жиырма пайыз ғана. Статистика 30 пайыз деп өтірік көрсетеді. Мемлекеттік статистика үкіметке бағынышты, сондықтан үкімет не талап етеді, сол статты көрсетеді. Не айтса, соны жазады. Ал статистика тәуелсіз болуы керек. Мысалы, Парламенттің қарамығына қойса болады. Сонда шындықты айтса керек. Әсіресе, елдегі жұмыссыздық 5 пайыз дейді. Ал ауылдың 80 пайызы жұмыссыз отыр. Осындай өтірік мәлімет беруге ұялмайды. Ол аздай, Қазақстанда 3 миллионға жуық адам өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз етеді деп есеп беріледі. Қалай? Есік алдындағы тауығын, қой-ешкісін тізімге алып, демек кәсібі бар, өзін өзі жұмыспен қамтып отыр деп есеп береді. Германияда халықтың 80 пайызы шағын кәсіппен қамтылған. Бізде керісінше. Біз кәсіппен айналысқан күннің өзінде жалпы пайданың 20 пайызын алып отырмыз дейміз, немістер 50-60 пайызын алады.

Шетелде шағын кәсіпті несиелеу 0,15-0,1 пайыз ғана! Біздің банктердің ставкасы сұмдық, аузын арандай ашады. Кредит берілгеннен кейін кәсіпкерді жүз тексереді, тексерудің соңы сыбайлас жемқорлыққа ұласады. Пара сұрайды, әйтпесе жауып тастаймын дейді. Шағын кіші кәсіп қазақтан қалып қойды, өзбектер алға кетті. Біз артта қалдық. Экономиканың арбасын алға сүйрейтін шағын бизнес ғана. Бізде бұл сала ақсап жатыр, қадам бассаң көлеңкелі экономика көп. Мысалы Қытайда кіші инновациялық кәсіп деген бар, ғылым жетістіктерін іске асырады. Тіпті Оңтүстік Корея, Қытайда сен ғылыми жаңалық аштың ба, дереу ақша бөледі. Үш-төрт жылдан кейін ғана салық салады, әбден еңсеңді түзеп тұрақталған соң… Біз осындай әдістерді қолданғанда ғана экономика жағынан дамимыз.

– Ғылыми жаңалықтар ашылу үшін бәлкім жоғары оқу орындарында жастарды тегін оқыту керек болар?

– Халық білімді болса, алған білімін іске асырса, жастарымыздың бірі кәсіп арқылы, енді біреуі оқу арқылы елімізді өркендетуге күш салса, кешегідей қанды оқиға орын алмас еді. Жастарымыз жалаң қолмен көшеге шықпас еді. Екі дипломы бар, жұмыссыз жүрген жастар көп. Жоғары оқу орындары университеттер бар, білім жоқ. Тым болмаса терең білім бере алса екен, білім де жоқ, не олар жабылмайды. Бұлар да бизнеске айналып кеткен. Көбі парамен бітеді, парамен оқиды, сапа жоқ. Білімсіз елді басқару оңай, билікке де жақсы.

Жастарға білімді тегін оқыту керек. Оған мемлекетте қаражат табылады. Мұнай, газдан түсіп жатқан ақша жетеді. Көлеңкелі экономикада елу пайыз ақшамыз жатыр. Әлемде робототехнология дамып келеді. Біз өркениетті елдің қатарынан көріну үшін рухани дүниемізді де ақсатып алмауымыз керек, экономиканы да… Осы екі сәйгүлікті бір-біріне қарсы қоймастан тең дамытсақ, мығым мемлекет құрамыз. Міне, Өзбекстан соны жасап бастады.

– Біздің қазіргі жағдайымызда шетелге заңсыз кеткен қаржыларды қайтару, тәркілеу мүмкін бе?

– Тез арада Оффшор туралы заң қабылдану керек. Елбасының айналасындағылардың, билік басындағылардың жасырын қаржысы шетелдегі оффшорық компаниялардың сандығында сақтаулы. Президент Қ.Тоқаев бұл тұрғыда бастама көтеріп, қаржыны сыртқа шығару тоқтатылсын деді. Бірақ бұл сөз жүзінде қалмас үшін алдымен Заңмен шегелеу керек.

Сұхбаттасқан Құралай АХМЕТОВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *