КЕМЕЛ КЕЛЕШЕКТІ ОЙЛАҒАН ТҰЛҒА

Білім Қоғам
524 Views

Yessenov University 45 жыл

КЕМЕЛ КЕЛЕШЕКТІ ОЙЛАҒАН ТҰЛҒА

Табылдиев Кеңесбай Табылдыұлы – Маңғыстауда жоғары мектептің іргетасын қалаушы. Yessenov University тарихы айтылғанда, алдымен Табылдиев Кеңесбай Табылдыұлының есімі ойға оралады. Бүгінде Каспий жағасындағы осынау білім ордасы еліміздегі алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарының бірінен саналады. Бастауы Каспий аймақтық тау кен-металлургия комбинаты жанынан ашылған Қазақ политехникалық институтының жалпытехникалық факультеті болып құрылғанда басы-қасында ыстық-суығына төзіп осы Кеңесбай аға жүрген еді.

Не нәрсенің де бастау алуы бірден бола салатын іс емес, оған көп қажыр-қайрат, күш керек. Жалпытехникалық факультеттің деканы болып Қазақ тау-кен институтының (қазіргі Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ) түлегі, геология-минералогия ғылымдарының кандидаты Кеңесбай Табылдыұлы Табылдиев тағайындалды. К.Т. Табылдиев 1931 жылы дүниеге келген. Қазақстан тау кен-металлургия институтын «Пайдалы кен орындарының геологиясы» мамандығы бойынша бітіргеннен кейін Шолақтау кенішінде геолог (1953-1957), Қазақ КСР Ғылым академиясының Геология институтында кіші ғылыми қызметкер, сектор меңгерушісі (1957-1976) болып қызметтер атқарған. 1976 жылдан 1983 жылға дейін В.И.Ленин атындағы ҚазПТИ-дің Шевченко қаласындағы Жалпытехникалық факультетінің деканы болған Кеңесбай аға сол қиын күндерде мойымай қасиетті топыраққа білімнің дәнін сеуіп, тұңғыш жоғары оқу орнының қазығын қағуға үлкен жүрекпен кірісті.

Сол егілген дән жемісін беріп, бүгінгі таңда Ш.Есенов атындағы КМТИУ Қазақстан Республикасының Маңғыстау аймағындағы білім, ғылым және мәдениеттің жетекші орталығына айналды. Кеңесбай Табылдыұлы 1983-1992 жылдары – кафедра профессоры қызметінде болды. 1996 жылдан ҚР Ұлттық ғылым академиясы Геология институтында ғылыми қызмет атқарды. Фосфат геологиясы саласының көрнекті маманы. 60-тың үстінде ғылыми еңбектің, «Геология терминдерінің орысша-қазақша сөздігінің» авторы болып табылады. Ғұлама ғалым Қ.И.Сәтбаевтың дарынды шәкірті, бұрын ҚазССР ҒА-ның Геология институтының секторын басқарған, тәжірибелі ұйымдастырушы, жан-жақты білім иесі, талантты ғалым К.Т.Табылдиев – кейін геология-минерология ғылымдарының докторы болды, «СССР Жоғары білім беру ісінің үздігі». Аймағымыздағы тұңғыш жоғары оқу орнын ұйымдастыру мен қалыптастыруда К.Т.Табылдиев көп қайрат пен күш-жігер жұмсап, жалпытехникалық факультеттің өркендеуі мен өз алдына ЖОО болып қалыптасуының негізін қалады.

Маңғыстау өлкесінде жоғары оқу орнын құру үшін, ұлт руханияты мен елінің кемелді келешегі үшін аянбай еңбек еткен Кеңесбай ағадай тұлғаларымызбен мақтанамыз. Көрнекті ғалым, талантты ұйымдастырушы болған Кеңесбай Табылдыұлы 2016 жылы 85 жасында дүниеден озды. Артында саналы ұрпағы, талантты шәкірттері, ел-жұрты барда Кеңесбай ағаның атқарған қызметтері мен еңбектері өшпейді.

Университеттің 45 жылдық мерейтойында Табылдиев Кеңесбай Табылдыұлы атындағы дәрісхана ашылды. Құтхананың ашылуына Алматы қаласынан перзенттері арнайы келіп, техникалық жабдықтар сыйлады. Ашылған дәрісхана арқылы білім ордасында білім алған шәкірттер Кеңесбай ағаның еңбектерімен танысып, тұлға есімін есте сақтары сөзсіз.

Нағбду ҚАМАРОВА,

Yessenov Universit yпрофессоры,

Ақтау қаласы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *