ҚАЗАҚСТАН МЕН ӨЗБЕКСТАННЫҢ ІСКЕРЛЕРІ ТҮРКІСТАНҒА ЖИНАЛДЫ

Саясат Экономика
303 Views

Қазақстан мен Өзбекстанның ынтымақ форумы бұл жолы Түркістанда түндігін түрді.

Өзбекстан билігіне мемлекет басшысы болып Шавкат Мирзиеев келгелі бес жыл ішінде форум үшінші мәрте өткізіліп отыр. Алғаш рет 2018 жылы Шымкент қаласында бас қосып, ежелден бауырлас мемлекеттер арасында айқара даңғыл жол ашылған еді, сауда-экономикалық қатынас нығайып, жаңа белеске көтерілді.

Содан бері де зымырап үш жыл өтті.

Қазақ-өзбек шекарасында мамыражай достық климаты орнап, екі ел арасында ерсілі-қарсылы автобағыттар зырғып өтіп тұрды. Екінші форум Өзбекстанның Үргеніш қаласында ашылып, мұнда да меморандум аясында бірқатар құжаттарға қол қойылып, екі жақтың пайдасына мәселелер шешілді.

Қазақстан мен Өзбекстан – Жібек жолын басып жатқан бел ортадағы елдер. Сол себепті логистиканы дамытып, бірлескен кəсіпорындар құрып, үшінші елдердің нарығына шығуға болады. Әу баста тұңғыш форумда-ақ екі елдің сауда айналымын 5 миллиард долларға жеткізу көзделген болатын.

Өткен аптада Қазақстан-Өзбекстан тарапы Түркістанға жиналды. Киелі қалада екі ел арасындағы дәстүрлі өңіраралық ынтымақтастық III форумы өз жұмысын жалғастырды.

Форум жұмысының алғашқы күнінде «Қазақстан мен Өзбекстанның бірлескен тауар өткізу жүйесін құру» және «трансшекаралық тәуекелдерді басқару. Экологияны сақтау/қорғау және жаңартылатын энергия көздерін дамыту» тақырыбында екі панельдік сессия өтті.

Сонымен қатар форум алаңында екі елдің іскер топтарының көптеген кездесулері өтті. В2В келіссөздердің қорытындысы бойынша жалпы сомасы 611,3 млн. АҚШ долларын құрайтын 54 құжатқа қол қойылды, оның ішінде инвестициялық – $372,7 миллион, сауда – $238,6 миллион (экспорт – 123,7, импорт – 114,9 (2021-2022жж.).

Инвестициялық уағдаластықтардың ішінде Түркістан арнайы экономикалық аймағы аумағында картон мен қағаз өндіру және электр техникалық өнім өндіруді ұйымдастыру жөніндегі жобаларды іске асыру туралы келісім бар.

Түркістан облысының әкімдігі «Discovery Invest» компаниясымен өнеркәсіптік нысандарды, азаматтық тұрғын үй кешендерін, білім беру мекемелерін салу бойынша инвестициялық жобаны іске асыру туралы Меморандум, ал Шымкент қаласының әкімдігі «Asia Metal Prof» компаниясымен металл өңдеу зауытын салу бойынша инвестициялық жоба туралы меморандум жасасты.

Келісімшарттар тізбесінде Өзбекстанға қазақстандық трансформаторларды, бейнебақылау камераларын, локомотивтер мен рельс-арқалық өнімдерін, ақылды есік құлыптарын, фосфорит шикізатын, жиһаз бен АӨК өнімдерін жеткізу келісімі де бар.

Импорттық келісімшарттардың ішінде Қазақстанға жеңіл өнеркәсіп тауарларын, құрылыс материалдарын, жеміс-көкөніс өнімдерін жеткізуге келісім қаралған.

Қазақстан мен Өзбекстанның өңіраралық ынтымақтастығының III форумы жұмысының 2-ші күні Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Асқар Мамин мен Өзбекстан Республикасының Премьер-Министрі Абдулла Арипов Форумның пленарлық отырысына қатысты.

Отырыста сондай-ақ Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов, Өзбекстан Республикасының Инвестициялар және сыртқы сауда министрінің орынбасары Бадриддин Абидов, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев, Жизақ облысының хокимі Ру Эргаш Салиев, Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев және Навои облысының хокимі Нормат Тұрсынов қатысты.

«Әділет-ақпарат»

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *