ҰЛТ ЖӘНЕ ТІЛ ЖАНАШЫРЫ ЖАНАЙДАР

Тұлға
1 631 Views

Еліміз егемендік алып, тәуелсіздік тұғырын бекіткеннен кейін, қазақ зиялыларының халық таныған абзал ұлдарының есімі халықпен қайта қауышып, олардың рухани мұралары халықтың игілігіне айналуда.

Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың Жарлығымен 1997 жылы 31 мамыр «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні» болып ресми түрде бекітілді. Бұл аталған шара еліміздің ертеңін ойлаған, халқымыздың бетке ұстар біртуар зиялы азаматтарының есімін халықтың жүрегінде және Қазақстан тарихында мәңгілік қалдыруға арналған игі бастама болғанын уақыт дәлелдеп отыр.

Саяси қуғын-сүргін құрбаны, Алаштың біртуар азаматы Жанайдар Сәдуақасовтың туылғанына биыл 120 жыл. Жанайдар Сәдуақасовтың саяси көзқарасы, ұлтты сақтап қалу жолындағы толағай еңбектері әлі де зерттеуді қажет ететін тарих ғылымының өзекті мәселелерінің бірі. Бұл тақырып аясында отандық тарихшылардан академик Х.Әбжанов, М.Қойгелдиев, Т.Омарбеков, тарих ғылымдарының докторы С.Смағұлова сынды ғалымдардың қатары белгілі. Академик Хангелді Махмұтұлы «Жанайдар есімі жұрт жадында жаңғыруы тиіс» атты мақаласында: Туған өлкесі Қарағанды өңірі, еңбегін сіңіріп, терін төккен Астана және Алматы қалалары, қала берді күллі қазақ жұрты мерейлі мезетті тұғырлы тұлғасының осы тойын лайықты атап өтсе, есімін елдің есінде қалдырып, болашақта көшелерге, мәдени және оқу-ағарту мекемелеріне (мектеп, орта-жоғары оқу орындары, кітапхана, мәдениет үйлері және т.б.) атын берсе, еңселі ескерткішін орнатса, күні кеше ғана өздері осы ұрпақтың бақыты үшін қаны мен жанын аямаған ата-бабаның аруағы оң жамбасына бір аунап түсер еді» — деп тарихи тұлғаның рухына тағзым етуді жөн санайды.

Осыған орай 2018 жылғы 24 мамыр күні Оңтүстік Қазақстан облыстық «Отырар» кітапханасында мемлекет және қоғам қайраткері Жанайдар Сәдуақасовтың ұлы есімін жаңғырту бағытында «Тәуелсіздік жаршысы» атты шара өтті. Тарихтың алдында ешбір кінәсі жоқ, саяси қылмыс құрбандары болған Ж.Сәдуақасов сынды мыңдаған азаматтарды жиі еске алып, ұлтқа сіңірген өнегелі істерінен тағлым алу бүгінгі ұрпақтың міндеті.

Шара барысында Ж.Сәдуақасовтың ұлт болашағы жолында сіңірген еңбек жолы тарихшылар тарапынан жүйелі зерттеуді қажет етеді деп сөзін бастаған тарих ғылымдарының магистрі, республикалық жас тарихшы ғалымдар қауымдастығының мүшесі А.Оралова ұлт жанашыры Жанайдар Сәдуақасовтың 1932-1933 жылдарындағы аштық нәубеті жайлап, халық аштық пен жұқпалы аурулардан қырыла бастаған тұста еліне көмекке ұмтылған республика басшыларының бірі екендігін айта келе, Сәдуақасовтың өмір жолының алғашқы кезеңі С.Сейфуллиннің «Тар жол тайғақ кешу» тарихи романыңда суреттелгені жайында жан-жақты тарқата баяндады.

Экономика ғылымдарының кандидаты, доцент Б.Әлімбеков Кітапхананың ғылыми хатшысы З.Жантасова ұлттың бойында сан ғасырлар жинақталған рух пен мұраттың ұлы бұлқынысы болған Алаш қозғалысы мәселесіне тоқталды.

Ж.Сәдуақасовтың қазақ халқының мүддесі үшін атқарған қызметін жалпы оқырман қауым мен жастар арасында насихаттауға арналған шараны ұйымдастырушысы «Көрмелік-бұқаралық сектор» жұмыстарының басшысы А.Арстанова модератор міндетін атқарды.

Жанайдар Сәдуақасовтың қазақ тілін ресми іс жүргізу үрдісіне енгізуге сіңірген еңбегі, ұлттық баспасөзді дамытудың басында тұрған тұлғалардың бірі ретінде баспа жұмысын жолға қою және қазақ басылымдарының санын арттыруда елеулі жұмыстар атқарғандығын тарих беттері растайды.

Саяси қылмыс құрбандары болған Ж. Садуақасов сынды мыңдаған азаматтарды жиі еске алып, ұлтқа сіңірген өнегелі істерінен тағылым алу бүгінгі ұрпақтың міндеті.

Ақнұр ОРАЛОВА,

Тарих ғылымдарының магистрі

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *