ЕЛІҢНІҢ ЕСІНДЕСІҢ, ХАЛҚЫНЫҢ АРДА ҰЛЫ ТӨЛЕПБЕРГЕН АҒА!

Тұлға
1 325 Views

Өткен ХХ ғасырда қазақ халқының атын ғаламға танытып, қазақ музыка өнеріндегі ерекше құбылыс болған Төлепберген Әбдірашов туралы қаншама мақалалар мен естеліктер жазылды. Еліне елеулі, халқына қалаулы болған өнер майталманы 1977 жылдың 1 қазанында Берлинде өткен дирижерлардың халықаралық «Герберт фон Караян қоры» сайысының дипломанты атанады. Оның музыка өнеріндегі ерекше еңбегі бағаланып 1982 жылдың 5 мамырында Қазақ КСР-нің Еңбек сіңірген қайраткері атағы беріледі. Келесі 1983 жылы КСРО-дағы құрметті атақтардың бірі Бүкілодақтық Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты, 1985 жылдың 25 желтоқсанында КСРО Министрлер Кеңесі жоғары аттестациялық комиссиясының шешімімен «Альта, виоленчели, контрабас және арфа» кафедрасының доценті атанады. 1995 жылдың 12 желтоқсанында Қазақстанның Халық әртісі, 1998 жылдың 30 желтоқсанында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының иегерлігіне қол жеткізеді. Ғасырлар мен мыңжылдықтар түйіскен 2000 жылдың 28 желтоқсанында Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы мәслихатының шешімімен «ХХ ғасыр адамы» атағын иеленсе, келесі 2001 жылдың 31 мамырында ҚР Білім және ғылым министрлігінің ЖАК шешімімен «Өнертану» мамандығының профессоры, 2004 жылдың 7 желтоқсанында Елбасының Жарлығымен «Құрмет» орденінің иегері атанады.

Төлепберген Әбдірашов ағамыз Аустрия, Англия, АҚШ, Болгария, Оңтүстік Корея, Куба және басқа да елдердің арнайы шақыртуымен үлкен ареналарда небір даңқты оркестрлерді басқарып дирижерлік жасайды. Өмірінің соңына дейін өз оркестрін ғана емес, Құрманғазы атындағы мемлекеттік ұлттық аспаптар оркестрін, Н.Тілендиев атындағы «Отырар сазы» оркестрлерінің де ауыр жүгін көтеріп өтті. Қаншама ұлттық композиторлардың шығармалары оның оркестрлерінің шығармашылығының арқауы болды. Сонымен қатар қаншама халықаралық конкурстардың жеңімпаздары мен атақты дирижерларға айналған, елге еңбектері сіңген шәкірттер дайындады. Олардың қатарында К.Ахметов, Ж.Жұмабеков, А.Бөрібаев, А.Әбдінұров, Е.Ахмедьяров. А.Оразғалиев, Қ.Омаров, Е.Нұртазин сияқты мықты кәсіпқой саңлақтарды атауға болады.

Арман шіркін жеткізген бе, елінің нағыз ұланы, музыкалық өнерге әлі де берері көп, әділеттілік пен шындықты, адалдық пен тазалықты өмірлік берік ұстанымы еткен, еліне еңбегі сіңген өнер майталманы 2007 жылдың 26 қазанында 59 жасында аз ғана уақыт ауырып шын дүниесіне кете барыпты. Міне 2018 жылдың 16 маусымында халқы мен ел-жұрты өнер майталманы, нағыз асыл азамат, жасы 70-ке толып отырған Төлепберген Әбдірашовты есіне алып, туған жеріндегі Жаңақорғанның «Бесарық» ауылындағы мектепке оның атын беріп, музейін ашып, Ас беруде.

Жаның жәннатта, жатқан жерің жайлы болсын! Еліңнің мәңгі есіндесің, халқының арда ұлы Төлепберген аға Әбдірашов дегіміз келеді!

Қуанышбек БОТАБЕК.

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *