ӘДЕБІ ЖАҚСЫНЫҢ – СӘЛЕМІ ЖАҚСЫ»

Қоғам
1 195 Views

«Аталған мақаланы жазуыма және Сіз басшылық ететін – «Әділет» газетінің редакциясына жолдауыма үстіміздегі жылдың сәуір айының 23 жұлдызы күнгі Алматы қалалық сотының ғимаратында тосыннан кездескен, бұрын Оңтүстік Қазақстан облыстық сотында бірге сот төрелігін иық тірестіріп бірге атқарған, қазіргі таңда Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі алқада судья болып істейтін «С.» есімді ініміздің маған қатысты жасаған оғаш бір қылығы түрткі болды.

Қолға қалам алып, осындай шешімге келместен бұрын көп ойлап, толғанғанымды жасыруға болмас. Өйткені өзіңнің ізіңді басып жүрген өкшелес інің туралы, соның ішінде, бұрынғы әріптесің жөнінде, біздің жасымыздағы – алдыңғы толқын ағалар олар жайлы тек жақсы лебіз айтуымыз қажет-ақ болатын. Ал, егер сол үміт еткен – кейінгі толқын інілер бұрын «аға» деп арсалаңдап келіп құшақ жаятын, көрген жерде екі қолымен амандасып, іші-бауырымызға кіріп кететіндей болып сыйласқан судья әріптесімнің біз байқай алмай жүрген оғаш та тосын мінез көрсетіп жатса, онда ащы шындықты айтпасқа да лажың қалмайды екен. Мүмкін ол түсінбегенімен, осы сын мақаланы оқыған басқа жас заңгерлеріміз ойланар, қорытынды жасап сабақ алар деген ойдан туындап отыр.

Енді судья «С.»-ға қатысты неге мұнша өкпем қара қазандай болып, қалам алуыма түрткі болғандығына тоқталайын. Жоғарыда аталған күні сағат 15.00-дер шамасында Алматы қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасында қаралатын іске қатысу үшін қорғауымдағы кісімен келіп, сот дәлізінде судья хатшысының сот отырысына шақыруын күтіп отырған болатынбыз. Осы кезде дәлізді бойлай, мантиясын киген өзіме бұрыннан етене таныс судья «С.» келе жатыр екен. Оны көрген мен амандаспақшы болып, «Үлкен пышақ ұялғанынан өтеді» дегендей орнымнан тұрып: «Ассалаумағалейкүм!» – деп екі қолымды ұсындым. Мені таныса да бетіме күле қарап, басын жәй ғана шұлғып жанымнан өтіп кетті. Екі қолым созылған күйі тұрған орнымда қалшиып мен қалдым. Жанымда келген кісі мен дәлізде отырған өзге адамдардың не ойлағанын қайдам, сол кездегі менің жай күйім тек өзіме ғана белгілі.

Тентектік мінезден мен де кенде емеспін, ашуға салып, оның ізінен кабинетке кіріп, неге берген сәлемімді алмайсың деп айтпақ та болдым, алайда сот төрелігін өткізетін қасиетті ғимаратта мұндай қадамға барсам, одан менің үлкендігім қайда деп өзімді сабырға шақырдым.

Кезінде мен де 10 жылдай облыс деңгейінде судья болдым, сот саласында қалыптасқан тәртіпті бір кісідей білетінмін, оны өзіміз де бұлжытпай орындадық. «Не процессуальный контакт» – деген судьяларды тежеуші ұғымнан да хабарым бар. Судья «С.» пендешілікке салынып, менің екі қолымды алып, амандасқан жағдайда, коридорда орнатылған бейне камераға түсіп қалып, бұрынғы әріптесімен «Не процессуальный контактта» болды деген сөзден қорыққан болар. Егер анық осы жәйт оның жұмысына кері әсер ететін болса, ол кісі бұрын судья болған ағамыз еді десе, қалалық соттың басшылары бұл оқиғаға түсіністікпен қарайтын шығар…

Мейлі сол кезде амандаспасын, бірақ кейіннен жеке телефоныма хабарласып, «Аға, дұрыс түсініңіз, жұмыс кезінде бізге олай жасауға болмайды, түсінесіз ғой» десе мен де түсінер едім ғой. Бұлай жаһанға жария болмай, жабулы қазан жабулы күйінде қалар еді!. Өкінішке орай, ол менің ұялы телефонымды біле тұра маған хабарласпады. «Адамның көңілі бір атым насыбайдан қалады» дегендей, қанша дегенмен біз егде тартқан жанбыз, көңілімізге кірбің түсіп қалады.

Айтпақшы, жуырда ғана наурыз айының 21– жұлдызында Шымкент қаласында әріптесіміз той жасап, шақырған болатын. Сол кезде мені көрген «С.» судья інім құшақ жайып, амандасқан еді. Арада небәрі бір-екі ай өткенде, Құдай ұрып, мені танымай қалыпты…

«Әдебі жақсының – сәлемі жақсы» – деген қазақта жақсы бір сөз бар, желкілдеген жас құраққа да, байсалдылықты бойына дарытқан үлкенге де, еңкейген қарияға да қатысты осы бір имандылықты егетін, адам баласының бір-біріне жақсылық тілеуінен тұратын мәселеге судьялар да бей-жай қарамаса екен. Әрине, судьялардың бәрі кім көрінгенмен екі қолын ала жүгіріп, амандассын дегеннен аулақпын, бірақ әр халықтың, соның ішінде қасиетті қазақ халқының салт-дәстүрінде «амандасу» дейтін шарт бар. Баршамызға мәлім, «Ассалаумағалейкүм!» – деген сөз «саған Алланың нұры жаусын!» – деген сөз, ал «Уағалейкүмассалам!» – дегені «сізге де Алланың нұры жаусын!» – дегенді білдіреді.

«Өгізге туған күн бұзауға да туады» – демекші, бүгінгі мүйізі қарағайдай судьялар ертең біз сияқты зейнеткерлікке шығары анық, тек соған аман-есен жетсін деп тілейік. Бірақ осы лауазымынан ат үркетін судья бола жүріп, басқа адамдарға мұрнын шүйіре қараса, қақайып үлкендердің сәлемін алмай пендешілікке жол берсе, оның соңы жақсылыққа алып бармасы анық.

Осы менің басымнан өткен келеңсіз жағдайды дәріптейтін, «Ұлық болсаң – кішік бол» – деген мәні зор асыл сөзбен үйлесімін тапқан адамзаттың асылы Шыңғыс Айтматов айтып кеткен мына бір тарихи жәйтті де атап өткен жөн сияқты, мүмкін оқып отырған кісіге ой салар…

«Римнің атақты императоры Веспасианның ұлы Тит таққа отырған бар-жоғы екі-ақ жыл ішінде өзінің қарапайымдылығы, еңбекқорлығы мен ізгілігінің арқасында күллі римдіктердің махаббатына бөленіп, «адамзаттың асылы» деген ат алған.

Бірде Тит нөкерлерінің қоршауымен Рим көшесінде келе жатса, анталап тұрған халық арасынан жұлым-жұлымы шыққан қайыршы бала императорға амандаспақшы болып, қол созады. Бұрын-соңды мұндай сорақылықты көрмеген жұртшылықтың жүрегі тоқтап қала жаздаған. Титтің нөкерлерінің бірі әлгіге дереу қылышын ала ұмтылады.

–Тоқтат! Баланың не жазығы бар? – депті император.

– Сізге қол бергені – шектен шыққан ұятсыздық емес пе, тақсыр?, – десе,

– Елімнің жас ұланы үлкен көрегендік танытып тұр. Оның қолын қыспасам, менікі әдепсіздік,– деген Тит:

– Мен – император, бұл – қайыршы болса, ол – Құдайдың ісі. Ал жылтыраған киім адамшылықтың, шоқпыт-шәркей ақылсыздықтың белгісі бола бермейді, – деп, жез мундирі жарқырап тұрған нөкеріне әжуалай көз тастапты.

Сол сәтте «Жасасын Тит!» деген айғай күллі Рим аспанын жаңғырықтырыпты.

Императорға қол беруге болады екен-ау деп таңырқаған халық, Титтің алақанын аялап қысып алу үшін, кезекке тұрған.

Ал, керісінше, Сиам королі мен королевасы өздерін Сарайдағы санаулы ғана лауазым иелерінен басқа тірі жан қол беріп амандасуға, тіпті киімнің сыртынан болса да жұғысуға болмайтыны жайлы қатаң тәртіп қалыптастырған. Ақыры осы бөлектенудің зардабын да тартпай қоймады.

Жаздың жайма-шуақ бір күні корольдің зайыбы Сунанда көлде қайықпен серуен құрып жүрген. Кенет жел көтеріледі де, қайық аударылып түседі. Тереңге бір батып, бір шығып, су жұтып жан даусымен айғайлаған королеваны жағада тұрған жүздеген қызметшісінің бірде-біреуі құтқаруға тәуекел ете алмайды. Өйткені жоғары мәртебеліге қолыңды тигізсең болды, жазаға тартыласың.

Не істемек керек?

Улап-шулаған қызметшілер Сарайға жүгіріп, лауазымы жоғары біреуді ертіп келгенше, королева тұншығып, о дүниеге аттанып кетіпті».

«Еңкейгенге еңкей – ол әкеңнің құлы емес, шалқайғанға шалқай – ол Құдайдың ұлы емес», дегендей, тоқ етерін айтар болсам, енді мен үшін судья «С.» « нерукопожатный человек».

Бір кездері аяғын шалыс басып, мойны салбырап жүргенде, бас болып қорғап қалған едік, мүмкін ұмытқан болар, ал оның есіне салу бізге парыз!

Ыбырай қажы МӘТІБАЕВ,

Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының экс-судьясы, Қазақстан Республикасы Прокуратурасының құрметті қызметкері, Алматы қалалық адвокаттар алқасының адвокаты.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *