БІЛІМ – ТАУСЫЛМАЙТЫН КЕН

Білім
2 799 Views

Жаһандану дәуірі – жандану уақыты. Нағыз білімге ұмтылатын кезең. Өйткені Елбасымыздың алдына қойып отырған мақсаттарының бірі де осы білім, ғылым мәселесі. Президентіміз өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында атап өткендей: «Білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болуға ұмтылу – біздің қанымызда бар қасиет. Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек». Демек, болашақтың кілті – білімде. Елбасы да осыны нақтылап отыр. Бұл бағытта елімізде көптеген игі әрі тындырымды іс-шаралар атқарылып жатыр. Ең алдымен білім әлеміне қанат қағу үшін «ұлттық санамыз», «бәсекеге қабілеттілігіміз», «ұлттық бірегейлігіміз» жастардың бойынан табылуы керек.

Білімге апарар жол ең бірінші «ұлттық санада» жатыр. Яғни Нұрсұлтан Әбішұлы айтқандай: «Сонымен бірге, рухани жаңғыру ұлттық сананың түрлі полюстерін қиыннан қиыстырып, жарастыра алатын құдіретімен маңызды. Бұл – тарлан тарихтың, жасампаз бүгінгі күн мен жарқын болашақтың көкжиектерін үйлесімді сабақтастыратын ұлт жадының тұғырнамасы». Сондағы бұл мәселенің мәнісі – ұлт жадының тұғырнамасына келіп тірелуінде және келешектің алтын қазығы ұлттық санада екенін ұғындырып отыр.

Одан әрмен білімнің діңгегі әлбетте – «бәсекеге қабілеттілік». Бұл жайында да көшбасымыз өз мақаласында: «Бәсекеге қабілет дегеніміз – ұлттың аймақтық немесе жаһандық нарықта бағасы, я болмаса сапасы жөнінен өзгелерден ұтымды дүние ұсына алуы. Бұл материалдық өнім ғана емес, сонымен бірге, білім, қызмет, зияткерлік өнім немесе сапалы еңбек ресурстары болуы мүмкін». Бұл болашақ жастар үшін – таптырмас механизм. Бұлай дейтініміз қолынан өнер келетін әрбір білімді жас өзгеге үлгі болу керек дегенді білдіріп отыр. Адам өміріне қажетті бір құрал ойлап тауып оны халықаралық, әлемдік бәсекеде сұранысқа сай етіп жасап шығарса өзгелерден ұтымды болды деп осыны айтпай ма? Біз өзіміз жасайық, өзгеге үлгі болайық. Алаш арыстары айтқандай: өзімізден шыққан нәрсе өзімізге түйме болып қадалуы керек. Сол себепті де отандық өнімнің де алар бағыты айрықша. Бұл үшін бізге жоғарыда айтылғандай: «ұлттық бірегейлік» болу керек.

Рухани жаңғыруда айтылғандай: «Ұлттық жаңғыру деген ұғымның өзі ұлттық сананың кемелденуін білдіреді. Оның екі қыры бар: Біріншіден, ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейту. Екіншіден, ұлттық болмыстың өзегін сақтай отырып, оның бірқатар сипаттарын өзгерту». Бір ауыз сөзбен айтқанда біздің бірегейлігіміз – сана-сезімімізде, салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарымызда. Мұның барлығы халқымыздың, өсіп келе жатқан жастардың бойынан табылу үшін әрине – ұлттық бірегейлігіміз сақталып қалу керек. Елбасы айтып өткен бағыттар – жарқын болашақтың кепілі. Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың дұшпаны. Сондықтан да біз жоғары деңгейді сақтап қалу жолында жас буынға тәлім-тәрбие мен білімді қатар беруіміз керек. Өйткені бұл заман – білімдінің және жаңғыратындардың заманы.

Дәуір – білім дәуірі десек, шатаспаспыз. Сөзімізді Елбасының сөзімен қорытындыласақ: «құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді». Сол үшін өскелең ұрпақты білімге жетелейік, тәрбиеге баулиық. Бұл, сөз жоқ, уақыт талабы!

Зәуре БАБАҚҰЛОВА,

А.Байтұрсынов атындағы № 50 мектеп-гимназиясының мұғалімі.

Шымкент қаласы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *