ӘЛЕУМЕТТІК ПАКЕТ ПЕ, ӘУРЕ ПАКЕТ ПЕ?

Білім Мәселе
613 Views

Түркістан облысы Төлеби аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің бұрынғы басшысы Роза Аманова ҚР Білім және ғылым министрлігінің 31 қазан 2018 жылғы №598 бұйрығына сәйкес әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан 2600 баланы ыстық тамақпен қамтамасыз ету мақсатында жеке кәсіпкер «Ш.Жабаева» арасында екі жақты келісім-шарт түзген. Алайда, іс барысында мектеп оқушыларының барлығына азық-түлік үлестірілген. Ал, орындалған жұмыстар АКТ-сінде ыстық тамақпен қамтылды деп көрсетілген. Бұл істі құзырлы органдар атүсті тексеріп, 6 жасқа толмаған 7 балаға ғана азық-түлік берген деп дәлелдеген. Нәтижесінде мемлекет қаржысына зиян келтірген азаматшаға 50 АЕК көлемінде айыппұл салынып, 152 мың теңге қайтарылған.

Осыған орай журналистік зерттеу жүргізу үшін «Әділет» газетінің редакциясы атынан аталған іске қатысы бар мектеп директорлары мен адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысына арнайы «Сұраныс хат» жолданды. Оларға жолданған сауалымыздың жауабын газетіміздің келесі санынан оқи аласыздар.

Қазіргі таңда, Төлеби ауданындағы 68 мектепте атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасыдан шыққан 2600 оқушы бар. Бүгінде, олардың ешбірі ыстық тамақпен де, азық-түлікпен де қамтылып отырған жоқ. Мұндай әлеуметтік көмек 2021 жылдың соңына дейін ғана беріліп келген.

Еске сала кетсек, Төлеби аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің бұрынғы басшысы Р.Аманованың үстінен бұған дейін пара алу дерегіне қатысты қылмыстық іс қозғалған.

Е. МАЙЛЫБАЕВ,

Түркістан облысы Төлеби ауданындағы меншікті тілші

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *