2019 жылдың 24 қыркүйегіне дейін атаулы әлеуметтік көмек алуға 74 520 отбасынан өтініштер түсті. Қазіргі күнге дейін соның 62 731 қаралып, 52 874 отбасыға 44,6 млрд. теңге тағайындалды. Одан 44 184 отбасыға немесе 218 524 адамға 14,2 млрд. теңге төленді. 9 801 өтініш, яғни 15,6 пайызы кері қайтарылды.
Қабылданған өтініштердің саны 2018 жылмен салыстырғанда 6,9 есеге артқан. Осы, тағы басқа да мәселелер төңірегінде Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы өкілдерінің қатысуымен өткен баспасөз брифингінде басқарма басшысы Ғалымжан Талғатұлы Балтаев және жұмыспен қамту орталығының директоры Дархан Мұхтарұлы Беласаров мәлімдеме жасады.
Көмек алушылардың арасынан жұмыспен қамтудың белсенді түрлерімен қамтылуға жататын 18 859 адаммен әлеуметтік келісімшарттар толық түзілген, соның ішінде базаға енгізілгені – 16 030. 4 577 адам жұмысқа орналастырылды. Олардың ішінде өздігінен жұмысқа орналасқандар – 3 801, жұмыспен қамту орталығы арқылы орналасқаны – 776 адам. Сонымен қатар атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарынан 7 596 отбасының табысын жасырғаны анықталып, 2 149 отбасыға 1 530 млн. теңгеге тағайындалған төлемдер толық тоқтатылды. Соның 70,6 млн.теңгесі бюджетке қайтарылатын болады. Қазіргі таңға 271 отбасыға хабарламалар таратылып, соның ішінде 3 отбасы 828,4 мың теңге өз еркімен бюджетке қаржысын қайтарды. 5 447отбасының әлеуметтік төлемдеріне қайта есептеу жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі күнге 5 358 отбасының төлемдері қайта есептеліп тағайындалған сомма көлемі 1 037,4 млн.теңгеге кемітілді, – деді басқарма басшысы Ғ. Балтаев.
Осыған орай атаулы әлеуметтік көмекті тағайындауда масылдыққа жол бермеу мақсатында аудан әкімдері, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы жылдың басынан тағайындалған төлемдерге талдау жасап, учаскелік комиссиялардың жұмысын күшейту бойынша қала әкімі Ерлан Қуанышұлы Айтаханов тапсырма берген.
Егер атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау барысында отбасылардың табысын жасырғаны анықталса, онда құжаттарды рәсімдеу бірден тоқтатылады. Ал, берілгеннен кейін анықталса, сол уақытқа дейін алған ақшаны кері қайтарады. Оны қайтарудың екі түрі бар: біріншісі – мемлекетке алған ақшасын өз еркімен қайтару, ал екіншісі – еріксіз, яғни сот арқылы орындалады, – деп жауап берді Д.Беласаров өз сөзінде.
Аталған тапсырма аясында аудандарда өңірлік комиссиялар құрылған. Арнайы комиссия құрамында: аудан әкімінің орынбасары, салық органы өкілі, учаскелік полиция, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, жұмыспен қамту басқармасының маманы атаулы әлеуметтік көмек алушыларды үйме-үй аралап, табыстарын қайта қарау жұмыстары жүргізілуде.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына арнаған алғашқы Жолдауында мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына, әлеуметтік көмек көрсету жүйесін одан әрі дамыту бағытында мемлекет мұқтаж жандарға көмек көрсету үшін барлық қажетті шараларды қабылдауға, атаулы әлеуметтік көмекті тағайындауға баса мән беру керектігін атап өткен болатын.
Ақсұңқар ЗЕРДЕ.