Өмірзақ ШӨКЕЕВ: «NUR OTAN» БАРЛЫҚ ҚИЫНДЫҚТЫ ЕЛМЕН БІРГЕ ЕҢСЕРЕДІ»

Билік
751 Views

Соңғы кездері «Nur Otan» партиясы тың бастамаларға арқау болып, ел ортасынан табылып жүр. Партияның жаңғырту бағдарламасы қабылданған. 80 мыңнан астам мүшесі бар Түркістан облысында партия тарапынан қандай жұмыстар атқарылуда? Қоғамдағы өткір мәселелер мен күрделі оқиғаларды түркістандық«нұротандықтар» қалай еңсеріп отыр? Осы және өзге де сұрақтар бойынша «NurOtan» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Өмірзақ Естайұлы ШӨКЕЕВмырзамен сұхбаттасқан болатынбыз.

– Қазақстан Республикасының Президенті Қ. К. Тоқаев өзінің былтырғы Жолдауында партия мен атқарушы билікке бірқатар жаңа міндеттер жүктеді. Жолдаудағы тапсырмаларды жүзеге асыру жолында «Nur Otan» партиясының атқарған жұмыстары жайлы не айтасыз?

– Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында еліміздің даму бағытын айқындап берді. Нақты міндеттер жүктеді. Жолдауда үкіметтік емес ұйымдардың белсенділігін арттырып, қоғамдық ашық диалогтық алаңын құрып, өзара пікірсайыстар өткізу жөнінде баса айтты. Әсіресе, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы қоғам тарапынан жоғары бағаға ие болды. Партия филиалы осы бағытта жүйелі жұмыстарды қолға ала білді. Мәселен, елімізде алғашқылардың бірі болып қоғамдық қабылдау бөлмесін «Open Space» форматына көшірдік. Қоғамдық қабылдаулар фейсбук әлеуметтік желісінде тікелей эфирде жұртшылыққа көрсетілуде. Осы арқылы біз басшылардың әрбір шағымды шынайы әрі жауапкершілікпен қарап, тұрғындарға көмектесуіне бақылауды күшейттік.

Партияның ашық алаңында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов қабылдау өткізді. Облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма, департамент пен құқық қорғау органдарының басшылары, облыстық мәслихат депутаттары қоғамдық қабылдауға қатысып келеді.

Облыс көлемінде 17 қоғамдық қабылдау бөлмелері қызмет етеді. 2019 жылдың қорытындысы бойынша жалпы Түркістан облыстық партия филиалдарының қоғамдық қабылдау бөлмелерінде 9002 арыз-шағым келіп түсіп, 4415-і /49 пайызы/ оңтайлы шешіліп, 4587-сіне заң аясында кеңес берілді.

Қоғамдық қабылдау бөлмелерінің ақпараттық жүйесінде тіркелген өтініштердің субъектісін талдауда азаматтар жиі шағымданатын өзекті бес мәселе анықталды.

Бірінші – әлеуметтік көмек мәселелері 3708 /41 пайыз /;

Екінші – тұрғын үйге және жерге мұқтаждық 1472 /16,3 пайыз /;

Үшінші – тұрғын үй-коммуналдық мәселелері 1128 /12,5 пайыз /;

Төртінші – тұрақты жұмысқа орналасу мәселелері 1015/11,2 пайыз /;

Бесінші – денсаулық сақтау мәселелері 358/4 пайызы / арыз тіркелген.

Президент Жолдауында тұрғындардың өтініштері жедел шешімін табуы керек екенін айтты. Бұл ретте партия филиалы өтініштер мен арыздарды тіркеу және ол мәселелердің оң шешілуіне өз септігін тигізіп отыр.

– Өмірзақ Естайұлы, Елбасының «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» мақаласына байланысты Сіздердің тараптарыңыздан қандай жұмыстар атқарылуда?

– Елбасы «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламалық мақаласында «Халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына енетін азаматтарды әлеуметтендіру тетігін дамыту қажет» – деді. Партияның бірнеше бағдарламалық жобасы осы әлеуметтік саланы жақсартуға негізделген. Мәселен, Түркістан облысында «Бақытты отбасы» жобасы аясындағы «Қамқорлық» бағдарламасы жүзеге аса бастады. Облыстық партия филиалының үйлестіруімен қолға алынған бұл бастама арқылы өңірдегі әлеуметтік жағдайы өте төмен 1600-ден аса отбасы анықталып, оларға жан-жақты көмек көрсету үшін сараптама жүргізілді. Осыған орай жоғарыда аталған отбасыларды сүйемелдейтін аудан, қала, ауыл округ әкімдері, мекеме басшылары, кәсіпкерлер, депутаттар, партия белсенділерінен құралған 908 куратор бекітілді немесе бір кураторға орта есеппен бес отбасы белгіленді. «Қамқорлық» бағдарламасы арқылы әлеуметтік жағдайы өте төмен отбасыларды толыққанды қатарға қосу үшін төрт бағыт бойынша қолдау жүргізіледі. Атап айтқанда, қажетті азық-түлікпен қамту, медициналық жәрдем беру, кәсіпке бейімдеп тұрақты жұмысқа орналастыру мен демеушілер арқылы баспанамен қамту жоспарланған.

Партия өкілдері, аудан, қала әкімдері, мәслихат депутаттары мен өзге де жанашыр азаматтар әрбір отбасының үйіне барып, жағдайымен танысты. Өңір басшысы, облыстық партия филиалының төрағасы ретінде тікелей қадағалауыммен бағдарлама аясында оннан астам отбасыға тұрғын үй берілді. 1600-ден астам отбасыға көмек көрсетілді. Жалпы жыл соңына дейін демеушілер арқылы 38 тұрғын үй беру көзделген. Медициналық көмекпен және жұмыспен қамтылғандар да бар.

Елбасының жоғарыда аталған мақаласында еңбек адамына жағдай жасау, оларды еңбекке ынталандыру мәселесі де айтылған. Партия филиалы тарапынан «Еңбек» бағдарламасы насихатталуда. Былтыр аталмыш бағдарлама бойынша Солтүстік өңірлерге Түркістан облысынан 560 отбасы (1757 адам) қоныс аударды. Негізінде 427 отбасы көшіріледі деп жоспарланған. Бұл көрсеткіш артығымен орындалып отыр. Бұған өңірдегі үгіт-насихат және түсіндіру жұмыстарының да ықпалы бар. Партия филиалы бұл бағытта жұмысты жалғастыра береді.

– Партияның мүгдектердің құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту бойынша атқарған іс-шаралары туралы не айтасыз?

– Өркениетті елдерде қоғамның әрбір өкілінің құқығы ерекше қорғалады. Дамыған 30 елдің қатарына енуді мақсат тұтқан Қазақстанда мүмкіндігі шектеусіз азаматтардың өзекті мәселелері назарда болуы – заңдылық. Бұл ретте «Nur Otan» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасына тоқтала кеткен жөн. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған бұл жоба арқылы елімізде көптеген игі істер атқарылды. Ал Түркістан облысына тоқталсақ, былтыр бірыңғай қабылдау күндерінде мүмкіндігі шектеулі 263 азаматтың өтініштері тыңдалып, 145-інің мәселесі оңтайлы шешілді. Облыс орталығында азаматтарды тасымалдайтын 270 қоғамдық көліктің 50 пайызына мониторинг жасалды. Нәтижесінде аталған көліктердің 115-і мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қолжетімсіз екені анықталып, кемшіліктерді жою мақсатында ұсыныс жолданды.

Түркістан облысында инклюзивті білім беруді дамыту мақсатында «Болашақ» корпоративтік қорының «Әр бала мектепке лайықты» жобасы шеңберінде меморандумға қол қойылып, Түркістан қаласындағы №24 жалпы орта мектебінің базасында инклюзияны қолдау кабинеті ашылды. Түркістан қаласындағы Талғат Бигелдинов атындағы №16 жалпы орта мектебінің базасында инклюзивті білім берудің ресурстық орталығы ашылды. Сонымен қатар Келес ауданында да жаңа заманауи құралдармен жабдықталған психологиялық-педагогикалық түзету кабинетін ашу жұмыстары қолға алынған.

Партиялық жоба аясында аудан, қалаларда мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамту мақсатында бос жұмыс орындарының жәрменкесі өткізіліп келеді. Іс-шараға барлығы 93 адам қатысып, тұрақты жұмыс орнына – 10, әлеуметтік жұмыс орнына – 8 жолдама берілсе, 47 адам заң аясында кеңес алды. 11 адам қысқа мерзімді оқу курстарына, 14 адам «Бизнес бастау» жобасы арқылы оқуға жолданды. Сонымен бірге партия өкілдерінің қатысуымен білім мекемелерінде инклюзивті ортаны қалыптастыру бойынша мониторинг жұмыстары тұрақты түрде жүргізіледі.

– Елді әбігерге салған коронавирусқа қарсы күресте партия өз тарапынан қандай үлес қосуда?

– Қазір күллі әлем коронавирус індетімен күресуде. Пандемияға ұласқан бұл дерт әзірше тоқтамай тұр. Бұл қысылтаяң шақта «Nur Otan» партиясы Елбасы тапсырмасымен «Біз біргеміз» акциясын қолға алды. Қауіпті індеттің таралуын шектеу, оған қарсы күресті күшейту және әлеуметтік аз қамтылған тұрғындарды қолдау мақсатында қолға алынған бұл акция аясында 30 мыңнан астам отбасына азық-түлік жеткізілді. Осы ретте облысымыздағы кәсіпкерлер мен жомарт жандарға ел атынан алғыс айта кетуді өзімнің борышым деп есептеймін. Облыстық, аудандық, қалалық мәслихаттардағы «Nur Otan» партиясының өкілдері, депутаттарымыз арнайы қорға қаржы аударды, елге көмектесті.

Республикалық «Birgemiz» қоры елімізде 360 мыңнан астам отбасына 50 мың теңгеден аударды. Ал Түркістан қаласының 10071 тұрғыны осы қаржылай көмекке ие болды. Жалпы, партия мен Түркістан қаласы әкімдігінің үйлестіруімен тұрғындарға 503 млн. теңге қаражат берілді.

Төтенше жағдайға байланысты «Nur Otan» партиясының қоғамдық қабылдау бөлмелері жұмысты күшейте түсті. Мәселен, 2020 жылдың қаңтар айынан 16 наурызға дейін Түркістан облыстық партия филиалы қоғамдық қабылдау бөлмелеріне 2773 өтініш түсіп, соның 1298-і оңтайлы шешіліп, 1475-іне заң аясында кеңес берілді.

16 наурыздан бастап 27 сәуірге дейінгі аралықта «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы қоғамдық қабылдау бөлмелеріне 4457 арыз-өтініш түсіп, бір айда үш есеге артты. Соның ішінде «Facebook» әлеуметтік желісі арқылы – 418, «Instagram» әлеуметтік желісі арқылы – 812, «WhatsApp» желісі арқылы –1042, телефон қоңыраулары арқылы 2185 өтініш пен арыз келіп түсті. Олардың 3071-і /69 пайыз/ оң шешіліп, 1327-сіне заң аясында кеңес берілді. Партия филиалдары онлайн режимде өтініштерді қабылдауды күшейтіп, әлеуметтік желіде тікелей эфир арқылы тұрғындардың сұрақтарына жауап беруге көшті. Қазір де өтініштер легі толастамай отыр. Біздің қызметкерлер орталық аппараттың тапсырмасына сәйкес әрбір өтінішті назарға алып, шешілуіне үлес қосып отыр. «Nur Otan» барлық қиындықты елмен бірге еңсереді.

– Мақтааралдағы су тасқынының зардаптарын жоюға байланысты жүргізіліп жатқан жұмыс барысы қалай?

– Көршілес Өзбекстандағы Сордоба су қоймасының жарылуы салдарынан Мақтаарал ауданындағы бес ауылды топан су басты. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев апат салдарын жою жөнінде шұғыл тапсырма беріп, мемлекеттік комиссияны жасақтады.

Апат орнында менің тапсырмаммен жедел штаб құрылды. Облыс әкімі ретінде өңірдегі ақуалды шапшаң бағамдап, Үкіметке ұсыныстарымды жеткіздім. Арнайы штабтың жоспарын бекітіп, бірнеше бағыт бойынша жауапты адамдарды бекіттім. Өзі Өзбекстанға шұғыл түрде барып, су арнасын бұру жөнінде келісімге қол жеткіздім. Егер осы әрекеттер жылдам жасалмағанда топансу Мақтааралдан бөлек Жетісай ауданына да қауіп төндіретін еді.

Қазіргі таңда Мырзакент ауылының маңында жаңа шағынаудан құрылып, осында 500 баспана тұрғызу бойынша құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Мұнда су тасқынының зардап шеккен Жеңіс, Жаңатұрмыс, Достық елді мекендерінен 500 отбасы келіп қоныстанады. Сонымен бірге мектеп пен балабақша және фельдшерлік бекет салынады. Инфрақұрылымы толық тартылып, заманауи шағын ауданға айналады.

Таяуда Мақтааралға «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Қыдырғалиұлы Байбек арнайы келіп, тұрғындармен кездесті. Оларға мемлекет, партия тарапынан жүйелі көмек берілетінін жеткізді. Жаңа шағынауданда «Nur Otan» партиясының қолдауымен салынатын 20 үйдің бірінің іргетасын қалады.

«Nur Otan» партиясының Түркістан облыстық филиалы апат орын алған алғашқы күннен бастап жедел штаб құрамында жұмысқа кірісіп кетті. Партия филиалы тұрғындарды эвакуациялық орталықтарға орналастыру, гуманитарлық көмектерді үйлестіру және зардап шеккен тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізу, қоғам белсенділері мен еріктілерді ұйымдастыру бойынша жұмыс атқарылуда.

Қазіргі таңда Мақтаарал ауданындағы эвакуациялық орталықтардың саны онға қысқартылды. Сол орталықтарда үш мыңдай тұрғын орналасқан. Оларға барынша қолдау көрсетіліп отыр. Туыстарының үйін уақытша паналаған азаматтарға да азық-түлік берілуде.

«Nur Otan» партиясының орталық аппараты бұл жағдайды бірден бақылауға алып, Мақтаарал ауданына 40 тоннадан астам гуманитарлық көмек жеткізді. Бұл көмек партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Қыдырғалиұлы Байбектің бастамасымен «Біз біргеміз» акциясы бойынша жолданды.

«Nur Otan» партиясының «Біз біргеміз» акциясы аясында «Салиқалы ұрпақ» қайырымдылық қоры 20 тонна гуманитарлық көмек жеткізді. Бұдан бөлек облыс әкімдіктерінің және партия филиалдарының үйлестіруімен барлық облыстардан гуманитарлық көмек жетті. Мәселен, қостанайлықтар 20 тонна ұн жеткізсе, атыраулықтар балығын жіберді. Өзге өңірлердегі азаматтар да аянып қалған жоқ. Сондай-ақ Түркістан облыстық мәслихатының және барлық аудандық, қалалық мәслихаттардың депутаттары «Біз біргеміз!» акциясы бойынша 32 млн. теңгенің гуманитарлық көмегін көрсетті.

Жалпы Мақтааралға тұтас халқымыз көмектесуде. Бірлігі мықты, ниеті аппақ еліміз барда мырзашөлдіктер бұл қиындықты жеңіп шығады деп сенеміз.

Кезінде Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынов «Адамға ең қымбат нәрсе – жұрт қамы, жұрт ісі» деген екен. Осы ретте жаңғыруға бағыт алған жетекші партия өз қызметкерлерінен отаншылдықты, шынайылықты, адалдықты талап етіп отыр. Осы ізгі қасиеттер әрбір азаматтың бойынан табылса, ел ертеңі жарқын болатыны анық.

– Өмірзақ Естайұлы, уақыт тауып ой бөліскеніңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Ә. КЕЛЕСҰЛЫ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *