«ҚЫЗМЕТ САПАСЫН АРТТЫРУ – УАҚЫТ ТАЛАБЫ»

Экономика Қоғам
345 Views

Ветеринариялық қызмет сапасын арттыру – уақыт талабы. Осылай деген Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Отырар ауданында ветеринария саласының мамандарымен кездесіп, өзекті мәселелерді талқылады. Әкімге облыстың ветеринариялық-санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жағдайы және жан-жануарлар арасында инфекциялық және инвазиялық аурулардың таралуының алдын алу жұмыстары баяндалды. Облыс басшысы мал басын асылдандыру, ветеринария саласы мамандарын даярлау мәселелері бойынша жүйелі жұмыс жасауды тапсырды.

Жалпы ауыл шаруашылығы өнеркәсібі кешенінің дамуы сапалы ветеринариялық қызмет көрсетуге байланысты екені белгілі. Түркістан облысында облыс әкімінің тапсырмасымен ветеринария саласын жетілдіру мәселесіне айрықша назар аударылған. Ветеринарларды жан-жақты қолдау, оларды қажетті құрал-жабдықтармен қамту жұмыстары жанданды. Жаңадан басқарма құрылып, мал дәрігерлерінің жалақысы өсті. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады.

Отырар ауданында асыл тұқымды қой шаруашылығын дамытып отырған шаруалар аз емес. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды 4 мың мал басы бар «Сызған» шаруа қожалығының жұмысымен танысты. Кәсіпкер Гуливер тұқымды қошқарлар сатып алып, қой тұқымын асылдандыруда.

Ауданда жүгері кластерін дамыту аясында ауқымды жобалар қолға алынған. Соның нәтижесінде аймақтағы жүгері дақылы 10 мың гектардан асқан. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Отырар ауданына сапары барысында 50 га жерге жүгері егіп, өнімділігін арттырған жергілікті кәсіпкермен кездесті. Шаруа жүгерінің “Маями” сортын егіп, әр гектардан 13 тоннаға дейін өнім алады. Облыс басшысы жүгері дақылын өсіруді дамытып, сапасын да арттыруға баса мән беруді айтты.

Отырарда 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы сәтті жүзеге асып келеді. Жыл басынан бері жоба аясында 35 азамат кәсіптік бағытта 400 АЕК көлемінде грант қаражатын алып, өз кәсібін бастаған. Осылайша кір сабын шығару, тары егу, түйе сүтін өндіру секілді жаңа жобалар жүзеге асуда. Тағы бір кәсіп иесі мұражай қорындағы керамикалық жәдігерлердің үлгісімен кәдесыйлар дайындайды. Қыштан құмыра, сазсырнай секілді түрлі бұйымдар жасап, сатуға шығарады.

«ҚАРҚЫНДЫ ДАМЫП КЕЛЕ ЖАТҚАН ӨҢІРДЕ БАЙЛАНЫС САПАСЫ АСА МАҢЫЗДЫ»

Түркістан облысында байланыс пен интернеттің сапасы мен қолжетімділігін арттыру бойынша шаралар күшейтілуде. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды «Қазақтелеком» АҚ Басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеевпен кездесті. Оған еліміздегі басқа да ірі байланыс операторларының өкілдері қатысты.

Тараптар байланыс сапасын жақсартуға және заманауи телекоммуникациялық қызметтерге қолжетімділікті кеңейтуге бағытталған бірқатар маңызды мәселелер талқылады. Елді мекендерді жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету үшін 2023-2025 жылдарға арналған Жол картасы құрылды.

Басты мақсат – Түркістан облысындағы елді мекендерді мобильді байланыспен қамтамасыз ету және оның сапасын жақсарту. Мектептер мен медициналық бекеттерді интернет желісімен қамту, шалғайдағы ауылдарға байланыс жеткізу. Мемлекет басшысының балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі тапсырмасын орындау, яғни сол мақсатта қойылған бейнекамералардың жұмысын жақсарту.

Кездесу барысында аудандарда және ауылдық елді мекендерде байланыс коммутаторларының порт саны жетіспеушілігі жайлы айтылды. Бұл тұрғындарды интернетпен қамтамасыз етуге теріс әсер етеді. Жергілікті атқарушы органдар өз тарапынан өңірдің шалғайдағы елді мекендеріне байланыс пен ғаламтордың барлық түрлерін орнатуды қолдауға дайын. Түркістан облысы әкімдігі өз тарапынан байланыс операторларына жер учаскелерін беруге, электр желілеріне техникалық шарттарды алуға көмектесуге, сондай-ақ инвесторларды тартуға дайын.

– Еліміздегі ең ірі өңірде кей аудандарда байланыстың сапасы сын көтермейді. Шалғай жатқан ауылдардағы жағдай тіптен мүшкіл. Тұрғындармен кездесу кезінде де осы мәселе жиі көтеріледі. Әрине осыған дейінгі жүргізілген жұмыстар аз емес. Десек те, 800-ден астам елді мекені бар, 2 миллионнан астам халқы бар Түркістан облысын ерекше назарда ұстасаңыздар. Туризм саласы қарқынды дамып келе жатқан өңірде байланыс сапасы аса маңызды. Бұл бағыттағы жұмыстарды күшейту үшін біз өз тарапымыздан жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз, – деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.

Облыстық цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету басқармасының басшысы Әсет Әбдіраханов мектептердегі жоғары жылдамдықты интернетке қолжетімділіктің шектеулі болуы, ірі байланыс операторының жоспарды және лицензиялық міндеттемелерді белгіленген мерзімде орындамауы, сондай-ақ кей мобильді байланыс операторларының облыста базалық станцияларын болмауы секілді өзекті мәселелерді көтерді. Облыстың 28 ауылдық елді мекенінде саны 50-ден 250 адамға дейінгі төртінші буынның (4G) мобильді байланысын ұйымдастыру үшін жоғары жылдамдықты интернетке қол жеткізуді қамтамасыз ету бойынша жұмыстардың тұралап қалғанын жеткізді.

– Түркістан облысындағы ауылдарды интернетпен қамтылу деңгейі 17% ғана құрайды. Аудан орталықтарында және елді мекендерде желілерді дамыту өз деңгейінде жүргізілмей келе жатыр. Облыс аумағында 1 мың мектеп бар. 286 мектептегі интернет жылдамдығы төмен. Биылғы жылдың жоспарына сәйкес «Қазақтелеком» АҚ 84 мектепті оптикаға ауыстыру бойынша жоспар ұсынып, қазіргі таңда 24 мектеп қыркүйек айында іске асырылады деп күтілуде, қалған 60 мектеп конкурс нәтижесі анықталмауына байланысты жылдың соңына қалдырылып отыр. Жалпы Түркістан облысы бойынша сапалы интернетпен қамтуды қажет ететін 135 елді мекен бар. Қазіргі уақытта 19 елді мекен жаңа базалық станция орнатылып, 13 ауылда базалық станциясына жаңғырту жұмыстары жүргізілді, – деді басқарма басшысы.

Түркістан облысында жалпы 833 елдімекен бар. Талдау нәтижелері бойынша 655 ауылдық елді мекенде 1 942 542 тұрғын 3G және 4G мобильді интернет желісімен қамтылып, облыс халқының санына шаққанда интернетпен қамтылу деңгейі 93% құрайды. Қалған 145 968 тұрғыны бар 178 ауылдық елді мекенде интернет жоқ. Оның ішінде 100-ден астам елді мекен 2G мобильді байланыс желісімен қамтылған, қалған 62 ауылда байланыс мүлде жоқ. Олардың басым бөлімі Министрлікпен айқындалған талаптарға (халық саны 250 астам болуы қажет) сәйкес келмеуіне байланысты ұялы байланыс операторлары базалық станция орнатудан бас тартуда.

«АУЫЛ АМАНАТЫ» БАҒДАРЛАМАСЫ БІЗДІҢ ОБЛЫС ҮШІН ӨТЕ МАҢЫЗДЫ»

Түлкібас ауданында «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы 188 млн. теңгеге 31 жоба қаржыландырылды. Табыс табудың тағы бір жолы ретінде жүзеге асып жатқан жаңа жоба Түлкібас ауданындағы Мичурин, Балықты, Рысқұлов, Шақпақ ауылдық округтерінде енгізілді. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды ауданға іссапары барысында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында кәсіп ашып, шаруасын ұлғайтқан кәсіпкерлермен кездесті.

Мемлекеттік қолдау аясында жеке кәсіпкер атанған Қалдарбекованың Түлкібас ауданына қарасты Мичурин ауылдық округіндегі шаруа қожалығында болды. 1,5 га жерге құлпынай егіп, тамшылатып суару әдісі арқылы мол өнім жинап отырған кәсіпкер «Ауыл аманаты» жобасы арқылы мемлекеттен 7 млн. тг көлемінде 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие алып, қосымша тағы 2 гектарға жуық алқапқа құлпынай өнімін отырғызуды қолға алған. Италиялық сұрып ерте көктемнен бастап, қара күзге дейін жылына 30 тонна жеміс береді.

«Ауыл аманаты» бағдарламасы біздің облыс үшін өте маңызды. Бағдарламаның аясында несиелендіру 6 бағытта жүзеге асырылады. Атап айтқанда, өсімдік, мал, құс, балық шаруашылықтары, сондай-ақ кооперативтерді жабдықтау мен тұрғындардың өз кәсібін ашуға мүмкіндіктері бар.

– Өздеріңіз білесіздер, облыс тұрғындардың басым бөлігі ауылды елді мекендерде тұрады, нақты айтқанда 80 пайызы немесе 1,6 млн. адам. 1 млн.-ға жуық ауыл тұрғындарының экономикалық әлеуеті ауыл шаруашылығымен тікелей байланысты. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдарды дамытуға ерекше назар аударады. Қазіргі уақытта іске асырылып жатқан «Ауыл аманаты» бағдарламасы біздің облыс үшін өте маңызды.

Бағдарламаның аясында несиелендіру 6 бағытта жүзеге асырылады. Атап айтқанда, өсімдік, мал, құс, балық шаруашылықтары, сондай-ақ кооперативтерді жабдықтау мен тұрғындардың өз кәсібін ашуға мүмкіндіктері бар, – деді жаңа жобаның көмегімен кәсіп ашқан азаматтармен жүздескен облыс әкімі.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды жұмыс сапары барысында Майтөбе ауылындағы «Мөлдір» ЖШС кәсіпкерлік орталығының жұмысымен танысты. 616 га бау-бақшада 200 га жерге жүзім, 110 га жерге алма егілген. 50 гектар жерге шиенің (черешня) «Американка» атты түркиялық сортын еккен.

Түлкібас ауданында бау-бақша көлемі 3062 га құрап отыр. Оның ішінде 644 га жерді алатын қарқынды бау тамшылатып суару жүйесін қолданады.

«АУЫЛ АМАНАТЫ» БОЙЫНША 129 ЖОБА ҚАРАЛУДА

2023 жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасымен өңірімізге 19,8 млрд. теңге қаржы бөлінді. Несиелендіру 6 бағытта жүзеге асырылады. Қазіргі таңда «Ауыл аманаты» жобасының 6 бағыты бойынша (Тұрғындардың өз кәсібін ашу) жалпы 978,8 млн. теңгеге 129 жоба қаралуда.

«Ауыл аманаты» бойынша кәсіпкерлік бағытына кәсіпкерлерді баулу мақсатында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен арнайы құрылған жұмысшы топтар өз жұмысын бастады. Облыс әкімінің орынбасар Н.Көшеровтің бақылауымен жұмысшы топтар 2-8 тамыз айы аралығында барлық аудан және қалаларды аралайтын болады. Құрамында Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы, «Түркістан» Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорация, Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы және «Ырыс» қаржы институтарының өкілдері бар.

Жұмысшы топтың негізгі мақсаты – кәсіпкерлерді «Ауыл аманаты» жобасының 6-бағыты, яғни кәсіпкерлік бағытына баулу, қаржылай қолдау шараларын кәсіпкерлерге кеңінен түсіндіру.

Жұмысшы топтар алғашқы кездесулерін өңіріміздің Сауран, Созақ, Төлеби, Қазығұрт, Сарыағаш, Келес, Отырар аудандары мен Кентау, Арыс қалаларынан бастады.

Жұмысшы топтардың тұрғындармен кездесуінде кәсіпкерлік мақсаттағы профнастил, тері және жүн өнімдерін қайта өңдеу, газоблок, шлакоблок және лего кірпіш өндірісі, сабын, сұйық сабын өндіру, жиһаз жасау, ағаш цехін ашу, құрылыс қолғап өндірісі және құрылыс материалдарын жасау сынды жобалары талқыланды.

Сондай-ақ, кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасымен пайдасы және шығыны есептелген кәсіпкерлік мақсаттағы 50 әлеуеттік бизнес жоба кәсіпкерлер назарына таныстырылды.

Жұмысшы топ жиында көтерілген әрбір жобаны тізімге алып, оларды қаржыландыру деңгейіне дейін сүйемелдейтін болады. Жиын соңында Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары кәсіпкерлерді кіші өндірістік жобаларды бастауға, ауыл шаруашылығынан басқа табыс табудың қосымша көздерін ашуға шақырып, шеңберінде қолдау көрсетілетінін қайталап атап өтті.

Кәсіпкерлермен кездесу атқарушы билік пен бизнес арасындағы есеп беру түрінде емес, қаржылай қолдау алу процессі егжей-тегжейлі талқыланған, жүйелі проблемалық мәселелер ортаға салынған кездесу түрінде өткенін атап өткен жөн.

ЖАСАНДЫ ЖІБЕК ҚҰРТЫН ӨСІРУ АУДАН ЭКОНОМИКАСЫН ДАМЫТУҒА СЕПТІГІН ТИГІЗЕДІ

«Ауыл аманаты» жобасының VI бағыты аясында тұрғындардың өз кәсібін ашу бағытын шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне насихаттау жұмыстарын жүргізу мақсатында құрылған жұмысшы топ өкілдері Жетісай ауданының тұрғындарымен кездесті. Аталмыш жиынға Жетісай ауданы әкімінің орынбасары Марат Айнабеков пен «Түркістан» Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы» КММ директоры Сапаралы Құрбанов, «Ырыс» МҚҰ өкілі Бердалы Өтепов пен Ж.Ералиев, Мақталы, Қарақай және Қазыбек би ауылдық округінің тұрғындары қатысты.

Басқосуда жұмысшы топ мүшелері тарапынан Түркістан облысы тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету, ауыл әлеуетін тиімді пайдалану арқылы ауыл экономикасын және халықтың өмір сүру деңгейін көтеруге үлкен мүмкіндіктер беретін «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыруға ағымдағы жылы Республикалық бюджеттен жыл басында 11 млрд. теңге, қосымша тағы 8,7 млрд. теңге қаржы бөлінгендігін, сол арқылы 4 000 бірлікке жуық жобаға 2,5 пайыздық несиемен қолдау көрсетілетіндігін түсіндірді. Сондай-ақ, жобаны іске асыруда бірінші кезекте жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперативтер негізінде дамытуға басымдылық берілетіндігін айтып, тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.

Сонымен қатар, бағдарламаның VI бағыты бойынша кәсіп ашуға ниет білдірген тұрғындарға 2,5 пайызбен 5 жылға 1 жылдық демалысымен 8 625 000 теңге қаржылай көмек көрсетіліп, бағыт-бағдар берілетіндігін, азаматтар тауар өндіру, өңдеу және қайта өңдеуге бағытталған кәсіпорын ашу және дамыту, қызмет көрсету саласында жеке кәсібін дамыту бағыттарын таңдай алатындығы айтылды. Жиынға қатысушыларға «Ауыл Аманаты» жобасының іске асырылуымен қатар тұт ағашының қолдан өсірілетін (асыранды) құртынан және жабайы емен құртынан алынатын өндірістік жібек өндіру жолдары да түсіндірілді.

«Табиғи жібек талшықтарынан тоқылған маталарды адамдар ерте замандарда-ақ жоғары бағалаған. Қытайдан шығарылатын жібек маталар Ұлы Жібек жолы арқылы дүние жүзінің басқа аймақтарына таралып, саудагерлерге мол табыс әкелген. Жібек құртын өндіру Түркістан, Жамбыл облыстарының кейбір аудандарында, Қытай, Жапония, Үндістан елдерінде тиімді болғандықтан біз де қызығушылық танытып отырмыз», – дейді Жетісай ауданы әкімінің орынбасары Марат Фаритұлы.

Жібек – жібек құртының пілләсынан өндіріліп, тоқыма-мата өнеркәсібінде пайдаланылатын табиғи талшық. Оны өндіру – аудан экономикасын ары қарай дамытуға мол септігін тигізеді. Өндірілген өнімнің келісін көршілес Өзбекстандық инвесторлар 600 теңгеге дейін сатып алатындықтарын айтады. Мамандардың пікірінше асыранды жібек құрты барлық жібектің 90%-ын береді. Көп еңбекті қажет ететіндіктен, бағасы да қымбат. Сондықтан, жасанды жібек өндірісін жолға қою – табысты арттырудың тиімді тәсілі. Жалғыз пілләдан алынған талшық тым жіңішке болатындықтан, тікелей өндірісте қолданылмай, тек жібек қасиетін зерттеу үшін пайдаланылады. Жібектің механикалық қасиеттері жоғары, әрі жақсы диэлектрик, 120-130°С ыстыққа төтеп береді, тек 160-170°С-та ғана ыдырай бастайды.

ЖЕТІСАЙДА БАЛЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ДАМЫП КЕЛЕДІ

Балықты жасанды өсіру бойынша Түркістан облысы республикада көш басында тұр. Жетісай ауданында жыл өткен сайын балық шаруашылығы дамып келеді. Бүгінде аталған ауданның балықтары Әзірбайжан, Грузия, Израиль, Ресей, Қытай және Өзбекстан елдеріне экспортталып жатыр.

Бүгінде балық шаруашылығы бойынша Жетісай ауданы Мақталы ауылдық округіне қарасты Шолпанқұдық деп аталатын шағын ғана ауылда «Димаш» шаруа қожалығы жұмыс істейді. Шаруашылық төрағасы Сүндет Аблаев жеке қаржысы есебінен 20 млн. теңге инвестиция салып, дөңмаңдай (толстолоб), амур, сазан сынды балық түрлерінің 1 млн. 300 мың дана шабағын алып келген. Бүгінде ұзындығы 250 метр, ені 180 метрлік 3 су бассейнінде өндіріп, өсіріліп жатқан балықтардың орташа салмағы 1,5 келі. Балықтарға қажетті жемді Польша елінен алдырады. Шекара асып келетін жемнің құрамында балықты түрлі ауру-сырқаттан сақтайтын және өсіп-жетілуіне қажетті барлық минералдар бар дейді мамандар. Сонымен қатар, су бассейндерінде үйректердің де бірнеше түрі өсірілуде.

Айта кетейік, жасанды балық өсіру бойынша елімізде көш бастап тұрған Түркістан облысында тауарлы балық өсіруге жарамды 134 өзен-көл бар. Оның ішінде 88-і жергілікті маңызы бар су айдыны балық шаруашылығы мақсатында табиғат пайдаланушыларға берілген.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *