ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫ ЖАҚСАРТУ, АСФАЛЬТ САЛУ ЖӘНЕ ӨЗГЕ ДЕ ЖҰМЫСТАР ЖАЛҒАСАДЫ

Қоғам
259 Views

Түркістандағы Октябрь Жарылғапов атындағы  стадионның күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды қаланы кезекті аралау барысында стадионға барып, құрылыс жұмыстарымен танысты.

2050 жанкүйерге шақталған стадионның құрылысы былтыр басталған. Жоба бойынша стадион толық жаңғыртылмақ. Келісімшарт бойынша аяқталуы мерзімі 2023 жылдың қараша айы. Қазіргі таңда жалпы құрылыс-монтаждау жұмыстары 90%-ға аяқталған. Мердігердің мәлімдеуінше, құрылыс жұмыстары мерзімінен ерте аяқталуы мүмкін. Маңызды спорт нысанының құрылысын сапалы атқаруды тапсырған Дархан Сатыбалды стадион маңында «Шауғар» секторының тұрғындарымен кездесіп, өтініштерін, пікірлерін тыңдады. Тұрғындар облыс орталығындағы өзгерістерге оң бағаларын беріп, инфрақұрылымды жақсарта түсу жөнінде ұсыныстарын айтты. Өңір басшысы Түркістанды дамыту жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасатынын жеткізді.

– Әкімдік тарапынан Түркістанның инфрақұрылымын жақсарту, асфальт салу және өзге де жұмыстар жалғасады. Өздеріңіз жұмыстарды көріп жүрсіздер. Түркістан бес жылда анағұрлым жаңарды. Туристер саны көбейді. Әрине, біз сіздердің өтініштеріңізді жылдам орындауға мүдделіміз. Бірақ кейде бюджет мүмкіндік бермейді, кейбір жобаларды жүзеге асыруға уақыт керек. Бір анығы, шаһарда жол салу, кәріз жүйесін реттеу, абаттандыру жұмыстары тоқтамайды. Дегенмен, сіздерге де өтінішім бар. Өз үйлеріңіздің сыртын әктеп, сырлап, сәндеп, ағаш егіңіздер. Тазалыққа үлес қоссаңыздар қаламыз одан әрі жайнай түседі. Осыған үлес қосайық, – деді Дархан Сатыбалды.

Облыс әкімі одан кейін Төле би – С.Ерубаев көшелері қиылысындағы кептелісті шешу бағытындағы жобаны қадағалады. Түркістан қаласы әкімдігінің тапсырысымен «Techtronic-Stroy» ЖШС жүзеге асыратын жоба арқылы жол қозғалысы реттеліп, тұрғындарға қолайлы жағдай жасалмақ.

Дархан Сатыбалды «Жолаушы» ЖШС-нің ғимаратында болып, жаңартылған автопарк жұмысымен танысты. «Жолаушы» компаниясы ұжымымен кездесуде облыс әкіміне қоғамдық көлік қызметін жақсарта түсу бағытындағы ұсыныстар мен өтініштер айтылды.

1966 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан компания қаладағы 22 жолаушылар көлігі бағытының 10-ында қызмет көрсетеді. 200-ден астам автобусы бар. Жобамен күн сайын 30 мыңдай жолаушыны тасымалдайды. 2022 жылы 50 жаңа автобус алынса, компания 2023 жылы 60 автобус алуды жоспарлап, бірқатары сатып алынды. Бұл бағытта жұмыстар жалғасады. Осы арқылы 2025 жылы барлық бағытты жаңа автобустармен қамтуды көздеп отыр. Автобустар бейнекамералар, салқындату жүйесі орнатылған. Сонымен бірге жолақы төлеу автоматтандырылған.

ЖАҢА ЕМХАНА ТӘУЛІГІНЕ 500 АДАМДЫ ҚАБЫЛДАЙ АЛАДЫ

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Жолдасов Зұлпыхар Сауран ауданына қарасты Ескі Иқан ауыл округіндегі бірқатар әлеуметтік нысандарды аралады. Соның бірі жаңадан салынған «AVICENNA-A» емханасы. Жобаға 2 млрд. 400 млн теңге инвестиция тартылған. Құрылтайшысы Әділбек Ұсманқұлов.

Емханада науқастарға барлық жағдай жасалынған. Онда ота жасау бөлмелері де бар. Сондай-ақ, заман талабына сай соңғы үлгідегі аппараттар қойылған. Жансақтау бөлімі бір мезетте 4 адамды қабылдауға қауқарлы. Сонымен қатар, физиотерапия, оңалту, зертхана бөлмелері де қарастырылған. Емхана тәулігіне 500 адамды қабылдауға қауқарлы.

Емхана иесі қосымша құрал жабдықтарды алуға кәсіпкерлікті қолдау ұлттық жобасы аясында жеңілдетілген 7 пайызбен 700 млн. теңге несие алған.

ЖЕТІСАЙДА ЖАҢА МЕКТЕП ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Жетісай ауданында Түркістан облысының 5 жылдығы аясында жаңа мектеп пайдалануға берілді. Заман талабына сай салынған жаңа типтік үлгідегі білім ордасының салтанатты ашылуына келген Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы мен Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы ауыл тұрғындарын, ұстаздар мен оқушыларды айтулы қуаныштарымен құттықтады.

Жаңа мектепте физика-информатика және мультимедиялық-лингафондық кабинеттер, спорт залы, зертхана кабинеттері мен тігін шеберханасы, асханасы бар. Мектеп оқушыларының сапалы білім алуына барлық жағдайлар жасалған.

Жаңа білім ғимаратының ашылғанына қуанған ауыл тұрғындары өз алғыстарын білдірді. Айта кетейік, бұған дейін 3 шақырымға жуық қашықтықта орналасқан «Жібек жолы» жалпы орта мектебіне қатынап оқыған Баянды елді мекенінің 511 оқушысы енді өз ауылдарындағы 300 орындық білім ұясында 2 ауысымда білім алатын болады.

5 ЖЫЛ ІШІНДЕ 17 МЕКТЕП ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛГЕН

БАҚ өкілдері Мақтаарал ауданына жасаған пресс-тур барысында Бірлік ауылдық округіне қарасты Өркениет ауылында орналасқан 200 орындық жаңа мектептің құрылысымен танысты.

Мектептің құрылысы 2022 жылдың маусым айында басталған. Биыл жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған. Нысанның құрылысын мердігер «Нүрі-Л-Жетісай» ЖШС жүргізіп жатыр.

Жаңа мектеп ғимаратында оқушылар үшін барлық жағдайлар жасалмақ. Физика, химия, информатика, технология кабинеттері, мультимедиялық және лингафондық кабинеттер соңғы үлгідегі технологиялармен жабдықталады. Сондай-ақ, кітапханасы, спорт залы, асханасы бар. Мектепте оқушыларға түрлі спорт және өнер үйірмелеріне қатысып, өздерін қосымша дамытуға мүмкіндіктер қарастырылады.

Аудан әкімі Бақыт Асановтың бастамасымен аудан қайта құрылған 5 жыл ішінде 3 ауысымды мектептердің қатарын азайту және ыңғайластырылған мектептерді жою мақсатында 17 мектептің жаңа ғимараты салынып пайдалануға берілген. Биыл да Еркін-абад, Азамат, Өркениет және Нұрлыжол елдімекендерінен 200 орындық 4 мектептің құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар, «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы шеңберінде ауданға жаңадан 5 мектептің құрылысы жоспарланып, 1 500 орындық және 600 орындық 2 мектептің құрылыс жұмыстары басталған.

«ЖАЙЛЫ МЕКТЕП» ЖОБАСЫ АЯСЫНДА ТӨРТ МЕКТЕП САЛЫНУДА

Сарыағаш ауданында «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы аясында 4 жаңа мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр.

Тарқата айтсақ, бүгінде Сарыағаш қаласында 300 және 900 орындық мектептердің құрылыс жұмыстары басталды. Одан бөлек, Дербісек ауылдық округіндегі – Дербісек, Қызылжар ауылдық округіндегі – Жаскешу елді мекендерінде 900 орындық мектептердің құрылыс жұмыстары басталып кетті. Осы орайда аудан әкімі Арман Абдуллаев пен «Samruk-Kazyna Construction» АҚ өкілі М.Айманбетов құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан мектептерге барып, жұмыс барысымен танысты.

Тиісті бөлім басшысы мен мердігер мекеменің қызметкерлерімен кездескен аудан әкімі құрылыс жұмыстарын жобаға сәйкес өз мерзімінде және сапалы аяқтауды тапсырды.

АРЫСТА 6 МЕКТЕП ПЕН 5 БАЛАБАҚША САЛЫНАДЫ

Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекова қалалық Мәдениет үйінде қала тұрғындарымен кезекті кездесу өткізді. Жиында Мемлекет басшысының арнайы тапсырмасы бойынша бастау алған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында «Тараз» шағын ауданынан 600 орындық мектептің құрылысы басталғандығы айтылды. Сондай-ақ, келесі жылы дәл осы бағдарлама шеңберінде «Наурыз» шағын ауданынан 900 орындық мектеп салынбақ.

Бұдан бөлек, «Отырар» шағын ауданынан 600 орындық мектептің және И.Журба атындағы мектепте 300 орындық қосымша корпустардың құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Сонымен қатар, жеке кәсіпкерлер есебінен «Онтам» шағын ауданынан 150 орындық, Арыс қаласы Төлеби көшесінен 300 орындық, Алатау тұрғын ауданынан 600 орындық мектеп салынбақ. Жалпы қала әкімінің айтуынша, алдағы жылдарда ай мақта жаңадан 6 мектеп пен 5 балабақша ашылады деп жоспарлануда. Осылайша, 3 700-ден астам оқушыға жағдай жасалмақ.

Биыл, қала мен ауылдарда оқитын бастауыш 1-4 сынып оқушылары 100 пайыз ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Бұдан бөлек, жиында ауыз су жүйелерін жаңарту, инфрақұрылымды дамыту, қала көшелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу мәселелері айтылды.

СОЗАҚТА 900 ОРЫНДЫҚ МЕКТЕПТІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫ

«Жайлы мектеп» жобасы аясында Созақ ауданының орталығынан Ы.Алтынсарин атындағы 900 орынға арналған мектептің құрылысы басталды. Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков құрылыс жүріп жатқан аумаққа барып, жұмыс барысын жіті қадағалауда.

«Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының қаржыландыруымен салынып жатқан білім ордасы 2024 жылы пайдалануға беріледі. Мектеп – жаңа модификацияланған кабинеттермен жабдықталатын болады. Сондай-ақ, оқушылардың сапалы білім алумен қатар түрлі үйірмелерге қатысып, педагогикалық қызметкерлердің біліктіліктерін арттыруға толықтай жағдай жасалады.

ЕКІ БІРДЕЙ АГТС ІСКЕ ҚОСЫЛУҒА ДАЙЫН ТҰР

Жетісай ауданында БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз туры өтті. Тур аясында журналистер Ш.Ділдәбеков ауылдық округінде орналасқан «Мақтаарал-қыш» ЖШС зауытына барды. Өндіріс орны 10 жылдан астам уақыттан бері тоқтаусыз жұмыс істеп келеді. Бүгінде зауыт құрылтайшысы 30 жергілікті тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Күніне 30-35 мың дана қыш өндіріледі. Кәсіпкер Нұрдулла Қалисаевтың айтуынша, бір қыштың бағасы 45-50 теңге.

Мұнан соң журналистер қауымы Ынтымақ ауылдық округіндегі АГТС құрылысымен танысты. Қазіргі таңда аудандағы 112 елді мекеннің 56-сы газбен қамтылған. Бүгінде ауданда екі бірдей АГТС іске қосылуға дайын тұр. Газ тарату станциялары іске қосылса, аудан тұрғындары тұтынып келген 18 мың текше метр газға қосымша 50 мың текше метр қосылмақ.

Сонымен қатар, журналистер Жетісай қаласындағы орталық саябақты жаңарту жұмыстарының құрылысымен танысты. Онда дене шынықтыру кешенінің құрылысы да жүргізіліп жатыр. Өткен жылы жұмысы басталған қос қабатты нысан биылғы жылдың соңына дейін ел игілігіне тапсырылмақ. Жұмыстар аяқталған кезде жалпы ауданы 17,14 гектар арнайы демалыс аймағы іске қосылады. Оның ішінде балалар мен жасөспірімдерге арналған спорттық сауықтыру кешендері, түрлі ойын атракциондары, бассейндер мен субұрқақтары қолданысқа беріледі.

69 ЕЛДІ МЕКЕННІҢ 36-СЫ ТАБИҒИ ГАЗБЕН ҚАМТЫЛҒАН

Мақтаарал ауданында 2018-2022 жылдар аралығында 102,1 млрд. теңге инвестиция тартылған. Бұл туралы көшпелі брифингте аудан басшысы Бақыт Асанов мәлімдеді.

Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы саласы 5 жыл уақыт аралығында жалпы ішкі өнім көлемі 2 есе өсіп, былтыр 81 млрд. теңгеге жеткен.

— Бес жыл уақыт ішінде ауданда ауқымды жұмыстар атқарылып, әлеуметтік-экономикалық даму оң қарқынды көрсетуде. Мәселен, «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 76 жоба (436,6 млн теңгеге) мақұлданған. Сондай-ақ, аудан бойынша жалпы 69 елді мекеннің 36-сы табиғи газбен қамтылған, бұл аудандағы елді мекендердің жалпы санының 52,1%-н құрайды. Инфрақұрылымды дамыту бойынша аудандағы жалпы 69 елді мекеннің 67-сі, яғни 99,9%-ы орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Аудан бөлінгелі 2019-2022 жылдар аралығында 11,2 шақырымды құрайтын 7 аудандық маңызы бар автомобиль жолдарына асфальт төселді. Сонымен қатар, жалпы ұзындығы 199 шақырым 212 ішкі көшеге асфальт, 118,3 шақырым 151 ішкі көшеге тас төселді, — деді аудан әкімі.

Сонымен қатар, өңірде жаңа өндірістік кәсіпорындарды ашу мақсатында 24 гектар аумақта индустриалды аймақ құрылған. Онда 4 млрд. теңгені құрайтын 6 инвестициялық жоба іске асырылған. Бұдан басқа, «Еңбек» бағдарламасымен бес жылда 4 052 адам жұмыспен қамтылған.

БИЫЛ 9 ЕЛДІМЕКЕН ГАЗБЕН ҚАМТЫЛAДЫ

Мақтаарал ауданында қазіргі таңда 68 елді мекеннің 36-на көгілдір отын қолжетімді. Биыл «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы аясында Дихан елді мекеніне газ құбыры тартылып жатыр.

Дихан елді мекеніндегі газ жүйелерінің құрылыс-монтаждау жұмыстары 2022 жылы басталған. Жауапты мердігер мекеме биыл ауыл халқын көгілдір отынға қосу үшін нысанды уақытылы аяқтайтынын айтады.

Айта кетейік, Мақтаарал ауданында газбен қамтылған елді мекендер 52,1 пайызды құрап отыр. Қолданыстағы автоматты газ тарату станциясының қуаттылығы толығымен пайдалануда. Бұдан бөлек, қосымша қуаттылығы сағатына 50 мың текше метрді құрайтын «Мақтаарал» автоматты газ тарату станциясының құрылыс жұмыстары жүргізіліп, биыл пайдалануға беру жоспарланған.

Жалпы ауданда биыл 9 елді мекенді табиғи газбен қамтамасыз ету бойынша құрылыс жұмыстары жүргізіліп, жыл соңына дейін аяқталады. Бұл қосымша 1 616 абонентті қосуға мүмкіндік береді, яғни аудандағы газбен қамту деңгейі 65,2 пайызға артады.

ЖОЛ ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРІП ЖАТЫР

Кентау қаласында 2023 жылы мемлекеттік жекешелік әріптестік жобасы аясында 14,6 шақырымды құрайтын 21 көшеге орташа жөндеу жұмысын жүргізу жоспарланған.

Қазіргі таңда қаладағы Ш.Құдайбергенов, И.Тайманов, Камалов, Көктерек, Әзірбаев, Геологическое, Құрманғазы-2, Тынышбаев, Мұратбаев-2, 66 квартал, М.Өтемісұлы, Қажымұқан, Ш.Айманов көшелерінде орташа жөндеу жұмыстары аяқталды.

Ал қалған 6,6 шақырымды құрайтын 7 көшенің құрылыс жұмыстары жалғасуда. Аталған жұмыстар қазан айының 20 жұлдызына дейін толық аяқталатын болады. Одан бөлек, облыстық бюджет есебінен Қ.Ясауи даңғылы мен Әл-Фараби көшесінің аралығындағы Төле би көшесінің 480 метр жеріне орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта жолдың негізі әзірленіп, жарық бағаналары орнатылған. Көше қыркүйек айының соңына дейін пайдалануға берілетін болады.

ТҮЛКІБАСТА 17 ШАҚЫРЫМҒА ЖУЫҚ ЖОЛ ЖӨНДЕУДЕН ӨТТІ

Түркістан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы облыстық маңызы бар жолдардың жақсы және қанағатты жағдайдағы үлесін арттыру мақсатында жол жөндеу жұмыстарын қарқынды түрде жүргізіп келеді.

Басқарманың тапсырысымен Түлкібас ауданындағы жалпы ұзындығы 16,7 шақырымды құрайтын 2 жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, облыстық маңызы бар КХ-65 «Тастұмсық-Майтөбе-Түлкібас» автомобиль жолының 0-9,6 шақырымы және КХ-69 «Тастұмсық-Жыланды-Азаттық-Шұқырбұлақ» автомобиль жолының 18-25,1 шақырым аралығы жөндеуден өткізіліп, нысандар пайдалануға берілді.

Жоспарға сәйкес, нысандардағы ескі асфальт жабыны толығымен жаңартылып, елді мекен ішіне аяқжолдар салынды. Сонымен қатар, қауіпсіз жол жүрісін қамтамасыз ету үшін жол таңбалары сызылып, тиісті жол белгілері орнатылды. Сондай-ақ, жауын-шашын кезінде асфальт жабындысын шайып кетудің алдын алу үшін 9 жерде су өткізгіш құбырлар ауыстырылды.

Айта кетейік, жұмыстардың сапасы үнемі бақылауда болып, белгіленген мерзімде пайдалануға берілген.

ЖЫЛУ БЕРУ МАУСЫМЫНА ДАЙЫНДЫҚ ПЫСЫҚТАЛДЫ

Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков «Шолаққорған су» МКК мекемесіне қарасты «Мазут шаруашылығы» отын сақтау қоймасында болды. Бүгінгі таңда 2 100 тоннаға жуық қатты отын жинақталған қойма жылу беру маусымына дайын екендігін жеткізді.

Онда аудан басшысы Таукент және Қыземшек кенттерінде орналасқан орталықтандырылған жылу жүйесіне қажетті жеткізілген қатты отынның сапасын көріп, жылу маусымына дайындық жұмыстарының барысын пысықтады. Жауапты мамандарға аталған аймақтарға қажетті отынды тасымалдау жұмыстарын қадағалауды тапсырды.

Сондай-ақ, Таукент кентіндегі орталықтандырылған жылу қазандығында жүріп жатқан ағымдағы жөндеу жұмыстарымен танысты. Аралау барысында сала мамандары мен жауапты бөлім, мекеме басшыларына дайындық жұмыстарын уақытылы аяқтап, сапалы атқаруды тапсырды.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *