Жәнібек ӘЛІМХАНҰЛЫ: «ТОЙЛАЙ АЛМАЙМЫН!»

Спорт
533 Views

Газетіміздің өткен санында «Жексенбіде жеңілмеген екі жігіт жұдырықтасады» деген тақырыпта материал жариялағанбыз. Иә, жексенбіде жеңілмеген екі жігіт жолықты. Бірақ бұл күні біз бірінің не үшін жеңілмей келгенін көзбен көріп тамсансақ, екіншісінің осы боксымен 20 қарсыласты қалай жеңіп кеткенін түсіне алмай дал болдық.

АҚШ-тың Техас штаты Розенберг қаласындаWBO және IBF санаты бойынша орта салмақта екі белбеу сарапқа салынған болатын. Қандасымыз Жәнібек Әлімханұлы неміс боксшысы Винченцо Гуальтьеримен кездесті. «Әй, осы жекпе-жек толық 12 раундқа созылады-ау» десіп еді мамандар. Алғашқы раунд басталғаннан-ақ олай болмайтынын түсіндік. «Шаршы алаңға шығып алайын, қалғанын сосын көрермін» деп шыққан секілді Винченцо. Жекпе-жекке жоспар құрмаған, Жәнібекті зерттемеген. Жарытып шабуылға шықпайды. Қорғанысты да қатырмады.

Кездесуден алдын қарсыластың өткізген жекпе-жегі мен жеңісіне қарап «Жәнібектің ең ауыр қарсыласы болады-ау» деп топшылағанбыз. Қайдағы, керісінше ең жеңіл қарсыластың бірі Гуальтьери болды. Отандасымыз жұдырықтаспай-ақ 12 раунд бойы сол қолын сілтеп қойып жүре берсе де жеңіске жетер еді. Осы тәсілден жалтарудың тәсілін таба алмады ғой неміс боксшысы. Сол қолын сілтесе болды тие береді. Ал Әлімханұлы оң қолын іске қосқанда қарсыласы тығыларға тесік таппай кетті. Қайта намысы бар екен, таяқ жеп жатса да жата кетпеді. Барынша шыдап бақты. Бұлай жалғаса берсе боксшының денсаулығына ауыр нұқсан келерін түсінген шаршы алаңдағы төреші алтыншы раундта жекпе-жекті тоқтатты.

Осылайша орта салмақта WBO және IBF чемпионы атанған жерлесіміз жеңістің дәмін сезініп үлгермей жатып алдағы жоспарларымен бөлісуде.

– Барлық төрт белбеуге қол жеткізбейінше тойлай алмаймын! Маған WBC мен WBA керек! Ақпанда осыны ұйымдастырайық! Мен белбеулерімді қорғағым келмейді! Маған басқа титулдар қажет! Кез келген чемпионды нокаутқа түсіремін! – дейді ол.

«Темірді қызған кезінде соқ» дегендей, жерлесіміздің ісін жүргізетін Top Rank Boxing промоутерлік компаниясы «Дивизионды ары қарай да үрейлендіре береміз» дегенді әлеуметтік желіде жариялады.

Әрине, Жәнібектің мықты боксшы екені күмән тудырмайды. Оны жарнамалап, жария ете беру спорттық мансабына кері әсерін тигізуі мүмкін. Кезінде отандасымыз Геннадий Головкинге қарсылас таппай, біраз уақыт жоғалтқаны белгілі. Жәнібектен де қорқа бастаса, болашақта жекпе-жек ұйымдастыру қиындап кетері сөзсіз. Қазір белбеудің құны төмендеп кеткен. Онымен ешкімді қызықтыра алмайсың. Тіпті белбеу иегерлері жұдырықтасқысы келмесе оны жекпе-жексіз бере салады.

— Бұл жеңісімен қазақстандық боксшы дивизионның басты жұлдыздарын үркітіп алды. Енді Чарло немесе Лара аралық жекпе-жексіз титул біріктіруге келіспес. Сондықтан алда Зерафа немесе британиялық Фэликс Кэшті таңдауға болады. Әлімханұлы екі белбеумен кез келген титулы жоқ болашағынан үміт күттіретіндер үшін қызықты болады. Уақыт көрсетеді, бірақ Жәнібекке ерте ме, кеш пе, келесі салмаққа өту керек болары анық, — дейді америкалық спорт сарапшысы Джек Маккаферри.

Иә, Джектің сөзінің жаны бар. Жұлдыздар үркіп қалса, қиын. Олар осы биігіне шығу үшін аз қаржы жұмсап, аз тер төккен жоқ. Енді тәуекелге бара бермейді. Қарсыласты шертіп жүріп таңдауға мүмкіндіктері бар. Жәнібектің мықты екенін дәлелдеу үшін бұл биігін бәске тіге қоймайды.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *