ҚҰР КҮРЕСКЕРСУДЕН ІСКЕРЛІККЕ ҚАШАН ОЙЫСАМЫЗ?

Саясат Қоғам
177 Views

Тәуелсіздігіміздің өткен кезеңінде орын алған келеңсіздіктерге қарсы күресті «асықпай» бастап, әділетті де жаңа қоғамға қарай жол тарттық. Қалай бағаласақ та, демократиялық үрдістер мен заңсыздыққа қарсылық – қоғамдық пікірді өмірдің алдыңғы қатарына шығарды.
Ғылыми-техникалық прогресс жаңалықтарының қоғамымызға ентелей кіруі ХХI ғасырдың, адамзаттың талаптарына бейімделуге ұмтылуы басқаша даму жолын таңдатуы мүмкін де емес еді. Интернет, телевидение, тәуелсіздіктің «балалық кезеңіндегі» қаптаған газеттердің сұрыпталып, бүгінге жеткендері де, қоғамдық пікірге ешкімді де бейтарап қаратпайтыны азаматтардың бәріне аян.
Соңғы сәттері қандай оқиғалар ел есінде ұзағынан сақталатындардан болды? Меніңше, ең зоры – тасқын су проблемасы. Мұндағы, әдеттегідей, ең бірінші «күнәһар» ең төменнен басталып, ең жоғарыға дейінгі билік сатысы болып тұр. Осыған дейінгі барлық үлкенді-кішілі оқиғалардағыдай небір білгішбектер бар білгенін төгіп «кінәлілерді» әлеуметтік-саяси бағыттардан іздеп бақты. Сөйтсек, «бақсам, бақа екеннің» кері болып шықты. Негізінен алғанда қатал табиғаттың «ашуланғандағы» қатты сынау түрінің бірі екен. Мемлекет басшысынан бастап, үкімет басшылары қоштап, бүкіл халық қолдаған «сын» дейміз бе, «күрес» дейміз бе, әйтеуір билік пен халықтың бірлігін қолмен ұстап, көзбен көретін сәттер айқын бейнеленді. Біраз уақыт үндері өшіп қалғанымен, не арамдықпен, не саяздықпен ауыратын білгішбектер, тағы бір майда-шұйдаларды езбей, тасқын су пиарын қоя салуы мүмкін емес екенін дәлелдеуге кірісті. «Құнысты тек мола түзулейді» деген сөз тегін айтылмаса керек.
Десек те, аталмыш сын қоғамның бірлігі бар екенін, атадан келіп жеткен әлеуметтік кодымыз тірі екенін, басқа қауіп, қиыншылық төнгенде елдегі түрлі әлеуметтік топтар, халық пен билік ойланбай бірігіп кете алатынын айқын көрсетті. «Жаңа Қазақстан» тарихының алғашқы күрделі беттерінен орын алатын бұл оқиға халық жадында ұзағынан сақталатыны барлық пейілі ақ, ниеті түзу азаматтарға белгілі деп ойлаймын.
Осы мақалада бәрін тізіп, тереңдеп жазудың қажеті жоқ шығар. Естен шықпас бұл күндері, сірә, ақпараттар легіне үңілмегендер болмаған шығар. Түбірінен тереңдеп зерттеп, аумағын толық қамтып талдап, қоғамдық маңыздағы қорытындылар жасау – тиісті мамандардың міндеті. Менің міндетім – қоғамдық пікірді шамам жеткенше сараптау, бағалау.
Ең алдымен, оқырманмен бөлісетін пікірім: тарихи «Қаңтар» оқиғаларынан кейінгі біреуге жеткілікті, біреуге азырақ мерзім ішінде «ескі билік режимінің» өзі ғана емес, қалдығы да келмеске кетті деп ешкім де айта алмайды. Қоғамда қалыптасқан проблемалық жағдайлардың жиынтығы алға жылжудың, дамудың «күрескерлік кезеңі» және «еңбеккерлік кезеңі» симбиозынан тұрады. «Өліспей берілмейтін» ескі қоғамдық режимнің қайта қалыпқа келу әрекеті тұсында қоғам өмірінде күрескерлік мазмұн объективті түрде басымдыққа ие болады. Сол себепті бұл күндері, бір жағынан, мақсат еткен болашақ даму жолын әрі қарай ашу, қоғамдық өмірдің еңбеккерлік мазмұнын көтере түсу қажеттілігімен; екінші жағынан, бірде ойлаған, бірде ойламаған тұстан, табиғаттың да, тіршіліктің де проблемалары көлденеңінен көлбеңдегенде негізсіз де, ретсіз де, есіре көрінетін «контрревәрекет» аталмыш күрескерлік мазмұнның ролін көтере түседі.
Көпшілікке «құрғақ теориялық сөз тіркестері» болып көрінбес үшін нақты мысалдар келтірейік. Тасқын су қауіпі көпшілікке белгілі бола бастағаннан бұл табиғат мінезін іс-қимылдағы біреулердің әдейі істеген «зиянкестігі» ретінде көрсетуге әрекеттенгендер де көріне бастады. Мұнан басқа «жеңілдеулерін» айтпай-ақ қояйық. Әлеуметтік желіде бір «халық жанашырының» байбаламын да көпшілік көрді, естіді. Дәл осындай «кінәлауды» ертеңіне көшеден де естідім.
Тап осы сарындағы «білгішбектік» елде тасқын су проблемасына қоғамның қарсы жауабы кеңінен көзге көрінгеннен соң-ақ басыла қалды. Тіпті біраз уақыт желілерден арнайы іздесем де табылмай тұрды…
Табиғат тасқын су арқылы ұлттық санамызды сынады. Мұнан басқа да табиғи және жалпыадамзаттық сындар бар екенін есімізге салды. Әсіресе үкіметіміздің, әкімдеріміздің, саяси серкеміз деп сезінетіндердің естеріне. «Не было бы счастья, да несчастье помоглоның» кері келгендей болды. Әйтпесе, «қандай жау» тиісті шен иелерімізге елімізде түрлі табиғат заңдылықтарын, өткен тарихымыздың сабақтарын ескеруге, қарсы шаралар легін күні бұрын даярлауға тыйым салыпты!
Бұл «соңғы сыннан» көңілімізге түйгеніміз жеме жемге келгенде ұлттық бірлігіміздің өсе түскені. Әсіресе соңғы екі жылда. Тәуелсіздігіміздің керегесін сөге бастағандай, шаңырағын төмендеткендей әсер қалдырған «ескі жүйе» мәңгілікке тарих қойнауына кетті десек қателеспейтіндейміз. Кезінде санамызға үздіксіз құйылып тұрған «Қазақтың жауы – қазақ» дегеннің қалдығы болмаса, өзінің күні өтті десек болатын сияқты. Соңғы сәттердегі ел Президентінің, сыртқы саясат сардарларының іс-әрекеттері де, заман талабына сай, тарихи көршілерімізбен түрлі тіршілік салаларындағы даму үрдісіне сәйкес қажетті бағыттарда жаңаруда.
Десек те, табиғи апатты ауыздықтап, қауіптің бетін қайтарып, ең бастысы елдің бірлігін жайып салғанның өзінде көп күттірмей-ақ тағы да мәні жағынан да, ақиқаттығы тұрғысынан да сын көтермейтін «қоғамдық пікірдің» жыры қайтадан басталды. Тура бұрынғыдай. Дәлелсіз кінәлау. Білгішсіну. Құлаққа кірмейтін «ақпараттар». Мемлекетте орын алып жатқан алға жылжу әрекеттері, даму фактілері, санмен көрсетіліп тұрған нәтижелерді көрмеу…
Кейде аталмыш «әділет күрескерлерін» оппозиционер деп қалатындар да бар! Қайдағы оппозиция! Өркениетті елдердің тәжірибесіне сүйенсек, бізде әлі де іс жүзіндегі саяси оппозиция – қоғамдық, ұлттық идеологиясы ортақ, мақсаты ортақ, тек кейбір стратегиялық, кадрлық және басқа да мәселелерде өз шешу жолы бар саяси топтар – қалыптаспаған сияқты. Біздің «деп қалып» отырғандарымыз – негізінен бүгінгі күні елде бар ешбір партиялардың қатарында жоқ, өздерінің кілдіреген үгітін идеология деп түсінетіндер екені талассыз болса керек.
Бұларды басшылық жүйедегі кемістіктер мен ағаттықтарды саяси мәдениеттілікпен, құқықтық тәртіппен әділеттілік пен заңдылыққа қарай бет бұрғызуға әрекеттенетін, қажетті жағдайда қорғауды мақсат ететін қоғамдық пікір иелерімен шатастыруға болмайды. Мұндай пікірлер барлық демократиялық қоғамдарда бар және болуға тиісті. Бұл өмір пәлсапасында қарама қайшылықтың бірлігі деп аталады. Онсыз даму үрдісі мен үдерісіне жол жоқ. Ал, әзірге біздің қоғамда жұрт көзіне айғайлай көрініп жүрген алуан түрлі «білгіштердің», өсек, өтірік, мақтаншақтардан зияннан басқа ешнәрсе жоқ.
Бұл – әлі де қоғамымыз бен ұлтымызда, жоғарыда айтып кеткендей, саяси-әлеуметтік сананың, мақсат қойған идеологиялық құндылықтардың, оларға қол жеткізетін құқықтық талаптардың қоғамдық-ұлттық мәдениетімізде толыққанды өз орнын алмауынан. Соңғы отыз жылдан астам мезгілде кемшілігі белшеден болғандықтан ертедегіден айрылдық, ал жаңасын толықтай сіңіре алмадық. Симбиоз санамен өркениеттікке ойдағыдай қол жеткізе алмайтынымыз да анық.
Енді не істеуіміз керек? Дәл бүгінгідей экономикалық тәсілді жылдамдата жетілдіріп, әлеуметтік саясатты жан-жақтыландырып, адам мүддесіне жақындата түсу керек. Мемлекеттік идеологиямыздың жаңғырған ұстыны деп көпшілік таныған «Жаңа Қазақстан», «Әділетті Қазақстан» және басқа да жарияланған даму, жаңару идеяларын, қабылданған бағдарламалардың орындалу қарқынын үздіксіз және тереңдете қоғамдық пікір аясына жеткізіп тұру қажет.
Қоғамдық және мемлекеттік идеологиямызды азаматтарымыз бен жастарымыздың, өскелең ұрпағымыздың психологиялық болмысына сенімді де тереңдете сіңіру ісін аянбай қолға алған дұрыс. Этатизм, лаицизм және секурялизация талаптарына сәйкестену оңайлықпен келмейтіні тұрақты түрде жадымызда болуы керек. Бірақ әзірге олай болмай тұр. Тамыр-танысты, бірнеше топ азаматтарды, әсіресе жастарды әңгімеге тартқанымда, аталмыш даму талаптары түгілі, осы терминдердің өзін бірен-саранынан басқалары білмейтінін көрсетті. Олардың өзі қоғамдық пәндердің мамандары. Міне, саяси-экономикалық білімнің деңгейі. Мүмкін мен кездейсоқтықпен тек «білмесбектерге» ұрынған шығармын? Ол да мүмкін. Десек те, білім мен біліктілік деңгейі төмендеп кеткені, соңғы онжылдықтарда білім министрлері мен серкелері «заман ауруына» шалдыққаны ешкімге де құпия емес. Экс-президентіміздің бір жолы «мектептерде техничкалардың өзі ақшамен қабылданады екен» деп сынағаны көпшіліктің есінен әлі де шыққан жоқ болар.
Сауатсыздықтың белең алуы ең алдымен білім саласындағы кемістіктерге тығыз байланысты екені жұртқа бұрыннан белгілі. Тек олардың түсінбейтіні – құқықтық мемлекет бола тұра, неге осыған кінәлілерді ауыздықтауға әрекет мардымсыз.
Өкінішке орай, қазақ қоғамы ортақ меншікті, кеңестік жүйелі, жалғыз партиялы, диктаторлық типтегі барлық әлеуметтік мәселелерде Ресейді алға тартатын социалистік идеологиямен қоштасқанымызға биыл 33 жыл толады. Сөйте тұра, бүгінге дейін есепсіз көп азаматтарымыз «идеология» деген басты қоғамдық категорияны да, типті терминді де шолақ түсінеді. Түсінгісі келмейтіндер де толып жатыр. Неге ең жаңа тарихымыздың бірінші кезеңіне кейін бұрылып, үңіліп қарап, бұл әлеуметтік жүйенің адам табиғатына көп талабы сәйкес келмесе де, қырып жойса да, диктатпен бет қаратпаса да, бұл коммунистік идеологияның салыстырмалы түсінікте ұзақ жасауы мүмкін болды? Менің ойымша, өз идеологиясы мен оның туындыларын адам атаулының бәрінің санасына сіңіруді – ең басты міндет деп санауында. Әр саладағы атқарылған істің идеологиялық мазмұнына тиісті көңіл бөлгендіктен деп ойлаймын.
Біз неге ХХІ ғасырда, ең жаңа тарихтың екінші кезеңінде, нарықтық экономика мен ғылыми-техникалық саясат, құқықтық тәртіп пен әлеуметтік әділеттілік салтанат құрған заманда әлсіз қоғамдық идеологиямыз бен күні өткен идеологиялар симбиозында айтысып-тартысып, торғай адыммен алға жылжудамыз? Қашан күрескерлік түрден іскерлік мазмұнға ойысамыз?
Өткендегі табиғи болсын, саяси-әлеуметтік болсын оқиғалардан соң, бүгінгі нарықтық экономикалық және қоғамдық идеологиялық мақсатымызды іс-қимылдағы Конституцияның талабымен, құқықтық жолмен алға ілгерілеуді жылдамдатуымыз керек. Жоғарыда айтқандай (шешуші маңызы болғандықтан, жүзеге асуы басты мақсат болған соң, қайталай береміз) этатизмге – мемлекеттік реттеу арқылы әлеуметтік-экономикалық оңтайландыруға – қол жеткізу «Жаңа Қазақстанның» түпкі арманы. Бұл арман лаицизмсіз – кең түсініктегі мәдени-рухани оңтайландырусыз – орындалуы мүмкін емес. Бірі бірінсіз бұл екеуі бір жетістіктің екі қырындай.
Бетке алған идеологиялық мақсаттарымызға жету жолында ең бірінші маңыздысы – толыққанды құқықтық қоғам тәртібіне қол жеткізу. Өте қарапайым ереже емес пе? Барлық мәселе қолданыстағы заңдар шеңберінде шешіледі. Заңды бұзған жеке және ресми тұлғалар міндетті түрде адекватты тиісті жауабын береді. Басқаша болмайды. Ата-бабаларымыздың өз заманындағы: «Әр ауылдың заңы басқа, иттері қара қасқа» дегендері тарих қойнауына сүңгіп кеткелі қашан! «Аузы қисық болса да, байдың ұлы сөйлесінді» де атымен-затымен естен шығаратын уақыт өткеніне аз уақыт болған жоқ. Құқықтық сананы сілкімесе, сілкігісі келмегендердің санасын шайқамаса, тым кеш қаламыз. Құқықтық тәртіптің құлаш жаюы ғана күткен идеологиялық әлеуетімізге алып барады.
Менің және көптеген пікірлестерімнің ойынша шартты түрде екінші маңыздысы – коррупцияға, жемқорлыққа, ұрлыққа және басқа да үлкенді-кішілі қылмыстарға қарсы соғыс жариялау қажет. Әзірге қолға алынғаны – күрес. Халықтың билігімізге деген сенімі сонан кейін ғана толыққанды ахуалға сөзсіз жетеді деп түсінемін. Қазіргі айналымдағы заңдар мен шешімдердің өзі сөзсіз орындалғанның өзінде қоғамымыз өзгеріп шыға келеді деп те ойлаймын.
Осы айтылғандардың үстіне адамзат қоғамында өзара байланысы мығым, бірі бірінсіз дамымайтын тіршілік категориялары да баршылық. Дамыған, өркениетті, қазіргі және болашақ гүлденген елді оларсыз көзге елестетудің өзі мүмкін емес. Оларға «саяси мәдениет», «экономикалық мәдениет», «әлеуметтік мәдениет», «құқықтық мәдениет», «этикалық мәдениет» және басқалары жататынын бәріміз де білеміз. Қазіргі қазақ қоғамының мақсат тұтқан идеологиялық құндылықтарын ту көтеріп, мемлекетіміз, саяси және қоғамдық, ғылыми және кәсіби, шығармашылық және басқа заңды ұйымдарымыз тура жолда тайғанақтамай, ұлтты алға, бақытты өмірге жетелесе екен дейміз.


Сапарбек САХОВ,
Оңтүстік Қазақстан медициналық академиясының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *