АСТАНАДА ЖАҢА САРАЙШЫҚ АУДАНЫ ҚҰРЫЛМАҚ

Қоғам
187 Views

Астана уақыт өткен сайын ұлғайып, қарқынды дамып келе жатқан ірі мегаполис. 1997 жылы халқының саны 250 мың болса, 2024 жылы бір жарым миллионға жуықтады. Қазіргі таңда елордада алтыншы әкімшілік ауданды құру жұмыстары басталып кетті. Осыған байланысты 2024 жылы 12 маусымда Астана қаласы мәслихатындағы Тұрақты комиссиялардың көпшілік тыңдауында Астана қаласының алтыншы ауданының атын қоюға қатысты талқылау болды.

Осы бағытта негізгі баяндама жасаған Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп өз сөзінде былай деді:
«Елордада Алматы ауданын екіге бөліп алтыншы әкімшілік ауданды құру жұмыстары қолға алынған сәттен бастап қаладағы зиялы қауым, тарихшы ғалымдар мен қоғам қайраткерлерінің басын қосып, алтыншы ауданның атын қою жөнінде кеңінен отырып ақылдастық. Басқосуда көптеген ұсыныс айтылды.
Әр ұсыныстың тарихи, мазмұндық астарына үңіліп, оны өзара талқыға салдық. Айтылған он беске жуық ұсыныстың ішінен басым дауыспен ерекшеленген негізгі төрт нұсқаны қалалық ономастика комиссиясының қарауына алып шықтық. Әр атаудың өз ерекшелігі, тарихи негізі бар. Ол төрт ұсыныс:

  1. Сарайшық
  2. Тұран
  3. Сауран
  4. Жерұйық болды.

Жаңа ауданның шекарасы айқындалғаннан кейін қалалық ономастика комиссиясының отырысын өткізіп, жоғарыда айтылған төрт ұсынысты комиссия мүшелерімен бірге талқылап, дауысқа салдық. Комиссия мүшелерінің ортақ шешімімен Сарайшық деген атауды жаңа ауданға беру жөнінде тоқтамға келдік.
Сарайшықтың не екенін көзі қарақты жұрттың бәрі біледі. Орта ғасырлық қала, кезінде Алтын Орданың, кейіннен Қазақ хандығының астанасы болды. Бұл қала Ұлы Жібек Жолының бойындағы ірі сауда орталықтарының бірі болған. Деректерге сүйенсек Сарайшық Еуропа елдері мен Алтын Ордадан Хорезм қалаларына, Үндістан, Ирак және Қытайға басты құрлықтық керуен жолдарын жалғаған. Сарайшық тек сауда ғана емес мәдени, экономикалық және саяси орталық ретінде үлкен маңызға ие болған.
Сарайшықта Алтын Орданың бірнеше ханы мен тарихи тұлғасы, сондай-ақ қазақтың әйгілі Қасым ханы жерленген. Бүгінгі Қазақстанның батыс бөлігінде, Жайық өзенінің бойында, Атырау қаласынан 45 шақырым жерде орналасқан.
Біз биыл Ұлық Ұлыстың 800 жылдық мерейтойын ел деңгейінде атап өтіп жатырмыз. Ал Сарайшық дәл осы Ұлық Ұлыстың бірден бір орталығы болған ірі шаһар.
Сондай-ақ, Астананың қазіргі бес ауданы Қазақстанның әр өңіріне қатысты топонимикалық атауларды иеленген. Мәселен Алматы оңтүстік-шығыста болса, Байқоңыр оңтүстік-батыста орналасқан. Ал Сарыарқа Қазақстанның тұтас орталығын қамтып тұрса, Нұра Қарқаралыдан бастап Қарағанды, Ақмола облыстарын қамтиды. Есіл өзені Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарын қамтып жатыр. Осы орайда Қазақстанның батыс бөлігіндегі ірі тарихи қаланың атын қала ауданына әкелудің мазмұндық, идеялық, ұлтты ұйыстыратын маңызы зор деп білеміз».
Басқарма басшысынан кейін сөз алған тарихшы ғалым Бүркітбай Аяған «Бұл тақырып көптеген ғалымдар, жазушылар, мемлекет қайраткерлерімен талқыланған болатын. Мен тек қана Сарайшыққа тоқталайын. Астананың бір үлкен тарихи міндеті – ол елді біріктіру, елді ұйымдастыру. Осы орайда елордамызда Сарыарқа, Нұра, Алматы атаулары бар, ал енді Сарайшық пайда болса ол қазақтарды, қазақстандықтарды біріктіруде үлкен роль атқарады. Сарайшықтың қала ретінде ортағасырлық заманда, Жошы заманында ролі керемет болды.
Сарайшықта Мөңке Темір деген Алтын орданың белгілі ханы, Тора меңгі, Бердібек, Келдібек т.б. бес-алты хандар жатыр. Кезінде Сарайшық қазақ хандарының атасы Орыс хан, Тоқтамыс, Едіге жүрген жерлер ғой. Сондықтан этикалық, эстетикалық, тарихи, саяси жағынан да Астана қаласында Сарайшық ауданының болғаны дұрыс деп ойлаймын. Қазіргі таңда тарихи атаулардың әлемдік реестрі бар. Сол реестрге Сарайшық топонимі енгізілген» деп түйіндеді.
Ал белгілі қоғам қайраткері, қалалық ономастика комиссиясының мүшесі Дархан Мыңбай «Шынында да бір тарихи шешім алдында тұрмыз. Географиялық жағынан да, геосаяси жағынан да бұл Сарайшық атауының орны бар және соны қолдауға тиіспіз. Сарай сөзінің өзі біздің халықтың ұғымында өте үлкен мағынаны білдіреді. Негізі ономастикалық комиссия әртүрлі топтардың арасында сұрау салып жан-жақты және терең жұмыс жасаған. Соның нәтижесінде Тұран, Сауран, Сарайшық, Жерұйық деген атауларға тоқталған. Сарайшықты қолдаған себебім, осы төртеуіне тоқталсақ, жақында Түркістан облысында Сауран ауданы құрылды, оны қайталаудың мәнісі жоқ, ал кезінде бірнеше мемлекеттердің басын қосқан Тұранды кішкентай бір ауданға әкеп қойсақ, ойыншық жасағандай боламыз, қисыны келмейді. Ал Жерұйық десек Асанқайғы бабамыз жердің кереметін, жәннатын іздегені туралы аңыз бар, ол барлығына мәлім. Сондықтан мына қазақтар «Жерұйықты» тауып қойыпты деп жұрт күлуі де мүмкін. Сондай-ақ батысымыздың төрінде тұрған Сарайшықты Астанамызға аудан ғып әкеліп жатсақ көп адамның ұғымында жүреді, тарихи кеңістігімізді қалпында сақтауға көмектеседі» деді.
Мәслихат депутаттары да негізінен аталған ұсынысты қолдайтынын жеткізіп, Сарайшық атауының мән-мағынасына тоқталды.
Депутат Ғабит Тәжімұрат «Сарайшық атауын қолдаймын. Кезінде ол жерде су құбырлары, монша, медреселер салынған, Бағдаттан кейінгі ең үлкен қала болған екен. Жошы Ұлысының дамыған жері, Берке ханның уақытында ислам діні келген жер» десе, Нұрлан Сүлейменұлы «Жалпы айтқым келетіні, Сарайшық ұғымын тарихи, саяси ұғым ретінде ғана емес, рухани ұғым ретінде де қабылдауымыз керек. Өйткені Сарайшықтың маңайында бірнеше рухани байлығымыз жатыр, аңыздар бар. Сол аңыздардан біздің бабаларымыз өмір сапасын, мәдениетін қаншалықты дамығандығын көрсетеді» деп атап өтті.
Депутаттардан Бекзат Жолжақсынов «Сарайшық – қазақ хандығының алғашқы астанасы болған ортағасырлық қала. Сарайшық қоғам үшін тарихи маңызы бар, мәні зор қымбат сөз. Сондықтан жаңа ауданымыз бұйырса халқымыздың рухани байлығына айналатынына еш күмәнім жоқ» десе, Ерлан Дәкенов «Сарайшық – рухы киелі, дала мәдениетінің бесігіне айналған қала. Қалалық ономастика комиссиясы мүшесі ретінде қаншама талқылаулардың ішінде болдым, соның арасында таңдалып алынған дұрыс шешім деп ойлаймын» деп қолдау сөзін білдірді.
Отырыс соңында мәслихат төрағасы Ерлан Каналимов «Бүгінгі жиында жаңа ауданға берілетін атауға қатысты әдемі, жақсы деректер келтірілді, керемет, көп ел біле бермейтін ақпарат айтылды. Ондай ақпарат тарихи құжаттарда жиі кездесе бермейді. Бүгінгі отырыс қорытындысы бойынша хаттама дайындалып Сарайшық атауын жаңа ауданға беру мәселесі алдағы уақытта өтетін мәслихаттың кезекті сессиясының күн тәртібіне енгізіледі» деп түйіндеді.

Мұратбек БАЛҚЫБЕКҰЛЫ,
Астана

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *