ЕЛІНЕ ҚОРҒАН БОЛҒАН ЕР ЖҰМАБЕК

Тарих Тұлға
285 Views

Елдің мүддесін қорғау жолында
қандай қияметке болса да дайынмын

Ж. Тәшенев

Қазақ халқының тағылымды тарихына көз жіберсек, ең асыл құндылық та, ең ұлы мұраты да – Атамекен Жер мен Ел Тәуелсіздігі екендігін көреміз. Халқымыздың тарихындағы барлық ұлы күрестері де осы Жер мен Тәуелсіздік үшін болыпты. Сондықтан осы ұлы мұрат пен асыл құндылық жолындағы халқымыздың және оның жекелеген өкілдерінің барлық күрестері Отан тарихының төрінен орын алатын тарихи оқиғалар екендігі талассыз шындық. Қылышынан қан тамған тоталитарлық жүйеге қаймықпай қарсы тұрып, қазақ жерінің ең құнарлы бестен бір бөлігін қорғап қалған халқымыздың ХХ ғасырдағы асыл перзенттерінің бірі, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабек Ахметұлы Тәшенев еді.
Қазақтың арғысын айтпағанда, соңғы бір жарым ғасырға жуық тарихында қаншама мемлекет қайраткерлері, ел басшылары мен министрлер шықты. Бірақ Жұмабек Тәшеневтің олардан ерекшелігі – өзі сол жүйенің ірі қызметкері бола тұра өзгелер тәрізді биліктің ығында кетпей, ел болашағын, ұлт мүддесін бәрінен жоғары қоя білгендігінде, тоталитарлық билікке қаймықпай, қайыспай қарсы тұрып, аққа жақ, қараға қарсы болып, атамекен жерімізді бөлшектеуден қорғап қалуында болып табылады.
Жұмабек Тәшеневті өткен ғасыр басындағы Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов бастаған Алаш қайраткерлерінің 40-50 жылдан кейінгі күрескер ізбасары, рухани жалғасы десек шындықтан аттай қоймаспыз. Бұл тарихи сабақтастықтың негізінде ұлт мүддесін бәрінен жоғары қойған ұлы күрескерлік рух жатыр. Алаш қайраткерлері патшалық Ресей, кейін Кеңес империяларының отаршылдық саясатына қарсы ұлттық мемлекеттілік, ел мен жер қамы, ұлт болашағы үшін азаттық күреске шықты. Бірақ қылышынан қан тамған кеңестік-тоталитарлық билік олардың ұлттық мүддеге негізделген күресін аяусыз басты, алаш зиялыларын қырып-жойып, тарих сахнасынан өшірді. Кеңестік билік бүкіл елді коммунистік идеологияның ықпалымен өзінің темір құрсауында, ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстағанымен, алаштың ұлттық рухын толық жоя алмады. Кеңестік билікте жүріп-ақ ұлттық мүддені бәрінен жоғары қоя білген, басқалардай биліктің буымен өз шындығын жоғалтып алмаған «қарағайға қарсы біткен бұтақтай» ұлтжанды тұлғалар шығып отырды. Мысалы, олар өткен ғасырдың 20-30 жылдары шыққан Смағұл Сәдуақасов, Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожановтар болса, ал 50-60 жылдары тарих сахнасына шыққан көрнекті тұлға – Ж.Тәшенев болатын.
Тәшеневтің қазақ жерін қорғаудағы еңбегі ұшан-теңіз. Ол Маңғыстауды Түрікменстанға қосу туралы ұсыныстарға батыл тойтарыс берді. Оңтүстік Қазақстанның мақталы аудандарын Өзбекстанға беруге де қарсы шықты. Ең бастысы, тың өлкесіне біріктірілген еліміздің солтүстігіндегі бес облысты (Солтүстік Қазақстан, Көкшетау, Ақмола, Қостанай, Павлодар облыстары) Ресейге беруден қорғап қалды. Сонымен бірге қазақ жерінде ядролық жарылыстар жасауға да қарсылық білдірді.
Кеңестер Одағының Н.С.Хрущев бастаған басшылығы өздерінің әйгілі тың жерлерді игеру науқанын желеу етіп, қитұрқылықпен қазақ елін біртіндеп орыстандырып, қазақ жерін бөлшектеу саясатын жүргізгені белгілі. Біздіңше, мұның түбінде қазақты елдігінен бүтіндей айырып, мемлекеттілігін толық жою саясаты жатқан еді. Бұл оның алдындағы сталиндік репрессиялардан (1928-1932, 1937-1938, 1945-1952 жж.), голощекиндік геноцидтен (1930-1932 жж.) қырылған қазаққа жасалған қасіреттің кейінгі «хрущевтік жылымық» кезеңіндегі жалғасы болатын. Мәселен, тың игеруді желеу етіп, 1954-1960 жылдары қазақ жеріне 2,5 млн. славян тектілер көшіріліп әкелінді. Осының арқасында қазақтардың үлесі өз жерінде 30%-ға да жетпей қалды. Солтүстіктегі облыстарда өз ұлтымыз 10 % шамасында ғана болса, ал кей аудандардағы қазақтар тіпті 1 %-ға да жетпейтін еді. Сондықтан да Хрущевтің: «Мен патшалық Ресей 200 жылда істей алмағанды екі-ақ жылда істей алдым» — деп мақтануы тегін емес-ті. Жергілікті ұлттың мүддесі аяқ асты етілді: жүздеген қазақ тілді мектептер мен балабақшалар жабылды, жер-су атаулары өзгертілді, орыстандыру саясаты кеңінен жүргізіліп жатты.
Хрущев еліміздің солтүстігіндегі Ақмола, Көкшетау, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарын біріктіріп «Тың өлкесі» деген аймақ құрып, орталығы етіп Ақмоланы (Целиноград) белгілеп, оны Ресейге қосудың қитұрқы жоспарын жасайды. Өлкенің басшылығына Орталықтан Т.И.Соколов деген өз адамын жібереді. Ол «Тың өлкесін» Ресейге қосуға бейімдеп, тіпті Ақмоланы Хрущевград деп атауды ұсынып, Қазақстан басшылығына бағынудан бас тарта бастайды. Еліміздің тағдыры қыл үстінде тұрған осындай қиын сәтте Жұмабек Ахметұлы Тәшенев тарих сахнасына жарқырай шықты. Ол кезде кеңестік-тоталитарлық билікке, оның шешіміне қарсы тұру тіпті мүмкін емес болатын. Ол туралы Д.Қонаевтың өзі: «Әрбір нақты жағдайға әмір Мәскеуден түсетін. Онда қандай да бір аумақты басқа аймаққа қосу жөнінде үзілді-кесілді айтылып, ол өңірлерді ауылдардан, деревнялардан жылан жалағандай тазартудың мерзімі көрсетілетін. Бұл әмірлер сөзге келместен атқарылатын. Ол кезде Мәскеуге қарсы шығу мүмкін емес еді. Күйіп кететінсің. Өспейтін едің» — деп заман шындығын жасырмай айтқан екен.
Сол бір тарихи сын сәтте Жұмабек Тәшенев «Тың өлкесінің» басшылары Соколов, Мацкевич, Козловтарға ел мен жердің иесі қазақтар екендігін ұқтырып, жөнге салып қана қоймай, тіпті Кеңестер Одағының І басшысы Н.Хрущев сияқты дүлейдің өзін тоқтата алды. «Тың өлкесін», яғни Қазақстанның солтүстіктегі бес облысын Ресейге қосу жөніндегі оның ұсынысына: «…Егер Жоғарғы Кеңес әр республиканың жерлерін жергілікті органдарсыз шеше беретін болса, онда КСРО-ның және ұлт республикаларының Конституцияларын жою керек қой. Ал ол Конституциялардың баптарында әр ұлт республикасы өзінің тарихи жеріне, ондағы байлығына өз меншігім деп пайдалануға құқы бар. Оны өзгертуге ешкімнің, ешбір органның құқы жоқ. Егер бұл заңдармен санаспайтын жағдай туса, онда біз халықаралық заңды мекемелерге дейін шағым беруден таймаймыз, ондай құқымыз бар» — деп оған халықаралық заңдар мен әлемдік қауымдастықты қарсы қойып, ел мен жерді қорғап қалуы – көзсіз ерлік пен асқан саяси көргендік болатын.
Ұлтына қорған болған осы ұлы тұлғаның еліміздің солтүстігіндегі «түгін тартса майы шығатын» құнарлы бес облысын қорғап қалуының тарихи маңызы теңдессіз зор еді. Егер Жұмабек Тәшенев осы облыстарды сақтап қалмағанда республиканың бестен бір бөлігінен айрылып қалады екенбіз. Бүгінгі тәуелсіздігіміз бен елдігіміздің символына айналып отырған Астанамыз да болмас еді. Ал, осы бес облыстың аумағында 2021 жылғы санақ бойынша 4 148 221 адам, яғни бүкіл республика халқының 21,6 %-ы тұрып жатыр екен.
«Ұлтына, жұртына қызмет ету – білімнен емес, мінезден» — деп алаш көсемі Әлихан Бөкейханов айтқандай, Жұмабек Тәшенев республика басшылығында істеген жылдары қандай мәселе болса да тайсалмай, батыл шешім қабылдаумен, оны жүзеге асырудағы қайтпас қайсар табандылығымен және керемет іскерлігімен ерекшеленетін. Сонымен бірге бұл тау тұлғаның әрбір ісі еліне деген шексіз сүйіспеншілігімен, ұлттық мүддеге адалдығымен астаса өріліп жататын.
Өзі де әдебиетке өте жақын, ақын-жазушылардың, әсіресе Абайдың шығармаларын жақсы білетін Жұмабек Ахметұлы қаржы бөлгісі келмеген Мәскеудегі басшыларды мойындатып, астананың бас көшесіне Абай есімін бергізіп, оның алып ескерткішін қойғызады.
Екіншіден, сталиндік қуғын-сүргіндерге ұшырағандарды ақтауға үлкен үлес қосады. «Жылымық» басталған сәтте репрессия құрбандарын ақтау жөніндегі республикалық комиссияның төрағалығына сайланған Жұмабек Ахметұлы қазақтың көрнекті ғалымдары мен ақын-жазушылары – Е.Бекмаханов, Қ.Мұхаметханов, Х.Есенжанов, З.Шашкин, т.б. түрмеден дереу шығаруға үлкен еңбек сіңірді. Қазақтың үш бәйтерегі – Сәкен, Ілияс, Бейімбет шығармаларын шығаруға күш салады, алаш қайраткерлерінің бәрін ақтауға тырысады. Тіпті ол кезде атын атаудың өзі зор қауіп саналатын М.Жұмабаевтың әйелі Зылихаға Алматыдан баспана бергізеді.
Үшіншіден, 1958 жылы қазақ өнері мен әдебиетінің Мәскеудегі онкүндігін абыроймен өткізіп, бес бірдей қазақ өнерпазына ең жоғарғы атақ – «КСРО Халық әртісі» атағын алып береді. Осыған дейін де, кейін де бір мезгілде мұнша әртістің жоғары атақ алуы қазақ жерінде болмаған екен.
Төртіншіден, Қазақстанның Орталыққа бағынышты жағымпаз басшыларына (И.Яковлев, Н.Журин, Н.Жанділдин, С.Бәйішев, Қ.Шәріпов) қарсы тұра отырып, «коммунистік идеологияға сай келмейтін», «пролетариат мәдениетіне жат», «қазақ ұлтшылдарын төңірегіне топтастырған» деген айыптар тағылған «Қазақ әдебиеті», «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газеттерін жабылудан аман алып қалады.
Бесіншіден, халық батыры Бауыржан Момышұлына Кеңес Одағының Батыры атағын алып беруге әрекет жасайды. Бірақ оған қол жеткізе алмағанымен, батырдың «Мәскеу үшін шайқас» атты әйгілі кітабының идеялық бөгеттерді бұзып, басылып шығуына үлкен көмегін тигізеді.
Алтыншыдан, Жұмабек Ахметұлы қазақтың барлық талантты өнерпаздары мен дарынды тұлғаларына қолынан келгенше жақсылық жасады. Еңбек майталмандары Ы.Жақаев пен Ж.Қуанышбаевтың Еңбек Ері, ал Н.Алдабергеновтың екінші рет Еңбек Ері атануына, М.Әуезовтың «Абай жолы» романының Лениндік сыйлық алуына қолдау көрсетті. Көп жылдар бойы жайлы қонысқа қолдары жетпей жүрген қазақ зиялыларына Алматының қақ ортасынан 120 пәтерлік үйді алып берген де Тәшенев еді.
Жетіншіден, Жұмабек Тәшенев ұлттық кадрлардың өсуіне, олардың жоғары көтерілуіне бар жақсылығын аямаған. Мәселен, Л.Брежнев Қазақстан басшылығынан кетерде, Мәскеуден өз орнына И.Яковлевті, екінші хатшылыққа Н.Журинді қоюға келісім алып келгенде, Тәшенев оған қарсы шығып, екінші хатшылыққа Фазыл Кәрібжановты бекіттіреді. Сондай-ақ Шаһмардан Есеновтың қабілетін алғаш болып білген Жұмабек Ахметұлы оның Геология министрінің орынбасары, кейіннен министр болуына ықпал етеді.
Таулар алыстаған сайын биіктей береді. Адамзат баласының, оның ішінде қазақ халқының да ең асыл құндылығы – Жер және Тәуелсіздік болса, сол үшін күрескен тұлғалардың есімі тарихқа алтын әріптермен жазылып, оның төрінен орын алмақ. Тәшенев те сондай бірегей тұлға. Әсіресе, қазіргідей тәуелсіздік кезінде қазақ халқы өзінің елі мен жерін қорғап қалған Тәшеневтей асыл перзентінің есімін ұлықтай түскені абзал. Тау тұлғаның өзі ұзақ жылдар абыройлы қызмет еткен оңтүстіктің ордасы – шырайлы Шымкент қаласында 2022 жылы көрнекті педагог-ғалым, ҰҒА академигі, белгілі қоғам қайраткері О.Аяшевтің «Жұмабек Тәшенев атындағы университетті» ашуы – осы бағыттағы заман талабынан туған өте дұрыс, оңды шешім болды. Тәшенев есімін алған жас оқу ордасы сол Тәшеневтей білімді, рухты жастарды тәрбиелеп, болашаққа нық қадам баса беретініне сеніміміз кәміл. Бүгінгі және келешек ұрпақ Тәшеневтің өнегелі өмірі мен қызметінен тағылым алып, «мен де сондай болсам, халқыма қызмет етсем» деген ұлы мақсат оларды алға жетелеуі қажет. Міне сонда, Тәшеневтің бойындағы елі мен жеріне деген шексіз сүйіспеншілік, ұлтжандылық, адалдық пен қайтпас қайсарлық сияқты қасиеттер бүгінгі жастардың да бойында да қалыптасып, олар ертең еліміздің нағыз патриот, адал да мықты азаматы боларына күмәніміз болмас еді. Ендеше, қазақ деген халық барда, Жұмабек Тәшенев есімі де сол халқымен бірге мәңгі жасай бермек.
Елін сүйген Ер үміті ақталады,
Ұрпақтардың жадында жатталады.
Жерімді қорғап қалған Ер Тәшенев
Ел есінде мәңгілік сақталады!

Мырзабай МЕЙІРБЕКОВ,
Тарих ғылымдарының кандидаты,
Ж.Тәшенев атындағы университеттің доценті

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *