Сенатор Бибігүл Жексенбай: «ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРДЫҢ ЖОҒАРЫ ӨМІР СҮРУ САПАСЫН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ – МЕМЛЕКЕТТІҢ ӘЛЕУМЕТТІК САЯСАТЫНДАҒЫ БАСЫМ БАҒЫТТАРДЫҢ БІРІ»

Сұхбат Қоғам
194 Views

-Бибігүл Нұрғалиқызы, қазір Парламент депутаттары жер-жерді аралап, сайлаушыларымен, жергілікті тұрғындармен кездесіп жатыр. Сіз астана қаласынан сайланған депутат ретінде кездесулеріңізді неден бастадыңыз?
-Расында, біз каникулға шықсақ та өз сайлаушыларымызбен жиі кездесуге, қаладағы әлеуметтік маңызы зор обьектілерді аралауды назарға алдық. Осыдан бірнеше күн бұрын Астана қаласынан сайланған Мәжілістегі әріптесім Қарақат Әбденмен бірге елорда әкімдігінің жанындағы Жанұя отбасы институтын қолдау Орталығының жұмысымен танысып, азаматтарды қабылдау өткіздік. Өйткені қазақстандықтардың жоғары өмір сүру сапасын қамтамасыз ету – мемлекеттің әлеуметтік саясатындағы басым бағыттардың бірі. Мемлекеттің әлеуметтік саясаты мемлекеттік әлеуметтік қамсыздандыру бағдарламаларының механизмі және әлеуметтік қызмет көрсету жүйесі арқылы жүзеге асырылады.
-Осы орайда қандай мемлекеттік мәні бар идеяны басшылыққа алдыңыз?
-Өзіңізге мәлім, қазіргі таңда «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде жұмыстың ашықтығы мен айқындылығын қамтамасыз ету, халықтың сенім деңгейін арттыру және халықпен «кері байланыс» орнату бойынша кешенді шаралар жүргізіліп келеді.
-Сіздер арнайы ат басын бұрған мекеме де осы іргелі істің бір жемісі болар?
-Ол рас, әлеуметтік топтар арасындағы қарым-қатынасты қолдау және жалпы қоғамның әл-ауқаты мен өмір сүру деңгейін арттыру мақсатында 2019 жылғы 26 тамызда Астана қаласы әкімдігінің жанындағы Жанұя отбасы институтын қолдау Орталығы «пилоттық жоба» ретінде ашылды. 2020 жылдың 21 мамырынан бастап «Жанұя» орталығы коммуналдық мемлекеттік мекеме мәртебесін алды. Жобаның мақсаты – азаматтардың жекелеген санаттарын (көп балалы отбасылар, мүгедектер, толық емес және аз қамтылған отбасылар, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналар, арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж отбасына консультациялық қызметтер кешенімен қамтамасыз ету, оларға психологиялық, әлеуметтік және құқықтық көмек көрсету, сондай-ақ жан-жақты қолдау және отбасы институтын нығайту, бұл өз кезегінде, отбасының әлеуметтік мәселелерін шешіп, әлеуметтік қолдауды қажет ететін жанұяларды анықтау, қиын өмірлік жағдайлардың себептерін білу, оны жеңуге көмектесу, әлеуметтік қорғаудың әртүрлі мәселелері бойынша кеңес беру, басқа әлеуметтік қамсыздандыру органдарымен өзара қарым-қатынас, қажетті көмектің сипаты мен көлемін нақтылау, әлеуметтік қолдау шараларын әзірлеу болып табылады.
-«Жанұя» туралы тарқатып айта кетесіз бе?
-Орталықта арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж әрбір отбасымен жеке жұмыс жүргізу көзделген. Жыл басынан бастап 134 отбасы (Алматы-31, Байқоңыр-17, Есіл-27, Сарыарқа-43, Нұра-16) тексерілді, оның ішінде 98 отбасы (Алматы-28, Байқоңыр-13, Есіл-9, Сарыарқа-42, Нура-6) әлеуметтік сүйемелдеуге алынған екен. «Жанұя» орталығының базасында әлеуметтік қызметтер порталында оңалту құралдары мен қызметтерін сатып алу бойынша мүгедектерге арналған өтінімдерді ресімдеуге кеңес беру және көмек ұйымдастырылып, бөлім 15 171 адам қабылдаған екен. Қабылдау барысында:
Санаторлық-курорттық емдеу; Міндетті гигиеналық құралдар; Протездік-ортопедиялық құралдар; Жеке көмекші; Арнайы қозғалыс құралдары; Сурдотехникалық құралдар; Тифлотехникалық құралдар; Техникалық-көмекші құралдар; Мүгедектік бойынша қызметтерді ресімдеу бойынша кеңес беру; ПСУ/ ОТҚ және мүгедектік бойынша басқа да қызметтерді оқыту бойынша көмек көрсетілген.
-Сіз айтып отырған «Жанұя» мекемесі халыққа қандай қызмет көрсеткенін нақтылап айта кетесіз бе?
-«Жанұя» орталығы ашылған сәттен бастап 228 329 адам жүгінгендігі оның нақты тиімділігін көрсетеді. 2024 жылдың басынан Орталыққа хабарласқандардың мәселелерінің 10 148 шешімін тауып, 11 071 сұрақ бойынша жүйелі түрде кеңес жүргізіліпті.
-Сайлаушыларыңызбен кездесу, қабылдау кезінде мәселесін айтып келген адамдар туралы да айта кетсеңіз.
-Менің қабылдауымда болған Р есімді бес балалы жалғызбасты ана да осы орталықтың арқасында терең күйзелістен шыққан. Лудомания дертіне шалдыққан күйеуінен отбасылық зорлық зомбылық көріп қиналған кезде, көмекті орталықтан алған. Зәбір көрсеткен күйеуінен ажырасып, құжаттарын рәсімдеп, балаларына жәрдемақы, атаулы әлеуметтік көмек, алимент алатын болған. Алайда, қазір балаларын бала бақшаға берудегі қиындықтар мен үй кезегіндегі мәселе, сондай-ақ, жеке кәсіпкерлікпен айналысудағы кедергілер туралы айтып, қолдау сұрап келген екен. Ол әкімдіктің дорбалап беретін көмегі шынын айтқанда, ес біліп қалған балалар меселін түсіретінін, керісінше , өзінің шағын кәсібін ашуға жәрдем болса дейді. Өзінің тігінші болып, тұрақты тапсырыспен жұмыс жасағысы келетіні қуантады.
Осындай еңбек етіп, шағын кәсіп жүргізуге ниетті жандарға тағы бір кедергі болып отырған мәселе — атаулы әлеуметтік көмек. Яғни, олар көп жағдайда кәсіп бастасақ, АСП-дан қағыламыз деп қорқады. Яғни әлеуметтік атаулы көмек қазақстандықтарды жұмысқа ынталандыруда кері әсер беріп жатқан тұстары бар. Сондықтан бұл бағыттағы жұмысты заңнамалық тұрғыдан жетілдіруіміз қажет деп ойлаймын.
-Әңгімеңізге рақмет, Бибігүл Нұрғалиқызы! Сайлаушыларыңыздың мүддесіне қызмет етудегі еңбегіңіз жана берсін!

Әңгімелескен – М. ТӘУКЕБАЕВ,
«Әділет. Рухани жаңғыру» газетінің арнаулы тілшісі

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *