КӘСІПКЕРЛЕРДІ ҚОЛДАУ ШАРАЛАРЫ ӨЗ ДЕҢГЕЙІНДЕ ЖҮРГІЗІЛЕДІ

Экономика Қоғам
161 Views

Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңес төрағасы Нұралы Әбішов Қазығұрт және Төлеби аудандарының кәсіпкерлерімен кездесті. Басқосуға ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Нұрлан Арынбаев, Өңірлік кеңес мүшелері, облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Асылан Ибадуллаев және жеке кәсіпкерлер қатысты.
Қос аудандағы кәсіпкерлердің өзекті мәселесі талқыланған көшпелі кеңес отырысында облыстық кәсіпкерлер палатасы Төлеби аудандық филиалының директоры Маржан Мусаева және Қазығұрт аудандық филиалының директоры Сержан Мамытбеков атқарылған жұмыс барысы туралы баяндама жасады. Шараның негізгі бөлігінде сұрақ-жауап кезеңіне кезек беріліп, кәсіпкерлердің көкейіндегі сұрақтарға сала мамандары жауап берді.
«Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев отандық бизнес өкілдерімен кездесуінде мемлекет тарапынан кәсіпкерлік саланы дамытуға баса мән беріліп отырғандығын атап өтті. Кәсіпкерлік – еліміздің экономикасын дамытудың негізгі бағыттарының бірі. Сондықтан өңір аумағында да кәсіпкерлерді қолдау шаралары өз деңгейінде жүргізіледі. Облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының жұмысы көңіл қуантарлық, дегенмен жұмысты тағы ширата түсу керек. Яғни кәсіпкерлерге бизнесін жандандыру мәселесінде бағыт-бағдар беру мен құқығын қорғау аясындағы жұмыстар жалғасын таба бермек», – деді Нұралы Әлмаханұлы.
Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Исмаиловтың айтуынша, ауданда 12058 кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Бизнес өкілдеріне жағдай жасау бойынша жоспарлы жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда жыл басынан бері өңірге 1 млрд. 550 млн теңге инвестиция тартылған. Ал Төлеби ауданындағы алқалы жиыннан соң өңірлік кеңес төрағасы бастаған топ «ФудМастер-Шымкент» ЖШС жұмысымен танысты. Көксәйек ауылдық округінде орналасқан кәсіпорын тәулігіне 70-80 тонна сүтті қайта өңдеп, 60 тонна дайын өнім шығарады. Өндіріс орнында сүт, айран, қаймақ, биоайран, йогурт БиоС имун+ өнімдері өндіріледі.

ЖЕТІСАЙДЫҢ ҚАУЫНДАРЫ СҰРАНЫСҚА ИЕ
Түркістан облысы, Жетісай ауданының еңбекқор шаруалары биыл 79,3 мың гектар суармалы жердің 40,8 мың гектарына мақта шитін сепсе, 20,1 мың гектар жерге – бақша, 7,2 мың гектар жерге – дәндік жүгері, 3,3 мың гектар жерге көкөніс пен 6,3 мың гектар алқапқа жоңышқа дақылын екті.
Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов жергілікті шаруалармен кездесіп, жұмыстарының жай-күйімен танысты. Еркін форматта әңгімелесіп, өзекті мәселелерді ортаға салды. Шаруалардың айтуынша, ақпанда отырғызылған көшеттер ауа райының қолайсыздығы салдарынан мерзімінен кештеу піскенімен, сұранысқа ие. Қазіргі уақытта өнімдер Ресей Федерациясына экспортталып жатыр.
«Биыл қауынымыз жылдағыдан кештеу пісті. Сұраныс та жақсы. Ағын судан қиыншылықтар болғанымен, тапшылық сезілмеді. Бүгінде өнімдерімізді ешқандай делдалсыз егістік басынан өзіміз көліктерге тиеп, Ресейге жіберіп жатырмыз» – дейді шаруалар.
Айта кетейік, биылғы жылы аудандағы суармалы жердің 20 мың гектарына егілген бақша дақылдарының 16 мың гектары қауын болса, 4 мың гектары қарбыз дақылы. Ал, өткен жылы 18 780 гектар алқапқа егілген бақшаның 14 мың гектары қауын, 4,6 мың гектары қарбыз болған. Былтыр жалпы алынған өнім көлемі 514,3 мың тоннаны құраған.

САУРАННЫҢ ЖИҺАЗДАРЫНА СҰРАНЫС ЖОҒАРЫ
Сауран ауданына қарасты Шаға ауылдық округінде жаңбырлатып суару машиналары мен тракторлар шығарылуда. Бүгінгі таңда 80 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырған «BNK GROUP LTD» ЖШС мекемесі жылына 950 дана жаңбырлатып суару технологиясымен жұмыс істейтін машиналарды өндіруге қауқарлы. Іргелі өндіріс орнына БАҚ өкілдері арнайы барып, жұмысымен танысты. Сонымен қатар, журналистер аталған ауылдық округте орналасқан «Ақниет Холдинг» Мүгедектер қоғамының зауытына барды. Онда тұрақты жұмыс істейтін 100 адам әскери шатыр өндірісімен айналысады. Бұдан бөлек, өндіріс орны корпустық, жұмсақ және медициналық жиһаз өндірісін қолға алған.
БАҚ өкілдерінің келесі барған нысаны — Қарашық ауылдық округіндегі «Дильназ» шаруашылығы болды. Жылыжайда жыл бойы түрлі үй және көше өсімдіктері өсіріледі. Олардың қатарында раушан, лотос, шырайгүл, шырша, жеміс ағаштары бар. Жайқалған гүлдерге сұраныс көп. Алыс-жақын қалаларға жеткізу қызметі де қолға алынған. Кәсіпкер Дильназ Омарова гүлді суаруда заманауи технологияларды қолданып келеді. Қазіргі таңда жылыжайда ауыл тұрғындары жұмыс істейді. Сонымен қатар, кәсіпкер бөлме гүлдерін отырғызатын керамикалық ыдыстар мен түрлі мүсіндер дайындайды.
Сондай-ақ, БАҚ өкілдері Шорнақ ауылдық округіндегі «TAK Mebel» жиһаз кәсіпорнына аялдады. Жылына 12 000 дана өнім өндірілетін цехта 45 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Сапалы жиһаздарға сұраныс жоғары. Жиһаз өнімдері сапа менеджменті сертификатпен расталған.

САУРАНДА ЖИҺАЗ ЦЕХЫ АШЫЛДЫ
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Сауран ауданындағы бірнеше нысанды аралап, кәсіпкерлермен кездесті. Сауран ауданында жиһаз өндірісі жақсы дамып келеді. Өңір басшысы ауданға қарасты Оранғай ауылдық округінде «RICH HOME FURNITURE» жиһаз цехының жұмысымен танысты. Жаңа өндірістік цех заманауи технологиялармен жабдықталған, жылына 500-ден астам үй жиһаздарын шығаруға қауқарлы. Экспорттың негізгі көлемі Орал, Ақтөбе сондай-ақ Қызылорда, Түркістан қалаларына жіберіледі.
Жиһаз жасаушы өндірістің әлеуеті зор. Негізгі арнайы жабдықтарды шетелден алдыртады. Жиһаздардың бірегей үлгісі Ресей, Түркия, Беларусь, Қытай және Италияның сапасы мен дизайны бойынша жасалынуда. Осылайша отандық тауарлар ішкі нарықта сұранысқа ие, өзінің өнім көлемін айтарлықтай арттырып отыр.
– Облыста шағын кәсіпкерлікті, өндірісті дамыту бағытында мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге қолдаулар көрсетілуде. Бүгінде өңірде жиһаз кластерін дамыту жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Ол үшін арнайы жер бөлініп, жеңілдіктер қарастырылған, – деген облыс әкімі аудан әкімі мен жауапты басқарманың басшыларына кәсіпкерлікті дамыту жұмыстарын ширату жөнінде тапсырма берді.
Аудан бойынша 2025 жылға дейін 61,4 млрд. теңгенің 102 инвестициялық жобасын іске асыру жоспарланған. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібі саласында 23 жоба жүзеге аспақ. Сауранда 12 жиһаз цехын іске қосу жоспарда бар. Оның 9-ы жұмысын бастады.
Жиһаз саласында Түркістан өңірінің әлеуеті жоғары. Осыған орай жиһаз кластерін дамытуға бағытталған жұмыстар жүргізіліп жатыр. Онда жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылады. Облыс жаңадан салынып жатқан құрылыс нысандарына қажетті жиһаздар отандық өндірушілерден сатып алынады.

ЖОБА АРҚЫЛЫ КӘСІП АШЫП, ДАМЫТУДЫ КӨЗДЕЙДІ
Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының “Жастар ресурстық орталығы” КММ-сі және “Шаңырақ” жастар мен жас отбасыларды қолдау орталығы қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен Түркістан қаласында облыстық «BEST STARTUP» үздік жобалар байқауы өтті.
Байқаудың мақсаты – еліміздің экономикасының тұрақты дамуын қамтамасыз ететін үздік жобалар мен технологияларды анықтау және ғылыми-инновациялық қызметке қызықтыру арқылы жастардың шығармашылық қабілеттерін арттыру, отандық инновациялық жобаларды іске асыруға көмектесу, оларды ұлттық кәсіпорындарда енгізуге көмектесу.
Бағдарламаға қатысу үшін 130 адам өтінім беріп, шешуші кезеңіне 20 жоба қабылданды.
Байқауда Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының отбасы және жастар бөлімінің маманы Талғат Әбілпия, «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің басшысы Ернар Бектаев, Түркістан облысы «Атамекен» ҰҚП бөлім басшысы Әзірет Талғатұлы төрелік етті.
“Көп адамдармен танысып, жаңа жобалар туралы ақпарат алдым. Аталған жоба аясында Сарыағаш ауданына да келіп, ақпараттандыру жұмыстары жүргізілді. Жоба жазуды үйрену барысында өзімнің ойымдағы идеяны жазып, бүгін жеңімпаз атандым. Жоба арқылы кәсіп ашып, алдағы уақытта да дамытамын деген сенімдемін”, – деді І орын иегері Туралы Темірлан
Байқауда мына жастардың бағы жанды:
1-орын: Туралы Темірлан (Табиғи қытырлақтар өндіру (чипсы) – 500 000 тг
2-орын: Райымжан Ақерке (Білім беру орталығы) – 300 000 тг
3-орын: Токтан Оидин (Премиум саласындағы қораптар өндіру) — 100 000 тг
3-орын: Тілеген Базаркелді (Тұрмыстық химиялық өнімдер өндіру және сауда айналымы) – 100 000 тг.
Сонымен қатар қатысқан барлық қатысушыға 70 000 тг көлемінде ынталандыру сыйлықтары мен алғыс хаттар берілді.

АУДАНДА МАЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ДАМЫТУҒА ДЕН ҚОЙЫЛҒАН
Сауран «аудан» статусына ие болғаннан бастап инвестициялық әлеуеті көтеріліп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашылды. Жеке инвесторлардың аудан аумағында инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға қызығушылығы артқан. Өткен жылы ауданға 34,6 млрд. теңге инвестиция тартылған болса, биыл инвестиция көлемін 42 млрд. теңгеге дейін жеткізу жоспарлануда. Бұл туралы облыс әкімі Дархан Сатыбалдының аудан тұрғындарымен кездесуінде Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров баяндады.
Аудан әкімінің мәлімдеуінше, Сауран ауданы бойынша 2024-2025 жылдар аралығында жалпы құны 61,4 млрд. теңгені құрайтын 102 инвестициялық жобаны іске асыру көзделіп отыр. Атап айтқанда, өңдеу өнеркәсібі саласында 23 жоба жүзеге аспақ. Оның ішінде, жиһаз жасау бағытында 12 цехті іске қосу жоспарланса, бүгінгі таңда 9 цех өз жұмысын бастап кетті. Жыл соңына дейін тағы 3 жиһаз жасау орны пайдалануға берілмек. Бұдан бөлек, құрғақ құрылыс қоспаларын өндіретін, трансформатор құрастыру және жөндейтін, қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу бағытында, жаңбырлату қондырғыларын өндіретін, тері, мақта және мақта шитін өңдейтін, жылыжай жабдықтарын өндіретін, тігін цехтары мен өнеркәсіптік тоңазытқыш жабдықтарын өндіретін кәсіпорын алдағы уақытта іске қосылады.
Демалыс аймағы және қоғамдық қызмет көрсету бойынша 22 нысан салу жоспарланып, 2 нысан іске қосылды. Қалған 20 нысан 2025 жылы аяқталады. Әлеуметтік салада кәсіпкерлер есебінен 15 нысанның құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Ауыл шаруашылығы саласында 41 жоба бар. Сy ресурстарын үнемді пайдалану мақсатында 1051 гектарға жаңбырлатып және тамшылатып суару құрал-жабдығын орнату бойынша 5 жоба жоспарланып, орнатылды. Тамақ өнімдері бойынша 3 жобаны жүзеге асыру көзделсе, сүт тауарлы фермасы бойынша 3 жоба іске асырылмақ.
Ауданда мал шаруашылығын дамытуға ден қойылған. Бұл бағытта мал бордақылау және мал сою алаңдары мен құс фермасын салу, балық шаруашылығы мен мал азығын дайындайтын комбикорм цехын ашу жоспарда бар. Сонымен қатар 4 гектар жерге өнеркәсіптік жылыжай және 1,7 гектарға фермерлік жылыжай салу көзделіп отыр.
Қазіргі таңда осы аталған жобалар бойынша барлығы 39 жоба іске қосылып, 650 жаңа жұмыс орындары ашылды.

КӘСІПКЕР ІШКІ НАРЫҚТЫ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУДІ КӨЗДЕП ОТЫР
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Сауран ауданына жұмыс сапары барысында ауыл шаруашылы кооперативінде болып, шаруалармен кездесті. Оранғай ауылдық округіндегі «Әл-Береке» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі 5000 басқа арналған мал бордақылау алаңы іске қосылды. Мұнда жылына 4000 тонна ет дайындауды жоспарлап отыр. Жалпы, мал бордақылау алаңы 2,5 гектарды құрайды. Мұнда ауылдық округтегі жергілікті 20-ға жуық тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылған. Жоба құны – 1,5 млрд. теңге.
Кооператив асыл тұқымды мал санын арттырып, олардың өнімділігін көбейту мақсатында жұмыс жасап келеді. Кәсіпкер етті бағыттағы өнімді өндіріп, ішкі нарықты қамтамасыз етуді көздеп отырғанын жеткізді.
Облыс басшысы Дархан Сатыбалды мемлекеттік қолдауларға тоқталып, шаруаның жұмысына табыс тіледі. Одан кейін өңір басшысы Оранғайдағы «Яссы құс» шаруа қожалығына барды. Құс фермасының жалпы жер көлемі – 2 гектар. Жергілікті тұрғындар тұрақты жұмыспен қамтылған. Итальяндық қондырғымен жабдықталған құс фермасында германиялық «Ломан ЛСЛ» тұқымды тауық өсіріліп, тәулігіне 80 мың дана жұмыртқа өндірілуде. Қоспалы жемді өздері әзірлейді.
Облыс әкімі ауыл шаруашылығы – негізгі драйвердің бірі екенін айтып, жауапты басшыларға осы саланы дамытып, кәсіпкерлікті қолдауды тапырды.

ФАБРИКА ТӘУЛІГІНЕ 500 ДАНА ӨНІМ ӨНДІРУГЕ ҚАУҚАРЛЫ
Ордабасы ауданы Түркістан облысындағы экономикасы қарқынды өсіп келе жатқан алдыңғы қатарлы өңірлер қатарында. Биыл сәуір айында Бадам елді мекенінде ашылған тігін фабрикасы да ауданның өркендеуіне өзіндік үлес қосарына күмән жоқ. «JNRAY Group» ЖШС-ң тігін фабрикасына БАҚ өкілдері арнайы барып, жұмыс барысымен танысты.
Жалпы құны 1 миллиард 300 миллион теңгені құрайтын фабрика тәулігіне 500 дана өнім өндіруге қауқарлы. Аз уақыт ішінде өз тұтынушыларын тауып үлгерген тігін шеберханасының өнімдері еліміздің ішкі нарығына жіберілуде. Алдағы уақытта 500-ге жуық азаматты тұрақты жұмыспен қамтуға ниетті. Ауданда жалпы жыл соңына дейін 6 жаңа жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Оның қатарында «Central Asia Aluminium» алюминий бұйымдарын өндіру компаниясы журналистердің аса қызығушылығын тудырды.
Сонымен қатар, Бадамда жаңа спорттық сауықтыру кешенінің құрылысы жүргізілуде. Нысанның құрылыс жұмыстарына мердігер «Қаратау ЛТД» ЖШС жауапты. 2023 жылы іргетасы қаланған спорт кешені биыл пайдалануға берілуі тиіс. Қазіргі таңда ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Айта кетейік, ауданда 2023 жылдан өтпелі 3 спорттық нысанның құрылысы қарқынды жүруде.
Одан соң журналистер Б.Исаханов ауылындағы «Шаңырақ» қақпасының құрылыс жұмыстарымен танысты. Қараспан ауылдық округіне қарасты нысанның құрылысы «ОңтүстікЖарықТранзит» ЖШС мердігер мекеме тарапынан атқарылуда. Қақпаның құрылысы маусым айында аяқталып, ел игілігіне берілмек. Сондай-ақ, онда балаларға арналған ойын алаңшасы, орындықтар мен жарықшамдар орнатылады деп жоспарлануда.
Ордабасы ауданының құрылғанына 60 жыл толуына орай Темірлан ауылында Қазақстанның халық әртісі, композитор, қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқовтың құрметіне «Шәмші аллеясының» құрылысы басталған. Нысанның құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан «Armada Stroy 2020» ЖШС мердігер мекемесі аллеяны биыл шілде-тамыз айларында қолданысқа бермек. Онда сазгердің ескерткіші, сахна, орындықтар орнатылатын болады. Сонымен қатар, Темірлан ауылына кіре берісіне «Темірлан» жазу белгісі орнатылды. 2023 жылдың желтоқсан айында басталған нысан 2024 жылдың наурызында ел игілігіне берілген. Бүгінгі таңда аумағын абаттандыру жұмыстары жүріп жатыр.
БАҚ өкілдерінің келесі сапары Темірлан елді мекені «Құртай» каналы бойындағы құрылысы жүріп жатқан демалыс аймағында жалғасты. Нысанның құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан «DosGrupp» ЖШС мердігер мекемесі аллеяны биыл шілде-тамыз айларында қолданысқа бермек. Онда балаларға арналған ойын алаңшасы, орындықтар, жарықшамдар орнатылып, спортпен айналысуға барлық жағдай жасалмақ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *