Мадарстан астанасы Будапешт қаласының Варошлигет саябағындағы Астана көшесінде орын алған Абай Құнанбайұлының ескерткіші алдында Абай күніне орай еске алу шаралары өтті.
Салтанатты шараға Мажарстан Сыртқы істер министрлігі Ресей және Орталық Азия департаментінің директоры Габор Надь, Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы Кубанычбек Омуралиев, ТүркПА Бас хатшысы Мехмет Эр Суррея, Халықаралық Түркі академиясының президенті Шахин Мустафаев, ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Султан Раев, ТМҰ Будапешт қаласындағы Еуропа Өкілдігінің басшысы Иштван Вашари, Мажар Жазушылар одағының төрайымы Кинга Ерөш, «Барыс» мажар-қазақ қорының төрағасы Андраш Гал, Мажарстанда тұратын отандастар мен студенттер қатысты.
Еліміздің Мажарстандағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы өзінің алғы сөзінде жиналғандарды, мəн-маңызы жоғары, рухани мерекемен шын жүректен құттықтап өтті.
Бас дипломат Мемлекет басшысының шешімімен 10 тамыз «Абай күні» деп белгіленіп, хәкім Абай тек қана Қазақстанда ғана емес, сондай-ақ шет елдерде де еске алынып, түрлі мәдени шаралармен аталып өтілетін жеткізді.
Елші, Шандор Петөфи мажарлар үшін қандай ұлы ақын болса, Абай да қазақ халқы үшін кемеңгер, өзінің тарихи ізін қалдырған ұлы тұлға екенін баяндап берді.
Мажар Жазушылар одағының төрайымы К.Ерөш өз кезегінде, Абай ескерткішінің Будапешт төрінде орнатылғанына 10 жыл толғанын атап өтіп, ұлы даладан шыққан дара перзенттің өлеңдері адамгершілік пен парасатқа толы екенін айтты. Сөзінің соңында ұлы ақынның «Ғылым таппай мақтанба» атты өлеңін мажар тілінде айтып, өлеңдерінің адамгершілік пен гумманизм тұрғысынан маңызын ерекше атап өтті.
ТМҰ мен ТҮРКСОЙ бас хатшылары К.Омуралиев пен С.Раев қазақ десе бірден Абай, Абай десе бірден қазақ халқы еске түсетінін, оның мол мұрасы тек қазақ халқының емес, күллі адамзаттың, түркі әлемінің рухани нәрі екенін айтты.
Шара соңында Абайдың өлеңдері қазақ және мажар тілдерінде мәнерлеп оқылып, «Көзімнің қарасы» әні мажар халқының танымал қоңыр үнді әншісі Тамаш Пальчоның орындауында ұсынылды.