«Білекке сенер заманда – ешкімге есе бермедік, білімге сенер заманда – қапы қалып жүрмелік» дегендей, XXI ғасыр мықты мамандар ғасыры. Осы мықтылықтың қажеттігін қазақ әдебиетінің жарық жұлдызы Мағжан Жұмабаев: «Алты Алаштың баласы бас қосса, төр — мұғалімдікі» деген бір ауыз сөзімен ұстаз қауымының құрметтілігін айтып кеткен. Әрине ұстаздың да ұстазы бар, оларға бағасын беретін бүгінгі күннің шәкірттері де осал емес. «Мемлекеттің мәртебесін асқақтатып, сауатты да салиқалы ұрпақ тәрбиелеуде және ел игілігі үшін еңбек етіп, жарқын болашаққа қарымды қадам жасаған ұлағатты ұстаз өмірінің қиындығымен бірге қуанышы да бар. Шәкірті биікке самғаса, ұстаздың төбесінің көкке жеткені. Білім нәрін төгетін, ғұмырын ізденіспен өткізетін ұстаз мамандығым, алға қойған арман-мақсатымнан адастырмады», — дейді Марат Дүйсенұлы.
Академик А.Қуатбеков атындағы халықтар достығы университетінде 2023 жылдан маркетинг және кәсіби бағдар беру бөлімінің басшы қызметін атқарып жүрген Марат Дүйсенұлы Мамадияров мерейлі 60 жасқа толып отыр.
Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтаарал ауданында 1964 жылы дүниеге келген Марат Дүйсенұлы 1982-1988 жылдар аралығында Әль-Фараби атындағы Шымкент педагогикалық мәдениет институтының студенті атанып, кәсіподақ комитетінің төрағасы болып сайланады. Біліктілік пен білімділікті ұштастырған ол осы институттың мәдени ағарту жұмысын ұйымдастырушы әдіскер маманды бойынша үздік бітіруші дипломын алып, өзі білім алған институтта оқытушылық қызметін бастайды. Мұнан кейін М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дің дене тәрбиесі, спорт және туризм факультеті деканының орынбасары қызметінде болады.
«Туризмді дамытудың аумақтық концепциясын өңдеудің әдіс-амалы (Оңтүстік Қазақстан облысы мысалында)» деген тақырыпта 2003 жылы кандидаттық диссертациясын қорғап, халықаралық гуманитарлы-техникалық университетінің педагогика факультетінде декан қызметін, М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дің халықаралық туризм және сервис кафедрасының доценті қызметтерін атқарды.
Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтында география кафедрасының меңгерушісі, оқу әдістемелік басқарма басшы, география кафедрасының меңгерушісі, жұмыспен қамту және кәсіби бағдар беру бөлімінің басшысы болған.
Академик А.Қуатбеков атындағы халықтар достығы университетінде Ғылыми істер жөніндегі проректор болған ол, аталмыш білім ошағының гуманитарлы-педагогикалық факуль-тетінің деканы«Қазақстан тарихы және гуманитарлы әлеуметтік пәндер» кафедрасының меңгерушісі салаларында сүбелі еңбек еткен Марат Дүйсенұлының 95-тен астам ғылыми еңбектері мен оқу-әдістемелік құралдары бар. Дәлірек айтқанда, «География туризма: потенциал туристко-рекреационных ресурсов Великого Шелкового пути», «Араб елдерінің географиясы», «Туристко-рекреационные ресурсы Южно-Казахстанский области» «Экономико-географический анализ разработки новой региональной концепции развития развития туризма: опыт туркестанской области» «Туристский кластер туркестанской области: соременные тренды и перспективы археологического туризма» атты оқулықтардың авторы.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі «Ғылымды дамытудағы сіңірген еңбек үшін» төсбелгісімен марапатталған Марат Мамадияровты шәкірттері еңбек жолын Қазақстанның жарқын болашағына арнаған зиялы азамат ретінде таниды.
Сіздің қоғам игілігіне бағыттап отырған ерен еңбектеріңіздің еліміздің нығаюына өзіндік үлесі бар. Туған елге деген сүйіспеншілік арқылы парасатты да рухы биік ізбасарларыңызды тәрбиелеу жолында дарынды ұйымдастырушы қырынан көрініп келесіз. Елдің әрбір жаңалығын жылы қабылдап шәкірттердің бойына жеткізе білгеніңізбен қатар, бойыңыздағы бар жинап-терген біліміңізді білімді ұрпақ санасына сапалы етіп сіңіре олардың білімді, парасатты болып шығуын мақсат еттіңіз. Ол арманыңыз өзіңіздің ерен еңбегіңіздің арқасында орындалды. Біз соған шын жүректен қуанамыз. Сізге әлі де шығармашылық жұмыстың жемісін жеп, біздің қызығымызға кенеле берсін деп тілейміз. Осынау игілікті істе қанатыңыз талмасын, қажыр-қайратыңыз қашанда арта берсін деген ізгі тілегімізді Өзіңізге және отбасыңызға арнап, зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, ырыс пен ынтымақ, бақыт пен береке тілеп, шығар шыңыңыз әрқашанда биіктен болғай!
Ізгі ниетпен,
Сәуірбай ЖЫЛҚЫБАЙ